Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы

Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы

Еңсегенова Күләш,Ақтау қаласы №23 орта мектептің биология пәні мұғалімі

 

Ботаникалық бақ – ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, іс-тәжірибелік оқыту мақсаттарымен өсімдік өсіріп, оны зерттейтін, ботаникалық білімді насихаттайтын мекеме. Негізгі ғылыми бағыттары: жергілікті және сырттан әкелінген өсімдіктерді өсіру, жерсіндіру, олардың биологиясын, экологиясы мен физиологиясын, өсіп-өнуін, селекциясын зерттеу; ботаникалық ілімді дамыту, оның жетістіктерін жалпы халыққа тарату; республикамызда азайып бара жатқан, жойылу қаупі төнген өсімдіктерді қолдан өсіріп көбейту, биология, экология ерекшеліктерін зерттеу, оларды сақтап қалудың, табиғи таралған орталықтарына қайтарудың жолдарын қарастыру; қала, ауыл, елді мекендерді көгалдандыру; бақ өсіру; гүлзар салу бағыттарында ғылыми-ағарту жұмыстарын жүргізу; өсімдіктердің жаңа түрлерін іздестіру, олардың пайдалы қасиеттерін анықтап, адам қажетіне жарату; өсімдіктер әлемін қорғау, көркейту.[4] Ботаникалық бақтың негізгі бөлігін  шет жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктер құрайды. Олар биологиялық ерекшеліктеріне қарай ашық далада, оранжереяда, жылыжайда өсіріледі. Ботаникалық бақта өсімдіктер жиынтығын  қалыптастыру кезінде негізінен географиялық және жүйелік принциптер басшылыққа алынады. Ботаникалық бақ құрамында дендрарийлер, тау өсімдіктерінің жиынтығы (альпинарий), сирек кездесетін өсімдіктер, пайдалы өсімдіктер (дәрілік, тағамдық, техникалық, сәндік, т.б.) жиынтықтары болады. Ботаникалық бақта аяқталған зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда қорытылады. Қазір Қазақстанда әр түрлі табиғи-климаттық жағдайда орналасқан 6 ботаникалық бақ — Бас ботаникалық бақ (Алматы), Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы (Ақтау), Жезқазған ботаникалық бағы, Алтай ботаника бағы (Лениногор), Іле ботаникалық бағы (Бақанас), Қарағанды ботаникалық бағы бар.

60 — жылдардың ортасында Маңғыстау облысы кең көлемде игеріле бастады. Өндіріс орындары ашылды. 1965 жылы өлкеге Н.Цициннің бастауымен ССР Ғылым академиясы Ботаникалық бақтар Кеңесінің көшпелі сессиясы келеді. Оның құрамында Ф.Русанов, Т.Славкина, В.Ткаченко, В.Рубаник сынды белгілі ғалымдар, ірі ботаникалық бақтардың басшылары, академиктер мен ғылым докторлары болған. Олар «өлкенің мүмкіндігі зор, болашақта өндіріс ошағына айналады, мұнда ботаникалық бақ ашу керек» деген шешімге келеді. Сөйтіп, 1971 жылы қаулы шығып, 1972 жылдың наурызында стационарлық экспедицияның базасында Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағы ашылады. Соңғы жылдары еліміз тәуелсіз мемлекет болғалы бақ бірнеше рет құқықтық статусы өзгеріп, тіркеуден өтті. Соның бірі 1999 жылдан 2004 жылдар аралығында Маңғыстау экспериментальдық ботаникалық бағы «Ботаника және фитоинтродукция институтының» филиалы ретінде болып, 2004 жылы Қазақсан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің  «Биологиялық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК)  ашылып, бақ оның филиалы ретінде қайта тіркеуден өтіп, «Ботаника және фитоинтродукция институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорын (ЕМК)  құрамына кірді. 2006 жылы наурыз айында ботаникалық бақ дербес еншілес мемлекеттік кәсіпорын болып қайта құрылып, жеке құқықтық статусын алды. 2010 жылы орталық жабылып, барлық институттар қайтадан республикалық мемлекеттік кәсіпорынға айналдырылды.

Ботаникалық бақ алғашында қаланың 22-шағынауданынан 8 га жерді жалға алып отырған. Қазіргі орнына 90 жылдары көшіп келді. Яғни, бұл жердегі өсімдіктер – соңғы он бес-жиырма жылдағы жұмыстың нәтижесі.  Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағы Батыс Қазақстанда сирек кездесетін және жергілікті табиғат жағдайында өсетін өсімдік түрлерін зерттеу жұмысымен айналысады. Қазір бақта: ашықтұқымдылар, басқа аймақтан әкелінген жалпақ жапырақтылар, жергілікті флора, жеміс-жидек, шырмауық, гүлді-сәндік өсімдіктер, жем-шөп дақылдарының жаңа түрлері бөлімдері жұмыс істейді.Ботаника бағының негізгі ғылыми-зерттеу бағыттары: басқа жерлерден әкеліп отырғызылған өсімдіктерді жерсіндіру; қолайсыз климат жағдайында түрлердің өсуі мен  олардың  биоэкологиялық   ерекшеліктерін

анықтау;  өсімдік өсірудің агротехникасы мен олардың көбею заңдылықтарына бақылау жүргізу; Маңғыстау өңіріндегі өсімдік жамылғысының қорын зерттеп, өте бағалы түрлерді шаруашылыққа пайдалану; бау-бақша және саябақ құрылыстарын ғылыми негізде ұйымдастыру, шығанақтағы елді мекендерді көгалдандыру. Бақта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 79 тұқымдасына жататын 191 туысы бар. Мысалы, раушангүлділердің 18, күрделі гүлділердің 24, астық тұқымдасының 16, бұршақ тұқымдасының 12 туысын айтуға болады. Негізінен бақтағы өсетін өсімдіктердің 47%-ы бұталар, 22%-ы ағаштар, 24%-ы көп жылдық шөптесін өсімдіктер, 2,5%-ы бір жылдық өсімдіктер. Қазіргі кезде бақтың коллекциясында өте сирек кездесетін 51 түр бар. Соның ішіндегі 19-ы жалпақ жапырақты (Түркістан қарағаны, Каспий қарамаласы, т.б.); 14-і жеміс-жидекті (Ледебур баданы, Недзвецкий алмасы, т.б.); 12-сі қылқан жапырақты (Зеравшан аршасы, Түркістан аршасы, т.б.); 6-ы гүлді-сәндік (қыр жуа, Коленати қоңыраугүлі, т.б.) өсімдіктер.

Ботаникалық   бақ   коллекциясында  жабайы жеміс дақылдары бар,кәдімгі  өрік жерсіндірілген.Жеміс ағаштарының 16 іріктемесі бар.Оның 12-сі – алма ағашы,алтауы – алмұрт іріктемелері. Қарақаттың бірнеше іріктемелері бар.Қазіргі кезде ғалымдар алмұрт ағашының Маңғыстау жағдайына бейімделушілігін зерттеуде. Сөйтіп,сұрыптау арқылы алмұрттың аудандастырылған іріктемелерін шығаруды жоспарлауда.Бақ аумағында қазіргі  таңда өсімдіктердің 938 түрі өсірілуде,оның 281-і – жалпақ жапырақты,40-тан астамы – қылқан жапырақтылар,60-қа  жуығы жабайы жемістер болса,35-і –  жергілікті флора өкілдері:долана,сексеуіл,қарағаш.Бақ қызметкерлері қазіргі уақытта өсімдіктердің жаңа іріктемелерін шығару бағытында жұмыстануда.Бақта 300-ге жуық сәндік мақсатта өсірілетін гүлді өсімдіктер және раушангүлінің 118 іріктемесі бар.Айта кететін жай:Республикамызда жалғыз ғана розарий бар,ол біздің бағымызда.Бақ аумағындағы өсімдіктерді көбейтіп,жергілікті кәсіпорындарға ұсынатын арнайы питомниктер бар.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында өсетін сүректі шөл өсімдіктерінің 33 (соның ішінде 19-ы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан ) түрі «Маңғыстау облысының жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктері санатына» (Қызыл кітапқа) тіркелген.Маңғыстау халқын қауіпсіз азықтық дақылдармен қамтамасыз ету мақсатында маңызды жеміс-жидек дақылдарының іріктемелерін зерттеу,оларды сұрыптау жұмыстары жүргізілуде.Қазақстан селекциясындағы  маңызды жеміс-жидек дақылдары:өріктің,алмұрт пен алманың,алхорының 39 іріктемесі бойынша,соның ішінде 12-сі өріктің,7-еуі алма ағашының іріктемелері бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ энциклопедиясы,2-том.  Алматы,1998-2007 (35-бет)

2.Орысша-қазақша түсіндірме сөздік:Биология/Жалпы редакциясын      басқарған:Э.Ғ.Д.Е.

Арын – Павлодар «ЭКО» 2007 (286-бет)

  1. «Тумба» газеті 06.03.2012 ж М.Темирова.»Ботаникалық бақ мерейтойы»