Өсімдік дақылдары

Өсімдік дақылдары

 

Бидай (Triticum) – астық тұқымдасына жататын аса маңызды дақыл. Қазақстанда 6 түрі өседі, жабайы түрлері сирек кездеседі. Биіктігі 40-130 см, тамыр жүйесі – шашақты, тарамданған. Сабағы қуыс, жұмыр, жапырағы таспа тәрізді, сағағы сабағын орай орналасқан. Гүл шоғыры — күрделі масақ, оның қынабында 2 масақша қабыршағынан тұратын масақтар орналасқан, ал олардың аралығында 3-5 гүлдері болады. Масақтың пішіні ұршық тәрізді, түсі ақ, қызғылт, кейде қара, ішінде қылтанағы болады. Тұқымы – ұзына бойына тартылған сызаты бар, беті жылтыр дән. Масақ қылтығына, түсі мен масақша қабыршағының түк басуына, қылтықтары мен дәндерінің түсіне, т.б. байланысты бидайдың түрлері түршелерге бөлінеді, ал әрбір түрше сорттардан тұрады. Қазақстанда негізінен жұмсақ және қатты бидай өсіріледі. Жұмсақ бидайдың масағы да жұмсақ, дәні жұмыр әрі жылтыр, сабағы қуыс [40].

Жоңышқа (Medicaqo) – бұршақ тұқымдасына жататын бір жылдық және көп жылдық шөптесін өсімдік. Еуропа, Азия және Африкада өсетін 100-ге жуық түрі бар. Кәдімгі жоңышқа (medicaqo sativa), сарбас жоңышқа (medicaqo falcata), көк жоңышқа (medicaqo caerulea), т.б. кең тараған. Қазақстанда 18 түрі өседі. Сабағы тарамданған,бұтақты түп құрады, биіктігі 40-80 см. Жапырағы үш құлақты, ұзынша келген. Гүлшоғыры – көп гүлді шашақ. Жемісі – көп тұқымды бұршақ. Жоңышқа – Республикамызда көп өсірілетін мал азықтық дақыл. Малға пішен, балғын көк майса, кептіріліп ұнтақталған, сүрлем күйінде беріледі. Жоңышқада (құрғақ затқа шаққанда) 15,5 % протеин, 43,9 % азотсыз заттар, 29,4 % клетчатка, 3,1 % май болады. Кәдімгі жоңышқаның 100 кг пішенінде 50,2 кг азық өлшемі және 13,7 кг қорытылатын протеин бар. Қазақстанда аудандастырылған жоңышқа сорттары: Ертіс жоңышқасы, Қарабалық жоңышқасы, «Дархан 90», т.б. Жоңышқа – ылғал және жылы сүйгіш дақыл. Егіндік және мал азықтық ауыспалы егістікте егеді. Жоңышқаны гүлдей бастағанда орады. Шөбі орылғаннан кейін егістік үстеп тыңайтылса, жоңышқаны екінші орған кезде мол өнім алуға болады [41].

Мұнаймен ластанған топырақтарға отырғызылған өсімдіктер ретінде астық және бұршақ тұқымдас өсімдіктері бөлініп алынған. Бұл көмірсутегіге төзімді дақылдардың физиологиялық және анатомиялық түрғысында да өзгешеліктер бар.