Дарынды балаларды оқыту және тәрбиелеу

Дарынды балаларды оқыту және тәрбиелеу

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауында алға қойған мақсаттарды орындау үшін еліміздегі ақылды, ойлы, дарынды жастарымызды шығармашылық потенциалын жан-жақты өсіру қажеттілігі туындайды.

Мектепте дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуде алға қойған мақсаты – жан-жақты, білімді, іскер, өзіндік ойлау жүйесі дамыған, адамгершілігі жоғары, дені сау, бәсекеге барынша қабілетті, дарынды жастарды қалыптастыру.

Мектепте 795 оқушы білім алуда. Білім саласы ұстаздардың сапалық құрамына байланысты болғандықтан, 84 мұғалім еңбек етсе, соның 50 пайызы жоғары тәжірибелі мамандар. Мектептегі атқарылып жатқан игі бастаманың бір саласы – дарынды баламен жұмыс жасау.

Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет. Әрбір талантты бала еңбекке бейім, шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. «Дарынды ұстаздан дарынды шәкірт шығады» демекші, дарынды оқушылардың көп болуы дарынды, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарға байланысты.

Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз – теориялық жағынан білімді, педагогикалық озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген, үнемі кәсіби шеберлікке ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінен жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын, тәлімгер, шығармашылық ізденістегі адам. Оқушылармен ізденіс жұмыстарын жүргізе отырып, табиғи дарындылығына ықпал ету.

Дарынды бала – бұл болашақта жаңа технология шығарушы, әділ саясаткер, рухы биік адам, бұл – ұлттық құндылық. Білікті маман дарынды оқушылармен жұмыс істегенде өзінің мынадай қасиеттерімен ерекшеленеді.

  1. Дарындылықты анықтау, дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі және сол бағытта талмай жұмыс жасай алады.
  2. Олар дарынды оқушыға қосымша тереңдетілген бағдарламалар жасай алады және олардың өздігімен жұмыс жасауына, шығармашылық ізденістеріне қажетті кеңес береді.
  3. Оқушыға дұрыс бағыт – бағдар беру арқылы оның ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуына көмек көрсету керек.
  4. Педагогикалық үрдісті диагностикалау жұмысын жүргізе алады және оларды бір-бірімен байланыстыра алады.
  5. Дарындылықты анықтауда әртүрлі психодиагностикалық әдістемелерді және оқытудың әртүрлі жаңа технологияларын тиімді пайдалана біледі.

“Бұлақ көрсен, көзінді аш” демекші қазіргі заңдағы өзекті мәселе, ол оқушыларының дарындылық қабілетін танып білу, оны зерделеу.

Барлық адамның өзіне тән көркемдік қабілеті болады. Ол психологтардың зерттеуі бойынша “туа біткен” және “келе-келе қалыптасқан” қабілет болып екіге бөлінеді. Дарындылықты данышпандылыққа айналдыру үшін қажымай-талмай еңбектену керек.

Әр ұстаз алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш-жігерін жұмсауы керек.

Адамның қабілеті әр түрлі. Біреуі музыкаға, енді біреуі сурет салуға, біреуі спортқа, тағы біреуі поэзияға құмар болады.

Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет-балалардың қабілеттірі мен талантарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін анықтау мен айқындау болып табылады.

Дарынды балаларды анықтай-баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылып анықтау қажет. Баланың дарындылығын бағалағанда қателесу ықтималдығын барынша төмендету қажет, өйткені ғалымдардың өзі дарындылық атты тан қаларлық құбылысқа тән белгілер күрделі, сан қырлы және кең деңгейлі болғандықтан нақты анықтама бере алмай отыр.

Дарынды балаларды анықтауда кешенді қадам жасау ұтымдырақ болатыны сөзсіз. Бұл тұста кең ауқымды түрлі әдістер қолданылады:

— балаларды бақылаудың түрлі баламалары (шынайы және зертханалық жағдайда, мектептен тыс іс-әрекет барысында);

— баланың отбасылық жағдайы, оның ерте балалық шағынан бергі жетілуі туралы ақпаратты жинаудағы түрлі әдістер (ата-аналармен әңгімеге, сауалнама алу, балалар шығармалары, күнделік жазбалары және тағы басқа);

— баланың іс-әрекетін мұғалімдер, ата-аналар, тәрбиелеушілер тарапынан эксперті бағалау;

— арнайы бағдарламалар бойынша “байқау” сабақтарын өткізу, балаларды арнайы ойын және пәндік-бейімделген сабақтарға қатысу;

— ұйымдық шығармалық іс-шараларды жүргізуде балаларды басты рөлдерге қатыстыру;

— балалардың шығармашылық жұмысының нақты нәтижелерін (суреттер, өлеңдер, техникалық модельдер және тағы басқа);

— түрлі танымдық әр пәндік олимпиадалар, конференциялар, спорт жарыстары.

“Дарын оқушылар” қатарына:

— Өз құрбыларымен салыстырғанда интеллектуалдық қабілеті, оқуға құштарлығы, шығармашылық мүмкіндігі және оны көрсете білу деңгейі жоғары;

— Танымды сұранысы белсенді;

— Ой еңбегіне қызығушылығы жоғары оқушылар жатады.

Сондай-ақ дарынды оқушыларға интеллектуалдық және шығармашылық сферадағы даму шылдамдығының жоғарлылығы, ой-өрісінің тереңдігі де тән.

Дарын-адам бойындағы асқан талант, ерекше қабілет. Яғни дарынды бала, асқан таланттың иесі. Дарындылық бала бойындағы асқан алғырлық, зеректік. Табиғи дарынды бала алдымызға қашан келеді күту керек пе, әлде көгенкөз балалардың бойындағы қабілетті ашып,болашақ қоғамның бір-екі, одан да көп тұлғасын дайындау жолында еңбек етуді алдымызға міндет етіп қоямыз ба? Ия, бүгін қоғам алдында тұрған міндет, әрбір ұстаз алдында тұрған міндет. Дарынды балаларды іздеу, оларды тәрбиелеу мен оқыту қоғам үшін бүгінгі таңда ауадай қажет, себебі дарынды адам басқаларға қарағанда қоғамға көп пайда әкелетіні анық. Ендеше сол жұмысымыз нәтижелі болу үшін әрқашан жаңа оқу әдістерін ( технология) қолданамыз. Жаңа оқыту әдісі (технология) – бұл қандай да болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі амалдардың жиынтығы. Ал педагогтардың жаңа оқыту әдісі дегеніміз –бұл педагогтың мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы.Жаңа оқыту әдісін жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі шәкірттердің бағалауы ерекше орын алады. Баланың ерекше қабілетін байқауда күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында, үйірме жұмысында оқушыны үзбей бақылап, рейтинг жүйесімен білімін бағалай отырып, бала бойындағы дарындылықты немесе жүйелі білім алуға қабілетті тұлғаны анықтауға болады. Рейтинг жүйесі бойынша бағалау. Бұл рейтинг жүйесін әр мұғалім өз пәнінің ерекшеліктеріне қарай бейімдеп жасауға болады. Мұғалім оқушының қабілетін сабақ кезінен бастап –ақ байқайды, олай дейтінім, мұғалім оқушының бойынан бір ерекшелікті байқағаннан-ақ тапсырманы күрделендіре түседі, өз бетінше жұмыс жүргізуге бағыт-бағдар беріп отырады. Оқушы тапсырманы орындағанда өзінің бойындағы барлық қабілетін аша отырып, ойланып жұмысын жалғастырады. Әр мұғалім бала бойындағы дарындылықты ашуды өз сабағынан бастайды.

Арнайы дайындықтан өтпеген мұғалімдер дарынды оқушымен жұмыс жүргізгенде төмендегі қиындықтырды кездестіреді:

  1. Диагностикалық әдістерді білмегендіктен, дарынды оқушыны анықтауда төмен нәтижелер көрсетеді;
  2. Дарынды оқушымен жекелей, арнайы жұмыс жүргізілмейді;
  3. Дарынды оқушыларға тапсырма дайындағанда олардың қиындығына, сапасына емес, көптігіне көңіл бөлінеді;
  4. Дарынды оқу оқу жағынан емес,тәрбие жағынан да мұғалімге қиындық туғызады;
  5. Дарынды оқушымен жұмыс жүргізуде ғылыми-зерттеу жұмыстарының қажеттілік деңгейі.

Оқу мекемесінде мектеп басшылар тарапынан дарындылықты дамытуда ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіліп отырған, өзіндік дайындығы бар ұстаз төмендегі қасиеттерімен дараланады:

  1. Дарындылықты анықтау, дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі, сол бағытта талмай жұмыс істейді;
  2. Қосымша бағдарламалар жасай алады, оқушы шығармашылығын дамытуда , өздігімен жұмыс істеулеріне қажетті кеңестер бере алады;
  3. Жұмысқа қажетті ақпарат және түрлі әдіс-тәсілдерді үнемі тауып, тиімді пайдалана алады;
  4. Педагогикалық үрдісті диагностикалау жұмысын жүргізе алады, одан қорытынды шығарып отырады.

Мұндай мұғалімнің жұмысы үнемі нәтиже беріп отырады!

Мұғалімнің бағыт-бағдарына қойылатын талаптар:

  1. Дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі;
  2. Оқушымен қарым-қатынастың болуы;
  3. Нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай іздеп, пайдалану;
  4. Дарынды оқушының ата-анасымен тығыз байланыста болуы.

Дарынды балалармен жұмыс істеуде ата-аналарға берілетін кеңестер:

  1. Балаңызға өзінің мүмкіндігін оятып, ашылуына жағдай жасауға мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі психологиялық база құрыңыз.
  2. Балаңыздың шығармашылыққа деген ұмтылысы мен қабілетін әрқашан қолдап, демеп тұрыңыз және тәжірибелерінің сәтсіздікке ұшыраған жағдайларында жанашырлық білдіріңіз. Сонымен қатар тәжірибені сынап, жаман баға беруді болдырмаңыз.
  3. Балаңыздың түрлі түсініксіз ойларына сабырлықпен қарап, бәрін бірден білгісі келетінін және шексіз сұрақтарын құрметтей біліңіз. Шектен тыс немесе қойылмайтын жабайы сұрақтарына мүмкіндігінше жауап беруге тырысыңыз.
  4. Егер бала қаласа, оған өзінің ойларымен жалғыз қалуға, істерімен өзі айналысуға мүмкіндік беріңіз. Өз ісінің «бастығы» болу балаңыздың шығармашылығын тез жетілдіруге жол ашады.
  5. Балаңыздың негізгі адамдық қажеттіліктеріне толық қанағат болуын қадағалап отырыңыз. Яғни, қауіпсіздік сезімі, балаға деген махаббат, қоршаған ортаға және өзіне деген құрмет, әрқашан болуы тиіс.
  6. Балаңызға өзін-өзі жеке әрі дарынды тұлға ретінде құрметтеуді және бағалауды үйретіңіз. Алайда оның мінез-құлқы мәдениеттілік шегінен аспауы тиіс.

Балаңызға барлық сұрақтарға бір мағынада жауап беру мүмкін еместігін, сұраққа толық жауап беру үшін уақыт, ал баланың жағынан шыдамдылық қажет екендігін түсіндіріңіз.

Жаңа ашылу мен зерттеуге бел буған балаңызға жылы-жылы қолдау сөздерін таба біліңіз де, сынау сөзден қашық болыңыз. Балаңызбен жылы қарым-қатынаста болыңыз, бала деген махаббатыңызды аямаңыз, жасырмаңыз.

Дарындылықты дамыту үшін әр кезде арнайы жағдайлар жасалуы тиіс. Сондықтан балаңызды қоршаған ортаның жағымсыз, сын көзқарастарынан сақтай отырып балаңыз үшін керекті жағдай орнатыңыз. Егер дарындылықтың дамуы барысында негативті әсерлер позитивті әсерлерден басым болса, онда балаңыздың шығармашылық энергиясы қажетсіз, тіпті зиянды салаға көшуі мүмкін.

Өзіңіздің балаңыз үшін міндетті түрде өзіне ұқсайтын, жан дүниесі мен мінезі, кем дегенде, қабілеттері мен ойлары бір жерден шығатын, жолдас, серіктес жан дос тауып беріңіз. Бұл бала үшін өте маңызды: ұшқыр ойларын, сырлары мен армандарын бір-біріне айту арқылы олар бойларындағы сенімділік пен қажырлық қасиеттерін нығайтады.