Оқушылардың шығармашылық жұмыстар арқылы тіл байлығын дамыту
Оқушылардың шығармашылық жұмыстар арқылы тіл байлығын дамыту
Менің 3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тақырыбым оқушылардың сөздік қорын, тілін дамыту арқылы шығармашылыққа баулу, яғни ана тіліміздің құнарлығын, мәнін оқушыларға түсіндіру. Оқушылардың санасына сіңіру, бұл әсіресе бастауыш сынып мұғалімдерінің басты міндеті болса керек. Оқушылар тілін дамытудың қатып қалған бірізділігі жоқ, оның көптеген жолдары бар. Бұл мұғалімдердің шығармашылық ізденістеріне, оқытудың методикалық тәсілдеріне де байланысты. Оқушылармен кез–келген тақырыпта сөйлесуге болады, мұғалім қандай тақырыпта болмасын бағыт беруі керек және сол бағыт бойынша оқушылардың ой-өрісіне еркіндік бергені жөн деп білемін. Сонда ғана әр оқушы өз ойын толық жеткізуге тырысады. Әдепкіде олар өз ойларын жатық жеткізе алмауы мүмкін.
« Сөйлей – сөйлей шешен боласың » дегендей, олар да сөйлей сөйлей ойын жүйелі түрде жеткізуге қалыптасады. Бірін – бірін толықтырып отырады. Ең бастасы оқушыларға еркіндік берген жөн. Оларды жалықпай тыңдау керек, ойын бөлмеу керек. Мұғалім олардың әңгімесін бар зейінмен, ықыласпен тыңдау керек. Бала түсінігіне орай, олардың сұрақтарына жауап беріп, жауапсыз, ескерусіз қалдырмағаны ләйім.
Әр шәкірт өзінше бір әлем. Олар тәрбиеленіп жатқан отбасы да әр түрлі. Бір отбасында ата-аналары баламен сөйлеседі, ал кейбір балалардың ата – аналары балаға мән бермейді. Сондықтан әр оқушымен ұстаз сырласып тұрғаны жөн.
Оқушылардың тілін дамыту жолдары сан алуан. Менің оқушыларым ана тілі сабағында көптеген тақырыпта сахналау арқылы образға еніп рөлдерге бөліп ойнағанды қатты ұнатады. Рөлдердің сөзін жаттау арқылы оқушының тілін дамытуға болады. Балаладың тілін дамытудың жолдары мұғалімнің жылы сөйлесіп, сырласуынан бастап, әрі қарай кете береді. Олар:
- Айналаны қоршаған ортаны тілге тиек етіп әңгімелесу
- Мәдени ошақтарға барып келгеннен кейін пікір алмасу.
- Атақты адамдармен кездесуге қатыстырап, кештен соң ойларын тыңдау
- Топсеруенге шығып , табиғат аясында әңгімелесу
- Проблемалық сұрақтар қою арқылы пікірталас ұйымдастырып сөйлету
- Театрлық қойылымдарға апару, көріп келгеннен кейін ой бөлісу
Қорыта келгенде, айтарым оқушылардың тілін дамыту 1-сыныптан басталып, 4-сыныптың соңына шейін үздіксіз жүргізілуі керек, яғни бұл бір жылдың ғана емес төрт жылдың жұмысы. Алғашқы жылдары сөздік қорын молайтып, тілдері дамыған оқушылар 3-4 сыныпта өз ойларын тамаша көркем шығармалар жазуға қалыптасады. Мұны да мен өз тәжірибемнен алып отырмын. Әрине, бұл мұғалімнің өз шәкірттерімен ерінбей, жалықпай жұмыс істеу арқасында жететін нәтиже. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін.