Тәуелсіздік – Қазақ тарихының алтын дәуірі
Тәуелсіздік – Қазақ тарихының алтын дәуірі
Қазақ даласында ежелгі заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін ұрпақтар сабақтастығы үзілмей жалғасып келеді. Қазақ даласы бір кездері әр түрлі мемлекет аталған ру-тайпалардың құт мекені, ата қонысы Ұлы дала болатын. Жерімізде бұған дейін өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың бүгінгі тәуелсіз елімізге тікелей қатысы бар. Түпкі ата-бабаларымыз өздерінің өмір сүрген шексіз аймағын болашақ ұрпақтары, біздер үшін жан-тәнімен қорғап, бүгінге жеткен өркениетті із қалдырды. «Тарихты білмей болашақты болжау қиын» деп ғұлама ғалым бабамыз әл-Фараби айтқандай, бүгіндері дәуірдің рухани оралу үрдісіндей тұғыры берік тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тарихымыздан тағылым алдық. Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырдық. Осы тұғырға мыңдаған жылдық өркениетті тарихымызбен келіп жеттік. Біздің бабаларымыз алтынмен апталған ақ орданың ішінде, алтын тақтың үстінде отырды. Мінген атын да алтын әбзелдермен көмкерді. Өлмес туындыларында алтыннан ойып жасады. Алып империялардың жалғасы болған хандықтың да «Алтын Орда» аталуы тегін емес еді. Осыншама өркениет жасаған, таусылмайтын дәулет, тозбайтын дәстүр қалдырып кеткен, адамзаттың өсіп-өркендеуіне орасан зор үлес қосқан бабалар тарихы бүгінгі ұрпақтың тағылым алар мұрасы екендігін есте ұстау әр азаматқа парыз іспеттес. Бүгін сол тарихты халықтың санасына ұялататын да, сол тарихпен мақтанатын да мезгіл жеткендігін айту орынды болмақ. Бүгінде «көшпелілер» деген сөздің де жиі қайталана беруі бізді ойландырмайды емес. Ата қоныстың тұрғындары жөн-жосықсыз көше бермеген. Олардың ата қонысы, жаз жайлауы, қыс қыстауы, іргелі қалалары, шекарасы, орныққан ордаы болған. Сол қасиетті мекенді бізде келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз керек. Ұлы даланы еркін жайлаған ел мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін қалыптастырған, дала демократиясын орнықтырып, сөз бостандығы салтанат құрған. Аттың жалында өскен қаһарман халық Еуразия кеңістігіне толық ықпалын жүргізген. Шығыста Қытай қорғанының салынуы, Батыстан келген Александр Македонскийдің осы далада сансырап кері шегінуі, Дарийдің бұл даладан тауы шағылып, Кир патшаның өз қанына түншығып өлуі сияқты оқиғалар – түркі жауынгерлерінің туған жерін қорғай білуінің айқын үлгісі еді. Біз кейде ерлік істеріміз бен әйгілі батырларымызды дәріптеудің орнына елімізге басып кіргендерді ұлықтауға әуеспіз. Соның салдарынан да өзімізге қарсы тұрғызылған қорғанды «Ұлы» деп әспеттеп, сол қорғанның салынуына себеп болған құдіретке мән бермей келдік. Дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, Мәңгілік ел орнатуды армандаған, Тәңірден жаралған түркі қағандары мәңгі тасқа қашап: «Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Түркі халқының ел жұртын қалыптастырған, иелік еткен. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған», — деген сөзді жазып кеткен. Күндіз тыным таппай, түнде ұйықтамай, жерін ұлғайтып, ашты тойындырған, жалаңашты киіндірген, азды көп қылған, бәрін бейбіт етіп, ел жұртын бақытты еткен. Басы барды идірген, тізесі барды бүктірген. Құдіретті қағанаттар құрған, әділеттік орнатқан. Білікті, ұлы түркі қағандары дүниеден озғанда, дос тұрмақ дұшпаны да егіліп, көзінің жасы көл болып, жоқтау айтқан.[1]
Иә, халқымыз әулеті асып, дәлеті тасыған дәурен де сүрді, бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңді де басынан талай кешірді. Мәңгілік ел орнатамыз деп шарқ ұрған, заманының ұлы империясы – Түрік қағанатын құрып, келешекке осыншама байтақ жерді, сарқылмайтын, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қалдырып кеткен Бумын, Істемі, Құтлығ, Білге қағандар да, айбынды Күлтегін де – бәріде бабаларымыз. Байырғы түркі даналары иелік еткен жерде, дәулет те, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да ең алдымен қазаққа мирас. Көк түріктің де, көп түріктің де мекені, ата қонысы осы қазақ даласы. Жаңаша жыл санауға дейін-ақ, ірге бекітіп, қуатты мемлекетке айналып үлгерген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы елдері, түрік, түркеш, қарлұқ қағанаттары, оғыз, қыпшақ, қарахан мемлекеттерінің кезеңі Алтын Орда ұлысына ұласты. Ұлы дала төсіндегі алып мипериялардың сынығы – Алтын Орда хандығы есеңгіреп, ыдырап, ақыр аяғында бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. Ағайынның арасына алауыздық кіріп, бүтін халық екі жартыға бөлінді. Бір ата, бір анадан туғандар жылап айырылысты. Ноғай Ордасы өз алдына ұлыс болып, Ақ Орданың ішінен Қазақ хандығы шықты. Бұл — қазақ деген атаумен алғаш мемлекет құрған хандық еді. Ал Қазақ хандығы, шынтуайтына келгенде, Ұлы далада салтанат құрған мемлекеттік құрылымдардың тікелей жалғасы екені сөзсіз. Ресейге бодан болған үш ғасырда қазақ халқы ортаршылдық езгіге қарсы 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілісті бастан кешкен екен.[4]
Сол кезеңде біз ұлттық кескін-келбетімізден, рухымыздан айырылып қалдық. Тарихымыз табанға тапталды, елге тұтқа болған хан-сұлтандарымызды, билеріміз бен батырларымызды келеке қылды. Отаршылдық саясат бізді опасыздыққа итермеледі. Ол аз болса, Кеңес дәуірінде қазақ тарихы тіпті саясаттың ойынына айналды. Кешегі өткен Мұстафа мен Тұрарлар Ұлы Түркістанды қайта құрамыз деп шарқ ұрғанда, олардың санасында өткен тарих жаңғырып тұрды. Ұлы даланың төсін ат тұяғымен дүбірлетіп өткендердің тікелей мұрагері екенін жете сезінді. Мұның бәрі- еркіндікке ұмтылудың, азаттықты аңсаудың айқын көрінісі. Бұл- сайын даланы ен жайлап, еркін өмір сүрген халықтың бұғаулыққа көнбес асау басының бұлқынысы.Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалғаны- оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қай кезде де өткен тарихтың өнегесін өз ұрпағы заманға сай жауапкершілікпен, кезеңге сай кемелдікпен, болмысқа сай бағамен, жағдайға сай мүмкіндікпен өлшеген.Сондықтан да өткен дәуірдің жұмбағы мол, бүгінгі уақыттың ұтқаны зор. Ұлан далада сан ғасырлық қоғамдық құбылыстарды басынан өткізген ел мен халық үшін ұлы дала сахнасында болған тарихи оқиғалар ізсіз кеткен жоқ. Қазақстан көп жылдар бойы өзге мемлекеттердің қол астында болып, небір сұрапыл соғыстарды, қайғылы күндерді басынан кешірді.Әйтсе де қазақ халқының атамекенді ардақтау, азаттықты аңсау сезімі өте терең, туған жерді қасиет тұту- қанына сіңген мінезі.Ел басына қиын қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қорғағанына кешегі өткен тарих куә. Отан!Қазақстан!Тәуелсіздік! Осы үш ұғымның жолында қайсар қазағым ұрпағына қаһармандықтың қас үлгісін көрсетіп, елі мен жері үшін сайын сахарада қарсы келген жауының қаһарын қайтарды.Олар үшін ең қасиетті де қастерлі, үкілеген тұмар- бостандық, еркіндік, тәуелсіздік болды.Тәңірі қазақ халқының маңдайына осынау тарихи сүргіннен аман шығып, азаттықтың ақ таңын көруге жазған екен. Мұны тағдырдың сыйы десе де болады, ата-бабаның нақақ төгілген қаны мен көз жасының өтеуі десе де болады. «Мың өліп, мың тірілген» халқымызға армандаған азаттық таңы талықсытып барып жетті. [2] Бұл жолда талай қан төгіліп, боздақтар қыршынынан қиылды. Тәуелсіздікке жетер жолдағы 1986 жылдың желтоқсанында бодандық құрсауын бұзуға ұмтылған қара қазақтың қайсар ұл-қыздарының ақиқат астарын ұғып, шындық бетін айқара ашып, асқан төзімділік пен батылдықтың үлгісін көрсеткенін мақтанышпен айту да міндетіміз. Желтоқсан оқиғасы тарих қойнауында хатталып, ұрпақ жадында жатталатыны анық.Желтоқсанда жазықсыз жапа шеккен Қайрат, Сәбира, Ляззат сынды ерлердің ісі қашанда үлгі.Асқан зорлыққа, өктем саясатқа қарсы қаймықпай, қазағы үшін қар жастанды, мұз құрсанды, қорланды, ар-намысы тапталды.Желтоқсан ызғары мен батыр аға-апаларымыздың айбары естен кетер ме, сірә?!Астарында аярлық , алдамшы қулық- сұмдығы басым құйтырқы қызыл саясат тұйыққа тіреліп, шындық шындалды.Ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын, қайыспайтын қара нардай қайратын, мұқалмайтын алдаспандай айбатын танытқан Желтоқсан қозғалысы- тәуелсіздік жолындағы көп қозғалыстардың бірі емес, бірегейі.Қашанда сана тәуелсіз болмай, ел тәуелсіз болмайды.Өзгеріс алдымен санада басталып, содан соң өмірде іске асады.Сондықтан да Желтоқсан оқиғасы- тоталитарлық жүйеге қарсы сананың қозғалысы, «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбеуді» мұрат тұтқан ұлттың негізін қалаған өресі кең өр рухтың қозғалысы, бұл- ғасырлар бойғы әділетсіз үстемдік салдарынан жинақталған ашу-ыза мен шер-шеменнің тарихи көрінісі. [5]
Еліміз еңсе көтеріп, халқымыз қатарға қосылған күн туды. Ата-бабамыз аңсаған асыл арман азаттық таңы атты да, тәуелсіздікке тәу еттік. Батыр бабаларымыздың қаһармандық күшімен, қыран қабақ сұсымен, ақ найзаның ұшымен қорғаған кең жазира өлкемізге жан бітіп, жұлдызы жарқырағанына, халқымыздың көңіліндей дархан даламыздың дүр сілкінгеніне, кешегі желтоқсан жаңғырығынан теңселген тауларымыз тыным алып, ашық аспанымызға Азаттық әні әуелеп, тұғырымызда тәуелсіздік туы желбірегеніне міне 23 жыл толды. Тәуелсіздікті алуда, оны баянды ету де, мемлекеттілікті орнату да, оны орнықтыру да оңай іс емес. Осы орайда бұралаң-бұлтарысы көп шырғалаң жолдан елімізді аман алып шығып, бүгінге жеткізген Елбасының салиқалы терең саясатын ерекше атауға тиіспіз. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді қалыптастыру, оны орнықтырып, баяны ету жолындағы орасан еңбегін тарихтың еншісінен ешкім де бөліп ала алмайды.Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің туымыз- Тәуелсіздік.Біздің мақсатымыз- бейбітшілік және береке.Бұл әлемде бізде бір ғана Отан бар.Ол-Қазақстан»,- деп айтқан жалынды сөздері қазақстандықтардың жүрегіне Отанға деген ұлы махаббат нұрын ұялатары анық. Бүгінде Елбасымыздың көрегендігінің арқасында халқымыз дәуір сынынан сүрінбей өтіп, егеменді ел болып жаңарды.Қатарластарынан оза шауып, «еуразиялық барысқа» айналудың алғашқы нышандарын танытты.Ел экономикасы шытынап, шатқаяқтап тұрған кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолынан іс келетін, ел тағдырына сергек қарайтын, ойы-озық, сөзі-сара, кең ойлап, кемел ұсыныстар айтып, батыл шешімдер қабылдай алатын азаматтарды төңірегіне топтастыра білді.[4]Тәу етер тәуелсіздігімізді көш бастаушы, халық тағдырын сеніп тапсырған тарихтағы тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар. Ел- Елбасыға тірек. Елбасы- еліне қалқан.Салиқалы саясат ұстанып, қай істе де елге иек артты, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйенді, сертіне берік болды, антын ардақты етті. «Соқтықпалы, соқпақсыз» сергелдең шақтарда қазақ деген қасиетті елін дін аман жарқын болашаққа бастады.Бір кездері бодан атанған ел енді Азия алыптарының қатарынан орын алуға талпыныс жасауға ұмтылды.Елбасының «Мәдени мұра», «Қазақстан-2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан дамуға», «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», «Қазақстан-2050», сынды жоспарлы Жолдаулары мен бағдарламалары бүгінгі бақытты елдің басты бағдары мен ұстанар бағытына айналып отыр.Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын Тәуелсіздігіміздің мәні жарқырай ашылып, маңызы арта түскенін бүгінгі қол жеткен табыстарымыз бен жеңістеріміз дәлелдеуде. Бүгінде әлем саясаткерлері Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың пікіріне, сарабдал саясатына оң көзқарас қалыптастырып, ықылас танытуда.Елбасының және қазақ жұртының атақ-абыройы асқақтады. Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты.Ел межесі отыздыққа енуді мақсат тұтқан халқымыз ғылым мен өнер, білім жолында ғаламат істерді бағындырып, ғажайып жаңалықтар ашты. 2017 жылы «ЕХРО» – дүниежүзілік көрмесі де елімізде өтетіндігі ел мерейін асырды. Тәуелсіздік – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің нышанына айналды. Бүгінгі күні еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әр азаматтың бойында қалыптастыруға тиістіміз. Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында». Алматы., 1997.
- Н.Ә.Назарбаев. «Еуразия жүрегінде». Астана., 1997.
- Н.Ә.Назарбаев. «Сындарлы он жыл» — Алматы «Атамұра», 2003.
- «Егемен Қазақстан» газеті. 29. 06. 2011 және 29. 06. 2011 шығарылымдары.
- «Айқын» газеті. 22. 06. 2011 және 22. 09. 2011 шығарылымдары.
- ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауы. 2014 ж. Астана.