ЖӘҢГІРХАННЫҢ ТАРИХНАМАСЫ

ЖӘҢГІРХАННЫҢ ТАРИХНАМАСЫ

Мазмұны

  1. Кіріспе…………………………………………………………………………..3
  2. Негізгі бөлім
  3. Жәңгір туралы өмір – дерек……………………………………………6
  4. Жәңгір -ағартушы саясаткер…………………………………………..8
  5. Жәңгіртанушы………………………………………………………………12

III. Қорытынды…………………………………………………………………15

  1. Пайдаланған әдебиеттер тізімі…………………………………….17

Кіріспе

Зерттеудің көкейтестілігі: «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл»- деп Абай атамыз айтқандай, әрбір адам өзі үшін қолдан келместей болып көрінетін істерге ұмтылуы керек. «Жәңгірханның тарихнамасы» атты бұл  зерттеуім менің үлкен  «ғылым» айдынынды өз қабілетімді байқап көруге алғашқы талпынысым. Біздің лицейде студенттерді білім айдынында жүздіріп, тәрбие бесігінде тербеп қана қоймай, жан-жақты жетілген, қоғамға пайдасы тиетін тұлға қалыптастыру мақсатында, ғылымға деген қызығушылықтары жоғары студенттерге ерекше қолдау көрсетіп  келеді. «Адамның шын мәнісіндегі нағыз артықшылығы ғылымда»- дегендей, мен өз бойымдағы қасиеттерімді ғылым жолындағы ізденістерім арқылы көрсеткім келеді. Себебі, ғылыми ізденістер- шығармашылық өрлеудің биік шыңы болып табылады.

Біздің өлкеміз тарихи оқиғалар мен тұлғаларға өте бай. Соның ішінде XIX ғасырда қазақ даласында өзінің жан-жақты дамуымен зор маңызға ие болған Жәңгір ханның орны ерекше болды. Әсіресе Жәңгір хан билік құрған тұста Бөкей ордасының даңқы артып, алыс-жақын шет елдер зерттеушілерінің қызығушылығын туғызды, назарын аударды. Кешегі революцияға дейінгі немесе одан кейінгі кеңестік тарих ғылымы Жәңгір ханның саяси бейнесін, алғашқылары «Шығыстың деспоты» десе, ал кейінгілері «халық қанаушысы» ретінде теріс ұғым мен өзге өң беріп, тарих шыңдығы терең таразыланбай Жәңгір бейнесі түрлі идеологияда әр түрлі жазылып, оған ұлттық көзқараста баға берілмеді. Осы бай өлкеміздің тарихын сонау XIX ғасырдан бері қозғаған зерттеушілер мен тарихшыларымыздың еңбектерін бір арнаға ұсыну, тоғыстыру, зерттеу.

Зерттеудің мақсаты: Кеңес дәуірінде Жәңгірді тек халықты қанаушы, озбыр, қанішер ретінде көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан соң Жәңгірдің көлеңке тұста қалған еңбектері жарыққа шыға бастағанмен, ол туралы айтылмай жатқан ақиқат әлі де көп. Осындай екі жақты көзқарас мені қатты қызықтыруына байланысты Жәңгірдің образын ашу арқылы ханның қайта тіріліп, жұлдыздай жарқырауына көп еңбек сіңірген Т.Махимов сынды тұлғаны тарих  бетіне қалдыруға  талпынысым зерттеуге негіз болды.

Зерттеудің нысаны: Өзімнің ғылыми жетекшім тарих пәнінің оқытушысы А.Х. Аманғалиеваның 2009 жылы Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан кесенесіне  барып, одан алған әсерін тебірене жеткізуі ғылыми ізденісімнің осы тақырыпта өрбуіне себепші болды. Бұл тұрғыда өзім Батыс Қазақстан облыстық тарихи  өлкетану мұражайынан және Жәңгір туралы қалам тербетіп жүрген зерттеушілердің еңбегіне сүйеніп, осы тақырыпта қажетті қосымша мәліметтер жинақтадым.     Күні кешеге дейін еліміздің тарихында елеулі орны бар қазақтың біртуар ханы Жәңгірдің есімін құрметтеу былай тұрсын, атын атап елеуден, ескеруден де қалдық. Х. Досмұхамедұлы 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы «Жәңгірдің заманында Бөкейлік ел көшуді кемітіп, отырықшы бола бастады. Әр рудың белгілі қыстауы, жайлауы болды. Жайлағанда, қыстағанда ел 1806 жылдың шегінен аса алмайтын болды. Жазы қолайсыз не қысы қатты жылдары көршілес рудағы елдермен қазақтың арасында күшті жанжалдар пайда болды. Жұт көбейді, ел жарлы бола бастады. Жәңгір қазақты қорғамады, қорғауға да әлі келмеді. Еділ- Жайық бойындағы казак- орыстар, теңіз бойындағы байлар қазақтың меншікті жеріне ауыз салды. Қазақтың мойны потрав, штраф дегеннен босамады. Айналасындағы жерге бай көршілеріне  тұяқ ақы төлеп, қазақ жан сақтайтын боды»,- дей келіп, Ы.Шөреков дастанынындағы Махамбет бейнесін жақсы образ етіп аша түседі.  Махамбеттанушы ақын Ы.Шөреков, тарихшы ғалымдар: А. Рязанов, Х.Досмұхамедұлы, К. Есмағамбетов, И.Кенжалиев т.б өз еңбектерінде Жәңгірдің образын жағымсыз етіп  етіп көрсетеді.  Жә, Махамбет Жәңгірге:

—  Хан емессің, қасқырсың, қара албасты басқырсың! – деген екен.

Жоқ, қалай болғанда да қазақтың ханы, орыстың генералы Жәңгір Бөкейұлы — өз заманының үлкен қайраткері. Аңыз болсын, ақиқат болсын, бәрібір, әйтеуір о баста Исатай мен Жәңгір, Жәңгір мен Махамбет қазақтың қашанғы халықтың қасиеті – ағайыншылықтан ажырамаған адамдар. Жәңгір ел бастаған хан болса, Исатай сол ортадағы ақылды көсем би, Махамбет от ауызды, орақ тісті шешен болған. Соңғы екеуі бірі – батыр, бірі – ақын; бірі серке, бірі ерке ер – азаматтар болған соң, Жәңгір олардың екеуін де екі аймаққа старшын етіп тағайындаған. Жұрт жадында сақталған бір аңызға бақсақ, Махамбет пен Жәңгір бір – біріне бетпе – бет келіп кінәласқанда, тіктесе беруге шыдамай, амалы құрыған хан ақынға: «Алдым жалын, артым өрт, екі оттың ортасында жүрмін, қайтейін» депті. Артымдағы өрт деп отырғаны ханға билік бергенсіп, сол арқылы қазаққа деген бодандық бұғауын қысқан үстіне қыса түскен орыс патшасының зымиян саясаты болса, алдымдағы жалын деп отырғаны хан арқылы қан қақсатып бара жатқан отаршылдық езгіге – қорлық пен зорлыққа қарсы кек кернеген қазақ халқының азаттық жолындағы айықпас айқасы мен шайқасы.Торталана туырылып, иесіз құлазып жатқан құм қойнауына Орда қаласы орнады. Көшпелі жұрт көлігін туарып, қоныстана бастады. Ел орныққан соң Ордадан шығысқа қарай сусыған қызыл шағылдың ондаған шақырым ұзына бойы қысы – жазы бірдей көкпеңбек көксіл атып тұрған көк жасыл орманға айналған. Ғұмырында шөлі қанып көрмеген қалың құмға кезінде әлдеқайдан су келіп, көл пайда болған. Айдында аққу ұшып, қаз қонған. Жапан түзге қалың ел ірге теуіп, қатар – қатар қарағай үйлер салынған. Кейін тарихта тұңғыш рет қазақ балаларына қазақша – орысша білім беретін Жәңгір мектебі ашылған. Мектептегі оқу – ағарту ісінің өрбуін хан тікелей өз қамқорлығына алған. Бұл арада бұрын — соңды болып көрмеген кітапхана, клуб, мұражай орнаған. Бұларды аз десеңіз, патшалы Ресей астанасы Санкт – Петербург үлгісіндегі қару – жарақ палатасы жасақталған. Көш — керуен, сауда —  саттық, жәрмеңке – базар ду да ду, у да шу жыңылап жатқан.  Жалпы Жәңгір хан тарихы халқымыздың қауышу, ел болу тарихы, қазіргі қоғам дамуында жаңа ғасырда тағы бір таразылауды қажет етеді десек, Темірболат Махимовтың есімі  келер ұрпаққа үлгі болып тарихта қалуы қажет деген мақсаттан  туды дегім келеді.

 

  1. Жәңгір туралы өмір – дерек

                  Егер Бөкей көшпесе, жүрер едік біз қайда,

       Шекараны өзге жұрт басқа жерден сызбай ма?!…

Ғайса-Ғали  Сейтақ

…Екі ғасырдан астам тарихы бар Бөкей ордасының төл перзенттері үшін алтын бесік туған жерден артық жерұйық жоқ. Шежіреге көз салсақ… 1801 жылы  Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан  Астрахань әскери губернаторы генерал-лейтенант К.Ф.Кнорринг арқылы орыс патшасына Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы атамекеніне қоныстануға рұқсат сұраған өтінішін жолдайды. Ресей императоры Павел I оның өтінішін қабыл алып,1801 жылы 11 наурызда  «Қырғыз-Қайсақ Кіші ордасының Хан кеңесінің төрағасы Бөкей сұлтан Нұралыханұлын өзіме ризашылықпен қабылдаймын, өзі қалаған жеріне көшіп жүруіне рұқсат етемін және менің рахым етуімнің белгісі ретінде қара лентамен мойынға тағатын өз суретім бар алтын медаль тағайындаймын»-деген жарлығын шығарады.Тағдырдың жазуына ем бар ма, егер патша сол күні жарлығын шығарып үлгермегенде, тарих доңғалағы басқаша айналар ма еді, кім білген. Өйткені, 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні  I Павел өз туыстарының қастандығынан қаза тапты. Ендеше, 1801 жылғы 11 наурызды тек Бөкей ғана емес, Бөкейге ере көшкен күллі елдің бағын ашқан күн деп есептеуге болады. Алайда жаңа хандықты үкімет табаңда мойындай қойған жоқ, сондықтан да ресми құжаттарда «Бөкей сұлтан қарамағындағылармен» немесе Бөкей сұлатан халқымен» деп жазылып жүрді.1808 жылы 17 шілдедегі патша Жарлығымен Бөкей ордасы әрі Астрахань әскери губернаторына, әрі Орынбор Шекаралық Комиссиясына бағынышты болды.1812 жылы Александр I патшаның  арнайы жарлығымен Бөкей сұлтан Ішкі қазақ ордасының ханы болып тағайындалады.Бөкейді ақ киізге көтеріп хан сайлау Орал қаласының маңындағы тоғайда өтеді.  Өзен жағасындағы осы салтанат өткен тоғай «Хан тоғайы» деп аталып, әлі күнге сол атпен белгілі.

Міне, осы Бөкей сұлтанның жанұясында 1801 жылы  Каспий маңындағы Ақтұба өзенінің іргесінде Жиһангер (Жәңгір) атты ұл бала  дүниеге келді. Бөкей киіз үйде көшпелі өмір сүреді, көбіне Каспий теңізі жағалауына қоныстанатынын есептесек, Жәңгір сол өңірде дүниеге келді деп есептеуімізге болады.Хан Жәңгір Шыңғыстың ұрпағы Әбілқайыр ханның шөбересі.

ӘБІЛХАЙЫР ХАН

 

 

             ШЫҢҒЫС  ҚОЖАХМЕТ     АЙШУАҚ    НҰРАЛЫ       ЕРАЛЫ    ӘДІЛ

 

                       ПІРӘЛІ       ҚАРАТАЙ     БӨКЕЙХАН    АБЫЛАЙ

 

       ЖӘҢГІР ХАН

 

Барлық балаларынан гөрі Бөкей Жәңгірдің тәрбиесіне ерекше көңіл аударды. 5-6 жасынан бастап орысша оқуды, еуропаша тәрбиелеуді мақсат етіп, сол кездегі Астрахань генерал- губернаторы С.С. Андреевскийдің қамқорлығына беріп, оның үйіне жатқызып ұрпағының болашағын аманат етіп тапсырды. Жәңгірдің хандықты әкімшілік жағынан басқаруды содан үйренген  десе, екіншілерінде Жәңгір «өзінің өжеттігі арқасында хат танып, білім алды, ешқайда оқыған жоқ» делінді. Бірақ, оның орыс, парсы, араб тілдерінде оқып, жаза білуі, патша әкімшілігіне жазған хаттары оның белгілі бір жерден тәрбиеленгенін айғақтайды.1815 жылы  Нұралы ханның баласы Шығай сұлтан, Бөкей ханның өсиетіне сәйкес , Ішкі Орданы мирасқор Жәңгір атынан билеуге кірісті.

1823 жылы 22 маусымда биік мәртебелі патшаның жарлығы бойынша Жәңгір Бөкейұлы Бөкей ордасының ханы болып тағайындалды. Ақ киізге  отырғызып хан көтеру рәсімі 1824 жылы 26 маусымда Орал қаласында Хан тоғайында өтті. Жәңгір хан патшаның отарлау саясатын жүзеге асырушы болуымен қатар, қазақ халқы арасында көптеген мәдениет үлгілерін таратып, көшпенділіктен отырықшылдықтың артықтығын дәлелдеп көрсетті.  Ал осы  Ішкі Ордадағы  билікті патша үкіметі хан өлгеннен кейін жойды.Күнілгері Жәңгірдің мирасқоры атанған баласы Сақыпкерейге хан тағы бұйырмады.  Жәңгірдің Махамбет тәрбиесінде болған баласы Зұлқарнай ерте қайтыс болды. Ханның тірісінде, тіпті сәби дәрежесінде ғана қалған баласы Ғұбайдолла оқу артына түсіп, үлкен инженерлік және әскери дәрежеге ие болды. Ол 1874 жылы Ресейдің телеграф департаменттік яғни байланыс министрлігін басқарды. 1894 жылы оған патша үкіметі генерал- лейтенант, кейіннен инфантеррия генералы атағын берді. Жәңгірдің ең алғашқы отасқан бәйбішесі Жүзім Мүсіреп бидің қызы Жәңгірмен 4 жыл тұрып қайтыс болды. Екінші әйелі Фатима – Орынбор муфтиі, әрі дипломат ұлты татар Мұхамеджан Хұсайыновтың қызы. Үшінші әйелі Айсұлу ерте қайтыс болды.  Төртінші жұбайы Зылиха- полк есаулы Қарауыл Қожа Бабажанұлының қызы, тегі қожа тұқымы.Мына сызбамен ханның ұрпақтары көрсетілген.

                              Жәңгірдің ұрпақтары

Әйелдері

 

 

 

  1. Жүзім  2. Фатима                   3. Айсұлу             4.Зылиха

 

 

Қадиша                                Ескендір                    Бала жоқ           Ғұбайдолла

Сейткерей                           Зұлқарнай

Ысмайыл                             Сақыпкерей

Ыбырай

Әңгімені қысқа қайырғанда Жәңгір өлгеннен кейін патшалық отарлаушылар оның отбасын тоз-тоз етті.

  1. Жәңгір -ағартушы саясаткер

             Биікке білімдінің аты өрлеген,

Байланыс жасай білген жат елменен.

Орынбор архивінде жатыр әлі,

Өзі жоқ болғанымен, хаты өлмеген— деп жырлайды Нарынның нар тұлғасы ақын Ғайса- Ғали Сейтақ.

Иә, бұл өлең бір өзі «жеті жұрттың» тілін білген, білімдарлығына лайық Қазан университетінің құрметті мүшелігіне қабылданған, үздік қабілетіне сай ақ патшаның өз қолынан қазақ топырағындағы тұңғыш генерал шенін алып, шекпенін жамылған Бөкейдің ұлы Жәңгір ханзадағы арналған теңеулер.

Жәңгір ел басқарған уақытта Орданың жергілікті басқару ісі негізінен өзінің билігінде болды. Ханның жанында Хан Кеңесі жұмыс істеді, оған халық ру старшындары мен билерінен кеңес мүшесін сайлады.  Әр рудың, көбінесе, сұлтандардан сайланған ру басылары басқарды. Ал, күрделі істерге хан депутаттардан басқа белгілі адамдардан осы істің шешілуінің басы-қасында болатын адам тағайындады. Жәңгір хан 1826 жылы жазда жұбайы Фатимамен бірге Николай  І патшаның таққа отыру салтанатына барғанда, патша ағзамның отбасы зор ризашылықпен қабылдап, көптеген сыйлықтар берді.  Мәскеуден қайтар жолда Жәңгір хан Қазан қаласына соғып, онда профессор Фукспен кездесті. Қазан университетімен, оның кітапханасымен танысып, өзінің қол астындағы қазақ балаларын осы оқу орнында оқыту жөнінде әңгіме қозғайды. Фукстың айтуынша Жәңгір хан орысша дұрыс, таза  сөйлейді, араб, парсы тілдерінде оқып және осы тілдерді жаза да біледі.

1839 жылы Жәңгір хан жоғарғы  оқу орындарына қазақ балаларын қабылдау жөнінде Жоғарғы мәртебелі рұқсат сұрады. Сәйкес әзірліктен кейін қазақ балаларына гимназияға байланыс жолдары корпусына, Неплюев кадет корпусына, азаматтық инженерлер училищесіне және Қазан университетіне түсіп оқуға рұқсат етілді.  841 жылы 6 желтоқсанда Хан ордасында Жәңгір өз қаражатына қазақ балалары үшін орыс тілінде оқытатын Жәңгір училищесін ашты. Онда ислам діні оқуынан басқа негізгі пәндер ретінде орыс тілі, арифметика, география және Ресей тарихының қысқаша курсы, кейіннен, орыс балаларын осы мектепте қабылдаумен байланысты құдай заңы  жүргізілді. Содан кейін арнайы курс ретінде шешекке қарсы егу ережелері, кітап түптеу, үш жыл іс-сапарға келген орыс офицерінің басшылығымен 6 бала оқыған жер өлшеу бөлімі ашылды. Жәңгір хан осы училище үшін әдейі үй салдырып, оған оқытушыларды өзі таңдап алып, тағайындады және өле-өлгенше училище мен оқытушыларға кететін шығындарды өзі төлеп отырды. Ханның таңдауы бойынша училищенің меңгерушісі және оқытушысы болып, осы Ордада мал дәрігері болып жұмыс істейтін Константин Петрович Ольдекоп тағайындалды. Оған орыс тілін, арифметика және географияны оқыту және – оқушылардың тәртібін, тәрбиесін қадағалау жүктелді.

Училище 6 желтоқсанда патша ағзам Николай Павловичтің таққа отыру құрметіне ашылды. Училище оқу жылын, әдетге 6 желтоқсанда, оқушылардың өткен жылғы алған білімдерінен сынақ қабылдаумен бастаған. Жылына үш рет мектеп оқушыларының тізімі, олардың бағалары ханға көрсетіліп, оқушылардан сынақ алынып, содан кейін оқушылар мен оқытушыларға, шәкірттердің ата-аналарына, сұлтан, билерге мерекелік қонақасы берілген.Училищеде істеген еңбегі үшін К.П.Ольдекоп, тікелей хан қолынан сыйақы алып отырды. Ол оқыту жұмысына бар күш-жігерін аямай жұмсап, 10 жылдай еңбек етіп, өзі туралы ізгі белгі қалдырды.

Бүгінгі күнге дейін Жәңгір училищесі – Орда орта мектебінен танымал атақты түлектер қанаттанып, өмірге жолдама алды. Олардың ішінен оқымыстылар, батырлар, композиторлар, еңбек ерлері, генералдар мен мемлекет қайраткерлері, спортшылар мен оқытушы, дәрігерлер, әртүрлі мамандықтың иелері шықты. Олар танымал ғалымдар: М.Қ.Бабажанов,М.Ш.Бекмұхамбетов,Қ.Н.Бөкейханов,Ғ.З.Быяшев және т.б. Жәңгір хан тағына отырғанына екі жыл толмай яғни 1826 жылдан бастап Нарын құмының шетінен хандықтың орталығын – Хан Ордасы қаласын салдыра бастады. Оның жанында Хан дәрігерінің үйі, әртүрлі қызмет жайлары, үлкен бағы, оның ортасында ханның өз сызбасы негізінде 1835 жылы мешіт салынған. 1838 жылдан бастап Саратовтан 130 шақырымдай жерде Тарғын өзені бойында Хан жазғы Ордасын салдырған.

Хан Ордасында басқа да үйлер салғыза отырып, би, сұлтандардың, байлардың, саудагерлердің де үй салуына ұсыныс жасап, көмек көрсетіп отырған. 1846 жылғы дерекке қарағанда Ордада 89 үй салынған.

Хан Ордасында болған сол кездегі орыс, шетелдік ғалымдар мен Бөкей Ордасын зерттеушілер хан сарайындағы дүниелерді айта келіп таңданбайтындары жоқ. Хан сарайында ханның кеңсесі, қонақ қабылдайтын бөлме, үлкен асхана, кішкене музей- қару – жарақ палатасы болған.Хан үйі бөлмелеріндегі жиһаздардың үлкен талғампаздықпен жиналғанын айта келіп, Сабанщиков пен Евреиновтар европа мен азиаттық талғамның үндестігін табады. Хан Жәңгірдің кітапханасы өте бай болған, сол кезде хан баспадан «Северная пчела», «Отечественные записки», «Современник», журнал Министерства народного просвещения, «Посредник»,«Русский инвалид», «Сенатские ведомости» атты  мерзімді басылымдарды алдырып тұрған. Сонымен бірге 1843 жылы Шинкельдің «Архитектура столетия», Максимовичтің «Атлас и собрание карт земного шара», Проскураков пен Семеновтың «Подробный учебный атлас Российской империй», Михайловский – Данилевскийдің «Описание отечеств войны» кітабының екінші басылымы, Баршевтің «Основания уголовного права», Гогольдің «Мертвые души» сияқты жеке шығармаларын жаздырып алдырған.

Ол кездегі халық арасындағы көп тараған аурудың бірі – шешек болса, оны жою жолында Жәңгір қызмет атқарған. 1825 жылы хан Орынборға Сырлыбай Жәнібековты шешекке қарсы алдын-алу егуді үйренуге жібереді. Ол оқуын бітіріп келгеннен кейін 1826 жылдан бастап Бөкей хандығында шешек ауруына қарсы алдын алу шаралары істелінді. Ал, 1825 жылғы сәуір айында Орынбор генерал-губернаторына жолдаған қатынас қағазда халықтың көшпелі тұрмысын айта келіп, ауруларға көмектесетін дәрігерлер мал басын аман сақтау және мал тұқымын асылдандыру үшін білікті мамандар бөлуін сұрайды. Осы бағытта 1838 жылы Хан Ордасында медициналық дәріхана ашылды. 1832 жылы Хан жәрмеңкесі ашылып, жазғытұрым және күзде 15 күннен онда әртүрлі сауда-саттық жүргізілген. Деректерге қарағанда, жәрмеңкеге ішкі Ресейден көптеген саудагерлер келіп, ал, ақша айналымы миллион сомға дейін барған.

1845 жылы 11 тамызда Торғын өзенінің жағасындағы жайлауында қазақтың ең ақырғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 44 жасында дүние салды. Жәңгір хан кемеліне келген ақыл- парасаты толысқан шағында жұмбақ өліммен көз жұмды.   Жәңгір хандық құрған 22 жылдың ішінде қазақ хандарының бір де бірі істемеген істерді қазақ тарихында өшпес игіліктерді, мұраларды өмірге келтірді.-Заман аунап барады, жатыңмен жақынындай сөйлессең ғана кеудеңді бастырмассың. Ол үшін тілін білгенін абзал,-деген екен хан. Бұл көп тіл біле тұрып, өз елінің өзге жұрттан қалмауын ғана көксеген қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлының биік арманы болатын. Жәңгірдің арманы болашаққа қарай бізді сақтандыра  нық қадаммен жетелесің.

  1. Жәңгіртанушы

Жәңгірхан арқылы тарих бетіне тағы да бір жаңа есімді тіркеуіміз керек. Бөкей ордасының тарихында есімі мәңгілікке жазылған, артында ұлағатты ісі, өшпес ізі қалған тұлғалардың бірі-Темірболат Махымұлы.Туған жеріне деген сезімі ерекше ұлтжанды тұлғаның қалдырған ізгілікті істері сөзбен айтпай –ақ Хан ордасына ат басын бұрған адамның көз алдында сайрап тұр.

Темірболат Махымұлы Махимов 13 қыркүйек 1940 ж. бұрынғы Орда ауданының Жиекқұм ауыл Советінде туған. Ол дүние есігін ашқан шақ — жиырмасыншы ғасырдың ең сұмдық сойқаны, адамзат тарихындағы алапат соғыс — Ұлы Отан соғысы кезі болатын. Адамзат жүрегіне жара салған, ел басына қиыншылық  толған шақта ол ойын баласы боп шаттанып күліп, шалқып жүрген емес. Олардың балалығын соғыс ұрлады. Әкесі мен әкесінің ағалары ел қорғауға майданға аттанды. Соғыстың қиындығын көрмесе де, оның зұлматын сәби жүрегімен сезіп өсті. Ел басына күн туған шақ оны ерте есейтті. Әкесінің, ағаларының, күллі ауылдастарының ерлігімен келген жеңіс оны өмірге, еңбекке жігерлендіре түсті. Осы жолда үлкен мақсаттарды бойына сіңіріп өскен Т.Махимов өзі есейіп, оқып, ат жалын тартып мінген шағында арманын жүзеге асырды. Көп ізденді. 1957 жылы Орда орта мектебін бітіргеннен кейін, Орал педагогикалық институтына түсіп, 1962 ж. оның физика-математика факультетін математика және сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1962 жылы Жәнібек ауданындағы Абай атындағы мектеп-интернатында  бастайды. Кейін ХІХ партсъезд мектебінде оқытушы-тәрбиеші болып жұмыс істейді. 1.04.1964 – 1.08.1965 ж. Жәнібек аудандық комсомол комитетінде мектептер бөлімі меңгерушісі қызметін атқарады. 1965-1968 жж. Орда облыстық санаториялық мектеп-интернатында аға тәрбиеші болып жұмыс жасайды.1968 – 1972 жж. Орда орта мектебінде директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, ал 1972 – 1974 жж. Облыстық Орда санаториялық мектеп-интернатына директоры болып ауысады. 1974 – 1978 жж. Орда орта мектебінде мұғалім болды. Оның бойындағы талантын, еңбексүйгіштігін сол кезеңнің ел ағалары жоғары бағалап, оған музей ісін басқаруды ұсынған.

1978 жылдың қыркүйек айынан бастап Орда тарихи-революциялық музейінің директоры болып жұмыс істейді. Ол қызметке келгеннен бастап музей жұмысын музейтану заңдылықтарына сай жүргізуді қолға алды. КСРО музейінің тәжірибелерін, музейтану ғылыми әдістемелерін негізге ала отырып, музейде ғылыми нормативтерге сай жұмыс істеуді қалыптастырды. Қор материалдарын классификациялау, жүйелеу жұмысын жолға қойып,қор сақтаушы штатын енгізді. Экспозицияның жүйелі әрі тартымды болуы үшін жаңа үлгілерді пайдаланды. Бұрын шағын залдарға орналасқан музей 1980-81 жылдары 7 залға кеңейтіліп, Бөкей ордасының құрылуы, Кеңестік баспахана, этнография бөлімдері, « Тастөбедегі шайқас», Кеңестер одағының батыры М.Маметова арналған «Соңғы ұрыс» және «Жылқышылар өмірі» диарамаларымен толықты. Экспонаттар санын көбейтіп, халықты, жас ұрпақты ұлттық дәстүр, тарихын, ескерткіштерін қалпына келтіру, насихаттау, көрермендерге таныстыруда көп еңбек етті.

1997 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Ордада хан Жәңгірге арналған кесененің ашылу салтанаты өтті. Хан Жәңгірге, ғалым Мұхамедсалық Бабажановқа, күйші Дәулеткерей Шығаевқа арналған кесененің тұрғызылуы да тарихи тұлғалардың атын жаңғыртуды мақсат еткен Т.Махимовтың ісі. Мұражай қызметін кейбіреулер отырып істейтін, жанға жайлы, тыныш жұмыс санайды. Әрине, олай да істеуге, мұражайды уақытылы ашып-жауып, келушілерге ғана қызмет көрсетіп отыруға болар. Бірақ Темірболат Махимов ондай бұйығы тіршілікті қаламады. Өлкенің тарихы туралы тың деректер жинау, мұражай экспонаттарын байыту, өлке тарихын насихаттау сынды сан-салалы жұмыстарды қолға алып, тыным таппастан еңбек етті. Сол бір кезеңде Темірболат аға «балшық илеп, ағаш кесіп» деген секілді қара жұмысқа да белшесінен батты. Қыс кезінде жылыту жүйесі қалыпты жұмыс істеуі үшін от жағушылармен қоян-қолтық араласып жүретіні және бар. Басшымын деп белсінбей, қажет тұста іске белшешіп кірісіп кететін қарапайымдылығы, әділдігі, талап қойғыштығы үшін ұжымы, ауыл-аймағы ол адамды қатты сыйлайды. Әр жылдары ұйымдастырған жылжымалы мұражай қызметі де халық көңілінен шығып тұрды. Халыққа ақылы қызмет көрсету жоспарын 2 есе артық орындап, кедейшілікпен күресте, аз қамтылған отбасыларын қызметке тартуда үлкен табысқа жетті.

Музей экспозициясымен өз республикамыз, ТМД елдері азаматтары, шетелдік қонақтар, Ресей азаматтары көріп, өздерінің зор ықыласын білдірді.

Т.Махимов аудандағы, ауылдағы көпшілік мәдени шараларды белсенді ұйымдастырушылардың бірі болды.Тірі кезінде баспасөз беттерінде тарихи, проблемалық тақырыптарда мақалалары, радио, телевидениеде сөздері жиі естіліп-көрініп жүрді.Бөкей ордасында халыққа білім беру жөнінде жазылған тарихи «Жәңгір мектебі – білім бастауы» кітабының екі авторының бірі, Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясына, басқа да Орда туралы жазылған кітаптарға материалдар әзірлеп, жарыққа шығуына көмектесті. 1998 – 2000 жж. Орда селолық округі әкімі қызметін атқарады. 2000-2009 жылдары дейін Бөкей ордасы тарихи- музейлік кешенінің директоры қызметін атқарды.  Жастарды тәрбиелеуде, кадрлар даярлауда өз ұстанымы бар, жастардың, коллектив мүшелері – ғылыми қызметкерлерінің білімдерін жетілдіруде, олардың рухани өсуіне әруақытта көмек көрсетеді. Т.Махимов-Бөкей ордасы бойынша әрбір жаңа бастаманың бастаушысы. Ол кешенді мәдени, тарихи, табиғи қорық-музейге айналдырып, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру жұмысын ұйымдастыра отырып, Хан ордасы кентін туристік орталыққа айналдыру жөнінде жұмыстанады. Темірболат Махимовтың өлке тарихын зерделеп, зерттеп, қалың көпшілікке, жас жеткіншектерге жеткізудегі еңбегі лайықты бағасын алды.Т.Махимов – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақстан ИКОМы» Халықаралық Музейлер кеңесінің Президиумы мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет грамотасы», Мәдениет Министрлігінің,  Облыстық мәдениет басқармасы, аудандық партия, атқару комитеттері, әкім грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалі, «Бесжылдықтың озаты», «Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» белгілерімен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Облыс әкімшілігінің алғыс хатымен марапатталған.

Темірболат Махимов  2009 жылдың 15 желтоқсанында  ауыр науқастан қайтыс болды. Алтын діңгекті отбасында 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 10 немере-жиендері тарады.

  Жалпы алғанда, музей өткеннен қалған мұраны сақтап, келешекке жалғастырып жеткізуші, бабаларымыздың басынан кешкен сырлы да шежірелі тарихын насихаттаушы десек, осы бір жүгі ауыр істі енді  ұлы Ғайса  Темірболатұлы абыроймен атқаруда.

Менің айтпағым бүгінгідей өз қамын өзі күйіттеген заманда саналы ғұмырын Бөкей Ордасының тарихы мен мәдениетіне, қазақтың Жәңгірдей ханына арнаған Темірболат Махимовтың есімі өшпей тарихтан орын алып, оның атында көшелер немесе ескерткіш тақта орнатылса деймін. Ұлы Мұхтар Әуезов- Абайтанушы болса, Темірболат Махимов- Жәңгіртанушы десек те артық емес.

   Қорытынды

Кешегі өткен мен өшкені, жоғалтқаны мен жанғаны ғасырлармен сабақтаса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан Орда тарихы, әр ұрпақ кезеңінде міндетті түрде қайта қаралып, жаңаша жазылады. Тарихи деректер оны жоққа шығарады. Бөкей Ордасының Жәңгір хан кезіндегі экономикалық жағдайына шолу жасай келіп, кейбір деректерде көрсетілгендей, ол халықты аямай қанаушы болмағанын, қайта мүмкіндігінше халыққа жағдай жасап, елдің әл-ауқатын көтеруге қызмет еткенін көреміз. Қайыпқали Есімұлы сұлтан, Қарауыл қожа сияқты, тағы да басқа жебір старшындар өз қарауындағы елін езгіге салуы Бөкей Ордасы ханы Жәңгірге де көлеңкесін түсірмей қойған жоқ. Бұған қоса бөкейлікті зерттеушілердің кей біреуі ел жағдайын жазған да әділ қазы болу орнына, белгілі бір сұлтан, ру басы, старшындардың сойылын соғып, ханды қаралау жағына көңіл бөлген.  Бүгінде, заман – біздікі! Міне, жиырма жыл. Енді, міне, бодан емес, бостан өлкемізге «ел қондыру» да, «мал толтыру» да, дәлірек айтқанда, халқымызды байлыққа кенелтіп, рахатқа бөлеу де өз қолымызға көшкен заманда Елбасы маңына елден бұрын өзін емес, өзінен бұрын елін ойлайтын, сондай-ақ беталды күпсіп, билік маңының бәрін бұра тартып «бас-басына би болған өңкей қиқым» бақталастар да емес, Елбасымен елдік-бірлікке келіп, нағыз елдік-биікке көтеріле алатын,«бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», Жәңгір хандай, Темірболат ағадай халық қамын жейтін ерлер ғана топтасуға тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Жәңгір секілді қайраткер Ішкі ордада табан тіреп отарлаушыларға қарсы әрекет істемесе, ол жерлерге орнықпаса онда қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыстары Астрахань, Сарытау, Құлынды даласы секілді Ресей жерінің бір пұшпағы болып кетуі күмәнсіз еді.     Ең дұрысы Жәңгірдің саяси бейнесін өз замандастары мен сол кездегі оның қол астында болған халқы бейнелеп берген. Тек бір ғана қазіргі немесе кешегі идеологияға байланысты халық шындығы мен хан шындығын бұрмалап келеміз. Жәңгір- халқы үшін қабырғасы қайысқан қайраткер. Халқымен тағдырлас, халқымен мұңдас. Тарихи деректердегі ақиқаттар осыны көрсетеді.Біз бүгін Жәңгір арқылы тағы бір тұлғаны анықтадық. Ол Темірболат Махимов. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей мына Тәуелсіздік заманында өз халқына жанашыр біртуар  ұлдарымыздың атын ұмытпай біздердей болашақ ұрпаққа мақтан етіп тарихта есімдерін алтын әріппен жазу керек дегім келеді. Ханы бар – орманы бар, батыры бар- қорғаны бар Ордада осындай өр тұлғалардың іздері сайрап жатыр.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. З.Ғ.Шарафутдинов«Бөкей орда» Орал қаласы, 2000 жыл. 21-24 бет
  2. М. Ханғали, Х. Жұмашұлы. «Ішкі Орда және жалынды ақын»

Орал қаласы-2002 жыл. 21, 22 бет.

  1. «Бөкей ордасы тарихынан» Ақпараттық-биографиялық бөлім, 4-5 бет.
  2. Т.Махымов «Жәңгір хан» Орал өңірі, 1999ж.6 ақпан.
  3. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан: «Сүрер салтанат – уақыт бір сағат».Егемен Қазақстан-2000ж.24 қараша.
  4. «Жәңгір (1801-1845)-Бөкей ордасының ханы» Қаз.сов. энциклопедиясы: 12 т.-Алматы, 1974.-Т4.-351б.
  5. Жәңгір хан (1801-1845 жж.) Қазақтар: Тоғыз томдық анықтамалық. Алматы; 199.-2том.
  6. С. Сабырұлы «Жәңгір хан ордасы туралы» Қазақ елі. 1998 ж. 14 тамыз.
  7. Ғ. Самиғоллаұлы «Құрметті Жәңгір ханнан бастасақ» Орал өңірі.-1996ж. 1 маусым

 

  1. З.Ғ. Шарафутдинов«Жәңгір хан»  Орал, 2001 жыл.
  2. Сейтақ Ғайса- Ғали. «Нарынның нар ұлдары» Алматы «Жазушы» баспасы, 1998ж
  3. Р. Сариева « Бөкей хан мен Жәңгір хан» Егемен Қазақстан-2001 ж. 13 шілд