Қазақ тілі – асыл қазынам

Қазақ тілі – асыл қазынам

Тіл халықтың жаны мен сәні, тұтастай келбеті, ұлттық болмысы. Тіл құрыса халықта жер бетінен жоғалады. Адамзат  тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталады. Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті.

Тіл қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл арқылы біз оқып білім аламыз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. «Өнер алды- қызыл тіл». Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді.

Халқымыздың аса бай рухани қазынасы туған ана тіліміз, ол – қазақ тілі. Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасымен, өлең шумақтарымен үндесіп жатыр.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте- деп ақын ағамыз Қадыр Мырза Әли жырлағандай өз ана тілімізді құрметтеуіміз керек. Тіл құдіреті – ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз ойыннан айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді. Ал адамды мұратқа жеткізетін ана тіліміз бен дәстүріміз.

«Тілден асқан байлық жоқ». Ал халқымыз бен мәңгі жасайтын қазақ тіл байлығымызды қастерлеп ұмытпайық. Ол мәңгі өшпейді, тозбайды.

«Тілім менің- тірлігімнің айғағы» деп жазушы Ә.Тәжібаев жырлағандай Тәуелсіздігіміздің басты белгісі – ана тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз ең асыл қазына, өшпес мұра екенін есімізден шығармайық. Тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреуіне, ана тілінің тереңдей дамуына әр азамат бар күш- жігерімізді салып, өскелең ұрпақ, жас буынға дұрыс бағыт, оң тәрбие берсек тәуелсіз ел тірегі- тіл, тіліміздің тірегі – халық  осыны мәңгі жас ұрпақ жадына сіңірейік!

Мырзағалиева Фарида Шамбыловна

Н.Г.Иванов атындағы орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.