АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ
АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ
Қазақ халқының ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін келе жатқан рухани мұраның бірі — халықтық педагогика.«Халықтық педагогика — тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасын зерттеу негізіне халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, отбасы тәрбиесінің тәжірибелері жатады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда — ақыл-ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда — әсемдіқ тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек халықтық педагогика — тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, халықтың рухани мұрасы.
Ағылшын тілі біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның практикалық және зияткерлік іс-әрекетінде шетел тілдерінің сұранысқа ие болу қажеттілігін туғызып отыр. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару — біздің қазіргі кездегі міндетіміз. Ағылшын тілін тереңдетіп, жан-жақты оқытуды қоғам, уақыт қажет етіп отыр. Қазақстан Республикасының тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі, ағылшын тілін жетік меңгертуді талап етеді. Бүгінгі қоғам мұғалімнің біліктілік деңгейіне де, ішкі жан дүниесіне де жаңаша талап қойып отыр, өйткені қазіргі күні ХХІ ғасыр ұрпағынан үлкен үміт күтілуде. Мектептегі басты тұлға — мұғалім, осы мұғалімнің алдында тұрған басты мақсат рухани жан дүниесі бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
Ата-баба мұралары негізінде тәлім-тәрбие барысында жеткіншектерді елжандылыққа, өз халқына деген сүйіспеншілікке, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа, кішіпейілдікке, елінің мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қою сияқты қасиеттерге тәрбиелеу міндеті басты назарда тұрғандығы белгілі.
Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеуде шет тілін оқыту мен оқып үйренудің маңыздылығы және тәрбиелілік мүмкіндіктерін анықтауда елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы «Тілдердің ұштұғырлығы» мәдени жобасы басшылыққа алынды. Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің бағыттары мен мазмұны ретінде мыналар танылады: еліміздің өткен тарихы мен халықтың психологиясы Қазақстан азаматтарының елдің болашағына сеніммен қарауы; Қазақстан халықтарының басым көпшілігін құрайтын қазақ халқының өзіндік ерекшелігі; қазақ халқының өз ұрпағын елжандылыққа тәрбиелей алу қасиеті.Шет тілін оқыту үдерісінде оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің нәтижелері ретінде есептейтініміз: елжандылық қасиеттерін үйренуге талпынысы, елжандылық сипаттағы ағылшын тілі пәнінің мазмұнын эмоционалдық сезіммен қажетсінуі; елжандылық сипаттағы ағылшын тілінің елжандылық қасиеттерді қалыптастырудағы әлеуметтік мәнін түсінуі; ағылшын тіліндегі елжандылыққа баулитын бейнелерге қызығушылығы және аялы көзқарасы; ағылшын тіліндегі мәдени мұра құндылықтарын елжандылық сезіммен қабылдауы; ағылшын тілін оқып үйренудің елжандылық мүмкіндіктерін білуі және түсінуі; елжандылық сипаттағы ағылшын тіліндегі объектілердің мазмұнымен таныс болуы; ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұндағы бейнелердің өзіндік ерекшеліктерін көре, түсіне білуі; бейнелердің ағылшын тіліндегі елжандылық мазмұнына талдау бере білуі; ағылшын тіліндегі елжандылық бейнелерге еліктеуі, үлгі тұтуы; елжандылық мазмұндағы ағылшын тіліндегі шығармаларды талдағанда өзінің елжандылық көзқарасын көрсете білуі; ағылшын тіліндегі елжандылық көріністерді дәлелді әңгімелей білуі, оған деген өз ойын жеткізе білуі.
Сонымен, мектеп оқушыларының елжандылығын қалыптастыру деп ағылшын тілін оқыту арқылы жеткіншек ұрпаққа ел тарихынан, мәдениетінен, халықтар достығынан білімдер беріп, олардың күнделікті өмірде ел тану білімдері, іскерліктері мен дағдыларын игертуге бағытталған мұғалімнің педагогикалық іс-әрекеттерінің өзара байланыстарын көрсететін нәтижені түсінеміз. Бұл түсініктің құрылымын біз зерттеп отырған мектеп оқушыларының елжандылығын қалыптасуының сандық және сапалық жақтарын анықтайтын моделдің өлшемдерінен, көрсеткіштерінен, деңгейлері мен байланыстарынан көруімізге болады.
Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақтан тыс елжандылық бағыттағы ұйымдастырылған іс-шаралар оқушылардың ерік-жігерін шыңдап, туған еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілік қасиетті дамытты, Отанды қорғауға даяр тұруға қажетті қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ағылшын тілінен елжандылық тәрбие беру мақсатымен сабақтан тыс атқарылатын жұмыс түрлері оқушылардың өз бетінше ізденіп, келешекте де елжандылыққа бағытталған мағлұматтарды өздігінен оқып үйрену дағдыларын әдетке айналдыруына ықпал етті.
Грамматикалық материалды, жаңа лексиканы енгізу, тілдік материалды оқыту барысында ұлттық ойындарды, мақал-мәтелдерді қолдану баланың ішкі жан дүниесін байытады және адамның, табиғаттық әдемілігін, сұлулығын кеңінен көруге үйретеді. Сонымен қатар балаға үлкен сезімдік әсер береді. Ал бұл шет тілін оқуда өте қажет нәрсе.
Халықтық педагогиканың бір саласы – ұлттық ойындар. Қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін өтетін тақырыпқа лайықтап пайдалану – тасада қалып келген дәстүрлерімізді қайта жандандырып, ұрпақтар бойына сіңіруге үлкен көмегін тигізеді. Сонымен бірге оқушылар халқымыздың өткен тарихына ойлы көз тастап, қарым-қатынасты, салт-дәстүрлерді саналы түрде сезінеді. Ағылшын тілін оқытудағы ұлттық ойындарды пайдалану тиімді болып табылады. Ойын арқылы бала қоғамдық тәжірибені меңгереді, сондықтан әр сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек.
Кез келген ойынды қолданғанда келесі мәселелерді естен шығармау керек:
-мектепте әр-түрлі ойындарды ойнаған бала шығармашылдыққа дайын;
-ойын, оның түрі, мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуы;
-жарқын көрнекілік ойынды талапқа сай өткізуге ықпал етеді;
-ойынның қызықты материалы тақырыппен тығыз байланыста болуы;
Мен сабақ барысында қолданған кейбір ойындардың үлгілері:
1. “Арқан тарту”. Оқушылар парта бойынша екі топқа бөлініп, тақтада жіпке ілінген тапсырмаларды кезек-кезек шығып орындайды. Әр шығарған есепке сәйкес жіпті өз тобы жағына қарай тартып отырады. Қай топқа жіптің көп бөлігі жетсе сол топ жеңімпаз аталады.
2.« Ақсерек, көксерек» ойыны. 7 сынып;
Тақырып: « Eating in Great Britain»
Бұл жаттығу да кез-келген пән сабағында қолдануға болады. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Өткен тақырып бойынша бір топқа сөйлемнің басы, екінші топқа сөйлемнің аяқталуы беріледі, олар сынып бөлмесінде еркін жүріп өз сыңарларын табу керек.
Мысалы:
A good example is the traditional British Sunday lunch which consists… …of roast-beef, roast potatoes and Yorkshire pudding. British breakfast consists of … …cornflakes with milk, toasts with marmalade, honey and tea.
Халық педагогикасының тағылымдарын ағылшын тілі сабақтарында қолдану – оның білімдік және тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асырумен қатар халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеп, оқушыларды ұлттық мақтаныш рухында тәрбиелеуде зор мәні бар. Мақал-мәтелдерді қолдану пәнді дұрыс түсінуге мүмкіндік берумен қатар, саналы тәрбиелеудің бір жолы болып табылар еді. Бала ұлттың болашағы, қоғамның әлеуметтік байлығы, біз олардың адамзаттық жоғары парасаттылығын, ақылдылық пен білімділігін, адамгершілік негізін қалыптастыра білуіміз керек. Ұлттық педагогиканы қолдану арқылы оқушыларды әдептілікке, елжандылыққа тәрбиелеуге болады және әр сабақта халық қазынасын насихаттап отырамыз.
Қолданылған әдебиеттер
- Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. «Алматы кітап», 2005
- Шет тілін оқыту арқылы қарым-қатынас жиілігіне тәрбиелеудің мәселелері. // Қазақстан мектебі. –Алматы, 2007. №3, 22-25 беттер.
- Елжандылыққа бағытталған сабақ үлгілері және сабақтан тыс іс-шараларға арналған әдістемелік құрал. – Түркістан.
Тезис
Бұл баяндамада халық педагогикасын зерттеу негізіне халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, мақал-мәтелдерді қолдана отырып, ағылшын тілі сабағында оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болатындығы айқын көрсетілген.
Мектеп оқушыларының елжандылығын қалыптастыру деп ағылшын тілін оқыту арқылы жеткіншек ұрпаққа ел тарихынан, мәдениетінен, халықтар достығынан білімдер беріп, олардың күнделікті өмірде ел тану білімдері, іскерліктері мен дағдыларын игертуге бағытталған мұғалімнің педагогикалық іс-әрекеттерінің өзара байланыстарын көрсететін нәтижені түсіндіріп кеткен. Мектеп оқушыларының елжандылығын қалыптасуының сандық және сапалық жақтарын анықтайтын моделдің өлшемдерінен, көрсеткіштерінен, деңгейлері мен байланыстарынан көруімізге болады.