Махамбет шығармашылығы

Махамбет шығармашылығы

Сабақтың мақсаты:

    Білімділік:   Оқушыларды Махамбеттің елін езгіден ерлікке,қараңғылық-

тан білімділіктің биік шыңына шақырған,ел бірлігін

жырлаған шығармашылығымен таныстыру,танып-білуге

үйрету;

 

     Дамытушылық: Оқушылардың жұп,топтық жұмыс барысында іскерлігі

мен дағдысын қалыптастыру,патриоттық сезімдерін дамыта

отырып шешендікке баулу,ынтасын,ізденушілік белсенділігін

дамыту;

 

     Тәрбиелік:   Асыл мұраны оқушылар бойына сіңіріп,ұлттық рухта тәр-

биелеу,батырлықты,ерлікті дәріптеу.

 

Сабақ түрі: ізденіс сабақ

Әдісі: СТО технологиясының стратегиялары,жуан-жіңішке сұрақтар,

топтастыру

Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы,музыка

Көрнекілігі: үнтаспа,бейнетаспа,магнитофон,компьютер,жайма қағаздар, ақын портреті

Жоспары:

І   Ұйымдастыру

ІІ Топпен жұмыс

1)Ақ телпек-статистикалық

2)Сары телпек-сәттілік

3)Қара телпек-сітсіздік

4)Көк телпек-аналитикалық

5)Жасыл телпек-шығармашылық

6)Қызыл телпек-сезімтал

ІІІ Бекіту

ІҮ Қорытынды

Ү  Үй тапсырмасын беру

ҮІ Бағалау

 

 

                                Сабақ барысы:

І  Ұйымдастыру

1.Оқушылармен амандасу

2.Сабаққа қатысымды тексеру

3.Кластың сабаққа дайындығын тексеру

    Сергіту

Естігенімді ұмытамын.

Көргенімді есте сақтаймын.

Істегенімді түсінемін.

ІІ Жаңа сабақ

1.Статистика

Берілген тапсырма:Тарихқа шолу,өмірі туралы мәлімет.Махамбет өлеңдерінің саны,қай жылдары жазылды,жарық көрген жылдары

1-оқушы:

Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді басынан кешірді.Елін,жерін қорғап, азаттығы үшін сыртқы жаулармен сұрапыл айқасқа түсті.Халық тарихындағы сондай елеулі оқиға-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісі еді.

1801 жылы Еділ мен Жайық өзендері аралығында Бөкей хан басқарған 5 мың қазақ шаруашылықтары қоныс аударды.Бірақ жер мен жайылымдар біркелкі бөлінбеді.Қысқа мерзім ішінде жердің үштен екі бөлігі қазақ феодалдары мен орыс помещиктерінің жеке иелігіне өтті.Жайық өзені бойындағы жерлерді Орал казактары әскері иемденді.Қазақтарға ол жерлерден өтуіне және көшіп келуіне қатаң тиым салынды.

1827-29 жылдары қимылдардың алғашқы толқыны Ішкі Ордада өтті.

1836 жылы  жер дағдарысының күшеюі,салықтық езгі,жерді әр түрлі себеппен кесіп алу,феодалдық талас-тартыс көтеріліске алып келді.Оны Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов басқарды.

1836 жылы ақпанда қазақ халқының Жәңгір ханға қарсы ашық күресі басталды.

1836 жылы 4 сәуірде үлкен айқас Қиялымола деген жерде болды.Хан жасағын Қарауылқожа Бабажанұлы басқарды.

1836 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілердің ірі байлардың ауылдарына ірі белсенді шабуылдары басталды.

1837 жылы қарашада Исатай мен Махамбет бастаған 3 мыңдай адам хан ордасына екінші рет атттанды.

1838 жылы 12 шілдеде Қиыл маңындағы шайқаста Исатай қаза табады.Көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болады.

2-оқушы:

Махамбет Өтемісұлы – 1804 жылы Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауд. Нарын құмының Жанқұс жерінде туған. – 20.10.1846, Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында жерденген — қазақтың көрнекті ақыны, сонымен бірге 1836-38 ж. Исатай Тайманов бастаған шаруалар кетерілісінің жалынды жыршысы ретінде де мәлім, қозғалысты ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі. Кіші жүздің Байұлы бірлестігі ішіндегі Беріш руының Жайық бөлімінен шыққан. Атасы Құлмәлі, әкесі Өтеміс те өз заманында айтулы тұлғалар болған. Құлмәлінің тұқымынан билер де, шешендер де шыққан.

Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен — он ұл, Шыбынтайдан — төрт ұл, Қобылайдан — үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет ақын жастайынан ақындық өнерге кұмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел кұрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз кұбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен. Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Шағатай, орыс, татар, араб тілдерін жазбаша тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Есімі қалың жұртшылыққа  таныла бастаған асқақ ақынды Жәңгір хан өз еркіне көндіріп, билік басында отырғандарға қарсы өлеңдер шығаруына тыйым салғысы келеді. Алайда көзі ашық, көкірегі ояу ақын оның бұйрығына мойын ұсынбады. Ал Жәңгір хан болса, оған үстемдік жасау мақсатымен Махамбетті қамауға алғызды. 1829-1830 жылдар аралығында Махамбет қала бекшісінің түрмесіңде отырды, бостандыққа шыққан соң Исатай Таймановқа қосылды.

Осылайша Махамбет өзі Жәңгір ханның қудалауымен екі жыл түрмеде отырып, 1831 ж. қашып шыққан еді.

3-оқушы:

Махамбет айтулы күйші, сазгер де болған. «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе», т.б. күйлері күйтабаққа жазылды. Махамбет өлеңдері 1908, 1912, 1925 ж. Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрді. Шығармалары 1939-89 жылдар арасында 8 рет жеке кітап болып шықты, оқулықтар мен жинақтарға енді.

2.Сәттілік

Берілген тапсырма:Махамбет өмірінің сәтті кезеңдері, шығармашылығына әсері

1-оқушы:

1836-1838жылдары болған Исатай менМахамбет бастаған көтерілістің даңқы Атырау, Жайық,Орынбор даласын дүр сілкіндірді.Қозғалыс дамығаан аймақтарда ханның билігі мүлдем жүрмеді,олар шонжарлардың үйлерін өртеп,дүние-мүлкін тартып алды,ханға ниеттес ауылдардың көші-қон жерлерін,малдарын айдап алып кетті.

1837 жылы қол жасағы көбейіп 4,5 мыңға жетті.

2-оқушы:

Махамбет – қазақ әдебиетіндегі сыншыл реалистік, романтикалық толғаудың ақыны. Ақынның жырларындағы күрескерлік, жауынгерлік, азаматтық әуендер / «Ереуіл атқа ер салмай», «Беркініп садақ асынбай», «Атадан туған аруақты ер», «Ұл туса», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын», «Арқаның қызыл изені», «Желден де желгір ақбөкен», «Күн қайда?», «Бағаналы терек жарылса», т.б./

Махамбет өлеңдерінің философиялық-дүниетанымдық тереңдігі / «Орай да борай қар жауса», «Арғымақ сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Жалған дүние», «Еменнің түбі сары бал», «Аспандағы бозторғай», «Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ», «Жалғыздық», «Қарағай шаптым шандоздан»/.

Шығармаларында халық тұлғасы мен Исатай батыр бейнесінің жырлануы / «Исатай  деген ағам бар», «Кел, кетелік», «Жақия», «Әй, Махамбет жолдасым»/Исатай атынан/, «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай!», «Соғыс», «Тарланым», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Есіл ер», «Толарсақтан саз көшіп», «Мұңайма», «Айныман», «Біз ер едік», «Қызғыш құс», т.б. өлеңдері/.

Лирикалық өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесінің сомдалуы / «Менің атым Махамбет», «Махамбеттің Баймағамбетке айтқан сөзі», «Қылыштай қиғыр алмас ем», «Мен – тауда ойнаған қарт марал»/.

Махамбет өлеңдеріндегі жыраулық-ақындық дәстүр жалғастығының белгілері, сондай-ақ ақынның өзіндік төлтума ерекшеліктері. Ақынның шығармаларындағы өлшем-өрім, тіл бейнелілігінің мәселелері.

3-оқушы: Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді де әрқашан жігерлі асып-тасып жатқан асқақ рухпен көмкеріледі, оған көне дәстүр бойынша философиялық терең толғамдар, пайымдаулар сабақтасып отырады.

Махамбет ақын – ұлт азаттығы үшін күрескер тарихи тұлға ретінде біздің Тәуелсіздігіміздің бастау көздерінің бірі ретінде саналады. Сондай қоғам қайраткерлігімен бірге, өзінің отты, жалынды өлеңдері арқылы бар өмірін туған халқының мұңын жоқтауға арнаған ардақты ақын.

3.Сәтсіздік

Берілген тапсырма:Махамбеттің Исатайдан айырылуы,оның шығармашылығына әсері

1-оқушы:

Ауыз әдебиетінің тереңінен сусындаған, өзінің бойына халықтық дәстүрді терең сіңірген Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінде маңызды рөл аткарды, ол өзінің өлеңдері арқылы халықты патша өкіметі мен хандардың езгісіне қарсы күреске шақырды. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен әділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды. Оның өлеңдері бұқара халықтың жүргеніне тым жақын болды.

1838 жылы Исатай қаза болған соң, Махамбет шағын тобымен орыс әскерлерінің арасынан өтіп, Хиуа хандығына кетеді. Ол көтерілісшілерді жауға қарсы күреске қайта жұмылдырғысы келеді, алайда оның бұл әрекеті жүзеге аспайды. Ол Бөкей ордасына жасырынып келіп, шаруалар арасында хан мен патшаға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастайды, бірақ ол қайта тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі. Орынборда оған «енді қайтып бүлікке қатысушы болма» деген ескерту жасап, босатады.

Өмірінің соңғы жылдарын ақын ауылда өткізеді. Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, оның сыртынан бақылау қояды. Ақыры ханның тыңшылары Махамбетті опасыздықпен өлтіреді.

2-оқушы:

Исатай Тайманұлы 1791 жылы туды.Ол да беріш руынан шыққан.

1812 жылы Бөкей хан оны Жайық бойындағы руларға сатршын етіп тағайындайды.

1814 жылы оған мемлекеттік өкілеттілік беріледі.

1819 жылы оған старшын Өтеміс Құлманияны тонады деген айып тағылып,жаламен абақтыға отырғызылады.

1823 жылы тағы да қамауға алынады,одан қашып шығып,көтеріліс ұйымдастырады.

3-оқушы:

Исатайға арналған өлеңдері: «Исатай деген досым бар», «Әй,Махамбет жолдасым», «Тарланым», «Исатай мен Жақия»,т.б

4.Аналитикалық

Берілген тапсырма:Махамбетке қалам тартқан ақын-жазушылар

1-оқушы:

Өмірі туралы мәлімет. Махамбет шығармаларын жариялау, зерттеу жұмыстары туралы мәлімет (Х.Досмұхаммедұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, т.б.)

Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Х.Сүйішәлиев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, М.Мағауин, Қ.Сыдиықов, т.б. ғалымдар мен қаламгерлер зерттеулер, мақалалар жазды, пікірлер айтты.

2-оқушы:

Фариза Оңғарсынова «Алмас қылыш немесе мен Махамбт ақынмен қалай кездестім».

3-оқушы:

М.Шаханов «Нарынқұм трагедиясы»

4-оқушы:

Ығылман Шөреков «Исатай-Махамбет»

5.Шығармашылық

Берілген тапсырма:Махамбет шығармаларынан қойылым

«Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқаны»

6.Сезімтал

Берілген тапсырма:Арнау өлеңдер,бастан кешірген сезімдер

1-оқушы:Махамбетке арнау

2-оқушы:Махамбет ойы-эссе

3-оқушы:Махамбетке хат

4-оқушы:Махамбетке хат

Күй тыңдау,терме тыңдау.

ҮІ Жаңа сабақты бекіту

Оқушылардың алдына Махамбетке қатысты және қатысы жоқ сөздер мен сөз тіркестері беріледі,оқушылар топтастыру жасайды:әдебиетші,күйші,әнші,

сазгер,ғалым,батыр,ақын,әртіс,өнерпаз,жыршы,қолбасшы,жырау,адал дос, ардақты әке,батыл, «Айныман»,Исатай,Махамбет ойы

 

   МАХАМБЕТ

 

 

 

 

 

Ү  Үй тапсырмасын беру

1.Қалаған бір өлеңін жаттау

2.Әдеби теориялық ұғымдарды қайталау

 

ҮІ Бағалау

Оқушылар білімі бағалау парағы арқылы бағаланады