С.Торайғыров. «Қамар сұлу» романы

Сабақтың тақырыбы :     С.Торайғыров.  «Қамар сұлу» романы

Сабақтың мақсаты:

                                               Білімділік:

С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы жайлы алған білімдерін тереңдете отырып, «Қамар сұлу» романы көтерген әлеуметтік мәселе, кейіпкерлер  дүниесі, романның қазақ әдебиетіндегі  маңызы мен ерекшелігіне талдау жасату,романға  әдеби-теориялық талдау  жүргізу  арқылы  көркем шығарманы саралай білуге жетелеу;

Тәрбиелік:

Кейіпкерлер іс-әрекетін талдай отырып, жаманнан жиреніп, жақсыдан үлгі алуға, достық қасиеттерін бағалай білуге, адамгершілікке, қайырымдылыққа, алдына қойған мақсаты үшін күресе білуге тәрбиелеу

                                               Дамытушылық:

Оқушының шығарманы талдап, кейіпкер іс-әрекетіне баға бере білуін, ойын жүйелі баяндай білуге дағдыландыру,қоғамдық-әлеуметтік  жағдайларды  саралай отырып,өзіндік өмірге деген  көзқарасының қалыптасуына ықпал ету

Сабақтың типі:                   Пысықтау сабағы

Сабақтың түрі:                   Дәстүрлі сабақ

Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, баяндау,  мәтінмен жұмыс,   талдау,5 жолды өлең, тұжырым кестесі,проблемалық сұрақ, автор орындығы

 

                                   Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен амандасу, түгелдеу, дайындығына  назар аудару

Саламатсыздар ма, балалар!  (диалогтік  сұхбат) Сіздерге бір сұрақ:

-Шәкірт үшін ең басты мақсат  не және  оқудағы басты мақсатымыз не болмақ?

-Ондай болса, сіздердей қара көздерді  сауаттандыру мақсатында «Қараңғы қазақ көгіне  өрмелеп шығып, күн болуды армандаған»,  аз уақыт өмірі ішінде  еліне  бай да мағыналы қазына қалдырған  ақын  туралы  білетіндерімізді  ортаға салайық!

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау. С.Торайғыров. «Қамар сұлу»  романы

Үй тапсырмасын сұрау мақсатында    сұрақ-жауап кезеңін  жүргіземін.

С.Торайғыровтың  өмірі  мен  шығармашылығы.  Сұрақ-жауап  кезеңі:

  • Ақын өмір  сүрген  жылдар?
  • Ақынның біліммен сусындаған  Білім Ордалары туралы баянда.
  • Ақынның  қандай  жинақтары  жоғалып  кеткен?
  • Ақын поэмаларын атаңдар.
  • Алаш ардагерлері туралы не білесің, оның ақын өмірінде қандай орны болды?
  • «Таныстыру» поэмасы арқылы ақын кімдерді таныстырады?
  • «Айқап» деген сөз қандай ойға жетелейді және Сұлтанмахмұттың қандай мақалаларын білесіңдер?
  • Сұлтанмахмұттың қандай романдарын білесіңдер?
  • «Қамар сұлу» романы көтерген әлеуметтік мәселе қандай?
  • Шығарма неліктен «Қамар сұлу» деп аталған?

ІІІ. Үй  тапсырмасын  бекіту мақсатында С.Торайғыровтың  «Қамар сұлу» романының мазмұны  жағынан  талдау  жұмысын орындатамын. 

Әр бөлімге  қысқаша  сипаттама  беру тапсырылады.

1 -бөлім. «Жігітті ел мақтаған  қыз жақтаған…»

2-бөлім. Сүйіспеншілік  сезімнің  қарлығаштары

3-бөлім. Күндестік  оты  жанғанда

4- бөлім. Жорға  Нұрым. Омбы  асқан  Ахмет

5-бөлім.Қырын келген құдалық

6- бөлім. От  ортасында  ойрандалған  Омар

7- бөлім. Қайғыдан қан  жұтқан   Қамар

8-бөлім.  Зұлымдық —  надандықтың  басты белгісі

9- бөлім.  Құрбандыққа шалынған жастар

ІҮ.  Үй  тапсырмасын пысықтау мақсатында  3 қатарға бөлінген топтар  өзара сұрақ алмасады.

Ү. Үй тапсырмасын қорыту  мақсатында  « Романнан  алған әсерім»   оқушылар ой бөліседі.

ҮІ.    Жаңа  сабақ.  

Міне,  балалар, біз роман  мазмұнымен таныстық. Енді  романдағы кейіпкерлердің

іс-әрекетіне  қарап,   жан-жақты  ой  саралап көрейікші.

ҮІІ.  Жаңа  сабақты бекіту мақсатында  шығарманы кейіпкерлер әлеміне  талдау  жүргіземін.

  1. Шығармадағы адамдардың тұрмыстық  жай -күйлері қалай берілген? Әңгімеле
  2. Роман кейіпкерлеріне талдау жаса
  3. Нұрым- қандай адам?
  4. Қамар мен Ахметтің қосылмау себебі неде?
  5. Сол замандағы бақсы-балгерлердің іс-әрекеті романда қалай берілген?

ҮІІІ. Проблемалық сұрақ. Романда кездесетін қарама-қайшылықтар осы заманда кездесе ме? Кездессе,  қандай түрде ?  Неліктен  «қатігездік-надандық  белгісіне»  саналады?

Қазіргі заман туралы   (ауызша) ой толға.

ІХ.  Тапсырмалар. Көркем шығарма мәтінімен жұмыс.

-Мына  шумақтардан  қазақ қызына тән  қандай қасиеттерді  көруге болады?

Жіңішке  сымға  тартқан  әні  қандай,

Балауыз  балбыраған тәні  қандай?!

Ақыл, ой, мінез, көрік түгел  келіп,

Толықсып толып  тұрған  сәні  қандай?!

Еріткен  іші-бауырыңды көзі  қандай,

Бал  тамған  майда  бұлбұл сөзі  қандай?!

Жұп-жұмсақ бып-биязы ішке кіріп,

Жайтаңдап жан  күйдірген кезі  қандай?!

 

Нұрлы  жүз жан-жағына сәуле шашып,

Бойының мінсіздігі онан  асып.

Өзгеден  сып-сыпайы Һәм  сүйкімді ,

Ең  арты  жүрсе-дағы аяқ  басып.

 

Талайы  бозбаланың  болған  ғашық,

Уай, шіркін!Болсайшы  деп бізге нәсіп.

Егер де Қамарменен  тіл қатысса,

Құдай  ұрып жым  болар қара  басып.

-Үзіндіде    кім суреттелген? Жазушы  сөзінің  мағынасын  аш.

 «Қан-жыны  араласып  қалған неме ғой, қия алмады. Қырық жылқы, он  түйе, бес жүз  сом  ақшаға   Қамардың  сорын қайнатып, саудасын пісіріп қойды».

Үзіндіде  қазақ  халқының  қандай  салт-дәстүрі  бейнеленген?

Жазушы   оны  қандай  бояумен,қандай әдіс-тәсіл   арқылы  жеткізеді?

«Уәделі  күнінде  басшы, қосшы, сауықшысымен  сәулеттеніп, ілу-жыртыс, кәдені адам айтар емес мол  қылып,  көшкен  елдей , пай шіркін , біздің  ынтығып отырған  болыс күйеуіміз  де келіп  қалды-ау!»

Х .Жаңа сабақты  пысықтау  мақсатында   «Тұжырым кестесін»  толтыртамын.

 

КейіпкерлеріАдами қасиеттеріІс-әрекеттері
Қамар

Ахмет

Омар

Жорға Нұрым

Оспан би

Қалтан қажы

 

ХІ.Ақын  стилі  мен шығарма  тіліне  талдау  .Кейіпкерлер портретін   қалай  береді?

  • Қамар
  • Ахмет
  • Нұрым

 

ХІІ.  Қ.Бітібаева  әдістемесі  бойынша  шығарманы  модельдеу  жүргіземін

І  бөлім.Шығарма  тақырыбы:Әлеуметтік  теңсіздік,әйел  теңсіздігі

ІІ  бөлім.  Шығарма  идеясы: Қазақ жастарының бас бостандығы, қыздарды қалың малға сатуды әшкерелеу

ІІІ  бөлім.  Шығармадағы  негізгі  кейіпкерлер:  Қамар, Ахмет, Омар, Нұрым

ІҮ  бөлім.  Шығармадағы  қосалқы кейіпкерлер: Қалтан,Оспан, Қасен, Жәуке,Жұмабай, Бәтек  молда

Ү  бөлім.  Шығарма  жазылған  әдеби  бағыт: сыншыл  реализм,жанры-проза, поэзия+проза

ҮІ  бөлім.  Шығармадағы  монологтерді  тапқызу.

Ахметті  сүйемін-ақ,сүйгенім үшін күйемін-ақ,

Ал  енді  шыдамадым… қараландым…

Ойдағым келді ме, жылы жауап берді ме,

Қамар мені сүйді ме,сүйгендіктен күйді ме?… 

  • Монолог кімдікі,қандай жағдайда айтылған?

ҮІІ  бөлім.  Шығарманың  көркемдік  ерекшелігі

ҮІІІ  бөлім.  Шығармадағы  суреттелетін салт-дәстүр: Атастыру, қызды қалың малға сату, жар-жар, үшкіру, кәде беру

ІХ  бөлім .Қолданылған  мақал-мәтелдер:      

«Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Таң атпайын десе де, күн қоймайды», «Кәріліктің алды жігіттіктің соңы», «арсызға алты күн мейрам», «Суға кеткен тал қармайды», «Теңі келсе, тегін бер», «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді», «Бір тойған – шала байдық», «Жалғыз қаздың үні шықпас, жалғыздың шаңы шықпас», «Сокырдың қолына, саңыраудың жолына түспе», «Жақсыдан жаман туса, емі болмас, жаманнан жақсы туса, теңі болмас», «Ит үрді, керуен көшті», «Бастан құлақ садақа».

Х бөлім. Кейіпкерлердің  мінез-құлқы: Зұлымдық, іштарлық, ақпейілдік, үрей

ХІ  бөлім. Басқа  тілден енген  сөздер:Указной  молда,школа, шаһыбаз, чаходка,сүре

ХІІ  бөлім. Шығарма құрылысы:

  1. Басталуы: Қамарды суреттеуі, Қамар мен Ахметтің кездесуі;
  2. Дамуы: Ғашықтық сезім, хаттарға берілген  жауап;
  3. Шиеленісуі: Олардың әлеуметтік жағынан  сәйкес  келмеуі,күндестікке толы ауылдағы өсек,  қудаланған  Ахметтің оқуға кетуі
  4. Оқиғаның байланысы.Нұрымның әйелі қайтыс болуы, Нұрымның Қамарға кісі жіберуі
  5. Шарықтау шегі: Қамардың зорлықпен ұзатылуы, науқастануы
  6. Шешімі:  Ахметпен кездесуі, өлімі

Х. Жаңа сабақты қорыту мақсатында  «Егер  мен  Қамардың  орнында  болсам,  қиындықты  былай  жеңер  едім»  немесе  «Егер  мен  жазушы  болсам…»   тақырыбында  ойтолғау  жазу. 

ХІ.Қорытынды.  Барлық  ойды  түйіндеу,  оқушыларға ой тастау

Ойтүйін.   Қашан да әділеттіліктің жаршысы болыңдар!

ХІІ. Бағалау

ХІІІ. Үйге тапсырма:

1.Шығармаға  дайындық.  «Қамар  сұлу» романындағы  Қамар  бейнесі

2.Шығармадан   қалауы бойынша   үзінді  жаттау