ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫ МЕН АСЫРАНДЫ ҚҰСТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІНДЕ ҚОЛДАНУ АЯСЫ

ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫ МЕН АСЫРАНДЫ ҚҰСТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІНДЕ ҚОЛДАНУ АЯСЫ

                  Біздің ана тіліміз — өте бай тіл, бейнелі тіл. Бір сөздің өзі ауызекі сөйлеу тілінде болсын, жазба әдеби тілде болсын бірнеше мағына береді. Сөйтіп адамның ойын бейнелі түрде жеткізуге қызмет етеді.

Сондай сөздердің қатарына күнделікті өмірде біз ескере бермейтін үй жануарлары мен асыранды құстарға байланысты қолданылатын сөздер жатады.

Тіршілік иелерінің ішінде адамның тілі ең дамыған, икемді, оралымды, мүмкіндігі мол тіл болып табылады. Сондықтан біз кез келген құстың, жануардың, тіпті жәндіктердің де тілінде сөйлей аламыз. Басқаша айтқанда олардың дыбысын, даусын сала аламыз.

Мысалы, сиырдың дауысын салғымыз келсе : «Мө — ө — ө — ө!» дейміз. Тауық болғымыз келсе: «қыт — қыттап», әтеш болғымыз келсе :  «ку – ка – ре — ку» — дейміз.

Көркем әдебиетте де, күнделікті өмірде де «оттама» деген сөз жиі қолданылады. Бұл сөздің түпкі мағынасы малға байланысты, тіпті құсқа да байланысты қолданылады. Ал адамдар арасында :  «Мал болма. Сөйлесең дұрыстап, адамша сөйле» — деген кею, тыйым салу мағынасында қолданылады.

Қазақ халқы – төрт түлік малды ерекше қадірлейтін халық. Бірақ өкінішке орай кейбір қандастарымыз сол төрт түліктің тілін, яғни қандай дыбыстайтынын шатастырып, күлкі болып жатады.

Мысалы, сиыр маңырайды, түйе кісінейді деген сияқты. Әрине, бұл жағдай көбіне қалалықтарға тән екендігін айта кету керек. Өйткені қаладағы қазақтар көбіне мал ұстамайды.

Ал шын мәнінде былайша айтылғаны дұрыс: Сиыр мөңірейді, қой – ешкі маңырайды, жылқы кісінейді, түйе боздайды.

Ендігі бір мәселе малдың төлдеуіне байланысты айтылмақшы.

Айталық, «сиырың туды ма?» — деп қуанамыз. Дұрыс қой, құдай қуаныштан айырмасын.

Бірақ, ағайын – ау, «туу» деген сөз адамға байланысты айтылмай ма?

Дұрысы былай деп ойлаймын: Сиыр бұзаулайды, қой қозылайды, ешкі лақтайды, жылқы құлындайды, түйе боталайды.

 

 

Сол сияқты, «тауық шақырмайды, қыт — қыттайды». Ал шын мәнінде шақыратын (әтеш) қораз. Тауық тумайды, жұмыртқалайды. Құрық болған кезінде сол жұмыртқаны басып, балапан шығарады.

Ал енді, мен сіздерге бір сұрақ қояйын : — есек үй жануарына жата ма?

Сіз қалай ойлайсыз? Ал менің ойымша жатады. Ол байғұста не жазық бар?

Еті арам, күші адал нағыз көлік емес пе? Сол есек қалай дыбыстайды? Оны біз қалай шақырамыз? Не деп тәртіпке шақырамыз?

Міне, мұның бәрі біздің тілімізде бар, бірақ еленбейтін нәрселер. Бәрі де сөздік құрамға кіреді.

Ал тыңдайық :

Есек бақырмайды, ақырады.

Оны «пия — пия» деп шақырады.

Тыныш тұрмаса, «тыныш» деп емес,

«Іш — іш» деп тәртіпке шақырады.

Мысық пен ит үй жануарлары немесе жәндіктер емес, олар үй хайуанаттары. Бұлармен адамның қарым – қатынасына байланысты да тіліміз де, әдебиетімізде біраз сөздер қолданылады.

Мысық «мияу — мияу» деп мұңын айтады немесе тамақ сұрайды. Ал иесі оған :  «піш!» деп жекіреді немесе «піш — піш» — деп шақырады. Кей жағдайда :  «пішім — пішім» деп еркелетеді.

Ит жеті қазынаның бірі. Ол :  «аф – аф – аф !» — деп үреді. Ал иесі атын атап «кә — кә» — деп шақырады. Түнде ит ұлыса, келеңсіз жағдай болады деп ойлаған.

Халқымыз үй жануарлары мен хайуанаттардың әр түрлі қозғалысына, мінез – құлқына қарап тамаша болжамдар жасай білген. Мысалы, жылқы басын шұлғыса, келер қыс қатты болады. Ит аунаса боран болады. Мысық қабырғаны тырналаса, ауа райы бұзылады. Әтеш кешкісін шақырса, ауа райы бұзылады.

Міне, халықтың өмірлік тәжірибесінен шыққан осындай болжамдарды көптеп келтіруге болады.

 

«Ас  — адамның арқауы» деп тауып айтқан халқы дастарқан байлығына ерекше мән берген. Олардың ішінде денсаулыққа пайдалы сүт тағамдары.

Сүт тағамдары: қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қатық, айран, уыз май, сүзбе тағы басқаларын күнделікті пайдаланып жүрміз. Бұлардың барлығының да адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Жеке тоқталып өткеніміз жөн.

Айран – қой, сиыр сүтінен әзірленеді. Қатыққа қарағанда сұйық болады. Айран — шөл басуға таптырмайтын сусын.

Айран мен қатықты қазақ халқы сүт, су қосылғанын «шалап» деп атайды. Ұйытылған айран әрі тамақ, әрі сусын, әрі адам денсаулығына пайдалы да.

Емдік қасиеттері де жоқ емес. Мысалы, гипертонияға шалдыққандар күніне 2 рет тамақ ішкеннен кейін жарты сағат өткенде бір кесе айранды асықпай баптап ішетін болса, бірнеше күннен кейін қан қысымы төмендеп өзін жақсы сезінетін болады. сондай-ақ ұйқы қашқанда түндемелік жатар алдында 1 – 1,5 кесе жылы айран ішсе, оның жақсы ұйықтап шығуға әсері мол. Тағы да бір жайт айранның гастрит ауруына пайдалы екендігі.

Сонымен бірге айранды ертеректе халқымыз шаш жуу үшін де  пайдаланған. Айранмен жуған шаш әрлене түседі, әрі шашқа қайрат береді. Айранды тері илеуге де пайдаланады.

Құрттың сары суын ауырған малға да береді. Асқазаны ауырған адамдарға ішкі құрылысын тазартуға ішкізген.

Міне біздерге мал шаруашылығы өте пайдалы, ең абзалы таза, табиғи сүт әр адам денсаулығына жақсы әсер етеді.

Жануарлардың көне атаулары

Қазақ халқының көшпелі өмір салты сан ғасырлар бойы табиғатпен етене танысуына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде жабайы жануарлардың тіршілік тынысын, олардың бір-бірінен айырмашылығын, мекен орнын, пайдасы мен зиянын ажырата білді. Бұл айтылғандар үй жануарларына да қатысты.

Мысалы, сиыр ірі қара, мүйізді ірі қара, сүр қоректілер класына жататын аша тұяқты, қуыс мүйізді, күйіс қайыратын жануарлар. Оның жабайы және қолға үйретілген түрлері бар. Қолға үйретілген сиыр жабайы түрден тараған, ол біздің дәуірімізге дейін мыңдаған жылдар бойы Еуропа, Азия, Африкада кең таралған. Сиырдың дене бітімі олардың өнімділік бағытына (сүт, ет) байланысты болды.

Қазақ тілінде  қойға байланысты да көптеген атаулар бар. Мысалы, қой қоздату- төлдейтін малдың санына және төлдеу мерзіміне (қыс не көктем) байланысты атқаратын шаралар. Шаруашылықтарда күйек алу жоспарлы түрде жүргізіліп белгілі бір мерзімде арнайы дайындалған қораларда өтеді.

                                                                 Қорытынды

 

Үй жануарлары мен асыранды құстарға байланысты тіл мен әдебиетте қолданылатын сөздер бұлармен шектеліп қалмайды. Бұл мәселе жөнінде әлі көп нәрсе айтуға болады. Аталған тақырып бойынша менің бастамам әрі қарай жалғасын табады деген үміттемін.

 

 

         Пайдаланылған әдебиеттер :

 

  1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі «Ғылым баспасы»
  2. Ә. Қайдар «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» Алматы 1998 ж.
  3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі 9 том Қаз ССР – інің «Ғылым баспасы»
  4. Қазақстан Ұлттық энциклопедия 2 том
  5. Қ. Бөлеев. Қазақ халық педагогикасы
  6. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы 2том
  7. А. Қабыланова. Қазақ сөз этикеті