Үй құстары. Әтеш, тауық, балапан.

Ақтөбе облысы

Шалқар қаласы

«Бәйтерек» мектепке дейінгі

 балалар мекемесінің тәрбиешісі

Сәбиева Жайнагүл Қуандыққызы

Білім беру саласы: Таным

Бөлімдері: Экология негіздері

Тақырыбы: Үй құстары. Әтеш, тауық, балапан.

Мақсаты: Үй құстарының тіршіліктері туралы түсініктерін кеңейту. Үй құстарының пайдасы туралы мағлұмат беру. Құстарға деген сүйіспеншілікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, дидактикалық ойын.

Көрнекіліктер: Әтеш, балапан, тауықтың суреттері, жұмыртқа, үнтаспа.

Сабақтың барысы:

Тәрбиеші: — Балалар, қолымыздан ұстап «Қуаныш шеңберін» құрып, бір-бірімізге жылуымызды білдірейік.

Тиіспе, балапан, тауыққа,

Тентектікті қойыңдар.

Араздық жоқ араңда,

Тату-тәтті болыңдар.

Тәрбиеші: — Балалар, бір-біріміздің тату екенімізді білдірдік. Ендеше, қонақтармен амандасайық.

Үлкенге де — сіз,

Кішіге де – сіз.

Баршаңызды құрметтеп,

Бас иеміз біз.

Тәрбиеші: — Өте жақсы балалар, енді орнымызға отырайық. Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Балалар: — Күз мезгілі

Тәрбиеші: — Күз мезгілінде қандай табиғат құбылыстары болады?

Балалар: — Күн суытады, жаңбыр жауады, жапырақтар сарғайып жерге түседі.

Тәрбиеші: — Ендеше, күз туралы кім тақпақ біледі?

Ердияс:                            Сарғаяды жапырақтар,

Күз де келіп қалыпты.

Қатаяды топырақтар,

Жаз да бітіп қалыпты.

Тәрбиеші: — Балалар, тыңдаңдаршы, бір нәрсе тырсылдап жатыр. Қане, қайтадан тыңдайықшы. Мәссаған, мына жұмыртқаның үлкенін — ай, өзінің түсі аппақ екен, ал көлемі сопақшаға ұқсайды екен. (Балалар жұмыртқаға таңдана қарайды)

Тәрбиеші: — Балалар, жұмыртқа жарылып жатыр екен. Бұдан не шығатынын білесіңдер ме?

Балалар: — Балапан шығады

Тәрбиеші: — Балапан шығатынын білесіңдер.  Балапан не істеп тұр?

Балалар: — Жылап тұр.

Тәрбиеші: — Балапан, сен неге жылап тұрсың? Біз саған көмектесеміз, айтшы балапан.

Балапан: — Мен мамамнан адасып кеттім. Сіздер соны тауып бере аласыңдар ма, балалар?

Тәрбиеші: — Әрине, балапан. Біз саған көмектесеміз. Балалар, бәріміз балапанның мамасын шақырайықшы.

Балалар: Қыт-қыт-қыт! Қыт-қыт-қыт!

Тауық: — Балалар, не болды, менің жұмыртқаларымды таптыңдар ма? Сендерге көп рахмет.

Тәрбиеші: — Тауық, біз балалар болып сіздің жұмыртқаңызды таптық. Оны ұстайын деп едік, ол жарылып жатыр екен. Біз оның жарылуын күттік. Содан міне, сіздің балаңызды аман-есен тапты балалар.

Тауық: — Рахмет, балалар! Менің балапанымның қарны аш еді, сендер балапаныма жем, тары тауып беріңдерші.

Тәрбиеші: — Тауық бізде жем де, тары да бар. Бірақ менің тапсырмаларымды орындасаң ғана беремін.

Тауық: — Ендеше, балалар, сендер маған көмектесіңдерші.

Балалар: Жарайды, көмектесейік.

1 — тапсырма: Жұмбақ шешу.

Басында айдары бар,

Иегінде сақалы бар.

(Әтеш)

2 – тапсырма: Жаңылтпаш.

Үйір — үйір балапан,

Үйірге кім үйретті?

Үйір — үйір балапан,

Үйірге өзім үйреттім.

3 – тапсырма: Балапан туралы кім өлең біледі? («Әнші балапан»)

4 – тапсырма: Үй құстарын атап беріңдер?

(қаз, тауық, әтеш, үйрек)

5 – тапсырма: Әтеш туралы кім жаңылтпаш біледі?

Әтеш әнге басады,

Әтеш ұйқы ашады.

Тауық: — Балалар, сендер маған көп көмектестіңдер. Рахмет, енді мен сендермен қоштасайын. (Тауық балапанын алып кетіп қалады)

Тәрбиеші: — Балалар, бәріміз орнымыздан тұрып бойымызды сергітейік.

Тауық тары жинапты,

Оны ешкімге қимапты.

Бөтекесін толтырып,

Қамбасына құймапты.

Қыста тауық қақылдап,

Тары іздеп жүр тақылдап.

Дидактикалық ойын: «Анасын тап»

Шарты: Балаларға үй құстарымен олардың балапандарының суретін үлестіріп беру. Балалар анасын балапанымен жұптастырады.

Тәрбиеші: -Балалар, сонымен сендер қандай үй құстарын білесіңдер?

Балалар: — Қаз, тауық, үйрек.

Тәрбиеші: — Неліктен бұл құстарды «Үй құстары» дейміз?

Балалар: — Үйде мекендегендіктен үй құстары дейміз.

Тәрбиеші: — Үй құстарының адамға қандай пайдасы бар?

Балалар: — Үй құстарының еті, сорпасы, жұмыртқасы адам ағзасына өте пайдалы.

Тәрбиеші: — Өте жақсы, дұрыс айтасыңдар! Балалар, аулада тауықтар мен әтештер жайылып жүр екен, олардың балапандары қайда екен? Қане, балапандарды жем жеуге шақырайық. (Топтық жұмыс. Балапандарды жапсыру)

Би: «Шөжелерім»