Жасау

Жасау – жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде одан да асып түсетін, ұзатылатын қызға берілетін мал-мүлік. Жасау жаңа отау құрған екі жасқа қажетті – ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, көрпе-сырмақ, ыдыс-аяқ, құрал-жабдық, жүйрік ат, сойыс мал, әр түрлі ірілі-ұсақты сыйлық бұйымдары сияқты т.б. лардан құралады. Үйленудің қандай да түрі болмасын, қызына жасау беру — ата-ана мойынындағы борыш болып есептелетіндіктен «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» бойынша қалыңдықтың туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйден шығармаған. Қалың малдың мөлшері негізінен 7, 17, 27, 37, 47 байтал бірлігімен өлшенеді. Соның ішінде, ең көп таралғаны — 47 байтал төлемі. Ал, ауқаттылар арасында қалыңмал саны 67, 77, 100 байталға дейін барады. Саудамен айналысқан немесе қолында малдан басқа дәулеті бар адамдар қалыңның бір бөлігін ақшалай, күмістей, алтындай беруге де уағдаласқан.