Қорқыт атаның қазақ поэзиясындағы рөлі

Қорқыт атаның қазақ поэзиясындағы рөлі

«Түрік шежіресін» жазған Әбілғазы мен «Жамиғ ат-тауарихтың» авторы Рәшидәд — Диннің осынау еңбектерінде де Қорқыт туралы айтылады. Әбілғазы қобызшының  бес  ханға  уәзір  болғандығын  айтса, Рәшидәд — Дин Қорқыт                                   өте ұзақ жасаған тұлға деп келтіреді. Ал, қазақтың белгілі этнографы Шоқан Уәлиханов Қорқыттың  ақындығы, музыкалық өнері  жайында пікірлер  қалдырған .

Қорқыт ата — түркі халықтарының бәріне ортақ ұлы ойшыл-кемеңгер, жырау, күйші-қобызшы.  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылғы 12 қарашада «Қорқыт және түркі әлемі»  халықаралық  ғылыми-теориялық конференциясына қатысушыларға арнаған құттықтауында төмендегідей пікір айтты: «Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың  кейіпкері  Қорқыт  бабамыз — баршамыздың  рухани болмысымыздың  алтын арқауы болып табылады. Егемендікке  қолжетіп, өзінің өткеніне көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік ниеттегі дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор дер едім. Өйткені оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігінде де жақсы үйлесім тауып отыр.
«Өлген кісі  тірілмес, өткен қайтып келмес», — дейді  абыз өзінің сөзінде.                        Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ  алуға  болады,  бірақ оған  қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет. Осы қарапайым айтылған кемел ойды келешегіне үлкен  бағдар белгілеп, әлемдік өркениет көшіне ілесіп, Орталық Азияның Барысы  болуға  бекем  бел  байлап  отырған  бәріміз де мұқият зерделесек болады.  Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз артына адамның өлімнен қашып құтылмайтындығы,  оның  ғұмырын  жарық  дүниеде  бітіріп  кеткен  жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық  пәлсапалық  байлам қалдырды. Осы ғаламат ой  әрбір саналы жанның  ғұмыр  бойы  темірқазық  етіп  ұстар бағдаршамы  болуға  лайық  десек, қателеспейміз…»(67,1).  Қазақ  аңызы  бойынша  Қорқыт — әуен,  әннің атасы,  аңыз — адам, сыбызғы киесі.

Сол ықылым заманнан бері Қорқыт әуені мен қобызы – оның көзіндей, киесіндей халық жүрегінде жасап келеді. Халық музыка шығармашылығының эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктері көптеген ғасырлар  бұрын–ақ   ұғыныла бастаған болатын. Құнды педагогикалық мәні бар ежелгі ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісі  Қорқыт атаның  «Кітаби Қорқыт» /IX – X ғ.ғ/ атты еңбегіндегі  ойлар  болып табылады.  Осынау батырлық 12  дастандағы поэзиялық ұйқастар оның прозалық мәтінімен өзара астаса, үндесіп, жырдың көркемдік қуатын күшейте түседі. Жазба ескеткіштер- түркі ұлттарының ерте кездегі даму деңгейлерін, тілін, мәдениетін, тарихын, этнографиясын, ел басқару жүйесін анықтауда мол деректер беретін асыл құнды мәдени мұралар.Жыл  санауымыздың  ҮІІІ-ІХ ғасырынан ХІҮ-ХҮ ғасырының ортасына дейінгі дәуірде  түркі  халықтары  ежелгі  түркі  жазуының орнына соңғы мезгілдегі соғды  жазуын қолданған. Жалпы бізге жеткен сонау ІХ-Х ғасырлардағы фольклор мен оғыз дәуіріндегі аңыздық  сипаттағы әдебиеттер өзінше бір ғажайып мотивке  тән. Әдебиеттегі мотив белгілі ырғақ. Мотив- шағын музыкалық құрылым, үзінді. Өзіндік көркем сипатқа ие. Қорқыттың өзі туралы қалдырған аңыздар мен әңгімелері  әдебиет  зерттеушілердің өзін ойға  салады.

Қорқыт оғыз-қыпшақ тайпаларының VIII-ІХ ғасырда Сырдария бойында (Канкент) ғұмыр кешкен данышпан ойшылы, ақын сөзгері және «Кітаби Қорқыт» эпостық жырының атасы. Қазақ арасында Қорқыт ата туралы тарихи жыр-дастандар, аңыздар, ән күйлер көп кездеседі. Ол қазақ даласында тұңғыш рет қобыз жасаушы болып табылады. Оның күңірене салған сырлы күйлері (қазіргі уақытта 22-ден астап күйлері белгілі)  шартарапқа тараған. Құдіретті күй сазын естіген адамдар терең сезімдерге бөленген. Қорқыт «тағдырға жазылған» деген фатализмге қарсы күресіп, адамдарға мәңгі өмір іздеуші тұлға ретінде өзін көрсетеді. Бірақ өлімнің қақпанына түсіне тура келеді. Соның өзінде де Қорқыт су асты патшалығының бақсысына айналып, қобызымен перілердің іс-қимылын жақсылыққа бұрып отыруға тырысқан. Әлсізге көмектесіп, ауруларды жазудың жолдарын айтып отырады. Қорқыттың өмірдің қиындықтарына мойын сұқпай үнемі күресе білуге шақыруы, әр істің ізгілік пен жақсылыққа негізделіп жүзеге асуын уағыздауы – бұл ғұламаның кейінгі ұрпаққа берген үлкен рухани тәлімі.