Ақындық арманым

Ақындық арманым

 

Ақын боп, мен де жаралдым,

Рухынан жырдың нәр алдым.

Өлеңнен қамал салармын,

Бұлт болып көкте жауармын.

 

Нөсер боп жерге жауармын,

Бақшаны гүлмен жабармын.

Шындықты, достым, сынармын,

Өмірден орным табармын.

 

Жазды күн, жасыл жайнаған,

Найзағай болам ойнаған.

Бұлбұлдай болам сайраған,

Тынышын алып қоймаған.

 

Жанартау сынды қайнаған,

Қайратым күшін жоймаған.

Жандарға толды айналам,

Ниетке қара тоймаған.

 

Қар болып, қыста түсермін,

Ақпанда мұздап үсермін.

Білмессің қалай кеткенін,

Күн нұрын төксе көктемің.

 

Таулардың етек жағында,

Өзен боп ағам мамырда.

Мұхитқа келіп қосылам,

Өмірім – мұхит, тосып ал.

 

Маужырап ерке маусымда,

Тұрармын биік тау сынды.

Ормандай гулеп, шулармын,

Алыстан естір даусымды.

51

 

 Қапырық шілде кезінде,

Самалдай есем сезілмей.

Тамызда атқан таң болып,

Күз келсе желдей жанданам.

 

Қыркүйек келген шақтарда,

Кезермін сарғылт бақтарда.

Тағы да ақ қар жапқанда,

Оралам қармен ақпанға.

 

Қайсысын айтам жылдардың,

Тыныштығымды ұрлар мұң.

Ақындық жолы оңай деп,

Осыдан кейін ойлар кім.

 

Арманы көп қой ақынның,

Арманға мен де жақынмын.

Шындықты жазсам, егер де,

Өшпесін білем атымның.

 

Атақ емес, менің арманым,

Түсінем дүние жалғанын.

Құдіретті сөздің мұрасын,

Келеді тек жалғағым.

 

Жоқ  енді басқа тілегім,

Ақын боп өмір сүремін.

Жақсылық болсын тірегім,

Халқым деп соқсын жүрегім.

 

Қоштассам тыныш өмірмен,

Өкініш қалмай көңілде.

Шын сөзім, осы арманым,

Өткерем, тағдыр жазғанын.