Қазақша күрес.

Қазақша күрес.

Қазақ халқының өте ертеден қалыптасқан спорт ойындарының бірі – қазақша күрес. Қазақша күрес көшпелі халықтың тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Қазақша күрестің басқа халықтардың ұлттық куресімен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Қазақша күрестің аталары болып табылатын – Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алыптардың жолын жалғайтын талай-талай саңлақтарымыз өсіп келеді. Тек соларға дұрыс жөн сілтей білуіміз керек. Ұлттық өнердің шынайы қамқоршылары болса онда ол міндетті түрде өмірден өз орнын табар еді. Әлемдік аренаға шықпайтын спорт түрінің бәрін іске жарамайды деп, ешкім біле бермейді деп жылы жауып қоюға болмайды. Қазақша күреске мектептегі дене тәрбиесі сабағында көп көңіл бөлу керек. Ұлттық спорт түріне кішкентайынан баулыған жөн. Өзіндік аса бір ерекшелігі бар, қашанда көпшіліктің көңілінен шығатын ұлттық өнердің бірі-қазақша күресте халықтың бойындағы қасиетін көрсететін үлгісі бар десек, онда неге осының белгілі бір жүйеге келтірілген киімін жасамаймыз. Үстіне киетін киманоға ұлттық оюларымызды, аяқтарына мәсіні пайдалануға әбден болады. Қазақша күрестің кейбір ерекшеліктерін айта кетсек, балуанның аяқтары ғана еркімен қозғалып жұмыс істейді. Аяқтарына қандай айла-тәсіл қолданса да еркі өзінде. Тебуге болмайды, жеңіске жету үшін астыңғы балуанның жауырыны жерге тигізіптұрғанда, үстінен аттап кету міндеттелген. Қазақша күресте қолданатын айла-тәсілдердің негізгі түрлері:

— иықтан асыра лақтыру әдісі. Лақтырған палуан құламай орнында қалады;

—  әдіс қолданған палуан өзі құлап барып қарсыласын астына түсіру;

— қарсыласын жамбасқа  салып жығу;

— іштен шалып жығу;

— сырттан шалып жығу;

Күресте қолдануға болмайтын  айла-тәсілдер қолды белбеуден босатып жіберуге болмайды, қарсыласын ұрып не болмаса итеруге, тамақтан, саусақтан, құлақтан ұстауға болмайды. Белбеуден басқа киімнен ұстауға, уақыт белгіленбейді. Белдесу барысында тең түсу, ия болмаса ұпай санымен ұту деген болмаған. Белдесудің уақыты шектелмегендіктен міндетті түрде қарсыластың біреуі жеңіске жетеді.

Қазақтың ұлттық ойындарының кез-келгенін қазіргі заманға сай етіп, жаңаша үйретуге болады. Қазақтың ұлттық ойындарын балаға жеткізудің бірі – сабақта қолданылатын көрнекі құралдар. Әдемі көркемделген, ұлттық нақышта өрнектелген, ұлттық ою-өрнегімізді пайдаланып салынған плакаттар болса балаға тез жетеді деп ойлаймын. Көзге түсетін жерлерге ойын ережелерін іліп қойса ол да пайдасын тигізері сөзсіз. Ұлттық ойындарды бейнелеген  кітапшалар көптеп шығарылса нұр үстіне нұр болары еді. Бізде насихаттау жағы нашар болып жатады, соны жабыла қолға алсақ. Қазақтың ұлттық ойындары пайдаланылған ашық сабақтарды бейнетаспа арқылы көрсетсек, балалар қызыға қарап танысар еді. Әрбір мектеп өздерінің сабақ жоспарларына ұлттық ойынды кіргізіп, 3-4 ойын түрін әр сабақта үйреніп отырса біздің балаларға жасаған азғантай пайдамыз сол болар еді.