Тәртіп және әскери құқық

Тәртіп және әскери құқық

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін жетілдірудің, ұрысқа дайындығын көтерудің көптеген факторларының ішінде қиын да көпқырлы құбылыс — әскери тәртіпті нығайту бірінші орын алады.

Әскери тәртіп мемлекеттік тәртіптің бір түрі болып табылады. Ол әскери құрылыстың бір принципі ретінде жүреді, ұйымдастырушы фактор рөлін атқарады, әскери ұжым ішінде қарым-қатынас жүйесін тәртіпке келтіріп сақтайды, оның ережелері мен нормалары қызмет бабы мен әскери атағы жағынан бір-біріне тең әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Әскери тәртіп әскерлердің ұрысқа дайындығының маңызды бір бөлшегі екендігі күмән туғызбайды.

Тәртіптік жарғыға сәйкес, әскери тәртіп — барлық әскери кызметшілер үшін заңды және әскери жарғыларда көрсетілген тәртіп әрі сол ережелерді қатаң сақтау және дәл уакытында орындау. Бірақ әскери тәртіп ұғымы жарғыда жазылғандағыдан қиын да көпкырлы. Тығыз байланыста болғанымен, заңдылық және әскери тәртіп ұғымдары толық бір-біріне сәйкес келмейді. Егер заңдылық барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдардың лауазымдық тұлғалары мен азаматтар үшін конституциялық принциптер болса, әскери тәртіп — тек әскери баскару органдары қызметіне ғана тән.

Сондай-ақ әскери кызметшілерге қойылатын кейбір талаптарды заңдылық ұғымы қамтымайды. Мысалы, «әскери қызмет қиындықтарын шыдамдылықпен алып жүру», «жауынгерлік жолдастықты құрметтеу», «командирдің (бастықтың) бұйрығын бұлжытпай орындау, ұрыс кезінде әскери бөлімнің жауынгерлік туын корғау» және т.б. Заңдылыктан әскери тәртіптің айырмашылығы — ол тек заң нормаларын орындауды ғана емес, сонымен қатар техникалық нормалар мен ережелерді, оның ішінде, заңдық сипаты бар ережелер мен нормаларды орындауды талап етеді.

Әскери ұйым мен әскери қарым-қатынас ерекшеліктерін ескере отырып, әскери тәртіп мемлекеттік тәртіптің бір түрі ретінде төмендегідей ерекшеліктерге ие:

Біріншіден, әскери тәртіптің басқа мемлекеттік тәртіптен айырмашылығы — әскери қызметшілерге қойылатын бұйрықты беру мен орындау тәртібімен байланысты қатынастар, әскери сыпайылық ережелерін белгілеу және сақтау, заң бұзудың алдын алу шараларын қабылдау сияқты талаптарды реттей отырып, әскери тәртіп әскери қызметшіге қойылатын талаптарды барынша толық белгілейді.

Екіншіден, әскери тәртіп ережелері қызметтен тыс ортада да таратылады, ал еңбек тәртібінің ережелері жұмысшылар мен қызметкерлерге жұмыс уақытында өз міндеттерін орындау үшін ғана қажет.

Үшіншіден, әскери тәртіп басқа тәртіптерге қарағанда орындаушыларға неғұрлым жоғары талаптар қояды. Мысалы, әскери қызмет қиындықтарын шыдамдылықпен алып жүру, әскери борышты өтеу үшін өз өмірін аямау, адал болу, әскери борышты өтеуде тәртіпті де батыл болу, командирлерге мүлтіксіз бағыну мен оларды ұрыста қорғау және басқалар.

Осылайша әскери тәртіп ерекшеліктері оның талаптарының мазмұны мен әрекет ету аумағынан ғана емес, оны бұзудың сипаты мен жауапкершілік дәрежесінен де көрінеді.

Әскери тәртіптің заңдық негізін заңдар мен шағын заң актілері құрайды. Оларға: ҚР-ның Конституциясы, заң шығарушы актілер, әскери ант, әскери жарғылар, Президент жарлығы мен Үкімет қаулысы, Қорғаныс министрінің, басқа да әскери басқару органдары мен олардың лауазымдық тұлғаларының бұйрықтары мен заң актілері жатады. Олар әскери тәртіп талаптарын, оны ұстану жолдарын осы жолдарды қолдану тәртібін белгілейді.

Әскери тәртіптің талаптарының мазмұны Тәртіптік жарғының 4-бабында айтылған. Сондай-ақ олар әскери антта, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарында бар.

Аталып өткен әскери міндеттерді талдау — оның тек заңдық емес, сонымен қатар айқындалған адамгершілік сипаты бар екенін де көрсетеді. Мысалы, адал болу, төртіпті болу, жауынгерлік достықты нығайту, өз еркімен әскери істі үйрену және басқалар.

Төртіптік жарғының 4-бабындағы әскери тәртіп әр әскери қызметшіге төмендегідей тәртіптерді міндеттейді:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтау;
  • Әскери ант пен жалпы әскери жарғылардың талаптарын қатаң сақтау, командирлердің (бастықтар) бұйрықтарын бұлжытпай дәл орындау;
  • қырағы болу, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтау;
  • командирлер мен бастықтарға құрмет көрсету, әскери сәлемдесу мен әскери әдептілік ережелерін сақтау.

Республика Қарулы Күштерінде әскери қызметшілердің қызметтік және арнайы міндет түрлері белгіленген.

Қызметтік міндеттер әскери қызметшінің, әскери бөлімнің, мекеменің ұйымдастыру қүрылымында атқаратын кызметімен анық-талады. Қызметтік міндеттер жалпы (мысалы, барлық тікелей бастықтар үшін) және нақты (мысалы, бригада, батальон, рота, взвод командирінің қызметі) болып бөлінеді.

Әскери қызметшілердің арнайы міндеттері, әдетте, уақытша сипатта болады немесе әскери атағы бірдей әскери қызметшілердің қарым-қатынасымен байланысты. Олар әскери қызметшілерге оның негізгі міндеттері мен құқықтары шеңберіне кірмейтін тапсырмалар тапсыруға байланысты пайда болады. Мысалы, қарауылдық, патрульді, тәуліктік күзет құрамын тағайындағанда, тексеру, инспекция жүргізу үшін жолдама бергенде — бүл міндеттер мен оларды орындау төртібі заңмен белгіленеді. Әскери қызметшілер арнайы міндеттерді орындау кезінде әскери шарттар мен заң актілерінде көрсетілген қосымша құқықтарын пайдалана алады.

Қорыта келгенда, әскери тәртіп оның объективті және субъективті жақтарының диалектикалық бірлігінде өмір сүреді деп айтуға болады. Объективті жағы — әскери қызметшілерге қойылатын заң нормаларының, тәртіп ережелерінің талаптарынан және оларды орындау тәртібінен көрінеді. Субъективті жағы — белгіленген талаптарды нақты сақтауда байқалады.

Армияда әскери тәртіпті қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстар көз жеткізу және күштеу әдістеріне негізделеді, онда бірінші орында көз жеткізу әдісіне мән беріледі. Сонымен бірге көз жеткізумен қатар күштеу де жүреді. Көпшілік сауалнама нәтижелері бойынша, әскери қызметшілердің көбі олардың заң мен жарғы талаптарын адал орындауына жазадан қорыққандығы себепші болатынын айтқан. Әскери қызметшілердің  әскери тәртіп талаптарын орындау қажеттілігі туралы түсінік тек оларды орындау қажеттілігінен ғана емес, сондай-ақ осы талаптарды орындауға кепілдік беретін мемлекеттік күштеу шаралардың барлығынан пайда болады.

Тәртіптік жарғыда әскери тәртіпке жету жолдары, оларды сактап тұрудағы командирлердің (бастьщтардың) міндеттері берілген. Әскери тәртіп пен қатаң жарғылық тәртіпті ұстап тұруға бағытталған амалдардың қатарында заңдар жиынтығымен реттелетін әскери қызметкерлерге қатысты пайдаланылатын құқықтық шаралар да қолданылады. Бұл шараларды қолдану үшін командирлер мен бастықтарға тәртіптік билік беріледі.

Тәртіптік билік дегеніміз — командирлер мен бастықтардың өзінің қызмет өкілеттілігі аясында басқа органдарға айтпай-ақ, заңда белгіленген, әскери тәртіпті нығайтуға бағытталған шараларды қабылдауға құқығы мен міндеті. Бұл билік қызмет мүддесінде және қатаң жарғылық тәртіппен пайдаланылуы тиіс. Тәртіпті нығайту үшін заңды түрде командирлерге (бастықтарға) берілетін құқықтық шаралар:

  • мадақтау шаралары;
  • әскери тәртіп бұзуды болдырмау шаралары;
  • сөгіс беру төртібі;
  • тәртіптік іс-әрекеттің қосымша шаралары.

Тәртіптік жарғыда қаралмағанымен, заңда белгіленген және командирлер мен бастықтардың тәртіптік тәжірибесінде жиі ұшырасатын тәртіптік шаралар түрлерін айыру қажет. Оның қатарына: міндетті демалысты қысқарту, кәсіби білім беретін әскери оқу мекемелеріндегі оқуын тоқтату, әскери киімді  дұрыс кимегендігі және әскери сәлемдесу ережелерін орындамағандығы үшін ұсталған әскери қызметшілерге әскери комендатурада саптық дайындық және жарғы үйрету бойынша сабақ өту шараларын кіргізуге болады.

Республика Қарулы Күштерінде түрлі өзгерістердің жалғасып жатқандығын атап өткен жөн. Олардың негізгі мәселелерін шешу — әскери тәртіпті түпкілікті жақсартпай мүмкін емес. Бұл — көп аспектілі мәселе. Оны қазіргі талаптарға сай шешу үшін, барлық әскери қызметшілер әскери тәртіп ұғымын, оның маңызын, талаптарын толық түсініп, оны нығайту жолдарының құқықтық қүжаттарының мазмұнын білуі және оны өзінің күнделікті қызметінде сауатты пайдалануы тиіс. Бұл мәселелерді шешу қоғамды демократияландыру және құқықтық мемлекет негіздерін құру жағдайында жүргізіліп жатқан-дығын естен шығармаған жөн. Сондықтан бірдей екі міндет шешілуі тиіс. Бір жағынан — тәртіпті және ұрысқа дайындықты нығайтуға бағытталған шаралардың қатаңдық дәрежесін түсірмеу керек, екінші жағынан — әскери қызметшілердің әскери қызметін өтеу кезіндегі құқықтары мен бостандықтарын реттейтін нормалар мен ережелерді қатаң сақтау қажет.