ТАСҚАҚ, КҮП, ҚОҢЫРДАҢ, ТҰРАН

ТАСҚАҚ, КҮП, ҚОҢЫРДАҢ, ТҰРАН

 

Маңғыстау деген-бұл аймақ,

Даласы-шаң мен құм ойнақ,

Шулы өзендерге зар болып,

Кешпедік суын лайлап,

Адыра қалған аспаннан,

Сұрадық жауын құдайлап,-дейді Қашаған ақын.

Шулы өзендері былай тұрсын, бұлақ бастауларының өзі санаулы, шыңырау құдықтары есептегі шөл ризық несібесін көбіне аспаннан, көктен күтеді. Ал оның да мырзалығы аз. Адыра қалып тұр. Шіркін, арқалы ақын айтудай-ақ айтқан емес пе? «Құдайлап сұрау» дегені-Құдай жолына мал сойып тасаттық беру. Ол бұрын да болған, қазір де бар. Жаңа айдың туысына қарап, алдағы күннің жауынды-жауынсыз болатынын болжау ғұрпы Маңғыстауда әлі күнге бұлжымай сақталған және болжамдары көбіне дәл келіп жататынын қайтерсің.

Шөл тұрғындары «адыра қалған аспанның» сол екшеп, өлшеп берген несібесініңөзін ұқыппен, үлкен шаруақорлықпен пайдалана білген. Оның әдіс, амалдары Қазақстанның өзге жерлерінде жоқ.

Түбектің таулы жерлері, әсіресе, Ақтау бойы жауын, қар суын көп ұстап жарытпайды. Тастақ жерге түскен жыра бойлап тез ағып кетеді. Ағыстардың аяғы көлдеу ойлар, онда барған су тез сіңіп кетеді. Бозашыдағыдай су түсетін айдыңн тақырлар мұнда мүлдем жоқ. Үлкен ағыстардың аяғы сорға барып құйып, телегей теңіздей судың текке рәсуа болатынын қайтерсің.

Тау баурайындағы суды ұстап қалу үшін жасалған жасанды қойма аты-тасқақ. Аты айтып тұрғандай, тасқа түскен қақ суы. Су ағар сайдың бойындағы көк тас сүйменмен қашалады. Сыйымдылығы қазушысының қол қайратына байланысты бірнеше тас құдықтар

жасалады. Оған түскен су біраз уақытқа дейін таусылмай жатады. Жауған жауынмен суы жаңарып отырады. Жыңғылды, Кеңсай сияқты шөл жерлерде тасқақтар бірден бір тұщы су көздері болып келді күні кешеге дейін. Тасқақтардың біразы осы күнге дейін сақталған. Оның игілігін бүгінде тек аң, құс қана көруде.

Күп-парсы сөзі. Су құятын үлкен ыдыс дегенді білдіреді. Маңғыстаулықтардың қолданысында ол ісіктің көлемін («күптей болып кетіпті»), адамның шамадан тыс толысуын не ашуы келуін, жоқтан өзгеге тұлданып, бұлдануын («күптей болып кетіпті, несін айтасың, күптей бола қалыпты») кейіптеу, кескіндеу, суреттеу мағынасында кең қолданысқа ие. өзге жерлерде «күбідей» деген анықтауыштың баламасы. Қазақтың күбі, орыстың кувши-құмырасының төркіні осы күп екенін де назарға бере кетеміз.

Маңғыстаудың күбінің тасқақтан айымашылығы-ол биіктен тік құлап аққан су екпінінен сай тұйығында пайда болған қазан шұңқырға түскен су, табиғи су қоймасы. Таулы жердегі табаны тастақ ол сіңбей көп жатады, күн көзі аз түсетін болған соң, көп буланбайды да. Күптер осы кезге дейін сақталған. Мысалы, Жетікүп. Бұл-бір жағынан, жер атауы. Атының өзі аңғартып тұрғандыай, Ақтаудың күнгейге қараған аңғар сай бойындағы бірінен соң бірі сатылап түсе беретін бірнеше күп. О баста оның саны жетеу болса керек. Атау аты соған орай қалыптасып қалған. Жармыш шаруашылығна қарасты Ақтаудың теріс беті деп аталатын ұзындығы 50 шақырымдай жер. 6 жылдарға дейін ауыз су үнемін көбіне күптерден айырған шөл өңір болып табылады.

-12-

 

 

Қызыл күп-бұл он екінші темір жол айрығының жоғарғы жағындағы қызыл жосалы төрткіл түбіндегі күп. Тесік күп одан төменде, Ауыздыбасты ойының ернегінде. Әуелгі құлай беріс жартас бара-бара жұқарып тесілген де енді су төңіректегі ең мол су көзі. Үкі күп, Тесік күптің батысында. Маңайында үкі көп мекендейтін болған соң солай аталған. Бұл екеуінен су төбесінен қауғамен, шелекпен алынады. Оңай күп Үкі күпке жақын. Аяқ жағынан сай бойлап келетін жолы бар. Суының алынуы оңай. Аты да соған орай қойылған.

Тұран-оны Маңғыстау елі кейде тұрақ сөзімен алмастырып айтады. Мағынасы бірдей. Кең байтақ қазақ даласын географтар о баста Тұран мұхитының табаны екен деген қисынды алға тартады ғой. Тұран сөзі солай бізге ойпат атымен таныс. Маңғыстаудың Тұраны сай аяғындағы табаны сазды, тасқақты, жиналған су ұзақ жататын көлдеу ой. Оған түскен су ағып кетпес үшін ернектің су жырып кету қаупі мол тұстардан ел бөгет, тоспа салады. Түбекте Қаратұран, Сартұран, Құсымныңтұраны, Сартұрақ т.б. атаулары солай қалыптасқан.