Бала тәрбиесі-басты міндет
«Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы-бала. Бала- дербес тұлға»
Бала бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтар отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді.
«Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Нақылда тәрбие беретін адам, я болмаса ортасы өздері білімді, тәрбиелі, үлгілі болуы керек деп өсиет етеді. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиешісі көрсін» деген мәтел де соны меңзейді.
Бала тәрбиесінде мектептің атқаратын рөлі де зор. Өйткені отбасы тәрбиесі мен мектептегі тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын домбыраның қос ішегіндей.
Егемен еліміздің ұрпақтарын білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеу-баба ұрпақ пен аға ұрпақтың парызы.Алайда баланың бас ұстазы ата-анасы. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша іс алға баспайды.
Бала тәрбиесіндегі отбасының атқарар міндеті зор. Адам баласының дүниеге келгенде енетін үйі, өсіп ержететін, тәлім-тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі-отбасы.
Отбасының адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Отбасы тәрбиесінің түрлері мен мүмкіндіктері өте көп. Әсіресе көрегенді, ынтымақты отбасында. Бұл орайда: Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген халқымыздың қасиетті сөзінен отбасы тәрбиесінің күшін сезуге болады.
Бала үшін отбасында әке-шешенің, ата-әженің басқа да бауырлардың кісілік үлгілерінің маңызы өте зор. Олай болса, бала кісілікті, әдептілікті, адамгершілікті,сыпайылықты тіпті өрескел мінез бен бұзақылықты да алғаш өз отбасында меңгереді.
Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да ата-анасынан артық еш адам біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздар бірлігі қажет- ақ. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, керісінше мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда барлық күрделі сан алуан мәселелер түйіні шешіледі.Осы орайда биылғы жылы аудандық білім бөлімінің нұсқаулығымен келген «Алтын жүрек» онкүнгіндігі аясында өткізілетін «Біз ынтымақты отбасымыз» атты ашық тәрбие сағатын өзімнің жетекшілік ететін 3-сыныбымда өткіздім. Тәрбие сағатына төрт отбасы қатысты. Тәрбие сағатында ата-аналар ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты көріністерден үзінділер көрсетумен қатар отбасындағы бала тәрбиесі жайлы өз ойларын ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша Мақашовтар отбасы өнерлі де өнегелі отбасы деп танылды.
Отбасында баламен қарым-қатынас кезінде өнегелі сөздерді орнымен қолданып, жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы, халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, елін-жерін құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеу- басты борышымыз екендігін үнемі жадымыздан шығармауымыз қажет.
Қорыта айтқанда «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпақтарын тәрбиелейік.
Тәуелсіз еліміздің ұлдары мен қыздарының жан-жақты дамыған, өзіндік пікірі бар, жерін, ата-анасын, ұстазын құрметтейтін азамат болуына ықпал жасайық.
Негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебінің
Бастауыш сынып мұғалімі Бөріқұлақова Б