еліміздің егеменді

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ! Бүгінгі күні еліміздің егемендігіне 23 жыл толып, жаһандық елдердің арасында бәсекеге қабілетті, нақтыланған жоспары мен Ата заңы бар Тәуелсіз ел атанып отырмыз… Еліміздің іргесі нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылықтар арта түсуде. Әсіресе, соңғы жылдарда “Қазақтың мемлекеті қай дәуірден басталады?”, “Қазақ хандығы қашан құрылды?” немесе “Қазақ хандығының құрылғандығына неше жыл?” деген  нақты сауалдарға  жауап ізделінуде.

Сол себепті Қазақ  хандығының құрылған жылына байланысты бірнеше ізденістер мен зерттеулер жасалынды.
Қазақ хандығының Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар мен  саяси процестердің заңды қорытындысы ретінде XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққандығын зерттеушілердің бәрі мойындайды. Сондай-ақ хандықтың құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты рольдерін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенменде жоғарыдағы тұжырымды бірауыздан мойындайтын тарихшылар хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөніндегі мәселе бойынша XV ғасырдың ортасындағы бірнеше датаны атап көрсетеді.
Қазақ хандығы тарихшы Ә.Хасеновтың зерттеулерінде 1428 жылы құрылды делінсе, кейінгі зерттеулерінің нәтижесінде автор 1428 жылдан бас тартып, 1445 жылды ұсынады. Ал М.Тынышбаевтың зерттеулеріндегі
Қазақ хандығының құрылған мерзімі 1456 жылы деп көрсетіледі. Бұл деректі А.Чулошников және тағы басқа ғалымдар да мақұлдайды. Сондай-ақ кейінгі зерттеулерде 1458 жылы құрылған деген деректер де баршылық. Ал бүгінгі күні біз таныған, сонымен қатар мектеп оқулықтарындағы  1465-66 жылдар шамасында құрылған деген пікірді Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйеніп М.Қ.Абусейітова және тағы басқалары ұсынады.
Тарихшы Т.И.Сұлтанов болса Қазақ хандығының құрылуы 1470 жылы аяқталады деп қорытады.

Ал биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл зерттеулерден ортақ шешім қабылдап, қазақ хандығының құрылған мерзімін нақтылаған секілді. «Қазақ хандығына – 550 жыл» деп атап көрсетіп, Республика көлемінде атап өтуді нақтылады.

Ал енді нақтыланған 550 жылға тоқталып көрелік. Бұл жылдар қуанышты, табысты жеңістер мен қайғы қасіретке толы жеңілілістерден құралғаны баршамызға аян. Осындай ұлан-байтақ жерімізді сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізу оңай соққан жоқ. Талай қазақтың қаны төгіліп, біреулер үшін ауласы, біреулер үшін даласы ал енді біреулер үшін жүрегі отта лаулады. Талай қазақ ел бірлігі мен тұтастығы үшін,  ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан байтақ даланы жаудан қорғады. Тәуелсіз, дербес ел болуды аңсады.
 

Түріктің бір бұтағы қазақ еді,

Қайсар мінез өр еді, ғажап еді.

Жәнібек, Керей хандар басын қосып,

Өмірге келген еді Қазақ елі.

 

Алтай мен атыраудың арсында,

Жетісу, Жеті өзеннің сағасында.

Бірігіп талай халық ел болам деп ,

Хандық құрды қазақтың даласына.

 

Жоңғарлар қырып-жойып қазақ елін,

Жаулап алды шұрайлы біраз жерін.

Елін қорғап, жан беріп, жан алысты,

Қиян кескі соғыста талай қазақ.

 

Жау қолында күң болып, ару қалды,

Жау соңында күл болып ауыл қалды.

Милионға азайып қазақ саны,

Кеудеде шықпаған құр жаны қалды.

 

Жойылып кетпеу жолын таңдау қалды,

Ұрпаққа «Елім-айлап» арнау қалды.

«Бірлігі бекем қазақ ел болса» деп,

Абылайдан аманат, арман қалды.

 

Арыстандай алысып жауын құртты,

Ақыры сақтап қалды жер мен жұртты.

Қансыраған қазағым амалсыздан,

Бодан болып Реейге тізе бүкті.

 

Бағынышты боп казак-орыстарға,

Бекіністер салынды қоныстарға.

Хан билеген кешегі қазақ елі,

Бөлінді губерния, болыстарға.

 

Алыштың еркін өскен рухы өліп,

Қамытын бодандықтың киді көніп.

Келісіп Ресей мен көрші Қытай,

Сыртынан қазақ елін бөлді алып.

 

Осылай қазақ екі елде қалды,

Бөлініп ата-қоныс жерде қалды.

Ел қорғаған ерлердің басы жатқан,

Жат қолында құба жон, бел де қалды.

 

Ағайын-туыс қалды ажырасып,

Басқаның қол астында зар жаласып.

Қосыла алмай екі елде қалып қойды,

Кешегі сөз байласқан екі ғашық.

 

Отарлау бір сәткеде басылмады,

Халықтың соры мүлде ашылмады.

Кенесары, Исатай, Махамбеттей,

Еңіреген ерлердің басын алды.

 

Бастан кешіп кемсіту, мазақтарды,

Қайран елім көрді сан азаптарды.

Қазақты көпе көрнеу «Киргиз» атап,

Аты-заты өшуге азақ қалды.

 

Жабайыға жатқызып дүйім жұртты,

Данагөй жақсылардың көзін құртты.

Мал орнына майданға қазақты алу,

Жөнінде ақ патшадан жарлық шықты.

 

Кеудесі ар-намысқа толы кекке,

Бұрқ ерткен ашу ыза айналды өртке.

«Аттандап» атқа қонып ашынған жұрт,

Қылышпен қарсы ұмтылды зеңбірекке.

 

Ал бүгін арманы жүзеге асып бабалардың,

Рухы асқақтады даналардың.

Есімі қайта қауышты ұрпағымен,

Нақақтан шәйіт болған ағалардың.

 

Аманаты Абылайдың орындалды,

Әлемге қазақ елі мойындалды.

Тілі, діні, дәстүрі қазағымның,

Әлемнің өр төрінен орын алды.

 

Өркендеп алға басты Қазастан,

Бақ құсы қайта қонды қолдан ұшқан.

Қуатты, берекелі бейбіт елмен,

Санасатын болды енді дос пен дұшпан.