ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ жалпы білім беретін мектептің 1-4 сыныптарына арналған ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ
жалпы білім беретін мектептің 1-4 сыныптарына арналған
ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ
І. ТҮСІНІК ХАТ
«Дене шынықтыру» оқу пәні Мемлекеттік міндетті білім беру стандартының маңызды компоненті есебінде «Дене шынықтыру» білім беру саласына кіреді. Оқу пәнінің нысаны – пән арқылы дамитын және әлеуметтік ортамен өзара әрекет ететін баланың дамып келе жатқан организмі.
«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі.
Осы пәннің іс жүзіндегі мақсаты – қозғалыс белсенділігінің заңдылықтары, дене дамуының, жеке гигиенаның ережелері, дене және психикалық саулықты нығайту мен салауатты өмір салты қағидаларына үйрету жөніндегі білімге ие болу.
Оқу пәнінің жалпы мақсаттары.
Пәннің мақсаты оқушылардың физикалық, психикалық және моральдық саулығын нығайту, ақыл-ой және физикалық қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамытуда кешенді тұрғы негізінде жеке тұлға қалыптастыру.
Оқу пәнінің міндеттері:
- бастауыш сынып оқушыларының дене тәрбиесі мен оның тарихы туралы және олардың денсаулығын нығайту, күн тәртібін ұйымдастыру, организмді шынықтыру, жеке гигиенаны сақтаумен байланысты қарапайым білімдерді қалыптастыру;
- оқушы ағзасының функционалдық жай-күйінің деңгейін көтеру;
- қозғалыс қасиеттерін дамыту;
- қозғалыс дағдыларын меңгеру, жүйке жүйесі мен тұтас организмді дамытуға көмектесу;
- сенсомоторлық дамуды жандандыру, оңтайлы тұлға мен негізгі қозғалыстарға ұқсас қимылдарды қалыптастыру.
Оқытудың деңгейлері бойынша «Дене шынықтыру» пәні мазмұнының сабақтастық қағидасын сақтау қарастырылады.
Табиғи көркемдік қағидасы өсіп келе жатқан организм үшін дамытатын оңтайлы қозғалыс ортасын қалыптастыруды және балалардың қозғалыс белсенділігіне сұранысты қанағаттандыруды қамтамасыз етуді қарастырады
Практикаға бағыт ұстану қағидасы қимыл-қозғалыс дамуының кезеңдік және соңғы мақсатын сипаттайтын оңтайлы ұқсас қимылды меңгеруді көздейді. Баланың жүйке жүйесі мен психикасын қалыптастыруға тән дамудың негізгі факторларын іске асыру қарастырылады. Бірінші кезекте ілесетін, үйлестіретін бір жағынан көздің, мойын еттерінің сенсорлық ақпараттарды қабылдаудағы құлақтың және екінші жағынан қолдардың, дене бөліктерінің, беттің, еріннің, қимылмен жауап қайтарғандағы тілдің қозғалыстарын дамыту жатады.
Оқу пәнінің мазмұнын іріктеу педагогикалық тәсілдерге негізделген:
- жеке адамға бағытталған тәсіл бала организмінің функционалдық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін дене жүктемелерін мөлшерлеуді көздейді;
- әрекет ету тәсілі бала қозғалыс арқылы дамитындығын қарастырады;
- құзыреттілік тұрғыдан келу негізгі біліктіліктерді меңгеруді көздейді;
- денсаулықты сақтау тәсілі үйрету процесінде баланың денсаулығын міндетті түрде сақтауды қарастырады.
Пән бойынша оқу жүктемесі:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес 1-4 сыныптардағы «Дене шынықтыру» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1-сынып – аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат;
2-сынып – аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат;
3-сынып – аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат;
4-сынып – аптасына 3 сағат, жылына 102 сағат;
Оқу пәні мазмұнының вариативті бөлігі дене дамуында жетіспеушілігі бар балалар үшін сауықтыру дене шынықтыруымен және оқушылар мен ата-аналардың сұранысы мен қызығушылығын есептей отырып, спорт түрімен шұғылдану.
ІІ ОҚУ ПӘНІНІҢ БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
1 сынып
(барлығы 102 сағат, аптасына 3 сағаттан)
Жалпы дамытатын жаттығулар. Саптық жаттығулар. Бір қатарға және бір лекке сапқа тұру. Бір орында, оңға, солға, артқа бұрылу. Теңел! Тік тұр! Еркін тұр! Қадам бас! Тоқта! командалары.
Кеуде, қол мен аяқ үшін жаттығуларды әр түрлі бастапқы қалыптан орындау. Негізгі тұрыс: өкше бірге, аяқтың ұшы алшақ, қолдарды денені байлай түсірген қалып. Бір орында тұрып затсыз және затпен орындалатын жаттығулар. Тұлғаны қалыптастыруға, дұрыс еркін дем алуды қамтитын жаттығулар. Басты оңға және солға бұру және шырқ айналдыру. Қолдарды екі жанға созылған бастапқы қалыптан бүгіп және жазып қолдарды шырқ айналдыру.
Денені оңға және солға, алға және артқа еңкейту, бұру және айналдыру. Аяқтарды алға, артқа және жанға сілтеу. Кеудені аяқтарға қарай еңкейту. Шалқалап жатқан бастапқы қалыптан кеудені көтеру. Гимнастикалық орындыққа қолдармен тіреліп жатқан қалыптан қолдарды бүгіп, жазу. Аяқтар-ды бірге, алшақ ұстап тұрған бастапқы қалыптан отыру. Тобық буындарының қозғалғыштығын дамытуға арналған жаттығулар. Иілгіштікті дамытатын жаттығулар. Босаңсуға арналған жаттығулар.
Жүру және жүгіру. (10 сағ.) Қолдардың қозғалысымен үйлестіре тізені жоғары көтеріп, жүру. Жүзу мен жүгіруді жалпы дамытатын жаттығуларды орындаумен үйлестіру. Кедергілерден өтіп жүгіру және жүру. Жаттығуларды орындауды музыка әуенімен үйлестіре баяу және жылдам екпінде жүру және жүгіру.
Жарысып жүгіру. 30,40,60 м-ге жүгіру. Қайталап жүгіру.1-1,5 минут бойы баяу жүгіру.
Секірулер. (10 сағ.) Екі аяқпен қарғу. Алға қозғала екі аяқпен орнынан ұзындыққа секіру. 50-60 см. биіктіктен төмен секіру. Екпін алып ұзындық пен биіктікке секіру.
Доппен орындалатын жаттығулар. (5 сағ.) Допты жоғары лақтырып екі не бір қолмен ұстау. Допты еденге соғып, шоршыған допты бір не екі қолмен ұстау. Допты серігіне екі қолмен әр түрлі бастапқы қалыптардан: кеудеден, иықтан, бастап асыра, төменнен беру. Тор арқылы допты бір және екі қолмен лақтырысу. 3-4 метрлік қашықтықтан допты нысанына бір қолмен лақтыру.
Өрмелеу. (8 сағ.) Еңкейтілген гимнастикалық орындықпен алға жылжып, өрмелеу. Жоғары-төмен, солға-оңға секілді әр түрлі тәсілдермен гимнастикалық қабырғамен өрмелеу. Гимнастикалық қабырғада асылып тұрып тартылу және теңселу. Біріктіріп ұсталған аяқтардың тізесін алға, жанға көтеру.
Тепе-теңдік жаттығулары. (6 сағ.) Қолдармен әр түрлі қимылдарды орындаумен үйлестіре гимнастикалық орындық, бөрене үстімен жүру. Төбеге жеңіл салмақты зат қойып, жүру. Гим-настикалық орындықта көзді жұмып, жауырынды алға беріп, бір орында шырқ айналғаннан кейін жүру.
Акробатикалық жаттығулар. (12 сағ.) Таянып отырған бастапқы қалыптан жинақталу. Артқа, жанға тоңқалаң асу. Шалқалап жатқан бастапқы қалыптан жинақталу. Оңға, солға аударылып түсу. Жартылай шатқа отыру. Шалқалап жатқан бастапқы қалыптан созылған қолдарға таянып, аяқтарды көтеру. Шалқалап жатқан бастап қалыптан жауырынға тұру. Етпеттеп жатқан бастапқы қалыптан денені шалқайту.
Би қозғалыстары. (4 сағ.) Әртүрлі әуендердің ырғағымен би қозғалыстарының кешенін (комплексін) орындау.
Төбешіктен сырғанау. (4 сағ.) Екі аяқпен тұрып, отырып, ішпен жатып сырғанау. Төбешіктің мұзды баурайымен бір-бірлеп, жұппенен, топпенен төмен қарай сырғанау.
Шанамен сырғанау. (6 сағ.) Төбешіктен шанамен түсу. Шапшаң сырғанап жарысу. Шананың артынан итеріп, серігін сырғанату. Қарды нысанаға лақтыра , төбешіктен шанамен түсу. Төбешіктен сырғанап түсу кезінде шананы оңға және солға бұру.
Шаңғы дайындығы. (6 сағ.) Орнында тұрып, аттап басып бұрылу. Қозғалу кезінде оңға және солға бұрылу. Таяқсыз жүру. 300-500 м қашықтықты жүріп өту. Ойындар «Нысанаға тигіз», «Жалаушаны алмастыр», «Қуаласпақ», «Ұзын адым», «Түсіріп алма», «Бір шаңғымен».
Күрес пен жекпе-жек элементтерінің түрлері. (3 сағ.) Жекпе-жек пен күрес элементтсрін кезекпенен және топтасып орындау.
Қозғалыс ойындары. (10 сағ.) Жеке орындайтын «Кімді атаса, сол ұстайды», «Кім қашыққа лақтырады», «Қоян», «Бақа мен көкқұтан», «Ленталарды жина», «Ормандағы аю», «Ал да орнына қой», «Жоғарыдағы доп», «Маймылдарды ұстау», «Әтештер соғысы», «Кеглиге тигіз», «Жапалақ», «Қашақ»
Жұппенен орындалатын: «Кімнің добы алысқа ұшады», «Тышқанның іні», «Сиқырлы таяқ», «Өз жұбыңды (серігіңді) қуып жет», «Аттар», «Тақия тастамақ», «Кілттер», «Өз орнынды тап».
Топпен орындалатын: «Арқан», «Допты шеңбермен», «Қырғи», «Екі аяз», «Торсылдақ», «Допты ұста», «Ботақан».
Командалық: «Доп аз болсын», «Күн мен түн».
Қозғалысты көп қажет ететін ойындар: «Ұшты-ұшты», «Жаңғырық», «Телефон», «Не өзгеріс бар», «Даусынан таны», «Қанша тас», «Фигураны жаса», «Саусақтармен өрнек жаса», «Домино», «Дойбы», «Стол үстіндегі футбол», «Стол үстіндегі баскетбол» және басқалар.
Спорт ойындары. (12 сағ.)
Баскетбол. Ойыншының тұрысы. Бір орында допты жүргізу, ілгері қозғалып алып жүру. Бір қолмен, екі қолмен, кеудеден, иықтан, төменнен, жоғарыдан лақтыру. Орнында тұрып допты лақтырып, бір және екі қолмен ұстап алу. Кез-келген тәсілмен допты қалқанға лақтыру. Қысқар-тылған ережемен ойын ойнау.
Футбол. Кез келген тәсілмен допты аяқпен тебу. Допты тоқтатқаннан кейін оны тебу. Қойылған заттардың арасымен допты алып жүру. Доппен жонглерлік жасау. Қысқартылған ережемен футбол ойнау.
Қазан доп. (Қазан шұңқыр). Имек таяқпен серігіне допты лақтыру және оны тоқтату. Қысқартылған ережемен ойын ойнау.
Салауатты өмір салтын сүру дағдыларын орнықтыру. (2 сағ.) Ересектермен бірге күн сайын таңертеңгілік гимнастика, су процедураларын жасау. Жыл маусымын есептегендегі дененің және спорттық киім гигиенасы. Құрдастарымен таза ауада дене жаттығуларын орындау. Спорттық жарыстар мен мейрамдарды көру. Конькимен, шанамен сырғанау, шаңғымен серуендеу.
Қозғалыс іскерліктері мен дағдыларын,дұрыс тұлғаны қалыптастыру. (2 сағ.) Отырғандағы, тұрғандағы бастапқы қалыптан, жүру кезіндегі тұлғаға арналған жаттығулар. Таяқшалармен, шеңбермен, қабырғада тұрғанда жаттығулар жасау. Жылдамдық пен икемділікті дамытуға арналған жаттығулар. Жүгіру мен секірулері бар қозғалыс және спорттық ойындардың элементтері. Шаңғымен жүру, өрмелеу.
Сабақтың әлеуметтік, материалдық-техникалық жағдайлары туралы білімі. (2 сағ.)
Қарапайым спорт жабдығының атауы, оны пайдалану біліктілігі. Спорт зал мен спорт алаңының құрал-жабдықтары. Жекелеген жалпы дамытатын жатығуларды орындаудың әртүрлі тәсілдерін меңгеру.
2 сынып
(барлығы 102 сағат, аптасына 3 сағаттан)
Жалпы дамытатын жаттығулар. Саптық жаттығулар. Сапқа, екі қатарға, екі лекке тұру тәсілдері, жүріп келе жатып бір лектен екі лекке қайта сапқа тұру. Қолдардан ұстасып дөңгелене (шеңберге) тұру. Теңел! Тік тұр! Орнында қадам бас! Тоқта! командалары.
Негізгі тұрыс (қолдар кеуде тұсында бүгілген, қолдар жанға созылған), тізерлеп отыру, бір тізерлеп отыру, төрт тағандап тұру, жартылай отыру, толық отыру, аяқты бірге ұстау, аяқты алшақ ұстау секілді әр түрлі бастапқы қалыптардан жаттығуларды орындау. Басты оңға, солға бұру, басты шырқ айналдыру. Тұлғаны дамытуға, дұрыс дем алуды қамтитын жаттығулар. Бүгілген және жазылған қолдарды айналдыру. Қолдардың қозғалысымен үйлестіре кеудені жанға бұру. Қолдар мен аяқтардың қозғалысымен үйлестіре кеудені алға және жанға еңкейту.
Жүру мен жүгіру. (10 сағ.) Санды жоғары көтеріп жүру және жүгіру. Бағытты өзгертіп жүгіру. Жаттығуларды орындаумен үйлесімділіктегі жүріс. Баяу екпінде жүру мен жүгіру. Жүріспен жүгірісті ауыстыру; жүруден жүгіруге ауысу. 30, 40, 60 м-лік қуып жету, озу жүгірістері. Қайталап жүгіру. 1,5-2 минут баяу жүгіру.
Секірулер. (10 сағ.) Екі аяқпен ырғып секіру. Алға қозғала екі аяқпен секіру. Алға қозғала бір аяқпен секіру. Екі аяқпен итеріле орнынан ұзындыққа секіру. 60-70 см биіктіктен секіріп түсу. Екпін алып ұзындық пен биіктікке секіру.
Доппен орындалатын жаттығулар. (8 сағ.) Допты жоғары лақтырып, оны екі не бір қолмен қағып алу. Допты еденге соғып, одан шоршыған допты бір не екі қолмен ұстап алу. Допты серігіне әр түрлі бастапқы қалыптардан: кеудеден, иықтан, бастан асыра, төменнен екі қолмен беру. Тор арқылы бір не екі қолмен допты лақтырысу. 5-6 м қашықтықтан нысанға допты бір қолмен лақтыру.
Өрмелеу. (6 сағ.) Еңкейтілген гимнастикалық орындықпен алға жылжып, өрмелеу. Жоғары- төмен, солға-оңға секілді әр түрлі тәсілдермен гимнастикалық қабырғамен өрмелеу. Гимнастикалық қабырғада асылып тұрып тартылу және теңселу. Біріктіріп ұсталған аяқтардың тізесін алға, жанға көтеру. Аяқтың көмегінсіз өрмелеу.
Тепе-теңдік жаттығулары. (6 сағ.) Қолдармен әр түрлі қимыл-қозғалыстарды орындаумен үйлестіре гимнастикалық орындықпен, бөренемен жүру. Төбеге аз ғана салмақты зат қойып жүру. Гимнастикалық орындықта көзді жұмып, жауырынды алға беріп, жанымен, қосарланған адыммен, жартылай отырып (қол белде) жүру.
Акробатикалық жаттығулар. (8 сағ.) Жартылай шат, шатымен отыру, көпір жасау. Еденде отырған бастапқы қалыптан жинақталу. Артқа қарай тоңқалаң асу, жанға аударылып түсу. Еденде отырған бастапқы қалыптан бір уыстай боп жинақталып (домаланып), жауырынға аударылу — жауырында жатқанда тербіліп, теңселіп, жауырынға тұру. Таянып жатқан қалыптан жамбасты ілгері ұмсындыра, аяқтарды бүгу (артқы жақта). Таянып жатқан, таянып отырған, таянып, бір аяқпен отырған қалыптан да осылай жасау. Етпеттеп жатқан қалыптан кеудені ию (қолдар мен аяқтарды көтере қарсы қозғалыс жасай). Сандарға таянып жатқан қалыптан, аяқтарды бүгу, денені ию.
Төбешіктен сырғанау. (4 сағ.) Екі аяқпен тұрып, отырып, ішпен жатып сырғанау, төбешіктің мұзды жолымен бір-бірлеп, жұппен, топпенен төмен қарай сырғанау.
Шаңғы дайындығы. (6 сағ.) Таяқтарды пайдаланып, кез-келген тәсілмен жүру. Шаңғы жолымен жүру. Таяқтарды артқы жаққа қарай шығарып ұстап, тізелерді бүгіп, төбешіктен сырғанап түсу. Баспалдақ тәсілімен төбеге ( қырға) көтерілу. Орнында тұрғанда және жүріс кезінде аттап басу әдісімен бұрылу. Шаңғы жолымен 500-800- ді жүріп өту.