Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ Отбасылық сайыс

Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ Отбасылық сайыс

Алибек Гүлмира Егінәліқызы                                                                                                        Қарағанды облысы,Балқаш қаласы

№2 Абай атындағы лицей

Бастауыш сынып мұғалімі

 

 

Мақсаты:

1 Ата – бабамыздан қалған өшпес мұра, көлемі жағынан шағын болғанымен мазмұны терең,қымбат қазына мақал-мәтелдерді оқушыларға үйретіп, ұғындыру.

2  Ой белсенділігін, сөздік қорын молайту.

3  Отбасы дәстүрін сақтауға,ата- аналарын, қарттарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.

 

Жоспары:

  • Ойынды ашу
  • Ойыншыларды таныстыру
  • Әділқазылармен таныстыру
  • Ойын тәртібін түсіндіру
  • Мақалшылар сайысы           I айналым
  • Көрермендермен ойын(Мақал- мәтелден айтыс)
  • Жұмбақшылар сайысы           II айналым
  • Көрермендермен ойын (Жұмбақ шешу)
  • Мақалшы, жұмбақшы сайысы  III айналым
  • Абайдың қара сөзі
  • Ән шашу
  • Қорытынды

 

  I  Құрметті ұстаздар,оқушылар,сайысқа қатысатын ата – аналар,ұландар.Бүгін

3 Б сынып оқушыларының аралығында  отбасылық бағытта өтетін «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысын бастауға рұқсат етіңіздер.

         

                   1- оқушы:    Жанұямыз- сәніміз,

Отбасымыз- әніміз

Біз бастадық сайысты,

Қош келіпсіз бәріңіз.

                                      

                   2- оқушы:   Арым да, ардағым да анам екен,

Ана деген мен үшін атамекен!

Түн ұйқысын төрт бөліп берген сүті,

Жүрегімде жыр басып жатады екен.

 

 


3- оқушы:  
Өзің барда еш қатер де төнбейді,

Өзің болсаң шырағым да сөнбейді.

Асыл әке, мейіріміңді ойласам,

Жыр оралып, шабыт мені тербейді.

 

              Әр оқушы:    Бұтағы  — бабасының,

Ұрпағы — атасының,

Шуағы — әжесінің,

Тұяғы — әкесінің,

Тілегі- анасының,

Тірегі -ағасының,

Түлегі- даласының,

Дарытқан бар асылын

Мен- қазақ баласымын!

 

II   Мақал айтып көрейік демекші бүгінгі сайыстың I айналымында мақал айту сайысы.Ендеше ортаға бүгінгі сайыстың I айналымына қатысатын мақалшыларды шақырайық.

Сайысқа қатысатын ата-аналар шақырылады.

 

III  Ойынды бастамас бұрын мен сіздерді осы сайысқа әділ баға беретін, әр айналымның есебін шығарып,қорытындысын айтатын әділқазылармен таныстырып өтейін.

I айналым 3 тапсырмадан тұрады.

1- тапсырмада әр мақалшы өздері дайындап келген мақалдарын айтады.

2- тапсырмада мақалдың алғашқы жолын жүргізуші оқиды, ал ойыншы жалғастырады. Жалғастыра алмаса, көрермен жалғастырады.

Әр ойыншыда белгі болады.Сол белгіні көтеру арқылы берілген тапсырмаларға

кезегімен жауап береді.

3- тапсырмада екі ойыншы қалып,ұпайды аз жинаған мақалшы ойыннан шығады.

Екі ойыншы өздері дайындап келген мақалдарын, өзара айтып, сайысады.Яғни, бірінші ойыншы мақал айтады, екінші ойыншы сол мақалда кездескен сөзі бар келесі мақалды айтады.

      Мысалы:  Отан — елдің анасы                       Отанды сүю отбасынан басталады.

Ел — ердің анасы

 

Тапсырмалар түсінікті болса, сайысты бастайық.

 

I айналым  1.әр мақалшы өздері дайындап келген мақалдарын айтады.

  1. мақалдың алғашқы жолын мен оқимын, ал ойыншы жалғастырады. Жалғастыра алмаса, көрермен жалғастырады.

 

Ананың көңілі балада,                          Ананың сүті – бал,

Баланың көңілі далада.                            Баланың тілі бал.

 

    Ұлдың ұяты әкеге                                 Анаңды Мекеге үш арқалап барсаң да,

Қыздың ұяты шешеге                              Қарызынан құтыла алмайсың.

 

Көп жасаған білмейді,                          Әдепті бала- арлы бала ,                    

Көп көрген біледі.                                   Әдепсіз бала- сорлы бала.

 

Қарт кісіні қадірле,                               Ата көрген  оқ жонар,

Өзің де қарт боларсың.                           Ана көрген тон пішер.
Туған жердің қадірін                             Досы көпті жау алмайды,

Шетте жүрсең білерсің.                           Ақылы көпті дау алмайды.

 

    Қына тасқа бітеді,                                  Алтау ала болса,ауыздағы кетеді,

Білім басқа бітеді.                                    Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

 

Отан – елдің  анасы,                              Сөздің көркі мақал, 

Ел- ердің анасы.                                       Жүздің көркі сақал.

 

 

  3.Екі ойыншы қалып, ұпайды аз жинаған мақалшы ойыннан шығады.Екі      ойыншы өзара сайысады.Бірінші ойыншы мақал айтады, екінші ойыншы сол мақалда кездескен сөзі бар келесі мақалды айтады.

 

        I айналымның жеңімпазы анықталып, II айналымға қатысады.

Көрермендермен ойын. (Айтыс)

Ұлдар мен қыздар болып 2 топ құрап, мақал айтып айтысады.

Жүргізуші 1 мақал айтып бастайды, қай топ жалғастырса сол топ айтысуды    бастайды.

Білекті бірді жығар,                          Ақыл — тозбайтын тон,

Білімді мыңды жығар.                         Білім – таусылмайтын кен.

 

Күш – білімде,                                    Әдепті бала ата-анасын мақтатар,

Білім — кітапта.                                     Әдепсіз бала ата – анасын қақсатар.

 

   Үлкенге – құрмет,                             Еңбектің наны тәтті,

Кішіге – ізет.                                        Жалқаудың жаны тәтті.

 

 

 

  II айналымда жұмбақ шешу сайысы.

Ендеше ортаға бүгінгі  сайыстың II айналымына  қатысатын жұмбақшыларды шақырайық.

   Жұмбақшылармен таныстыру

Сайысқа қатысатын оқушылар шақырылады.

 

Бұл сайыс 2 тапсырмадан тұрады.

1-тапсырмада жүргізуші жұмбақ айтады,ойыншы жұмбақтың шешуін табады.

2- тапсырмада екі ойыншы қалады.Өздерінің дайындап келген жұмбақтарын бір-

Біріне айтып, шешуін табады.

Жеңімпаз III айналымға өтеді.

 

Ендеше II айналымды бастайық.

 

Жаурағанды күлдірер,                         Тұмсығы мықты

Өз еркіне жіберсең,                              Қыр мен ойды тегістеп шықты.(Үтік)

Дүниені бүлдірер      (От)

 

Аласа ғана бойы бар,                          Асқар тауда

Тоғыз қанат тоны бар.(Пияз)             Қалың орман,

Оны кейде

Шөптей орған. (Шаш)

 

Сақалы жоқ, шашы бар, бет-аузы жоқ, басы бар.

Белін бекем байлаған, қоқысты қоймай айдаған. (Сыпырғыш)

 

Бір үйге көзсіз боп басың сұғасың,                            Бетін адам ашады,

Бұл үйден көреген болып шығасың.(Мектеп)          Білім нұрын шашады.(Кітап)

 

Құстан аумайды,                                                 Қалпақты шымырды,

Көкте заулайды. (Ұшақ)                                    Төбесінен ұрады.

Түзетуге қыңырды,

Дәйім дайын тұрады.(Балға)

 

Көше бойлап аяңдайды,                                   Әжем уыстап сығып,

Адам тасып аялдайды. (Автобус)                   Далада кептірген.

Қатты әрі тәтті дәмін,

Кім бар жеп көрген?     (Құрт)

Аппақ ас, сызы бар,

Балалар қызығар.     (Балмұздақ)                   Сүрткен киімі тазарып,

Өзі қалды тым арып.      (Сабын)

 

 

2- тапсырмада екі ойыншы қалады.Өздерінің дайындап келген жұмбақтарын бір-

біріне айтып, шешуін табады.

 

 

      II айналымның жеңімпазы анықталып, III айналымға қатысады.

Көрермендермен ойын

 

Ұзын мұрты сарылар ,                             Күмбір-күмбір күйі бар,

Қойынында наны бар. (Бидай)               Құлағыңа құйып ал! (Домбыра)

 

Тақылдатып таңдайды,                            Өзі өрмелі, сапты,

Уақыттан бір қалмайды.(Сағат)            Жүргізеді атты.       (Қамшы)

 

Маған да, саған да,

Жақын туыс – бес адам.

Үш әріптен тұратын,

Оңға оқы, солға оқы,

Өзгермейді еш одан,

Бәрі де өз жұратың,

Айтады кәне: кім атын?(Ата; Ана;Апа; Аға; Іні)

 

III айналымға 2 айналымның жеңімпаздары шығады.

 

Тапсырма:

Жүргізуші жұмбақшыға жұмбақ айтады.Жұмбақшы шешуін табады.

Ал мақалшы жұмбақтың шешуіне байланысты мақал айтады.

 

Жеке өзін жей алмайсың,                                           Досы жоқ адам,

Онсыз асты да аузыңа салмайсың.(Тұз)                   Тұзы жоқ тағам.

 

Баласымын даланың,                                                 Еңбексіз өмір-сөнген көмір.

Туғаннан дақсыз қарамын.

Қыс келсе, жұртты жылытып,

Үйді-үйге барамын.        (Көмір)

 

Сөзі дана, үні жоқ,

Сөйлемейді тілі жоқ.                                                 Кітап— білім бұлағы,

Қолыңа алсаң – шешен,                                            Білім- өмір шырағы

Ақылы асқан көсем.      (Кітап)

 

 

Садақша мойнын иілтіп,                                          Аққуды атуға болмайды,

Көрген жанды сүйсінтіп,                                         Достықты сатуға болмайды.

Жүзгенде көлдің сәні өзі,

Судағы құстың нәні өзі,

Жердегі құстың серкесі,

Көктегі құстың еркесі.    ққу)

 

Төңкерілмейтін күбі,

Көтерілмейтін күбі.                                             Оқу- инемен құдық қазғандай.

Шүпілдеп- ақ тұрса да,

Көрінеді түбі.                (Құдық)

 

Көп бытыра қорғасын,                                       Жаңбыр жауса жер ырысы,

Көбейткен жер олжасын. (Жаңбыр)                Батыр туса, ел ырысы

 Соңғы айналымға жеңімпаз шығады.

Ақтық ойын

Абайдың қара сөзінен үзінді оқылады . Абайдың нешінші қара сөзінен үзінді

оқылғанын айту керек.

Қорытынды :  

Оң қанатым- әкем де,

Сол  қанатым- анашым.

Қос қанатың болғанда

Табар өмір жарасым.

Қарап тұрып шекені

Шымшылады сан күдік.

Қанатымның екеуі

Сау болса екен мәңгілік.

 

Отбасылық ән- шашу.