«Қарты бар ел – қазыналы ел!»
Тақырыбы: «Қарты бар ел – қазыналы ел!»
Қарт адамдар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен 1982 жылы қабылданған. Қартаю проблемалары жөніндегі халықаралық Вена іс-қимыл жоспарын іске асыру үшін алғаш рет 1990 жылғы 14 желтоқсанда белгіленді. Ал 1991 жылы қоғамның аға ұрпаққа деген қатынасының оң өзгеруіне ықпал еткен Қарт адамдарға қатысты БҰҰ Қағидаттары қабылданды. Халықаралық статистика 2005 жылы 1 миллиардтан астам адам 60 жастық межеден асып, қарттар қатарына қосылғанын мәлімдеп отыр. 2050 жылы дамыған елдердің көбінде 65 жастан асқан адамдар саны екі еседен артық өсетін болады, ал жалпы саны 2 миллиардтан аспақшы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, егде жастағы адамдарға 60 пен 74 жас аралығындағы адамдар, қарттарға 75 пен 89 жас аралығындағы адамдар, ал 90 жастағы және одан асқан адамдар ұзақ жасағандар қатарына жатады. Халықтың қартаю үдерісі біріншіден, әлемдік экономиканың өсуіне, екіншіден, ғылыми-техникалық үдеріске, үшіншіден, әлеуметтік қатынастар саласына, төртіншіден, қарт адамдардың функционалдық қабілеттері мен денсаулық жағдайларының өзгеруіне байланысты. Еуропа елдерінің көбіндегі демографиялық көрсеткіштерді талдай келе, Еуропа халқының қартайып бара жатқанына көз жеткіземіз, айталық, Германияда 2020 жылға қарай 65 жастан асқан адамдар саны 22%-ға, Ұлыбританияда 21%-ға, Францияда 19%-ға, Швецияда 21%-ға дейін көбейетін болады. Соңғы 50 жылда қарқынды қартаю үрдісі Азия-Тынық мұхиты елдерінде де байқалып отыр, мұнда 2025 жылға қарай қарт адамдардың саны 23,5%-ға жетеді. Бүгінгі таңда халқының басым бөлігі қарттар болып табылатын ел – Жапония, ондағы орташа жас – 41. Қазақстан халықтың қартаюы шегіне басқаларға қарағанда кейіндеу қадам басты, алайда алдағы уақытта бұл үдеріс айтарлықтай жеделдейтін болады. Айталық, 2004 жылдың басында 65 жастағы және одан асқан адамдардың жалпы халық құрамындағы үлесі 7,4%-ды құраса, қазақстандық сарапшылардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай бұл сан 11,5%-ға дейін ұлғаятын болады. Қазіргі кезде Статистика агенттігінің деректері бойынша, республикада зейнеткерлік жастағы адамдар саны – 1,7 млн. Бұл республикадағы әрбір оныншы тұрғын егде жаста дегенді білдіреді. Қазақстанда әрбір азаматтың қарттық шағын лайықты етіп қамтамасыз ету қарт адамдар өмірінің сапасы мен әлеуметтік стандарттарын үнемі жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болды. Бұған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы», «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы игі ықпал етті. Республикалық бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шаралары ретінде соғысқа қатысушылар мен мүгедектер, оларға теңестірілген адамдар, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар қатарындағы зейнеткерлерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қарт кісілердің әлеуметтік оқшаулануына және оларды кемсітуге алып келетін кез келген факторды болдырмау қолға алынған. Қазақстан халқының тарихында алдыңғы толқын ағаларымыз, ардақты аналарымыз қашанда экономикалық санаттармен айқындауға болмайтын құнды үлесін қосып, отбасы мен қоғамда өмірлік маңызды рөл атқарған. Бұл отбасы мүшелерінің күтімінен, нәтижелі еңбек қызметінен, үй шаруашылығын жүргізуден, өзіне кейінгі еңбек ауысымын даярлаудан тұратын тыныс-тіршіліктің барлық салаларындағы ақысы төленбейтін еңбектің үлесі. Қарт кісілер кез келген мемлекеттің экономикасын дамытудың маңызды бір ресурсы болып табылады. Қазіргі таңда жаһандық деңгейде «Күміс экономика», яғни қарттар экономикасы деген дәстүр қалыптасып келеді. Мәселен, Германия тәжірибесінде «Күміс экономика» үрдісі қолданылады, ол тұрғындардың қартаюына қарай жұмыс орындарын құруға ынталандыру және инвестициялауға бағытталған, ал егде жастағы кісілерге алдыңғы ұрпақтың сұранысына жауап беретін жаңа тауарлар және қызметтер, жаңа еңбек рыногын, жаңа тұтыну құрылымын жасайтын жоғары құзыретті өндірістік күш ретінде қарайды. Өздеріңізге белгілі, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында ХХІ ғасырда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды, өмір сүрудің жаңа сапасына қол жеткізуді еңбек қана қамтамасыз етеді деп ерекше атап өтті. Қазақстандықтардың әрбір жаңа буыны үлкендердің даналығынан, олардың бай іс-тәжірибесінен және жоғары рухани байлығынан үлгі алады. Сол себепті де қарттарға күнделікті қамқорлық көрсетіп, оларды ұдайы қолдап, мұң-мұқтаждықтарына көңіл бөлу бүгінде мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Қазақ қоғамында ақсақалдар – елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қазақ қоғамында қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. Халықтың «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген сөздерінің мәнісі – ақылдың кені, қазыналы қарттарды құрметтеу, ақсақалдар қауымын ардақтау.
Ежелгі Эллада елінде «Жастарға көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» дейді екен. Яғни көрген-білгенін, ақыл-кеңесін, білім-білігін жас өскінге беріп отыру аталардың, ағалардың міндеті деп есептеген. Қай қоғамда да, қай заманда да аға ұрпақ білім-білігін, өмірлік тәжірибесін жастарға беру арқылы қоғам дамып, өркениет жалғасып келеді.
Құрметті ата-әжелер!
Сіздерді БҰҰ Бас Ассамблеясы қарттар күні деп жариялаған, бүгінгі мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Алдыңғы буын аға-апаларымызға, ерен еңбек үлгісін көрсетіп кеткен ардагерлерімізге осы бір қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мерекелеріңіз құтты болсын дейміз.
Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбегімізбен жақындатуды біз сіздерден үйреніп келеміз.
Араларыңызда бүгінгі күнге дейін ел игілігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет саласында еңбек етіп жүргендер аз емес. Бүгінгі таңда республикамыздың әрбір оныншы тұрғыны – еңбекке қабілетті жастан асқан адамдар. Елімізде 2 миллионнан астам адам егде жастағылар болса, олардың қатарында зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, көпбалалы аналар бар.
Бүгін біз қарттарымызға құрмет көрсетіп, құттықтаумен бірге, ардагерлерімізге жан-жақты қолдау мен ыстық ықыласқа толы алғыс сезімін білдіреміз, яғни олар өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезінуі қажет. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің жарқын белгісі қашанда үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр лайым жалғасын таба берсін. Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қашанда, қамқорлық аясынан тыс қалдырмау, Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, «Біз бен сіздің парасатты парызымыз әрі қастерлі міндетіміз»!
Мемлекетіміз егде тартқан азаматтарымызға деген әлеуметтік қолдау деңгейін кезең-кезеңімен арттырып отыруды, тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Осының айқын айғағындай әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік қолдау бағытындағы мемлекеттік шығыстардың көлемі жылдан жылға көбейіп келеді.
Қымбатты, аға ұрпақ қариялар, сіздердің толайым еңбектеріңіздің, бай тәжірибелеріңіздің, дарқан даналықтарыңыздың алдында басымызды иеміз.
Сіздерге, сіздердің отбасыларыңыз бен жақын туыстарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, айналаңыздағы жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп әрқашан арамызда жүре беріңіздер!
Тыңдағандарыңызға рахмет