Пәндерді кіріктіріле оқытудағы жеке тұлғаны қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелеу.

Пәндерді кіріктіріле оқытудағы жеке тұлғаны қазақстандық патриотизмге, толеранттылыққа тәрбиелеу.

 

Қазақстан  Республикасының  2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасының негізгі мақсаты — білім берудің барлық деңгейінде қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары түлектерді тәрбиелеуге қол жеткізетін, сапалы, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны  қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетудің жолдарының бірі-біртұтас педагогикалық процесс кезінде оқушылар бойында өзгермелі өмірде қорықпай еркін өмір сүре алатын білімі білігіне сай келетін бағдар таңдап ала алатын, адамгершілігі жоғары, өз елін, отанын сүйетін саналы азамат болып қалыптасуына пәндерді кіріктіре оқытудың маңызы зор.

Бұның ең негізгі дидактикалық міндеті — оқыту процесінде, білім беру, тәрбие беру,  дамытушылық сипатының арасындағы байланысты құру. Сабақты кіріктіре оқыту негізінде оқушылардың икемділік пен дағдылары жақсы дамиды. Оқу процесінде алған икемділік пен дағды оқушының алған білімінің қаншалықты берік екендігінің белгісі болып табылады. Оқушылардың бір пәннен меңгерген білім, іскерлік, ептілік дағдыларының, екінші пәндерді меңгеруде пайдалана, қолдана білу қабілеттілігін анықтайды.

Қазақстанға жан-жақты білімді, осы республикадағы барлық  халықтың тілін, тарихын, әдет-ғұрпын сыйлайтын, осы ел үшін, оның халықтарының бақытты келешегі үшін бар білімі мен күш жігерін аянбай жұмсайтын нағыз отаншыл азаматтар керек. Оқушыларда патриоттық сезім қалыптастырып, толеранттылыққа тәрбиелеуде  биология пәнін оқыту арқылы өз үлесімді қосып жүрмін.

Патриотизм — Отанға, туып-өскен жеріне, ана тіліне, өз халқының, елінің, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілік болса, толеранттылық-бір нәрсеге, біреуге төзімділік, биологиялық, медициналық тұрғыда-иммундық реакцияның жартылай немесе толықтай болмауы, яғни организмнің ауруға қарсы тұратын антиденелер шығару қабілетінің болмауы. «Толеранттылық» терминін саралау барысында оны қазақ тілінде «төзім» сөзі,  «шыдам», «сабыр», «тағат» мағынасында да қолданылады. Бүгінгі дүниеде адамды алаңдататын сынақтар мен қатерлер аз емес. Сондықтан да  адамдар арасындағы өзара түсінікті іздеу, қайырымдылыққа және жақыныңа көмектесуге шақыру  өте маңызды деп білеміз. Осы мақсатты алдымызға қоя отырып,биология пәнін оқытуда қазіргі талап бойынша адам, табиғат,қоғам арасын пәнаралық байланыста қолданамын.

Мәселен,біз 8-9 сыныптардағы биология пәнін оқыту кезінде адамның-эволюциялық дамудың жоғары сатысы,  жер бетіндегі тіршілік иесі, өзінен кейін ұрпақ қалдыратын, организмі фенотипті өзгергіштікке түсетін және морфологиялық-физиологиялық бейімделу қасиетімен сипатталатынын айта келіп, адамға тән қасиеттер қоғамның пайда болып және оның дамуында пайда болғандығын айтамыз. Ал оның ішкі дүниесінің қалыптасуы, рухани қалпы, мүшелер мен мүшелер жүйесінің қызметін физиология, психологиямен байланыстырсақ, ондағы жүретін химиялық, физикалық өзгерістерді физика, химия пәндерімен тікелей байланыста өткіземіз.

Ал,адам  денсаулығын сақтау, ол үшін қолайлы жағдайлар жасау, дұрыс еңбек ету, дене, ой еңбектерін алмастыру,демалысты тиімді ұйымдастыру, аурулардың алдын-алу үшін медицина, гигиена, валеология ғылымдарымен өмірді тығыз байланыстырамын.

Мектепте оқытылатын бір пән екінші пәнді үнемі толықтырып, байланыстырып отырады. Философ М. Орынбеков  Абай философиясының негізі-адам екенін ашып көрсетті. Абай шығармаларын оқи отырып, оқушы бойына ізгілік, еңбекқорлық, білімділік, ақылдылық, тапқырлық, әділдікті сіңірсе, сол адамның дамуы тұтасынан алғанда табиғатпен қоршаған дүниемен, қоғаммен тығыз байланыста болады.

Биология пәнін оқыту кезінде негізгі өтілетін тақырыптар бір-бірімен пәнішілік байланыста болуын қажет етеді.  9-сыныпта өткізілген «Антропосоциогенез,адамның қоғамдасып өмір сүру мәні. Адам нәсілдері» талдау жасайын. Ең алдымен оқушылармен адамның шығу тегі туралы ой-пікірлерін бөлісіп, оны әрі қарай М.Мақатаевтың «адам қайдан жаралған?» өлеңімен жалғастырдым. Адам нәсілдері туралы тарих пәнінің мұғалімі жалғастырды. Осы заманғы өркениетті адам белгісінің бірі-нәсілшілдік және ұлттық төзімділік  болып табылады. Егер адам өзін қадірлейтін болса, онда ол оның нәсіліне немесе ұлтына қарамастанғ өзге адамдарды да сыйлай білуі қажет.

Қазақстан  Республикасының Конституциясының 14-бабында былай жазылған: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына,  тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды». Бұл сабақтың мақсаты оқушылардың барлық адамдардың биологиялық бір түрге жататынын түсіну негізінде нәсілдік және ұлттық төзімділікке,  адамдарға  жалпы сыйластықпен қарауға тәрбиелеу.

Мұғалім әр пәнді жеке дара қарастырмай, кіріктіре оқытса, оқушылардың алған білімі тиянақты болады. «Қанның құрамы. Қан топторы. Қан құю» тақырыбындағы 8-сыныпта өткізілген сабағымыздың мақсаты-әр түрлі тәжірибе жасап, тәнтану сабағын химиямен,  медицинамен байланыстыра оқыту арқылы оқушыларға қанның құрамын, құрылысын тереңдете түсіндіру, оқушыларды ұқыптылыққа, бауырмалдылыққа, жанашырлыққа баулу.  Жаңа сабақты мынадай өлең жолдарымен бастадым:

Қан айналады жүректің әмірімен,

Қан тілдеседі жүрек деген тәңірімен.

Ақ түсті мөлдір және қызылданып,

Адамға күш береді пәрменімен.

Қанның  құрамымен  химия пәні мұғалімі таныстырды. Қан арқылы тұқым  қуалайтын  аурулар  ғана емес, дарындылық,  білімге қабілеттілік, өнерге икемділік немесе басқа да жағымды  қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Біздің бабаларымыз  жеті атадан бергі ағайындар арасында неке құрмаған. Халық емінен басқа медицинаның саласы дамымаған көшпенділер  үшін туыстық некенің болмауы-тұқым қуалайтын ауруларды бодырмаудың сара да дана жолы.

Қанның өзі бөлінеді әрбір топқа,

Ол топтар бір-бірімен жақын досқа.

Қан кеткенде топтастар көмектесер,

Донор болу қасиетті іс нағыз досқа, деп сабақты қан құю орталығынан келген маман иесі жалғастырып, қан беру арқылы көптеген адамдардың өміріне арашашы болу бұл үлкен жауапкершілік, ізгілікті іс екендігі айтылып, оқушылардың  бір-біріне деген жанашырлық, дем беру, жақсылыққа қуана білу, бірін-бірі бағалау , бір-біріне деген құрмет сезімдерін, сенімдерін қалыптастыру. Осының өзі шыққан ата тегін білу  және сезінуден басталып, халқына сүйіспеншілік, өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіруі және оны қастерлеп қадір тұтып, қорғап, сақтауға дайын болуға тәрбиелейді. «Бірінші байлық-денсаулық», демекші жасөспірімдерді өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамауға, өмірлік мәні бар адам ағзасының қыр-сырын, ерекшеліктерін білу – оны әр түрлі зардаптардан сақтаудың бірінші жолы екеніне көздерін жеткізуде әр сала мамандарының қатысында өткізілген кіріктірілген сабақтардың пайдасы зор.

Оқушыға білім беру негізінде олардың болмысына толеранттылықты қалыптастыру – қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселесі. Басқаны түсінушілік, өзін соның орнына қоя білу,   өзгенің қайғысын сезінуі және бөлісу тек мұғалім мен оқушының  өзара әрекеттестігі нәтижесінде ғана және мұғалімнің оқушы жан-дүниесін өте жоғары деңгейде танып білу негізінде ғана іс жүзіне асырылады. Белгілі социолог И.С. Конн айтып өткендей: «… бала біреу үшін қайғырмайды, ол өзін сол кісінің орнына қойып, өз басынан өткеріп тұрады. Жылап тұрған досын жұбатқанда, өзіндегі эмоциялық дискомфортты жоюға тырысады. Есейе келе жанашарлық сезімі ұлғаяды. Бұл дегеніңіз жеке тұлғаның дамуына ықпал етеді. Белгілі бір оқиғаларға, құбылыстарға эмоциялы тұрғыдан баға беру қалыптаса бастайды…»

Бұны өз тәжірибемде 11-сыныпта өткізілген «Экология ғылымының қазіргі кездегі өзекті мәселелері» тақырыбында еліміздегі ядролық жарылыстардың зардабы, мүгедек  сәбилердің дүниеге келуі, улы радиацияның құрбаны болған адамдарды елестету арқылы оқушы көкірегіне жеткізу, өздерін соның орнына қою арқылы адам қолымен жасалған зұлымдыққа бір жақты баға беріледі. Ол сабақты қазақтың біртуар тұлғасы, ақын Олжас Сүлейменов есімімен байланыстырып, ол бастаған «Семей – Невада» қозғалысы өз еліміздегі қасірет тартқызған ядролық сынақ ошағын жапқызуы майдандағы ерлікпен пара-пар, үлкен қадам екендігін оқушы жүрегіне ұялатады.

Елің үшін айтылған екі ауыз сөз де алмас қылыштай тіліп түсер болса, оның өзі үлкен ерлік деп атын әлем таныған ақын М.Шахановтың өмірінен мысал келтіріп, сол арқылы оқушыға елін сүюдің жоғары үлгісін көрсете келе қайраттылыққа, білім беру барысында жүргізіледі.

Қорыта айтқанда, пәндерді кіріктіре оқытудың тиімділігі бірнеше пәндер бойынша білім алады, білім тереңдетіліп беріледі. Мен өз сабақтарымда азаматтық міндеттілігіне жауапкершіліккпен  қарап, еліміздің табиғатын қорғауға, жарқын болашағына үлес қосуға баулуды, Абай атамыздың сөзімен айтқанда «толық адам» дайындап, өмірге қанат қақтыруды көздедім.

Қазіргі ұстаздар ізгілікті ту етіп көтерген, демократияшыл, патриот тәрбиешіл болуы керек деп ойлаймын. «Мұғалім – өз ұлтының әрі дүние жүзінің рухани игілігін бойына сіңірген адам». Бүкіл мұсылман қауымның табынары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде: «шыншылдық ізгілікке, ізгілік жұмаққа бастайды» деп жазған екен. Жер бетіндегі жұмбақ – біздің және ұрпақтардың жарқын болашағы.

 

 

Әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім берудегі дамыту Тұжырымдамасы

 

  1. «Тәрбие құралы» №1. 2006

 

 

  1. «Биология және салауаттылық негізі» №2. 2006