«Бес тас» ойыны

«Бес тас» ойыны. Ойнаушылардың саны екіден бес-алтыға дейін барады. Ойын тақыр жерде өтеді. Бауырсақтай доп-домалақ бес тас керек. Өйткені сүйірленген тастар ойнағанда, иірген кезде өз еріктерімен домалап түспей біріне бірі бөгет жасайды және қолға ұстауға да ыңғайсыз. Ойын ережесі. Балалар ең алдымен кім кімнен кейін ойнайтындығын бес тасты жоғары лақтырып, алақанның сыртына түсіріп, содан қаршып қағу арқылы кезек алысады. Ең көп қаршығаны бірінші, одан азы екінші, тағысын тағы солай кете береді. Бірінші кезек алған ойыншы бес тасты ойынның шартын бұзғанға дейін қаға береді, одан кейін екінші кезектегі ойыншы ойнайды, одан үшінші кезектегі ойнайды, тағысы тағы, кезектесіп ойын жаслғаса береді. Ойын бірліктен басталады. Бес тасты иіргеннен соң біреуін қақпа тас етіп алып, қалған төрт тасты жеке-жеке бір-бірлеп қағып алады. Екінші рет иіріп екілікті ойнайды, онда жердегі төрт тасты екі-екіден қағып алады. Үшінші рет иіріп үш тасты бірге, бір тасты бөлек қағып алады. Төрттікте қақпа тасты лақтырып төрт тасты жерге қойып, тағы лақтырып төртеуін жерден қайта алуы керек. Бесінші ойын – «жалақ». Жалақты үш жалау, немесе бес жалау болады. Қақпа тасты лақтырып жіберіп сұқ қолымен жерді үш ре жалауы керек, немесе ойынның шарты бойынша бес рет жалауы керек. Ұш жалау немесе бес жалау ойыншылардың өзара келісімдері бойынша тағайындалады. Алтыншы ойын – «алақан». Мұнда қақпа тасты лақтыра отырып қалған төрт тасты бір-бірлеп екінші қолдың алақанына жинаулары керек. Жетінші ойын – «төртбұрыш». Төртбұрышты төрт тасты төрт жерге қойып, яғни төртбұрыш шығарып, қақапа тасты биіктете лақтырып төртеуін де жинап алып қағулары керек. Төртбұрыштың үлкендігі ойыншылардың өзара келісімдері бойынша қойылады. Сегізінші ойын – «арттан тастау». Бұл ойында жерден бірінші тасты қағып алып, енді екінші тасты алғанда бірінші тасты қолдың артынан жерге тастау керек, одан үшінші тасты алғанда екінші тасты арттан тастау керек. Содан кейін жерден тастардың бәрін жинап қағып алу керек. Тоғызыншы ойын – «үндемес». Бұл ойында қақапа тасты қағып алғанда қолдағы жерден алған тасқа соғыстырмау керек. Ойынның шарты бойынша үндеместі ойнаған кезде тастардың даусы тұрмақ, ойыншының өзі де үндемей отырғаны абзал. Басқа балалар ойынның осындай сәтін пайдаланып қалғысы кеп үндеместі, яғни ойнап отырған баланы күлдіруге тырысады. Бұған ойыншының берілмеуі керек, себебі дыбысы шығып қалса, онда ойын шарты бұзылды деп есептелінеді де, бес тасты келесі кезектегі ойыншы алады. Оныншы ойын – «сарт-сұрт». Бұл ойын да бірлік сияқты, әр тас жеке-жеке қағылып алынады. Бірақ қақпа тас пен жерден алынған тастың сартылдаған дауысы естілуі керек. Он бірінші ойын – «қаршу». Ойыншы бес тасты иіріп жерге тастайды. Содан кейін қақпа тасын алады. Оны алып болғаннан соң қалған төрт тасты бір-бірлеп қаршып алуға тиіс. Он екінші ойын – «нәби». Бұл ойында сол қолдың бас бармағы мен сұқ қолын жерге тұрып, оң қолымен сол қолдың сыртынан тастарды алдыға иіріп тастайды. Ал қақапа тасты алғаннан кейін нәби сайланады. Нәбиді басқа ойыншылар сайлайды. Нәби ойыншылардың келісімі бойынша не алдыдан, не артынан, не бір тастың екіншісіне тиіп тұрғаны, әйтеуір қиын жердегісі сайланады. Ойыншы нәбиді басқа тастарды өткізіп болғаннан кейін ең артында өткізеді. Ең ақырында бәрін ойнап біткеннен кейін ойыншылар біріне бірі ұпай салады. Ұпай салудың бірнеше түрлері бар. Біріншіден, бес тасты қолын айналдырып лақтырып қағып алу керек. Екіншіден, бес тасты тұгел лақтырып, алақанның сыртына түсіріп, одан қайта лақтырып қаршып алуы керек. Содан қанша тас қағып алса, сонша ұпай салады. Әр тас – он ұпай. Егер бес тасты тұгел қақса, онда 50 ұпай алады. Осылай ойын жалғаса береді. Ұпай салушылар ұпайды тек өзінен кейінгі кезектегі ойыншыға ғана салады. Ойынның шарты бойынша тастарды қаққан кезде басқа тастарды қозғалтпаулары керек.