Азаматтық

Сабақтың тақырыбы:§ 32. Азаматтық

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушыларға азаматтық ұғымын, оның мемлекетпен байланысы және азаматтық алу жолдарын түсіндіру.

Тәрбиелік: заңдық сауатты адам ретінде заңды үнемі орындап, заңға қайшы іс-әрекеттер жасамауға тәрбиелеу.

Дамытушылық: оқушы бойына жауапкершілік принципін қалыптастыру.

Көрнекілігі: ҚР Конституциясы

Әдісі: баяндау, өзара белсенділікті арттыру.

Түрі: аралас сабақ

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезең

а) сәлемдесу

б) сабаққа дайындығын тексеру

в) оқушылар назарын сабаққа аудару

  1. Үй тапсырмасын тексеру
  2. Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы қай жылы қабылданды?
  3. Адам құқықтары неше топқа жіктеледі?
  4. Қазақстанда адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін қандай органдар бар?
  5. Білімдерін жан- жақты тексеру

Адам құқықтары неше топқа бөлінеді және оның ерекшеліктеріне тоқталыңдар.

Адамдардың табиғи құқықтарыАзаматтыққа байланысты құқықтары мен бостандықтарыЭкономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар

 

  1. Оқушыларды жаңа сабаққа дайындау

Сабақтың тақырыбын, мақсатын баяндау.

Оқушылар назарын сабаққа аудару.

  1. Жаңа сабақты түсіндіру

Сабақ жоспары:

  1. Азамататтық туралы жалпы түсінік.
  2. Қосарлы азаматтық.
  3. ҚР ның азаматтығын алу және азаматтықтан шығу.

Азаматтық туралы мәселе – адам мен қоғам арасындағы қатынастарда ежелден маңызды орын алатын, әр елде әртүрлі көрініс беретін, үнемі құбылтуларға ұшырап отыратын, түрлі саяси жанжалдардың да ұйтқысы болып келген аса күрделі мәселелердің бірі.

Азаматтық деп адам мен мемлекет арасындағы біріншісінің екіншісіне тәнділігін айғақтайтын құқықтық байланысты айтамыз. Азамат өзі тән мемлекеттің заңдылықтарымен орнықтырылған құқықтарды пайдаланады, міндеттерді атқарады, сондықтан да оның құқықтары мемлекет тарапынан қорғалады.

Азаматтық алу және одан айыру тәртібі мемлекеттің заңдарымен реттеледі.

Қазақстан Республикасындағы азаматтық – мемлекет ретіндегі Қазақстан республикасы мен адам арасындағы олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіретін саяси-құқықтық байланысы болып табылады. Азаматтық – мемлекет пен жеке адамның өзара тұрақты қарым-қатынасы ретінде сипатталады.

Азамат дегеніміз – мемлекетке тәнділігімен айқындалатын заңды тұлға.

Азаматтық және азаматтық құқық мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 10- бабында: «Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды» деп жазылған.

Адамды өз мемлекетінің азаматтығынан айыру, оны туған елінен аластау – болмысқа да, қисынға да жат құбылыс.

Қазақстан азаматы басқа бір мемлекеттің азаматтығын қатар алуы мүмкін. Адамның мұндай жағдайы қосарлы азаматтық деп аталады.

Екінші азаматтық жұрттың бәріне бірдей беріле бермейді, оны алу үшін елеулі себептер болуы керек. Мемлекет, алдымен, өзінің азаматтарына қамқорлық жасауға тиіс. Егер мемлекетте қосарлы азаматтығы бар адамдар көп болса, онда ол басқа мемлекетті Отаным деп есептейтін адамдардың ауыр жүгін арқалаған болар еді.

Қосарлы азаматтығы бар адамдар Парламент немесе жергілікті билік органдарының депутатарын сайлауға немесе өздері сайлануға қатысқан жағдайда екіұшты ахуалға түскен болар еді. Екі мемлекеттің екеуінің де азаматы болып саналатын азаматтың алдында екі елдің бірін ғана қалау мәселесі туындайды.

Қосарлы азаматтыққа қатысты тағы бір күрделі мәселе әскери қызмет атқаруға байланысты туындайды.  Бипатрид (қосарлы азаматтығы бар адам) өз Отанын қорғауға міндетті. Ал оның отаны – екеу. Егер өзі азаматы болған екі ел бір-бірімен жауласар шақ туса, сонда ол осы екі елдің біреуінің ғана жағына шығуы керек. Бұдан шығар қорытынды: қосарлы азаматтық әр адамның өзінің жеке басына ыңғайсыз.

«Қазақстан Республикасының азаматтық туралы» Заңы бойынша: осы заң күшіне енген 1992 жылдың 1 наурызынан бастап Республика аумағында тұрақты тұратын адам Қазақстан Республикасының азаматы болып танылады.

Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін өтініш мынадай жағдайларда қабылданбайды:

  • Халықаралық құқықта қаралған, адамзатқа қарсы қылмыс жасағандар;
  • ҚР –ның тәуелсіздігіне саналы түрде қарсы шыққандар;
  • ҚР –сы аумағының біртұтастығын бұзуға шақырғандар;
  • халықтың денсаулығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты заңды бұзғандар;
  • мемлекетаралық, ұлтаралық және діни өшпенділік отын тұтатқандар;
  • ҚР –ның мемлекеттік тілінің атқаратын жұмысына қарсы шыққандар;
  • террорлық әрекеті үшін сотталғандар;
  • сот ерекше қауіпті деп таныған ауыр қылмыстылар;
  • басқа мемлекетте азаматтығы барлар.

Азаматтықты куәландыратын құжат – куәлік пен төлқұжат болып табылады. Адам 16 жасқа толғанға дейін оның азаматтығы әкесі мен шешесінің біреуінің төлқұжатымен және өзінің туу туралы куәлігімен расталады.

  1. Жаңа сабақты меңгергендігін тексеру:
  2. Азаматтық дегеніміз не?
  3. Қазақстан Республикасы Конституциясында азаматтық туралы не делінген?
  4. Қосарлы азаматтық дегеніміз не?
  5. Жаңа материалды бекіту:
  6. «Қазақстан Республикасы азаматтық туралы» Заңы қай жылы қабылданды?
  7. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін өтініш қандай жағдайларда қабыланбайды?
  8. Үйге тапсырма: 32. Азаматтық.
  9. Бағалау: