Бас әріптің қолданылуы

Бас әріптің қолданылуы

Нүкте, сұрау, леп белгілерінен кейінгі сөйлемнің бірінші сөзі, көбінесе өлеңнің әрбір сөзі бас әріппен басталып жазылады.

Жалқы есімдер (кісі аттары, географиялық атаулар, кәсіпорындардың аттары, кітап, журнал, шығарма, мереке, мекеме, ұйым аттары, т.б.)бас әріптен басталып жазылады. Мысалы: Абай Құнанбаев, Максим Горький, Балқаш, Алматы, М.Әуезовтің “Абай жолы” романы, Наурыз мейрамы, Мәдениет министрлігі, Ғылым академиясының Тіл білімі институты.

Күрделі есімдерден құралған мынадай атаулардың әрбір сөзі бас әріппен жазылады.

а) ең жоғарғы мемлекеттік қызмет аттары мен құрметті атақтар; Қазақстан Республикасының Президенті, Халық Қаһарманы.

ә) мемлекеттердің, республикалардың, жоғарғы мекемелер мен ұйымдардың, күрделі атауларының әр сөзі бас әріппен жазылады. Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы.

     Ескерт:. Әртүрлі мекемелердің, білім-ғылым орындарының, бірлестіктердің, қорлардың т.б күрделі атауларының бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылады: Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық банк қоры, Тіл білімі институты, Ғылым академиясы. Бұлардың  бірсыпырасының  алдында келетін Мемлекеттік, Ұлттық, Қазақстан Республикасы деген сияқты анықтауыштардың әр сөзінің бас әріппен жазылуы сақталады: Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік Қыздар педагогтік институты, Өзбекстан Республикасы Жоғары соты.

Бірінші әріптерден қысқарған сөздердің әрбір әрпі бас әріппен жазылады. Мысалы: ТМД(Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы), ҚР(Қазақстан Республикасы), БҰҰ(Біріккен Ұлттар Ұйымы), АҚ(Акционерлік қоғам),КЖД  (Кедендік жүк декларациясы)

Ескерту: Әріптерден қысқарған сөздердің бірқатары өзге тілдердегі тұлғасымен қолданылады: НАТО, ЮНЕСКО, ГУЛАГ, УАЗ  (автомашинасы).

Алғашқы сөздің басқа буынынан, соңғы сөздердің бас әріптерінен қысқарып жасалған сөздердің қысқарған буынының алғашқы әрпі бас әріппен, қалған әріптері кіші әріппен жазылады, ал одан кейінгі бас әріптерден қысқарған тұлғалар сол күйінде сақталады. Мысалы: ҚазТАГ – Қазақ Телеграф агенттігі, ҚазМУ – Қазақтың мемлекеттік университеті.