А.С.Пушкин Қазақстандағы (әлемдегі) ең көп оқылатын және үлкен құрметке бөленген орыс ақындарының бірі

Құрастырушыдан

 

Әрбір ұлт әдебиетінің тарихында туған халқының мәдени өмірінде жеке өзі бір кезең – дәуірді түзеп, соңына ұмытылмас, өшпес із-мұра қалдыратын заңғар суреткерлер болады. Сондай тұлға, әлем әдебиетіндегі аса ғажайып орыс ақыны  — Александр Сергеевич Пушкин. Бүкіл әлем мойындаған тәңір тектес сұлулықтың иесі мен киесі атанған «поэзия падишаһының» шығармашылығы қазақ жерінде тағы бір рет аталып өтпекші. Биыл Ресей елінде қазақ халқының данышпан ұлы «Абай жылы» деп жарияланса, біздің елімізде орыс халқының аса дарынды тұлғасының құрметіне  2006 жыл   «Қазақстандағы Пушкин жылы» деп жарияланды. Осыған орай жыл бойы елімізде мәдени, тәрбиелік түрлі шаралар атқарылмақ.

Академик З.Ахметов: «Александр Сергеевич Пушкин-орыстың классикалық жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы ақын әрі кемел суреткер жазушысы. Оның өмірі мен шығармашылық жолы азаттық, адамгершілік идеялары үшін аянбай күресу жолы болды. Пушкин сан алуан жанрлық түрлерді еркін меңгерді. Әр қилы лирикалық өлең, поэма, әңгіме, повесть, тарихи роман, поэма, өлеңмен жазылған роман, ұсақ та, кесек те шығарма-міне, осылардың қайсысын қолға алса да, ол шындығына терең бойлап, тың көркемдік шешімдер таба алды» десе,  орыс халқының жазушысы В.Г.Белинский «Пушкин барлық уақыттың және барлық халықтардың ақыны» дегені белгілі.

Пушкин мұрасы  қазақ халқының да рухани қазынасы төрінен орын алуда.      Біз, қазақ халқы Пушкин десек Абай дейміз. Әр дәуірде өмір сүрген, көрші екі елдің маңдайына біткен қос алыптың өзара рухани туыстығы мен шығармашылық рухының біте қайнасқан сәттері де ұрпақтарының жадынан өшпейтіні ақиқат. Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын ұлы Абай негізін салған Пушкин мұрасымен танысу өз жалғасын тауып келеді және таба да  бермек. Қазақ халқының Пушкин есімімен танысуы туралы алғашқы дерек «Туркестанские ведомости» газеті 1899 жылы  май айындағы санында жарық көрді.

Міне, содан бері ғасырдан аса уақыт өтті.  Прогресс биігінде тұрған әрбір қазақ Пушкиннің есімімен ғана емес, оның шығармаларымен де таныс.

Ақын поэма — өлеңдері, ертегілері, оның сюжеттеріне жазылған опералар мен балеттердің үзінділері, өлеңдеріне жазылған романстар, ертегілері бойынша түсірілген мультфильмдер, шығармашылығы туралы әдебиеттер Пушкин шығармашылығына арналған шаралардың алтын қазығына айналмақ.

Пушкин өзін «балалар жазушысы» деп есептемегенімен, оның ертегілері тіпті де кішкентайларға арналып жазылмағанымен тағдырдың жазуымен бұл шығармалар Ресейдің ұлы кемеңгері мен балалар арасын жалғайтын көпірге айналды.

Қазақ жерінде ақын есімін алғаш рет қашан естігенін, оның суретін алғаш рет қашан көргенін есіне түсіре алатын бір қазақ баласы табыла қоймас, сірә.

Бірақ біз әрқашан бес жасар қаракөз сәбилеріміздің «алтын балық», «алтын әтеш», «Салтан патша» деп былдырлап, кішкентай саусақтарымен кітап мұқабасындағы ақын суретіне созылып «Пускин аға» деп көрсеткендеріне куә боламыз.

Биыл Қазақстандағы Пушкин жылы. Міне, нақ осы күндері қазақ балаларының көпшілігі ақын есімімен, оның ертегілерімен алғаш рет танысуы мүмкін. Таныстық дәнекері өздеріңіз болыңыздар, әріптестер.

Көпшілік назарына ұсынылып отырған құралда  ақын өмірі мен шығармашылығы, оның Қазақстанмен  байланысы туралы материалдар жинақталған. Аталған  тақырып қазақ ғылымында едәуір зерттелгенімен, бір жинаққа топтастырылмаған. Сондықтан құралда ақынның қазақ даласына сапары, оның мұраларының ана тілімізге аударылуы, ақын бейнесін қазақ поэзиясында сомдау туралы материалдар деректемелік баяндама, әңгіме, шолу, сайыс ретінде батыл енгізіліп отыр. Жинақ әдебиеттер тізімімен толықтырылған. Сондай-ақ жинаққа ақынның танымал өлеңдерінің толық мәтіндері берілген.

2006 жыл —  Қазақстан халқы үшін орыс ақынының өлмес рухына тағзым етілетін үлкен де салтанатты күндер  болып тарихта қалары сөзсіз. Әрбір балалар кітапханасы өз қорында бар  Пушкин мұрасын пайдалана отырып, ақын шығармашылығын оқырмандар арасында кеңінен насихаттап  өз деңгейінде өткізері анық. Бұл күндері кітапхана шаңырағы астында Пушкиннің мәңгі өлмес мұрасы шексіз қанат қағып балғын оқырмандарымыздың жүрегіне жол табары сөзсіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тіл біткен жүрер менің атымды атап…

Суретті-кітап көрмесі

 

                                                           Поэзия-сәулелі ұлы Күндей,

                                      Ұлы әлем жүрегінің діріліндей. 

                                                                                           Ш. Сәриев 

 

А.С.Пушкин Қазақстандағы (әлемдегі) ең көп оқылатын және үлкен құрметке бөленген орыс ақындарының бірі және солай болып қала да береді. Оның аса танымал екендігін куәландыратын деректер өте мол. Пушкин шығармаларының аудармалары (соңғы деректер бойынша 1917 жылдан бастап жүзден аса шет ел тілінде басылып шыққан), басылымдары, ол туралы мақалалар мен монографиялар, спектакльдер, концерттер, кинофильмдер, теле және радиохабарлар, әдеби кештер, өлең оқушылар сайысы, мұражай экспонаттары, картиналар, сувенирлер… Міне, бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

 

 

Дәйек сөз: «Мен Россияның алыс түкпірінен келген өкіл ретінде сіздердің көпшілігіңізге әлі мәлім емес жаңа бір жайды айтқым келеді. Осы залда тұрып көрегендікпен болжаған Пушкиннің өз сөзімен айтқанда оның «даңқы бүкіл орыс жеріне жайылады және ол барлық тілде сөйлейтін болады».

 

П.Располов: Орынбор интеллигенциясының өкілі.

1880 жылы 7 шілде күні А.С.Пушкиннің ескерткішін ашуға арналған салтанатты кеште сөйлеген сөзінен.

 

Көрме мынадай бөлімдерден тұруы мүмкін:

 

І. Орыс поэзиясының жарық Жұлдызы

Дәйек сөз:     «Ұлы орыс халқының ұлттық мәдениетінің мақтанышы, бүкіл адам баласы бас иген данышпандардың бірі…»  Қ. Жармағамбетов

 

ІІ. Өлең-жырдың өзегі — Пушкин

Дәйек сөз: …Сен, Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,

Сен-біздің бұл ғасырдың өлең, әні.

Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,

Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні…  

Бұл бөлімдер  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналады.

 

 

 

ІІІ.  «…Ақын кетті даланың досы болып…»

 

Дәйек сөз: …Жыр қылып Пугачевтің басқан

                                                                   ізін,

                   Атақты ақын Пушкин келіп кеткен.  Жамбыл.

 

 

Бөлімге қойылатын әдебиеттер «Пушкин – Қазақстанда» тақырыбын қамтымақ. Бұл тарихи құжаттар, мәліметтер, сирек фотосуреттер, ақын жазбалары, Оралдың қазіргі өзгерістері.

 

ІV. «Ақын үніне сахара мүлгіді».

Дәйексөз:  «Тіл біткен жүрер менің атымды атап…»

                                                                                                     Пушкин

Сонау 1887 жылдың қысында орыстың данасы Пушкиннің сүйікті Татьянасын қолынан жетектеп кеп қазақтың кең сахарасына ең алғаш қадам бастырған Абайдан бастап ақын шығармаларын қазақ оқушысына өз тілінде таныстырып келе жатқан сөз сүлейлерінің жинақтары осы бөлімде шоғырланады. Әдебиеттер тізімін құрал соңында берілген «Пушкин аудармалары» қосымшасынан қараңыз.

 

  1. V. «Сен – біздің бұл ғасырдың өлең, әні!».

Дәйексөз:  «Көпшілікке кең тараған «Жолдастар», «Жас қазақ» әндерінің авторы, өмірден мезгілсіз кеткен, партизан композитор Рамазан Елебаевтың Жамбылдың «Асқан бұлбұл» өлеңіне жазған бұл әні 30-ші жылдарда шыққан тамаша әуендердің, әндердің үлгісіне жатады».

                                                                 Ө.Байділдаев.

 

Пушкиниананың бұл бөліміне поэзияда, музыкада, балетте, бейнелеу өнерінде, кино мен театрда бірдей аты шыққан ақын бейнесі мен оның шығармаларының қазақстандық сомдалуының озық үлгілері қойылады.

 

*    *    *

 

Көрменің үлкен табыспен өтуін сондай-ақ әрбір бөлімнің суретті материалдармен, альбом-буклеттермен, кітап іші суреттерімен, фото-көшірмелер және сурет өнері қайраткерлерінің картиналарының репродукцияларымен безендірілуі қамтамасыз етеді.

 

 

 

 

 

 

Орыс поэзиясының жарық Жұлдызы

Әңгіме сағаты

 

Дайындық кезеңі:   А.С.Пушкиннің балалық шағы, ақын кезіндегі суреттері,  оның ертегілеріне байланысты салынған  суреттері  дайындалып, шара өткізілетін күні балаларға экраннан көрсетіледі.   Пушкин ертегілері бойынша қазақ және орыс тілінде шыққан ақын  кітаптарынан көрме ұйымдастырылады.

Әлемде не жарық? Күн жарық. Адамда не жарқын? Даналық. Бұларсыз дүние қараң. Бұл екеуінің жарығы мен жылуы, шапағаты мен шарапаты дүние жүзіндегі барша адамзатқа аян, ортақ, өлшеусіз ұзақ. Күннің көзін бұлтпенен, данышпанның көзін зар заман қиыншылығымен бүркеуге болады, бірақ мүлдем сөндіру, өшіру мүмкін емес.

Орыс халқының ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің өмірі де соған дәлел.  Оның өлеңдері мен әлемде тең келмес шығармалары міне, екі ғасырға жуық поэзия сахнасысының төрінен орын алуда.

Пушкин есімі мен оның шығармалары қазақ оқырмандарына ертеден таныс. Шығыс халықтарының ішінде ең алғашқылардың бірі болып Абай оның өлеңдерін, «Евгений Онегин» романынан үзінділер аударып, оның кейбір сөздеріне ән шығарған. Абай салып берген бұл дәстүрді Қазақ жазушылары ілгері жалғастырып, Пушкин шығармашылығына айналып соқпаған, одан үлгі алмағаны жоқ десек қателеспейміз. Бүгінде қазақ балалары Пушкин ертегілерін, өлеңдерін, роман-поэмаларын орыс тілімен қатар, өз ана тілімізде де оқи алады. Ақынның тамаша тілмен жазылған өлеңдері мен сан қилы кейіпкерлерге толы ертегілерін оқыған оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.

 

«Ханның қызын кет алып,

Таста орманға апарып.

Таң, еменге байлап кет,

                        Өлсін қор боп қасқыр жеп»… ,-  (ауд.Ә.Тәжібаев) дейтін залым өгей шешені және  патша әйелін, кішіпейіл де мейірбан хан қызын, айлакер Балданы, қатігез Дадон патшаны, астау тойымсыз жанындағы кемпірді  кім білмейді. Мүмкін сендер

«Теңіздің жағасында жасыл емен,

Тағулы сол еменге алтын шынжыр:

Түн демей, білгір мысық күндіз демей

Шынжырмен шыр көбелек айналып жүр.

Жүрсе ол оңға айналып-өлеңдетер,

                    Айналса солына егер-ертек шертер»- (ауд. Ә.Тәжібаев) деп басталатын ғажайып «Руслан мен Людмила», ондағы оқымысты білгір мысық туралы, зұлымдық пен қиянатқа қарсы күрескен жаны жайсаң, жаужүрек жігіт жайлы жазылған «Дубровский» немесе шаруалар көтерілісінің басшысы Пугачевпен кездесіп, дос болған жас офицер Гринев  туралы естіген боларсыңдар.  Ақынның

«Толқынданған тұманнан

Ай бұлқынып шығады.

Төңірекке мұңайған

                                Мұңды сәуле құяды»-деп басталатын (ауд. Ғ.Орманов) «Қысқы жол»,  немесе

«Әрі аяз шуақ күн тамаша!

Маужырап жатпақшысың, досым, қанша,-

Сұлуым, оянатын уақыт болды,

                               Ләззәтпен жұмған назды көзіңді аша…»- деп қысқы таңды тамаша суреттейтін (ауд. Т.Жароков) «Қысқы таң»  және бала кезіндегі тәрбиешісіне арнаған «Менің ауыр күндерімнің сырласы»  сияқты өте танымал өлеңдері сендерге таныс.

Ертегі, өлең, повесть, поэма… бұлардың барлығы Пушкин жазған телегей –теңіз  мол дүниенің болмашы бір тамшысы ғана. Ақынның поэма, драма, романдары қаншама.

Әрине, біз Пушкинді тек жақсы әңгімелері үшін ғана жақсы көрмейміз… Пушкин шығармаларында әртүрлі оқиғалар, адам өмірінің түрлі тағдыры және әртүрлі елдер туралы керемет шеберлікпен, қызықты етіп жаза білген. Ол Кавказ жерінің таулары мен асау өзендері, Қара теңіз, Қырым, Одесса, Мәскеу, Петербург қалалары, орыс деревнясының тыныс-тіршілігі туралы және сол кезде өмір сүрген адамдар үшін бейтаныс  Италия, Испания, Франция, Англия сияқты алыс елдер туралы жазған. Пушкин бұл жерлер туралы жаза отырып, бала мен ересек, әйел мен ер адам, жас пен кәрі, шаруа мен мырза, генерал, патша және  қайырымды, адал адамдармен қатар қатыгез, жауыз кейіпкерлердің іс-әркеттері көз алдымыздан керемет жанды бейне түрінде өтіп жатады.

Пушкин өзінің шығармаларында сол кездегі адамдар мен оқиғалар туралы әңгімелеп қоймай, өткен өмір туралы да қалам тербеген. «Руслан мен Людмила», «Борис Годунов» сияқты шығармаларында алыста өткен өмір , орыс князьдері мен батырлары туралы жазады.

Пушкиннің көптеген өлеңдері музыкаға салынып, оның ірі шығармалары: «Руслан мен Людмила», «Салтан патша туралы », «Алтын әтеш», «Евгений Онегин», «Русалка», «Дубровский», «Борис Годуновқа»  опера жазылған.

Пушкиннің өмірі өзінің поэзиясы сияқты өте қызық болды. Ақынның өмірге келуі де өзгеше еді…

…Александр Сергеевич 1799 жылы Мәскеу қаласында ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Оның шешесі жағынан арғы атасы Африка жерінен келген Ибрагим атты бұйра, қара шашты эфиоп еді. Оны өз елінен ұрлап шығып, Түркия еліне әкеліп, орыс патшасы Бірінші Петрге сыйға тартады.   Бала Ресей жеріне келгеннен кейін, оған Ганнибал деген ата-тек беріледі. Пушкиннің шешесі Надежда Осиповна Ганнибал осы «Ұлы Петр арабының» немересі еді.    Болашақ ақынның әкесі Сергей Львович әдебиетке әуес, тіпті өзі өлең шығаратын кісі болған. Ал оның інісі, Василий Львович, кезінде белгілі ақын атанған. Пушкиннің үйіне сол кездегі көрнекті ақындар жиі- жиі келіп тұрады екен. Поэзия жайындағы әңгімелер, өлең оқу, әкесінің бай кітапханасы зерек, алғыр балаға үлкен  әсер етіп, оның ақындық талантының оянуына себепкер болған. Пушкиннің бала күндегі досы тәрбиеші әйел Арина Родионовна еді. Қарапайым шаруа қызы  болашақ ақынның халық поэзиясына құштарлығын оятуда зор әсер еткен. Пушкин өзінің әжесі Мария Алексеевнаны да өте жақсы көрген. Әжесі мен тәрбиеші әйел кішкене Сашаға халық ертегілерін, әндері мен әңгімелерді майын тамызып айтып беріп отырған. Кейіннен Пушкин естіген халық ертегілері бойынша өзінің тамаша шығармаларын жазған.

Ақын балалық шағында-ақ орыс әдебиетінің сол кездегі тамаша туындыларымен, батыс Еуропаның   алдыңғы қатарлы ақын-жазушыларының еңбектерімен танысып үлгерген.

Лицейде оқып жүрген кезінің өзінде-ақ белгілі ақындарды таң қалдыратын өлеңдер жазған. Көп кешікпей ол Ресейдің ең атақты ақынына айналады. Дегенмен, оның өмірі толассыз еңбек пен күреске толы өте ауыр қиындықпен  өтеді.

Бостандықты аңсаған өлеңдері және декабристермен жақын достығы үшін Ресей патшасы оны әр түрлі жерлерге айдауға (Михайловск селосы, Кавказ, Молдавия ) жібереді. Дегенмен, Пушкиннің аса дарындылығына көз жеткізген жаңа патша оны сарай ақыны етуді көздейді. Бірақ, қашанда ақиқатты бәрінен де жоғары бағалаған ақын өз жүрек қалауындағы дүниелерді ғана жазады.

Ақынның айдауда Михайловское селосында, қалың орман саясында әдебиетпен айналысуы бекер емес. Ақындық бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы екенін ұғынған ақын сөйтіп орыс әдебиетін биіктетіп, ұлттық мүдденің аспандауына қызмет қылды.

Өзінің ата-тегін мақтан тұтқан екі жүзді ақсүйектер мен су жүрек қорқақтар оны сол үшін жек көріп, дарыны мен ақылын, батылдығы мен әділдігін іштері күйе күндеп, шығармаларын бастыртпай тастайды. Пушкиннің өмірі мен ісіне қиянат жасауға дейін барды.

1837 жылдың қысында ақынға тіл тигізгендердің бірі, орыс әскерінде қызмет етуші Дантес деген француз бен Пушкин арасында дуэль болды. Бұл дуэльде ақын қатты жарақаттанып 10 ақпан күні қайтыс болады. Ол кезде ақын 38 жасқа да толмаған еді…

Сол күндері бүкіл Ресей халқы күңіреніп, «орыс поэзиясының күні батты» деген сөздерді қайталап, сұмдық қазаға қатты қайғырды.

Пушкиннің ғұмыры өте қысқа болды. Бірақ ол өмірінде сан ғұмырға тұрарлық ғаламат іс тындырды. Пушкин шығармашылығы арқасында орыс әдебиеті дүние жүзінің аса үлкен әдебиеттерінің біріне айналды.

Пушкин бүгінде орыс халқының ғана емес, барлық халықтарға ортақ ақын. Қазақ халқының Абай бастаған барлық ұлы  ақын-жазушылары, суретші, композиторлары, көптеген ғалымдарымыз Пушкинді оқып, тіпті оны қайталап оқып, мәңгі ұстаз тұтты және ол жалғасын тауып келеді.

Шынында Пушкиннің жазғандары ғажайып бір сиқырлы дүниеге ұқсайды:

Қара боран көкті жапты

Қарлы құйын қуалай.

Кейде ұлыған аң сияқты,

Кейде жылайды баладай.

Небәрі он төрт-ақ сөзден тұратын шап-шағын осы шумақта қаншама ғажап көрініс  қамтылған десеңші: түнерген аспан, долданған боран, қарлы құйын… Оның бірде гуілдеп, бірде ысқырған ұнамсыз үні расында аш қасқырдың ұлығаны мен жас баланың жылағанын еріксіз еске түсіреді.

Бұл өлең табиғаттың көңілсіз көрінісі туралы болғанымен, ол әсемдікке толы. Пушкин шығармалары табиғат сұлулығына, әсемдік әлеміне арналады.

 

Ашылмай жиі күн көзі,

Торлайды көкті күз кезі,

Күндер де қысқа күздегі,

Қаңқылдап қаздар тізбегі

Күнгейге қарай жөнеді,

Даланы тұман қаптады,

Түнеріп сая бақтағы

Жапырағын жадау төгеді;

Таусылды кездер тамаша;

                                Қайрылды қайта қараша,-деп төгілген өлең жолдарынан ақынның көңіл күйін түсінеміз.

Ақынның жақсы көретін жыл мезгілі – күз. Ақын жыл сайын өзінің сүйікті жыл мезгіліне арнап бірнеше өлең арнаған.

Ертегі әрқашан қалай аяқталады? Әрине, ақиқат зұлымдықты, өсек-өтірікті, тойымсыздықты, көрсеқызарлықты да жеңіп шығады. Пушкин шығармалары да солай. Мысалы,

«…Бар ма, қартым, қуатым, қалауың?»

Шал иіліп-бүгілді:

«Кешірім ет, қарағым,

Кемпір тағы бүлінді.

Болам теңіз тәңірі,

Көк теңізге кетемін.

Анау алтын балығың

Болсын,-дейді-нөкерім!»

Не десін қу қақбасқа,

Жалт етті де құйрығы

Бір ауыз тіл қатпастан,

Көк теңізге сүңгіді.

Қайтты батып шал мұңға,

Жер үй жатыр құмы ұшып.

Сынған астау алдында,

                                 Кемпірі отыр бүрісіп» — деп аяқталатын «Балықшы мен балық туралы ертегіні» (ауд.С.Жиенбаев)  еске түсіріп көрейік. Мұнда ақыр аяғында кімнің соры қайнайды? Әрине, жарық астаудың жанында зарлап қалған кемпірдің соры қайнайды. Оған кім кінәлі? Әрине, оның мейірімсіздігі мен түпсіз тойымсыздығы кінәлі. Бұл ертегі арқылы Пушкин кім зұлымдық істесе, кім өз қара басының ғана қамын ойласа, ерте ме, кеш пе ол өз түбіне өзі жететінін, жамандықтың ешқашан да жақсылық пен шындықты жеңе алмайтындығын көрсетеді.

А.С.Пушкиннің «Белкиннің повестері», «Капитан қызы», «Ұлы Петрдің арабы» атты прозалық шығармалары, өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романдары да бейнелі тілмен жазылған.

Пушкин шығармалары өте мөлдір, сондай таза, түсінікті. Тұп-тұнық көлдің суына көз салғандарың бар ма? Қол созсаң түбіне тиердей айнадай жарқырап жатпай ма? Ал шынына келгенде ол тұңғиық, терең. Пушкин де дәл солай. Оның қарапайым сөздерінде қаншама даналық жатыр десеңші! Мұны біз біртіндеп, жылдар өткізіп барып түсінеміз. Сондықтан да Пушкинді қайта-қайта оқуға болады және оқыған сайын жаңалық тауып, рахатқа батасың.

Пушкинді оқу- зор бақыт және қуаныш.

 

  

Пушкин қазақ жерінде

Деректемелік баяндама

 

Қазақстан үшін Пушкиннің кім екенін түсіндіріп жату артық болар, мұнда ол әрбір үйде Абаймен бірге қазына ретінде қастерленеді. Өйткені ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы өзінің көзі тірісінде-ақ Қазақстанмен, қазақ халқымен байланысты болды. Бұл байланыс сонау 1823-24 жылдардың өзінде-ақ басталған еді. Бұл жылдары ол Одесса қаласында айдауда жүрген, генерал М.С.Воронцовтың кеңсесінде жұмыс істейтін. Сонда жүріп ол атақты шығыстанушы – ғалым Алексей Левшинмен танысады. Алексей Левшин бұған дейін қазақ жерінде болады, қазақтар туралы «Қырғыз-қайсақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген үш томдық еңбек жазып жариялайды. Міне, осы А.Левшин өзінің қазақ жеріне жасаған саяхаты, қазақ елінің өмірі, тарихы, әдет-ғұрпы және салт-санасы жөнінде ұлы ақынға тебірене сыр шертеді.

Арада 10 жыл өтеді. Пугачев көтерілісі туралы көлемді шығарма жазуды ойлаған А.С.Пушкин шаруалар қозғалысының өрті шарпыған аймақтарды аралау үшін Петербургтан 1933 жылдың 17 тамызында сапарға аттанады. Москва, Нижний Новгород, Қазан, Симбирск қалалары арқылы бір айдай шамасы жүріп, 18 қыркүйек күні Орынборға келеді. Мұнда 2 тәулік болады. Орынбордан 20 қыркүйек күні шығып ертеңінде Орал қаласына келеді, онда үш күн болып, 23 қыркүйекте Болдиноға жүріп кетеді. Бүгінде ақынның осы сапарында аялдаған үйдің қабырғасында сол тарихи күндерді көзге елестететін мемориал тақта қойылған. Орал  өңірі тарихи талай тамаша беттерге толы. Ресейдегі ең бір күшті шаруалар қозғалысының шарпуы тиген, оның қолбасшысы Емельян Пугачев болған Жайық атырабы – орыс әдебиеті мен өнерінің аса көрнекті өкілдері – И.А.Крылов пен В.А.Жуковский, А.С.Пушкин мен В.И.Даль, А.Н.Плещеев, Л.Н.Толстой мен В.Г.Короленко, А.А.Фадеев пен М.А.Шолоховтар болған, шығармаларының талай беттері жазылған жер. Пушкин Оралда болған сапарында Жайық бойын жағалап, оның төңірегін аралаған. Ол сол жерде қыруар тарихи деректер жинап, мұрағат материалдарын зерттеп, көтеріліс болған жерлерді аралады. Көтерілісті көзімен көрген адамдардың естеліктерін, ел арасында сақталған жыр, әңгіме-аңыздарды жаздырып алған.  Мұның бәрі Пушкинге шаруалар көтерілісін, оның басшысы Пугачевтің бейнесін суреттегенде тарихи шындықты айнытпай дәл көрсетуге мүмкіндік берді.  Жазушының Пугачев бастаған көтеріліске орыс шаруаларымен бірге басқа халықтар өкілдерінің –башқұрт, қазақ кедейлерінің де қатысқанын суреттеуі сүйсінерлік. А.С.Пушкин зайыбы Наталья Николаевна Пушкинаға жазған хатында: «…Орал қаласына келдім. Мұндағы халық біздерді қуана қарсы алды. Елі қонақжай екен. Менің құрметіме түсте екі дүркін дастархан жайылды» деп риза болған.

Ақын Орынбор, Орал сапарынан кейін Болдинода «Пугачев тарихын» тәмамдап, «Капитан қызы» повесін жазуға кіріседі. «Пугачев тарихында» сол кездегі қазақ халқының да мән-жайы сөз етіліп, дала табиғатының сан алуан көріністері суреттеледі. (Пушкин А.С. Пугачевтің тарихы. – Алматы, 1956)

Ақынның Орынбор сапарында оның қасында орыс тілінің әйгілі түсіндірме сөздігін жасаған, жазушы-фольклорист В.И.Даль бірге жүргені белгілі. Ол А.С.Пушкиннің досы болған, ақын ғұмырының соңғы сәттерінде жанында болған адамдардың бірі. Бұл туралы көрнекті ғалым Ш.  Сәтбаеваның «Достық дастандары» еңбегінде: «Владимир Порудоминский «Даль» атты кітабында олардың достығына байланысты басқа да деректерді әңгімелей отырып, Пушкин мен Дальдің 1833 жылы Орынборда бірге болған сәттерін де көрсетті» делінген.

Жүйелі түрде зер сала қарасақ, ұлы ақынның шығармашылығында қазақ халқы туралы да деректер едәуір орын алғанын, халқымызға деген жылы ықылас-ілтипатын, бүкіл ХІХ ғасыр бойына өрілген екі халық достығының тамаша үлгілерін көреміз.

Өз Отанының жалынды патриоты болған Пушкин орыс халқымен жақын, тағдыры бір, туыстас барлық халықтардың өміріне үңіле қарады, олардың тілек-мүддесін, арманын терең түсінді. Пушкин қазақ жерінде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Ол қазақ жігіттерінің Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне бел шеше қатысқанын білуімен ғана тынған жоқ, сонымен қоса қазақ халқының бай сөз өнеріне құмарта қызығып, ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларының бірі- «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын жаздырып алды. Көлемі бес беттік, сиямен жазылған бұл қолжазба Пушкин мұрасын зерттеушілерге  кейінірек белгілі болды. Оны ақынның қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты шығарған. «Временник Пушкинской комиссии» жинағының үшінші томында «Пушкин архивіндегі қазақ аңызының қолжазбасы» деген атпен алғаш рет жариялаған профессор Л.Б.Модзалевский «Пушкин қазақ халық шығармашылығының тамаша ескерткіштерінің бірімен таныс болған деп есептеуге болады» деп жазды.

 

 

Кейінірек бұл аңыз туралы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу бейітінің тұрған жері, мазардың мән-жайы, қалпы, айналасындағы мүсіндер туралы орыс шығыс зерттеушілері терең пікір-тұжырымдар айтқаны белгілі. А.С.Пушкин мұрағатынан табылған қолжазба – орыс әдебиеті мен шығыстану ғылымында қазақ поэмасы туралы алғашқы материалдардың бірі болды. Поэманың  мазмұны баяндалмастан бұрын қолжазбада Аякөз маңындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының тұрған жері, онда Қозы Көрпеш пен Баянға және жырда кездесетін басқа екі кейіпкерге орнатылған төрт мүсін болғаны туралы айтылады. Бұл деректер ғылымда өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғана пайда болғаны аян. Олай болса, Пушкин мұрасындағы жазбалар – бұл жыр туралы тұңғыш деректердің бірі.

А.С.Пушкин архивінде сақталған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» аңызындағы кейбір ерекшеліктер қазақ аңызына бір жылылық, романтикалық әсерлі әуен әкелген. Қазақ аңызы негізінде поэма жазуды ойлап, мүмкін ақын осы сапарда естіген сюжетін кейінге сақтап қалдыруы мүмкін.

Өмірінің соңғы кезінде жазылған белгілі  «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» өлеңінің қолжазба түрінде сақталған бір нұсқасында қазақ халқын да атап өтеді.  Бұл өлеңнің үшінші шумағы о баста мынадай болған:

 

Слух обо мне пойдет во все концы России.

                            Узнает всяк живущий в нем язык…

                            Могущий внук славян и финн, грузинец

                            Черкес, киргизец и калмык.

 

А.С.Пушкиннің бұл өлеңі Оралда болып қайтқан соң үш жылдан кейін жазылған екен. Ұлы ақынның туғанына  200 жыл толуына орай, 1999 жылы Мәскеу қаласында Пушкин еңбектерінің әу бастағы қолжазба нұсқаларының толық  жинағы жарыққа шықты. Сол жинақтан осы өлең шумағының  о бастағы нұсқасын кездестіреміз.

Қазақ тарихында Пушкин мұрасына алғаш айрықша зер салып, өнеге еткендер Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев болғаны белгілі. Олар Пушкинді тек ақын ретінде қызықтаумен тынған жоқ, терең зерттеп ізденуіне тірек етті.

 

Жалпы, А.С.Пушкин өмірі мен шығармашылығында ерекше орын алатын аймақтардың бірі – Қазақстан. Бұл сапарын ақын  ерекше мақтанышпен еске алады. Оның Орынбор мен Оралға саяхаты туралы «И назовет меня» – «Атым да аталар…» деген атпен кино — әңгіме жарық көрді. Республикамыз туралы 40 кинохроника жасап шығарған кино маманы И.Верещагин құрастырып, Б.Девинский жазған сценарий бойынша операторлар В.Васильченко мен Н.Носов түсірген бұл тарихи құжаттарды, мәліметтерді, сирек фотографияларды, ақын жазбаларын, Орынбор мен Оралдың қазіргі өзгерістерін көрермендер көз алдына әкеледі. А.С.Пушкин өмірінің соңғы жылдарында тұрған Петербургтегі үйі, қазірде Мойка көшесіндегі музей-үй көз алдыңнан өтеді. Осында ақын жаздырып алған «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» аңызының қолжазбасы сақталған. Кенет қайғылы қазаға ұшырамағанда, ақын осы аңыз негізінде, болмаса жеке- дербес қазақ даласына арнап өлең не поэма жазар ма еді деген ойға қаласың. «Атым да аталар…» деген кино-әңгіме сәтті шыққан. Онда ұлы ақын туралы қазақ ақындары Жамбыл Жабаевтың, Ғ.Ормановтың, Қ.Бекхожиннің, Ж.Молдағалиевтің, Қ.Сатыбалдиннің өлеңдері де келтірілген.

 

Жоқ, өлмен, жаным тірі өлеңімде,

                              Жаңғырад, құрымайды денем мүлде,

                              Жалғанның жарығында мен ардақты,

                              Жасаса жалғыз ақын керегі не…,- деп ақын өзі жырлағандай (ауд.Б.Бұлқышев), оның өлеңі де, өзі де халықпен бірге жасай береді.

Алматы және Орал қалаларында ақынның ескерткіштері бар. Орал қаласындағы Пушкин тоқтаған үй мұражайға айналып, Қазақстандағы көптеген оқу орындары мен мектептер, кітапханалар мен көшелерге Ресей перзентінің аты берілген. Қазақстанның басқа да көптеген қала-ауылдарының көшелері Пушкин атымен аталады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Пушкин ертегілерін ашайық»

Төменгі сынып оқушыларына арналған әдеби лото

 

Ойын өткізу үшін қажет құралдар: әдемі безендірілген 6 конверт. Олардың әрқайсысы 1-ден 6-ға дейін нөмірленген; 6 қырлы кубик, әр қырында 1-ден 6-ға дейінгі сандар жазылған; жетондар, кітаптар және жүлделер.

Ойынның барысы:

Үстелде сұрақтар салынған 6 конверт жатыр. Ойынға қатысушылар кезекпен столға жақындап кубик тастайды. Кубик қырындағы санмен бірдей түскен конверттегі сұрақтың біреуін жүргізуші дауыстап оқиды. Жауабын ойлауға бес секунд уақыт беріледі. Сұрақтың жауабын дұрыс қайтарған ойыншыға жетон табыс етіледі және оның столға тағы да шығуына құқы бар. Жауап қайтара алмаған ойыншы орнына отырады, ол енді ойынды тек көрермендер арасында ғана жалғастыруына болады. Көрермендердің де ойынға белсенді қатысуына болады: қолын бірінші көтеріп, жауап қайтарған бала да жетонға ие болады. Столға екінші, үшінші… рет тек қолында жетоны бар ойыншылар ғана шыға алады. Кім бұрын 6 жетон жинаса сол жеңімпаз атанады.

 

Ойынға қанша адам қатысам десе де ерікті.

Ескерту: Егер ойыншы сұраққа дұрыс жауап бере алмаса, ол өзінің жетонын дұрыс жауап айтқан балаға береді де өзі көрермендер қатарына қосылады.

 

«Алтын әтеш туралы ертегі» атты бірінші конверттің сұрақтары.

 

  1. Дадон патша кімнен көмек сұрады?

«Даңқы жеткен алыстан

Бар екен бір данышпан,

Содан ақыл сұрапты…»

  1. Әтешті сыйға тартқан данышпан қартқа Дадон патша қандай тарту бермекші болды?

«Мұныңды ұмытпан,

Не тілесең – беремін,

Айтқаныңа көнемін».

 

  1. Дадонның патшалығын қанша уақыт ешкім мазаламады?

«Талай көктем шығады

Әтеш үнсіз тұрады».

  1. Патшалыққа жау қай жақтан тиді?

«Әтешінен жай кеткен,

Шығыс жақты бетке алып

Зар илейді оқталып».

  1. Дадон бірінші ұрысқа қай ұлын салды?

«Дадон ұран тастайды,

Үлкен ұлы бастайды».

  1. Дадон патшаның қанша ұлы болды?

«Дулыға жоқ басында

Қаруы жоқ асынған,

Жатыр өліп ұлдары». (2 ұлы)

  1. Дадон патша қанша уақыт хан қызының шатырында көңіл көтерді?

«Кіргендей бір жұмаққа,

Тойлайды хан бір апта».

 

  1. Дадон патшаға кім кездесті?

«Аққудайын пішінде

Ақ қалпағы басында,

Ақ таяғын асынған

Қарт данышпан келеді».

  1. Дадон патша данышпанның жақсылығын немен қайтарды?

«Аса таяқ сарт етіп,

Құлайды шал жалп етіп,

Сол жатқаннан тұрмайды».

  1. «Алтын әтеш туралы ертегі» қандай сөздермен аяқталады?

«Ертегі ғой… алайда

Сабақ болар талайға!»

 

«Молда мен оның жалшысы Балда туралы ертегі» атты                                        екінші конверттің сұрақтары.

 

  1. Молда Балданы қандай ақыға жалдады?

«Бар болғаны – жылына

Маңдайыңнан үш шертік».

  1. Балда қалай жұмыс істеді?

«Жеті адамның істерін

Жалғыз өзі тындырып,

Тұрмай жатып ел-аймақ,

Атын жегіп, жер айдап

Пештің ішін аңыратып,

Жағады отты лаулатып.

Жұмыртқаны пісіріп,

Қойды асты түсіріп…»

  1. Молда әйелі Балданы ақы төлемей қалай қайтару керектігі туралы молдаға қандай ақыл айтты?

«Қайтесің құр әурені,

Құтылар жол бар, — деді

Келмейтін бір қолынан

Жұмыс тапсыр оныңа.

Ақы түгіл, ол безіп,

Қаңғып кетсін ел кезіп».

  1. Шайтандардан неше жылдың салығын жинауы керек?

«Салығым бар Шайтанда,

Өмір бойы төлейтін,

Үш жыл өтті, сайқалдар.

Түрлері жоқ елейтін».

 

  1. Балдамен қулық жарыстырғанға кәрі шайтан кімді жібереді?

«…келсін қазір немерем».

  1. Жас шайтанды Балда алғаш рет қалай алдап соқты?

«Тартты Балда тоғайға

Төтесінен тұспалдап.

Қайтып келді со бойда

Екі көжек ұстап ап».

  1. Шайтан Балдаға жарыстың қандай түрін ұсынды?

«Таяқ лақтырайық.

Лақтырсаң әріге,

Сен ие бол бәріне».

  1. Балда шайтанға төмендегі сөздерді қашан айтты?

«Сен кеще,

Нең бар қолдан келмесе

Қолмен емес аяқпен

Зымыратайын, таяп кел.

  1. Балда шайтанды екінші рет қалай алдап соқты?

«Анау бұлтты күтермін,

Жүндей ғылып түтермін,

Бәріңді де жайпармын».

  1. Орыс тілінен аударғанда «балда» сөзі «ақымақ, топас» дегенді білдіреді. А.С.Пушкин неліктен осындай ат қойған?

Балалардың жауабы.

                               

                    «Балықшы мен балық туралы ертегі» атты

үшінші конверттің сұрақтары.

 

  1. Шал қанша жыл балық аулады?

Отыз үш жыл.

  1. Алтын балықты ұстамас бұрын шал неше рет ау салды,?

Екі рет.

Үшінші рет салғанда,

Түсті әйтеуір бір балық.

 

  1. Шалдың алдынан кемпірі қандай кейіпте шықты?

«Киіп алған зерлі бешпет

Кемпірі тұр теңселіп.

Моншақтарға малынған

Жалт-жұлт етіп жарқылдар,

Мойны толған лағылдар

Қолы толған алтындар.

  1. Кемпір қанша уақыт патша болды?

Екі апта. «Апта артынан аптаның кеші келді».

  1. Халық қашан шалды мазақ қылды?

Патша кемпірге сәлем беруге келгенде.

«Жалғаннан сендей мисыз әлі өтпеген,

Жадыңа сақтар едің есің болса,

Мәтелді «Әлін білмес әлек деген».

  1. Балық шалдың неше өтінішін орындады?

Төрт өтінішін (астау, үй, көсем-әйел, патша).

  1. Шал балыққа неше рет өтінішпен барды?

Бес рет.

  1. Шал өтінішпен келген сайын теңіз түсі қалай өзгеріп отырды?

(Дұрыс жауап – жүлде мен жетон).

         Шалқыды теңіз баяу шарасында.

                        Күңгірт тартып толқиды ол шарасында.

                       Түтігіп толқиды ол шарасында.

                       Түнеріп толқиды ол шарасында.

                       Қара толқын жағаны сабалайды.

Ашуланып шалқиды ол шарасында,

Қасқырдай ұлып қойып, алас ұрған.

  1. Алтын балық неліктен кемпірді теңіз әміршісі етуден бас тартты?

Балалардың жауабы.

  1. Алтын балық шал мен кемпірді не үшін жазалады?

Балалардың жауабы.

 

 

«Өлген хан қызы мен жеті батыр туралы ертегі» атты

төртінші конверттің сұрақтары.

 

  1. Төмендегі сипаттама кімнің суреті?

«Нағыз ханым, сұп-сұңғақ,

Ажары аппақ, өзі ақ

Тәкаппар еді жалғыз-ақ,

Тым кесір, әрі қызғаншақ».

Өгей-шеше ханымның суреті.

  1. Патша қызына қандай жасау дайындады?

«Жетеуін берді қаланың,

Және жүз қырық сарайын».

  1. «Ханның қызын кет алып,

Таста орманға апарып.

Таң, еменге байлап кет,

Өлсін қор боп, қасқыр жеп» деп өгей –шеше кімге бұйырды?

Қара қыз күңге.

 

  1. Жеті батыр хан қызын немен тамақтандырды?

«Рюмкені толтырды,

Тәтті нанмен келтірді

Жайды үлкен дастархан»

  1. «Бір күні ханның жас қызы

Албыртып нұрлы ай жүзі

Ағаларын күтіп көп

Терезенің алдында

Отыр еді ерігіп…»

Хан қызы неліктен ағаларын күтеді. Ол ханның жалғыз қызы емес пе?

Өйткені жеті батырдың өздері қарындасымыз деп атаған:

«Қарындас болдың сен деді».

  1. Елисей ханзада көмек сұрап кімге жалбарынды?

«Ей, жарық күн, жарық күн!…»,

«Ей, жарық ай, жарық ай!…»,

«Ей, ұшқыр жел, ұшқыр жел!…»

  1. Ханзадаға кімнің көмегі тиді?

«Ұшқыр желдің».

  1. Қалыңдығының өлгенін біле тұра ханзада неліктен тауға тартты?

«Елисейді басты шер.

Жетті ақыры сол жерге

Жары жатқан үңгірге.

Ынтығады көруге…».

  1. Өгей-шеше неден өлді?

«Қызды көрді өшіккен.

Дерті сонша асқынды,

Табанда жан тапсырды».

 

«Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген мақалды қалай түсінуге болады?

Балалардың жауабы.

 

«Салтан патша жайында…ертегі» атты бесінші конверттің сұрақтары.

 

  1. Салтан патша үш қыздың қайсысын әйелдікке алады?

Кішісін.

«…Ырза болған өзі де

Соңғысының сөзіне.

«Сен боласың ханым да,

Сүйіктім де, жарым да.

Болма,-деді,-енді алаң,

Батыр тауып бер маған.»

  1. Ханым қандай бала туды?

Ұл бала. «Арыстай  ұл берді алла».

  1. Шешесі екеуі бостандыққа шыққанда ханзадаға келген ой?

«Әр адамның әл – буыны – ас».

  1. Аққу-ханша теңіз жағасында Гвидон князьді қандай сөздермен қарсы алды?

«Ар ма, князь тілер бегім

Неге бұлттай түнергенің? 

Бар-ау уайымың, сірә дақ бір?»

  1. Әкесін, Салтан патшаны көру үшін Гвидон князь кімге айналды?

Масаға, шыбынға, араға.

  1. «Маса болса, ызаланып,

Қадалды бір оң кезінде

Нағашы апаның оң көзіне».

Қай нағашы апасы? Аспазшы.

  1. Неліктен?

«Иірімші боп, аспазшы боп,

                             Қайын кемпір бас басшы боп,

                            Патшамен бір сөзі бардай

                            Отырды төрт көзін алмай?».

Кемпір екі көзбен, аспазшы сол, иірімші оң көзбен қарайды.

  1. Неліктен?

«Иірімші боп, аспазшы боп,

Қайын кемпір бас басшы боп,

Секілді оған шідер – кісен,

Жоқ аралға жібергісі?»

Балалардың жауабы.

  1. Салтан патша кімді таныды?

«Тулап жүрек берді кенет:

«Қалайша бұл? Не керемет?»

Деп патша көп елжіреді,

Егіледі ер жүрегі.

Ханымын ол құшты енді».

  1. Иірімші, аспазшы, қайын кемпір жазаланды ма?

«Зар жылады, құн алар кім,

Мойындады күнәларын.

Патша қуаныш құрметіне

Үшеуін де қайтарды үйге».

 

«А.С.Пушкин ертегілері» атты алтыншы конверттің сұрақтары.

 

  1. А.С.Пушкиннің қандай шығармасы мынадай жолдармен басталады? (Жауап – жетон, жүлде).

Теңіздің жағасында жасыл емен:

Тағулы сол еменге алтын шынжыр;

Түн демей, білгір мысық күндіз демей

Шынжырмен шыр көбелек айналып жүр.

«Руслан мен Людмила» поэмасы.

  1. Мына жолдар қандай ертегіден?

«Жас князьдің бағы ма,

Сұлу екен жары да.

Көркі күннен асады,

Түнде сәуле шашады,

Алтын айдай қабағы,

Ақ жұлдыздай жанары.»

«Салтан патша… туралы» ертегіден

  1. Салтан патша туралы ертегінің толық атауы қалай?

«Салтан патша жайында, оның асқан батыр ұлы князь Гвидон Салтанович туралы және Аққу ханша хақында ертегі».

  1. Әңгіме кім туралы?

«Адам болса кездескен

Жалынып жарын сұрайды.

Біреу күліп баладай,

Кетеді бірі қарама

Елисей ханзада туралы.

  1. Қандай патша сұлу ханшаны көргенде балаларының өлгенін ұмытып кетті?

Дадон патша.

  1. Әңгіме кімнің әжесі туралы?

«Ал ханзада ызаланып

Тап берсе де, әлі де өзі.

Аяп әже кәрі көзі

 Князь Гвидонның әжесі.

  1. Мына жолдармен қандай ертегі басталады?

«Хан қоштасты, ханым қап,

Сапарға кетті бір ұзақ,

Күтті жарын ынтықты,

Әйнектен жолға көз тікті».

«Өлген хан қызы және жеті батыр туралы ертегі».

  1. «Шатыр кенет ашылып,

Маңайға нұр шашылып»… кім ханды қарсы алды?

Шамаханның жалғыз қызы. «Алтын әтеш туралы ертегі».

  1. Кім

Теңізге кетті таң атпай.

Отырып теңіз жарына,

Арқанды қолға алды да,

Бұрады, шын малды да?»

«Молда мен оның жалшысы Балда туралы ертегідегі» Балда.

  1. Балданың молдаға соңғы айтқаны?

«Жүгірме енді арзанға».

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақын үніне сахара мүлгіді

А.С.Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі  аудармалары туралы  әңгіме

 

«Издревле сладостный союз

поэтов меж собой связует…»

А.С.Пушкин.

  Егер Александр Сергеевич Пушкиннің өзі қазақ даласына алғаш рет 1833 жылы келген болса, арада елу төрт жыл өткеннен кейін, яғни 1887 жылы ақынның асқақ жырлары да қазақ арасына келіп жетті. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев дәл осы жылы ұлы орыс ақынының «Евгений Онегин»  романын қазақ тіліне аударады. Абайдың ұлылығы сонда – ол Орта Азия мен Қазақстан, Еділ бойы мен Орал тауын мекендеген халықтар ақындарының ішінен бірінші болып А.С.Пушкин шығармаларын өз ана тіліне аударады. Ал басқа көрші халықтардың ақындары, атап айтқанда, татар, башқұрт, өзбек, тәжік ақындары Пушкин шығармаларын Абайдан соң, екі жылдан кейін, яғни 1889 жылдап бастап аударды. Өйткені бұл жылы А.С.Пушкиннің туғанына 100 жыл толып, оны бүкіл Ресей кеңінен атап жатқан болатын.

Пушкин қазасынан сегіз жыл кейін дүниеге келген Абай, әрине, сөз алыбын көре алмай қалды.

Қазақ даласына өнер шыңы, өлең тауы боп орнаған Абай өлеңдерінің ата мекені – Ақшоқы. Еңлік пен Кебектің  қайғылы өлімінен соң жүз жылдан кейін, Кіші Ақшоқыдағы Абайдың өзі салған қыстауында қазақ даласында тұңғыш рет орыс халқының энциклопедиясы атанған «Евгений Онегинді» Абай аударды да, орыс қызы алғаш рет қазақ топырағын басып, сахара ауасымен тыныстай бастады.

Абай Пушкинге шәкірт есебінде ден қойған жоқ, терезесі тең әріптес ретінде сыр алмасты. Онегин мен Татьянаның арманды лебіздерін қыр елінің түсінік түйсігіне сай келтіре отырып, санасына сіңірді. Махаббаттың мұңды да жалынды, мөлдір де таза қасиеттерін табиғи қалпында сахараға жеткізуге күш салды. Абай жырды қазақшаға аударып қана қоймай, оған орайластырып сазы шалқыған ән шығарды. Сондықтан жүректен шыққан сұлу сөз жүрекке жетпей қойған жоқ.  Осы Ақшоқы бауырында Абай Қаламқасын, Пушкин Татьянасын жетектеп халық алдына шықты да табысты. «Евгений Онегин» романының желісімен жазылған Татьяна тұлғасын, табиғатын асқақтататын Абайдың  бүгінге дейін біз Татьяна әнін шырқаймыз. Қыс күнінде Абайдың Кіші Ақшоқыдағы үйіне ат тұмсығын тіреген Пушкин Татьянасының тарихын біз «Абай жолы» романынан оқыдық.

Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударуға неге ерекше құмартты және бұдан нені көздеді? – деген сұраққа Белинский сөзімен жауап берген жөн сияқты. Ұлы сыншының «Евгений Онегинді» Пушкиннің өзге шығармаларынан бөліп алатын себебі: «Орыс қоғамының өркендеу жолындағы аса қызық бір кезеңін поэзия арқылы көркем суреттеп беруінен (1633 бет), шын энциклопедиялық шығарма болуынан» еді.

Сосын қай елдің жастарына болса да үлгі етерлік көркем бейнелердің асқан ақындық шеберлікпен жасалуы, Татьянаның бойындағы кіршіксіз таза махабаттың суреттелуі шығарманы биік деңгейге көтерді. Француз романдарын бойтұмар ғып жүрген помещик қызына  қыр қазақтары өз қыздарындай бауыр басып кетті.             1887 жылды сөйтіп Абай поэзиясындағы «Пушкин жылы» деуге болады.

Абай шығармашылығы-әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Абай — қазақ ақындарының көп жырлаған ұлы тұлғаларының бірі. Абайды жырға қосқанда ақындар оның Пушкин шығармашылығымен байланысын, ұлы ақынның аудармашылық шеберлігін  айтады. Абай туралы поэтикалық тамаша шығармалардың бірі ақын Қайнекей Жармағамбетовтың «Жидебайдың күндері мен түндері» атты балладасында мынадай жолдар тізілген:

 

Кейде ақын Пушкинменен сырласқандай

                   Ақжарқын қалың қабат сырды ашқандай.

                   Табысып қала қызы, дала қызы

                   Не қияр алыстарда мұңдасқандай.

 

Абайдың «Евгений Онегиннің» кейбір тарауларын қазақ тіліне аударуы, Татьянаның қазақ сахарасына келуі, ақынның «Татьяна әні» елге тарауы – Қ.Бекхожиннің «Россия дауысы» өлеңінің де өзегі. Бала кезінде ауылда естіген Татьяна әні туралы өлең кестелей отырып, Қ.Бекхожин ұлы Абайға ризашылығын білдіреді.

 

Тайсалмай, мыңмен жалғыз алысқан кім?

Жауына найза сөзін шанышқан кім?

Өзендей құйған барып көк теңізге

Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім? –

деген өзінің сұрақ қойған өлең жолдарына ақын С.Сейітов «Кім?» деген өлеңінде былай жауап береді:

 

Көрікті көңілде жыр, қолда қалам,

                   Өмірдің өріне өрлей басқан қадам

                   Қазақтың өлеңінің ұлы атасы,

                   Ол Абай, ұлты – қазақ, аты – Адам.

«Евгений Онегинді» Абай тұтас аударған жоқ, одан оның аударғаны: романның басы (бірінші тарау, Х – ХІ – ХІІ шумақтар), Пушкиннің Онегинді сипаттауы, Татьянаның Онегинге жазған хаты (екінші тарау, ХХХІ шумақ), бақша ішінде жолыққан Татьянаға Онегиннің берген жауабы (төртінші тарау, ХІІ – ХҮІ шумақтар), Онегиннің Татьянаға жазған хаты

(сегізінші тарау, ХХХІІ шумақ), Татьянаның Онегинге берген жауабы (сегізінші тарау, ХІІІ шумақ).

 

Қайткенмен де Абай ХІХ ғасырдағы орыс поэзиясына алғаш жол салған елші болып қала береді.

А.С.Пушкин есімі қазақ даласына таныс бола бастағанын мына деректерден де аңғаруға болады. 1876-1906 жылдары Орынборда шығып тұрған «Оренбургский листок» бұқаралық — әдеби газетінің 1880 жылғы бір санында мынадай бір қызықты жайт басылған. Орынбор зиялыларының білікті өкілінің бірі П.Располов Москвадағы дворяндар мәжілісі өтетін залда 1880 жылдың 7 шілде күні А.С.Пушкиннің ескерткішін ашуға арналған салтанатты кеште сөз сөйлегенін хабарлаған. Бұл сөзде ол Ы.Алтынсариннің орыс классиктерінің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударғанын, «Қазақ хрестоматиясына» енгізгенін мақтаныш сезіммен айта келіп, былай деген: «Мен Россияның алыс түкпірінен келген өкіл ретінде сіздердің көпшілігіңізге әлі мәлім емес жаңа бір жайды айтқым келеді. Осы залда тұрып көрегендікпен болжаған Пушкиннің өз сөзімен айтқанда оның «даңқы бүкіл ұлы орыс жеріне жайылады және ол барлық тілде сөйлейтін болады». Бұл қазір шындыққа айналып отыр.

Орынбор бекіністерінде ашылып жатқан ұлттық мектептерде балалар енді өз ана тілінде оқи алатын болды, олардың енді өз хрестоматиясы бар және ол оқулықтардың алғашқы бетінде біздің бәрімізге де аса қадірлі, арамыздан қыршын кеткен ұлы ақынымыздың шығармалары жүр. Қазақтар мен башқұрттар орыс тілін оқып үйрену үстінде Пушкин есіміне қанық болады. Сонымен Россияның шығысында ұлы ақын таныла бастады».

Ұлы Абай негізін салған А.С.Пушкин мұрасын игеру дәстүрі жалғаса түскен.

«Евгений Онегин» негізінде қазақтың еліктеу жыр-дастандары да дүниеге келген. Мәселен, Әсет ақын нұсқасы, Әріп үлгісі, Қуат қалыбы, Сапарғали сарыны, Есенсары талпынысы, Нәзирашыл халық ақындары Абай орнықтырған дәстүр жалғастығын сабақтай отырып, алуан арналы аңыздар жазып қалдырған. Оны қара өлеңмен еркін көсілте жырлаған. Қазақ қаламгерлері орыстың ұлы ақынының ғажайып мұрасын қазақ оқырмандарына жеріне жеткізе таныстыруды мұрат тұтқаны, қастерлі міндет, қасиетті парыз санағандары көрініп тұр.

1903 жылы Қазан қаласында А.Пушкиннің «Капитан қызы» қазақ тіліне аударылып басылып шықты. Оны аударған орыс әскерінің капитаны М.Бегімов деген кісі болатын. Мұнан кейін ақынның «Пайғамбар» атты өлеңі қазақ тіліне аударылып, «Айқап» журналында (1915,№4) жарияланды. Ал ұлы ақынның «Қысқы кеш», «Дауыл», «Балықшы мен балық туралы ертегісі» қазақ тілінде қолжазба түрінде тараған.

1905 жылдан бастап қазақтың қамын ойлаған азаматтар ұлттық мәдениет мәселесін қолға ала бастаған. Сол жылдары қатарға қосылған жас ақындар арасында М.Жұмабаев та бар еді. Шығармашылығы орыстың ұлы ақынымен үндес болған, қазақтың Пушкині атанған ақынның шығармашылығы бәрімізге таныс. Қазақ ақыны да өз халқының әдебиетіне жаңа бағыт әкелді. Абаймен бірге жазба әдебиетті түрлендірді, дамытты. Байрон үлгісіндегі ұлттық романтикалық поэманың негізін қалады. Пушкин сияқты өлеңді сөзбен поэма түрінде ертек құрады. Ақынның  «Батыр Баян» поэмасындағы:

«Жүрегім мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,

                                Сондықтан жаным күйіп жанады да»,- дейтін өлең жолдарындағы «кісен», Пушкин тұтқынының аяғындағы «шынжыр» -қоғамнан қысым көрген қапас көңілдің егіз көрінісін білдіреді.

Ақынның «Боран» және «Дубровский» атты прозалық шығармалары да қазақ тіліне өлеңмен аударылып, 1923 жылы Семей қаласында өз алдына жеке кітап болып басылып шықты.

Бұдан кейінгі жылдарда А.С.Пушкиннің есімі қазақ даласына таныс болғаны соншалық, оның шығармалары ауызша түрде тараған.

Мына бір естеліктен үзінді осындай бір жағдайды аңғартса керек.

«…Ұйықтамай отыр, мен саған өлең айтып беремін, — дейтін апам марқұм.

         Апамның айтатыны қазақтың қара өлеңі, сонан соң…Дубровский…

         Апам «Дубровскийдің» біраз жерін жатқа айтатын. Бірақ аяғына дейін жете алмайтын. Аяғына дейін білмеді ме, жоқ әлде мен бейбақ ұйықтап қалып ести алмай жүрдім бе? Әйтеуір ертеңінде «Дубровский» қайта басталатын.

Бұл бәленшенің өлеңі деп апам айтқан емес. Кімнің өлеңі екенін ол қайдан білсін, ол кезде Пушкинді қай қазақтың кемпірі біліпті, ол кезде өлеңін ғана оқып, атын айтпайтын ақындар аз бе еді?…»,-деп балалық шағын еске алады белгілі жазушы Қ. Ысқақов.

Пушкин поэзиясының нұсқалары жиырмасыншы жылдары там-тұмдап аударылса, отызыншы жылдары бұл жұмыс қызу қолға алынды.

1935 жылы «Кавказ тұтқыны» және «Цыгандар» атты шығармалары қазақтың белді ақындарының бірі Т.Жароковтың аудармасымен жеке кітап болып басылып шықты.

 

                      Цыгандар

Цыгандар шулап, Бессараб

      Жерінде көшіп жүреді.

      Өзенді қонып жапсарлап,

      Шатырда  жыртық түнеді.

      Қонысы еркін олардың

      Астында аспан жайлы ұйықтап,

      Арасында арбаның

      Ықтырма кілем жабдықтап.

      Пісіріп кешкі ас, ат жайып

      Үй іші от басында;

      Аюы жатыр жантайып

Далада, шатыр қасында.

         Жаңғыртып қырды күллісі:

         Қамданып ұжым үй іші,

         Жолға әзір тұр таңнан көш!

         «Әйелдер ән сап, баба у-шу,

         Соғылған шың-шың темір төс.

         Көшпелі тобыр тып-тыныш

Маужырап түнде мүлгіген,

         Тып-тыныш қырда тек дыбыс –

         Ат кісінеп, ит үрген.

         Далада барлық от сөнген,

         Жұрт тыныш, сәуле шашып ай

         Құйылып көктем нұр берген,

         Жайнатып қосты жарқырай…

 

1937 жылы ақынның қайтыс болғанының 100 жылдығына орай ұлы ақынның үш томдық шығармалар жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Оның бірінші томына өлеңдер мен поэмалар, екіншісіне драмалық және прозалық шығармалары, үшінші томына «Дубровский» поэмасының аудармаларының әр түрлі нұсқалары берілді. Ұлы ақынның үш томдығының жарық көруі, сол кездегі қазақ аудармашыларының үлкен жетістіктері еді. Бұл жинақтың бірінші томына қазақтың ұлы ақындарының бірі Ілияс Жансүгіровтың аудармасындағы «Евгений Онегин» поэмасының толық нұсқасы енген болатын.   Бұл жылдары жемісті еңбек еткендердер қатарында Сәкен Сейфуллин де болған.

Сол кезде қазақ оқырманы Пушкиннің «Арион», «Анчар», «Чаадаевқа», «Ескерткіш» атты тамаша өлеңдерімен алғаш рет танысты.

1949 жылы сөз шеберлері Т.Жароков, К.Аманжолов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Х.Бекхожин, Қ.Шаңғытбаев, М,Әлімбаевтар орыс ақынының шығармаларына зер салады. Бұл аудармалар жазушы-академик Ғабит Мүсіреповтың редакциясымен жарық көрді. 1953-1954 жылдары Пушкиннің төрт томдығы жарық көрді. Бұл жылдары аудармашылар қатарын жаңа есімдер- С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов және басқалар толықтырды.

1975 жылы орыс ақынының шығармаларының екі томдығы жарық көрді. Бірінші томына поэзиялық шығармалары (өлеңдері, поэмалары, ертегілері және «Евгений Онегин» поэмасы), екіншісіне- Пушкиннің прозалары («Ұлы Петрдің арабы», «Белкин повестері», «Капитан қызы», «Дубровский» және т.б.) енді .

Пушкин-еуропалық қана емес, Шығыстың шырайына шұрайлы шығармалар арнаған барлық адамзатпен бауырлас ақын. Вяземскийге жазған бір хатында ол Мекке мен Мединенің арасында қиялмен жүргенін айтады. Бұл ақынның қуғындалып жүріп Құранның текті тәтті тілінен қуатталып, құтқарылған өмір кезеңі болатын. Атақты «Құранға еліктеу» осылай туған.

«Евгений Онегин» романының желісімен бір емес, бірнеше поэма жазылуы, оның қазақ халқының төл туындысына айналуы Ұлы Пушкиннің талантында, Абайдың аудармашылық құдіретінде… Абай қалыптастырған ақындық мектептің дәстүр сабақтастығында. Халқымыздың өлең-жырға құмарлығында. Аударма мәдениетінің жоғарылығында, сол арқылы әлемдік әдебиет қалыптасқанында. Өзге ұлт әдебиеті өкілдерінің арасынан фольклорлық бейнеге айналып кеткен Пушкиндей ақын-жазушыны кездестіру қиын. Шығарма кейіпкерлерінің халық  жүрегіне ұялап, санасына сіңгені сондай-Татьяна есімі қазақ арасына Тәтіш деген қыз атты болып енген…

                                Ымырт кез. Баяу аққан су.

Ән салған жастар тарады.

Көк түнек. Қоңыз у да шу;

Аржақта түтеп жанады

Ошағы маздап аушының.

Татьяна, дымы таусылып,

Далада жалғыз келеді,

                                Күміс ай сәуле себеді…,- дейтін әдемі жыр кестесі әлемдік әдебиеттегі теңдесі жоқ туынды – «Евгений Онегиннен» алынған үзінді.  1999 жылы осы туындының   әдеби және фольклорлық дәстүріміздегі орны, тәржімелену тарихы туралы жазылған Сауытбек Абдрахмановтың «Біздің Пушкин» атты зерттеулік кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Қ.Шаңғытбаевтың Пушкин романының кемел көркемдігіне еш нұқсан келтірмей, оның өміртанымдық қуатын да барынша толық сақтаған аудармасына тоқталады. Еңбекті оқи отырып, әрбір оқушы тарихты, сол замандағы Мәскеуді, орыстың өмір салтын біліп, көптеген мәліметтерге қаныға алады. Өзінің өмір жолында Омар һайямнің, Сағдидің, Гейненің, Бернстің, Лермонтовтың ғажайып жырларын қазақшалаған Қуандық ақын Пушкиннің ұлы туындысына барынша жауапкершілікпен қарап, сөзге адалдықтың, өлеңге адалдықтың үздік үлгісін көрсетіп шыққан бұл еңбегі қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа. Сөз зергерінің аудармасы дәлдігі, көркемдігі, түпнұсқасы рухын, ауанын сақтауы жағынан поэзия аудармасына қойылатын ең биік талаптарға толықтай дерлік жауап бере алады. Әлем әдебиетінде «аударылмайтын ақын» саналатын Пушкинді осынша дәл, осынша көркем, осынша сазды сұлулығын сақтап қайта жырлатқан, әлі де дүние дидарындағы     бар құбылысты, бар мағынаны, бар ойды анық етіп, қанық етіп, жатық етіп жеткізе беретін құдіретті ана тіліміз-тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілі үшін мақтана аламыз.

 

Әрине, бұл шығармалармен Пушкин аудармалары шектелмейді. Алда әлі алынбаған  таусылмас, шексіз Пушкин әлемі бар.   А.С.Пушкин-жаңа орыс әдебиетінің негізін салушы, орыстың әдеби тілін жасаушы, ұлы кемеңгері. Мәңгі өшпейтін ұлы орыс ақынының шығармалары адам баласының рухани қазынасын байытып, оның көркемдік дамуындағы зор адым болды. Біз Пушкиннен орыс халқының талантын, күшін, шабытын көреміз.

 

 

«Татьянаның қырдағы әні»

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Биікте» деген бөлімі бойынша әдеби-әуенді қойылым

 

Қазақтың киіз үйі бейнесімен жасандырылған сахна төрінде үлкен дөңгелек үстел тұр. Аласа үстелге біресе шынтақтап, біресе алақанымен басын таянған Абай үнсіз отыр. Алдында айқара ашулы көнелеу екі үлкен кітап. Оң жағында, Абайдың қайда отырса қасынан қалмайтын көршісі – үлкен жастық жатыр.

Жүргізуші І: Бұл күндегі Абай, ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегін, енді халыққа етер азамат қарызы деп біледі.

Өмірден, көп кітаптан тапқан сан-салалы күйлер, ойлар ендігі шақта өз өлшеуін тауып, ақынның уәзінді, соны жырларына араласқан-ды…

Жүргізуші ІІ:  … Абай көп кештерде, жалғыздық шақтарда өзімен үнсіз тілмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарынан сырт адамның көпшілігі жат жұмбақша бағалайтынын біледі. Бірақ, оны елеп, ескерген емес. (Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін табады да оқымай, сол беттерге қарап шалқиыңқырап, біраз  бөгеліп отырып қалды. Енді  қолына екінші кітапты алып аударыстырып, мұқабасын аялай сипайды).

Абай сөзі:  Өткен жандар, бірақ мұндай өлім, өлім бе? Мәңгі-бақи өлместей боп, кейінгі дүниеде өз аттарын ұмытпауды уағыз етіп кеткендер. Өзгеден жер үстінде қалатын белгі – томпайған мола. Әуелде жер бетінде томпайған бос топырақ мезгіл сайын шөге-шөге барып, ақырында мүлдем жер болып тапталады. Шамасы, осы көр жер болумен қатар, адам аты да өшеді. Мәңгілікке жұтылады. О да бітеді. Мыналар (екі кітаптың мұқабаларын сипалай түсіп) сол өзінен қалған, жер үстіндегі белгіні тау етіп, мәңгі мықты беріктікке бекітіп кеткендер. Олар Ақшоқының екі биігіндей…

Жүргізуші І:  Бұл екі кітап, бұл ауылдың Абайдан басқа барлық жанына тілі де, мазмұны да ұғымсыз кітаптар. Бір Абайдың ғана көңіліне әрі ұғымды, әрі құрметті боп алған, алыс дүние, алыс заманның екі ақынының кітаптары. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов.

Жүргізуші ІІ:  Екеуі де Абайдың ата-бабасы кешкен өмір соқпағынан мүлде басқаша боп өткен жандар. Әлдеқайда алыста өткен…

Жүргізуші І: Бірақ сол қалпында, бұл екеуі Абайға біртүрлі жақын, бірге туысқан аға-інідей көрініп қалады. Бөтен дүниеден бөтен тілмен кеп Абайға сырларын ашқан, мұңдарын шаққан егіздер сияқты.

Сен де біздей саналы мұңлысың! – дегендей болады.

Жүргізуші ІІ:  Басында, ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп

барып, ақырында сыншы-кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына алмай жатқан аға бар. Сол ағаның дертін көріп: «Тынғаннан ие тауып ек!» – деп ызасы мен ашуына бой ұрып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық заман, бар қауымдағы шерлілерге атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні…

Абай (күрсініп кеп): Туған еліңде, отаныңда өнер – білім болуы қандай сый болар еді! Әлденеше ағарған буындардан қалып келе жатқан қазыналар болып, соны сақтаған асыл сандығы болса арман бар ма?..

Жүргізуші І:  Абай ойлана күрсініп отырып, Татьяна хатына үңілді.

Абай:  Неткен айтқыш тіл? Тіл емес, жүректің лебі! Гүрілдеп соққан ырғағы! Неткен нәзік тереңдік…

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл

Көзбен көр де ішпен біл…

Жүргізуші ІІ:  Татьяна хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосты. Қыз шеріне қызыққаннан шыққан бір сарынның басы еді.

Абай:  Өзімнен  өтіп кеткен дәурен. Бірақ, сол күнде де осындай боп айтылған тілді естімедім-ау! Естірлік, мүлгітерлік күй, ұғарлық сергек жүрек болса осыған шомып көрсейші. Осы үлгі болар! Сезінетін жас табылар. Үлгі етіп көрсем нетер?..

Жүргізуші ІІ: Сондықтан да, осы бір-екі күн бойында Татьянаны өзінің қазақы қоңыр тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, нәзік қоңыр күй тауып, ділмар жас, шебер шерлі боп барады.

Қазірде, ұяң майда қызға Пушкин жазғызған хатпен өзі жазған хатты салыстырады. Кей жерлері Пушкинше емес. Қатаңдау.

Жүргізуші І:  Семей кітапханасынан кеше алдырған он шақты кітаптың ішінен бір хат шықты. Білімді досы Михаэлис Абайдың «Евгений Онегинге» сүйсініп жазған хатына жауап ретінде жазған мынау хатында:

Абай ( кітаптарды ақтарып, хатты қолына алып дауыстап оқиды):

«Соңғы жылдары «Евгений Онегин» әңгімесі күйге де түсіпті. Пушкиннің  Татьяна, Ленскийлеріне сай күй дейді. Петербор, Мәскеудегі санаулы қауымның бір тынысы сол болғандай деседі. Бірақ  керегі не, бізге оны естуге бұйрық жоқ».

Жүргізуші ІІ: Абай бас жақта тұрған домбырасын алып, қолы шек пернені термелеп, жебелей береді. Көзі алысқа қадалған. Бірақ  қараған нәрсесін көріп отырған көз емес. Ол қазір ойдың көзі… тербеле толқынған ақын толғауының көзі. Бір сарын домбырасының шегіне тап түсіп орала кетті. Тағы да отырып ақырын үн салып, күңіреніп еді уәзіне келген екен.

Абай  (қолындағы домбырасын шерте түсіп, ыңылдай):

Амал жоқ, қайттім білдірмей

Апырым-ау,қайтіп айтайын… деген екі жолды айтады.

Жүргізуші І: (Әуен ырғағымен) … Татьяна сырының басы іркіле тұрып, шешіле бастаған сияқтанды…Тағы да, тағы да …жантайып шынтақтап, біресе тез қозғалып, құшырлана малдас құрып ап арлы-берлі тебіренеді… Қос шек бірде баяу басып, бірде шұғыл қатаң үндерге басып, асып қайтып отыр. Соңғы екі жол қымбатқа түсті…бірақ оралды…

Абай: (Татьяна хатының үш шумағын домбыра сүйемелімен айтып шығады).

(Сахнаға қазақ ауылының сол кездегі киімін киінген бір топ адам көтеріледі: Ділдә, кішкене Молда, Мұхаметжан, Қарасақау және т.б.)

Абай: (Кішкене Молдаға бұрылып):

Татьяна хатын көшіріп пе ең? Енді ол ән салатын болды ғой, білдің бе?

Кішкене Молда: Онысы абзал болған екен… көшіріп қойып едім.

Абай:  Ендеше Мұқа мен Көкбайға хат жазып жібер. Екеуіне Татьяна

сәлем айтты, «бізбен де таныс болсын» деп айтты де. Мына Мұхаметжан қалаға бара жатқан шығар, сол сәлемін ала барсын.

Жүргізуші ІІ:  Кішкене Молдамен қатар Абайдың жаңағы сөздерін құлақ түре тыңдаған, жасы отызға жаңа іліне берген сұлу қызыл жүзді, қой көзді, әдемі қоңыр сақалы бар Мұхаметжан да Көкбай, Мұқа сияқты жақсы әншілердің бірі болатын. Оның да анда-санда өлең шығаратыны бар еді.

Мұхаметжан: Абай аға, бұл ән салып жатқан кім болды?

(Жауап қатпастан Абай домбырасын қайта ұстап, Татьяна хатының алғашқы үш ауызын әндетіп айтып берді де, домбырасын сүйеп қояды).

Мұхаметжан: Соны сөз деген осындай-ақ болат та. (қолына домбыраны алады).

Жүргізуші ІІ: Мұхаметжан әннің алғашқы екі ауызын жаттап үлгерген екен. Енді домбыраны қолға алып, ақырындап тартып, ішінен «Амал жоқ қайттімді» өзі білген әнге қосып көріп еді. Әзіргі әндерге қосылмай жатыр. Ол өзінің атақты әні «Аққайыңға» да салып көрді. «Топайкөкпен» де жағалатты. Созылмайды, көнбейді. Ол қасындағыларға қарайды.

Қарасақау: Немене, Татьянаның «Аққайыңды» білгісі келмей ме, қалай?

Мұхаметжан: «Аққайың» ғана емес, тіпті біз білген әнге жуысайын деп тұрған Татьяна көргем жоқ.

Қарасақау: Бәйіт тақпақ сияқты келте шолақ әнге тең келе ме дейім…

Абай (үнсіз қалпынан арылып):  Солай деймісіңдер? Татьяна Татьяна болады да. Ол «Ақбала» да емес, Бағдат, Мысырдан бәйіт те тілемес! Жандарым-ау, Татьянаның бағанағы салған әнін қайта айтпаймын деп отырғанын көрдіңдер ме? Мына Мұхаметжанға өзің тапсаң тап, болмаса қай қазақтың құлағына сарнай берейін десе керек.

(Мұхаметжанның қолынан домбыраны алып тарта жөнеледі).

Жоқ, енді айтқысы келген екен. Былай депті ғой (үн қосып, өз аудармасының екі жолын айтады, ал Мұхаметжан екінші ауыздың тұсында қосылады).

Абай:  Жоқ, Татьяна Мұхаметжаннан үріккен жоқ. Танысты… Бірақ

айта түс деді. (Мұхаметжан тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастай отырып, Татьяна әнін толық айтып шығады).

Жүргізуші І: Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдағандай еді. Ол Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, бағана өзі теңеген Пушкинді есіне алып, Татьяна сазын ұйып тыңдайды… Өңі сұрланып, бойы тоңазығандай болады. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан ән, ең алғашқы рет әрі жас, әрі сұлу, әрі әсем әншінің көлденең үнімен айтылғанда, енді өзін де қатты толқыта әсер етті. Абайдың ажарына қарап, қасындағылардың бәрі де, құлақ қақпай, қыбыр етпей, Мұхаметжанның аузына қарап қалып еді. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңды шермен, ұғымды күймен ырғалған, майда толқын тәрізді.

Жүргізуші ІІ:  Мұхаметжан енді айрылып қалмайын, жадыма тоқып алайын дегендей боп тоқталмай айтады. Сонымен бірге өзі де бойы шымырлап, көңілі елжірегендей боп қатты сүйсініп айтып еді. Алғаш танысқаны осы болса да, ол Татьянадай назды жасты, көз алдында көргендей боп, шындап сезініп, ұғынған сияқты болып еді. Осы әннің үстінде ұғынды.

Мұхаметжан: (әнін тоқтатып) Тал бойыңды ұйытқандай сорлы, шерменде екен-ақ! Мұны осыншалық күңіренткен қандай ғана неме екен, Абай аға?

Дауыстар: Иә, бәсе кім болды екен? Қане, айта қойшы, Абайжан.

Кішкене Молда: Пошкин, айтқызып отырған Пошкин, Пошкин ғой…

Мұхаметжан (жаратпай): Қоя тұршы, Молда, Пошкин демей… тіпті сол ақынның аты да сен айтқандай емес…

Кішкене Молда: Е, енді қалай екен?.. Мен бек дұрыс айтам, солай.

Мұхаметжан: Жоқ, менің бағана құлағым бір шалып қалып еді. Абай ағам Пушкин деген сияқты еді… Осының дәлі қандай, Абай аға?

Жүргізуші І:Абай Пушкиннің өмірін, өлімін айтып беріп, жаңағы Татьяна әніне қайта оралды.

Абай (Мұхаметжанның қолындағы жазбасын қарап ойлана, кейбір жерін түзей отырып):

Осы да жүректегісін жеткізе білген тіл-ау! Шынның шыны керек те.

Пушкиндей ақынды қазақ баласы сен де, тіпті исі мұсылман ғаламы сен де әлі көрген жоқсың!..

Мұхаметжан:  Бірақ, енді сол Татьянаның осындай үні жауапсыз қалғаны әділет пе, Абай аға, жігіт те бір орай сөзді айтса мақұл болмас па енді.

Абай (аз ойланып отырып): Ол да дұрыс екен. Онегинді сөйлету керек болар… (біраз отырып)  Әй, бірақ ол өзі опасыз еді, әй!..

Жүргізуші ІІ:  Абай Пушкинді кеш бойы қайта оқумен болған еді. Бұл Абайдың Пушкинге ең алғашқы рет таныса жақындасып, туысын тапқандай болып толғана бой ұрған күнінің бірі еді.

Абай (Пушкин кітабын жауап жатып):

Дүниеге көзімді аштың-ау, Михаэлис. Енді қағбам орнынан көшіп, күншығысым-күнбатыс, күнбатысым-күншығыс боп барады. Солай болсыншы!

Жүргізуші І: Солайша, 1887 жылдың қысында орыстың ұлы ақыны

Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан ұстап кеп, қазақ сахарасына ең алғашқы рет қадам бастырып еді. Өзі тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітіріп, жандай жақын туысы бола келіп еді…

 

Қазақ Пушкинианасының елшілері

Жыр – шашу

 

Шашу – қазақтың ежелден келе жатқан қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүрлерінің бірі. Зор қуанышты күндерде әйелдер құрт, кәмпит, күміс теңгеден шашу шашады. Бұл дәстүрді кітапхана аясында өтетін шаралардың бір түрі ретінде қолдануға болады. Мысалы, жыр-шашу.

Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында өткізілетін көп шаралардың ішінде ақынға жырдан шашу көрнекі орын алмақ.

«…Пушкинді ұстаз тұтып, оған әрдайым өлең арнамаған ақын жоқтың қасы» – деп академик М.Қаратаев айтқандай, ұлы ақынға арнап жазылған өлеңдер көп. (Әдебиеттер тізімін қараңыз). Қазақ халқы рухани өмірінде Пушкиннің де өзіндік орны бар. Көрнекті ақын Ілияс Жансүгіров «Пушкин – қазақ халқының да ақыны» деп бекер атамаған.

Шашу өтетін жер мерекедегідей безендірілмек. Пушкин портреті, оған арнау сөздер, өлеңдерден үзінділер жазылған қабырға сөздер…

Жүргізуші: Заманында «Пушкин өзінің ұлы орыстығы үстіне, жаратылысынан данышпандық күш біткен орыс» деп бағаланған орыстың кемеңгер ақынын қазақ қауымына таныстырудың өзі  артық болар.  Мұнда оның шығармаларын білмейтін  адам кемде кем. Ұлы ақын орнатқан ұлы ескерткіштің іргесіне қаланған қазақ ақындарының күн шұғылалы өлең жолдары асқақтай естіледі.

(Сахнаға екі оқушы шығып Пушкиннің «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» өлеңін екі тілде оқиды.)

Жүргізуші: А.С.Пушкиннің бұл өлеңі Оралда болып қайтқан соң үш жылдан кейін жазылған екен. «Ескерткіштің…» алғашқы қолжазба нұсқаларында «қазақ» аты аталуы символикалық құбылыс десе болғандай. Өйткені, ұлы ақынның есімін шығыс халықтарының ішінен алғаш, шығармаларын өз тіліне аударған қазақ халқы болды десек артық айтқандық емес.

Сонымен, о, жыр тәңірісі, өзіңнің лираңнан шабыттанған ақындардың арнау өлеңдерін қабыл алыңыз.

Сен өлеңнің сыр мінезі сыршысы,

Сен өлеңнің таңғажайып жыр құсы.

Саған арнап жырдан жібек кестелер

Ен даланың ерке көңіл жыршысы.

 

Оқушының орындауында М.Әлімбаевтың «Александр Пушкинге үш пейіл» өлеңі оқылады.

 

 

 

 

 

Александр Пушкинге үш пейіл.

 

Саған  шексіз сый-құрметін көрсетіп,

Мені халқым аттандырды елші етіп.

                               Ал елшілер келеді ғой тіріге        

Тауыспаған өмір жолын өлшетіп

 

Ұлылардың алды деген оңай ма?!

Кішілерді санатына санай ма?

Келгендеймін кемел Пушкин тауына

Өз атынан емес, өзге орайда.

Оған әсте шамданар да ойым жоқ,

Келгендеймін  атқосшы боп Абайға.

Теңін айтсам,

Тебіреніп Пушкин де

Маған мойнын бұратындай қалайда.

 

Бойшаң ұлы, ойшаң құлы құдайдың.

Қарағайдан

    Ақын жайын сұраймын.

Екі жүз жыл жасаған бұл қарағай

Пушкинменен сырлас өскен баладай.

Білетіндей, қарағайға аяндай

Заман мұңын толғағаны Бояндай.

Самсаған қол кернеп Сенат алаңын…

Тігеді ақын көңілінің жанарын.

Дар астында бес армандас…бес бейне…

Ақын жүрек ақ патшаға кешпейді…

    Айтшы, — деймін. – Қандай еді ол өзі?

Отты ма еді? Өткір ме еді мінезі?

Дегендей боп: «Ел қамқоры! Ақ иық!..»

Тербелейді, басын ағаш сәл иіп.

М.Әлімбаев

 

Жүргізуші: Пушкин есімін өз жырларында алғаш атағандардың бірі- Ілияс Жансүгіров десе болар. Ол оның өмір жолының кейбір кезеңдерін, құдіретті өнерін өзінің тума туындыларына тақырып етті. Ол әйгілі «Құлагер» поэмасында мынандай әсерлі шумақтарды дүниеге келтірген     І оқушы:   Таба алмай тыныштықты туған елде,

 Кете алмай біржолата бөтен жерге.

 Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық

 Төсеген талай ерлер оққа кеуде.

 

 Жақсы боп өзден өлім талай ерге

 Аз ба екен  оққа ұшқандар дуэльдерде?

 Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген?

                              Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?

 

Жүргізуші: Бұл  кестелер сонау Пушкин көз жұмған азалы сәтте туып, ертеңінде қолжазба арқылы қолдан қолға тарап ақын қазасының себептерін ашықтан-ашық батыл айтып берген М.Лермонтовтің «Ақын ажалы» атты өлеңін еріксіз еске түсіреді.

ІІ оқушы:         Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

         Кісі ме еді ақындықтан құралақан?

       Ортасын  олқы көрген бұл да дара,

        Имеген иттерге бас сері, дархан.

        Еріксіз ерте туған ел еркесі

       Жетпестен қиылатын ер желкесі

       Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,

       Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі? –

деп ақын, ел еркесі Ақан серінің де Пушкин, Лермонтовтармен тағдырлас екенін еске салады.

Жүргізуші: 1937 жылы бүкіл дүние жүзінің прогресшіл қауымы Александр Сергеевич Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуын еске түсірді. Осыған орай Жамбыл Жабаев ұлы ақынға «Асқан бұлбұл», «Пушкинге» деген өлеңдерін арнады.

 

1 оқушының орындауында «Асқан бұлбұл» өлеңі оқылады.

 

Орыстың өлеңінің ақын көркі,

      Алмастай мың құбылған меруертті.

      Дүниеге  асыл сөзден төктің маржан,

      Жарқырап тар заманда-ақ шықтың еркін.

      Патшаның қорқау бастық жендеттерін,

      Сен көрдің, таныдың сен, таулы жерін.

      Қарысқан қан майданда қылыш тимей,

      Қолынан қанды жендет жанды бердің.

      Не керек, өмір шіркін, өзің тірі,

      Алтындай жарқырайды жайнап гүлі.

      Жүз жыл болды, қара жер сені алғалы,

      Сен дүние ақынысың осы күні.

 

Қуанып көзі жайнап, мейірі қанып,

      Башқұрт, түрікпен, белорус, қазақ танып.

      Оқиды жазғаныңды, шаттанады,

      Сөзіңнің бір де бірі өлмеуі анық.

 

      Сен, Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,

      Сен — біздің бұл ғасырдың өлең, әні.

      Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,

      Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні…

      Бұл күнде біздің өмір жайнаған гүл,

Құлпырып барған сайын төгеді нұр.

Ән шырқап, бізбен бірге қуан, шаттан,

Мәңгі өлмес асыл сөзді асқан бұлбұл.

 

Жүргізуші:        Қарт ақын «сен – біздің бұл ғасырдың өлең, әні» демекші сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ талантты композитор Рамазан Елебаев «Асқан бұлбұл» өлеңіне арнайы ән шығарған болатын. «Көпшілікке кең тараған «Жолдастар», «Жас қазақ» әндерінің авторы, өмірден мезгілсіз кеткен, партизан композитор Рамазан Елебаевтың Жамбыл өлеңіне жазған бұл әні 30-шы жылдарда шыққан тамаша әуендердің, әндердің үлгісіне жатады» – деп бағалады музыка зерттеуші Өмірбек Байділдаев.

(Мүмкіндік болса осы әнді оқырмандарға тыңдатқан жөн. Ізденіс жұмыстарын жүргізу барысында құрастырушының байқағаны бұл ән Пушкинианаға қосылған бірден-бір қазақ әні болып табылады).

Жүргізуші:        Ақынның «Пушкинге» деген өлеңі де «Асқан бұлбұлдың» жалғасы іспетті. Жамбыл Пушкин жырын «Хиуадағы жібек қырмызыға», тауыс құстың жайған қанатына, көз тартып құлпырған патсайыға теңейді. Мінеки, оған өздеріңіз куә болыңыздар

ІІ оқушы: «Пушкинге» өлеңінен үзінді оқиды.

 

Өнердің алды қызыл тіл,

      Тілде жүйрік ол дүлдүл.

      Ақынның мұхит теңізі –

      Пушкинге бүгін бір жүз жыл.

      Менің айтқан жүз жылым –

      Өлім емес, өмірі!

      Өмірде оның өлмейді,

      Ел сүйген таза көңілі.

      Әлемге шыққан аты бар,

      Алтынмен жазған хаты бар,

      Күн сөнбей, ол сөз сөнер ме?!

      Шыңдағы шынар өмірі,

Қиядан жібек қырмызы,

Кестелеп  тіксе хор қызы,

Шытырмақ шимай гүл шығып,

Тауыс құс жазса қанатын,

Көз тартып көркі алатын,

Патсайыдай құлпырып

Пушкиннің жыры дәл сондай,

Әлемнің ажар көрігі.

Шам-шырақ деген тас жатыр,

Теңіздің терең түбінде.

Сүңгіп адам соны алар,

Шам қылуға түнінде.

                                Май құйған шам сөнсе де,

                            Шам-шырақ сөнбес өмірде.

             Жақсы сөз бейне шам-шырақ,

Орнаған мықтап көңілге.

             Жақсы сөздің иесін,

Ұйғара алман өлімге.

             Олай болса Пушкинді,

             «Тірі» деу керек сенуге…

 

Жүргізуші: Пушкин Жамбылдың «Өмір жыры» атты көлемді өлеңінде де жырланды. Бұл өлеңді 1937 жылы 21 желтоқсан күні Тбилиси қаласында Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты поэмасының 750 жылдығына арнаған Грузия Жазушылар одағының пленумында айтқаны мәлім.

Назарларыңызға өлеңнің Пушкин туралы бөлімін ұсынамыз.

І оқушы:   Жырымен тау жаңғыртып Пушкин де өткен,

                              Жүрегі жараланған ақын тұлға…

         Пушкиннің сайрап кеткен жырын талай,

         Шырқаған даланы өрлей ақын Абай,

         Тамсанта Онегин мен Татьяна

         Алыбын Алатаудың әнге орай.

         Туысқан халқыменен құшақтасқан,

         Біледі Қазақстан туғанындай…

         Шота мен Абай, Тарас, Пушкин де өткен,

         Халыққа құшақ жайып жыры жеткен…

 

Жүргізуші:  Әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері жайлы әсем сазды лирикалық толғаулардың иесі Әбділда Тәжібаевтың, Хамит Ерғалиевтің  Пушкинге соқпай кетулері мүмкін емес еді.

Олардың шығармаларында тарихтың әр кезеңіндегі А.С.Пушкин мұрасының тағдыры, қасиеті, мән-маңызы ашыла жырланады.

Сүйсе Гейне, анам десе

             Сүйген суы Рейнесін.

             Сырдың суы туған ол да

             Өз ақыны – Гейнесін.

             Жазса Тарас Днепрді

             Жазса Пушкин Еділді

             Неге маған жырламасқа

             Сырда туған елімді.

                                Ә.Тәжібаев «Сырдария»

 

Ұмытпан, зәулім үйдің өртенгенін,

             Орманға бейуақытта жұрт енгенін,

             Алаңда Пушкин, Гейне құлап жатты

             Бар менің сол бір түннен жиіркенгенім.

                                Х.Ерғалиев «Ұмытпан»

 

Жүргізуші:  Қазақ ақындарының ішінде Пушкин жүрген, болған жерлерге барып, оның ұлы тұлғасына тағзым ете тұрып, бүкіл шығармашылық әлеміне бойлаған ақын Сырбай Мәуленов десе болады. Әрине, мұндай «саяхаттың» қорытындысы жыр болып төгілуі заңды да. Өлеңмен «Саяхат картасын» кестелеген ақынның жырларын таңдаңыздар.

(Төменде қазақ поэзиясында қырық жылдан аса уақыт бойы үздіксіз жемісті еңбек етіп, көркем сөз дамуына елулі үлес қосқан ақын Сырбай Мәуленовтің ұлы Пушкинге арнаған отты да ойлы, нәзік те сырлы, айшықты жырларынан топтама жарияланып отыр).

 

*  *  *

Жыр тәңірісі Пушкиннің

               Аспанда ма тұрағы.

               Жыр тәңірісі Пушкиннің

               Асқарда ма тұрағы.

 

               Дүние бүкіл таң қалып,

               Күнде дабыл ұрады

               Сол Пушкинді аударып

               Талай ақын құлады.

 

               Ол келеді ешбір де

               Асуынан өткізбей,

               Ол келеді ешкімге

               Пушкин болып жеткізбей.

С.Мәуленов

 

                              Сороть – Пушкин өзеңі.

 

Өлең-жырдың өзегі-

Міне, бұл Пушкин жері,

Сороть – Пушкин өзені,

Маленец – Пушкин көлі.

 

Пушкиннің айбынды таулар

Пушкиннің жас қаласы.

Пушкиннің байырғы баулары,

Пушкин аспанының ауасы.

 

Оның қиялы толқын атып,

Осы бір өзендей ақты.

Отырды оймен ол түн қатып,

Бұйра шашын бұйра бұлттар жапты.

 

Русландай анау емен

Оны қорғады қалқан болып.

Таң шағындай алаң-елең,

Ол өмірге құмартты аң-таң болып.

 

Тар жол, тайғақ тар кешуде,

Жұтты ол таудың сусап желін,

Осында мәңгілік қалды есінде

Кездескен жас сұлумен бір сәт көрім.

 

Онегинмен сырласты оңашада,

Сөйлесті ме, кім білсін, дуэль жайын.

Татьяна секілді бір тасада

Тұрды тыңдап оларды жүдеу қайың.

 

Баяғы қарт кемпірдің

Қалғанындай

Ақынға жүрегінің мұңын ашып,

Жапырағы айғырдың жалдарындай

Тербеледі үйеңкі сыбырласып.

 

Тұрып алған сәулесін таң сызбай-ақ,

Жетім жаны желігіп, толқып тағат.

Жасыл орман жолымен жалғыз аяқ

Барады ол Байронды қолтықтап ап.

 

                                Пущин досын өзеннің жиегінде

                                Қарсы алады көк сирень гүл лақтырып,

                                Көз жастар домалап иегіне

Қарсы алады еңіреп жылап тұрып.

 

Кейде жаны қара тұман,

От пен судан жаратылған.

Кейде жаны ашық күндей,

Дос пен қасқа ғашық бірдей.

 

Кейде көне, кейде жаңа,

Кейде дана, кейде бала,

Кейде толқын, кейде тұнық,

Кейде шат, кейде нала.

 

Ақындықтың арманына,

Жететіндей алып-ұшып,

Тұрмын Пушкин ауданында,

Тұрмын Пушкин тауын құшып.

 

Өлең жырдың өзегі,

Армысың, Пушкин жері,

Сороть – Пушкин өзені,

Маленец – Пушкин көлі,

Пушкин қаласы,

Пушкин ауасы,

Пушкин жері,

Пушкин асқары,

Пушкин аспаны.

 

Жүргізуші: А.С.Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне аударуға сонау 30-жылдардан өмірінің соңғы кезіне дейін араласқан және ол туралы өлеңдер жазған ақынның бірі -–Тайыр Жароков.

«Пушкинді көргенде», «Дуэль» өлеңдері 1937 жылы жазылған.

«Пушкинді көргенде» өлеңінде аталуы өзі-ақ мегзегендей Петербургте, Лицей тұрған жерде ақынның тастан құйған кейпін көргеннен алған әсері баяндалады. Ақын ескерткішіне тағзым ете отырып онымен «тілдеседі»:

 

Ақындық, сенің өлең шың – құзыңа,

Қандай жас үйренбеді, талпынбады,

Талпынып мен де саған келдім, ақын!

Көңілге жырларыңмен маржан тізіп

Келеді, інжуіңді тергім, ақын.

 

Жүргізуші:  Ұлы ақын есімі еске алынып жатқан кездерде әдеби өмірге:

 

 

Жалындаған жүректен

Жарқылдаған от көрем.

Қанатымен өлеңнің

Көтерілем көкке мен! –

деп, Сұлтанмахмұтша жырлаған  Қалижан Бекхожин Пушкинге арнап «Түнде ұшқан бұлбұл» атты өлең шығарып, кейінгі жылдарда Пушкинге жиі оралып, талай жыр жолдарын арнаған.

Қ.Бекхожиннің «Жайық толғауы» атты көлемді өлеңінен Пушкиннің Жайық жағалауында болғаны туралы үзінді оқылады:

 

…Боранды күн жағаңда,

      Қандай ақын сыр шертті?

      Күңіреніп заманға,

      Саған қалай тілдесті?

 

      Сел дариям, тұнығым,

      Сыр ашпаған ешкімге, —

      Толқыныңның түйінің,

      Ағыттың ба Пушкинге?..

 

Жүргізуші:  Отызыншы жылдары қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, сүйікті ақын Қасым Аманжолов А.С.Пушкинге арнап «Ақынның ескерткіші» өлеңін жазды. Бұл өлең «Социалистик Қазақстан» газетінің 1937 жылғы ақпан санында басылды.

 

2 оқушы ақын өлеңін оқиды.

 

Ақынның ескерткіші

(Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуына)

 

Өмір бақша, жеміс мол, қызыл гүлі жайнаған,

Жан иесі бейне бұлбұл, гүлге қонып сайраған.

Сол бақшаны мен келемін тамашалап, аралап

Гүлдің сырын, бұлбұл үнін жырға тізіп,саралап.  

 

Гүлдің сыры, бұлбұл үні тербетеді жанымды,

Балқытады жас тәнімді, қайнатады қанымды. 

 

Ұлы мұхит толқынындай тасқындайды көңілім.

Май айының бақшасындай құлпырады өмірім.

 

Нұрын төгіп, мейірленіп, күн қарайды күлімдеп,

Бақша ішінде музыкадан күй төгіледі дірілдеп.

Шаттық жыры жүрегімді, көкірегімді кернейді,

Көңіл құсы шарықтайды, күнге қарай өрлейді.

 

Аралаймын гүл бақшаны, тамашаға тоймаймын,

Толқындаймын, тасқындаймын, толғанамын,

                                                      ойлаймын.

Ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы,

Жыр тыңдайды, түріледі бар әлемнің құлағы.

 

Жырлаймын да, шырқатамын шаттық жырын

                                                      өмірдің,

Еркіндеймін, орындаймын бар тілегін көңілдің.

Іркілмеймін, бақша ішінде тамашалап келемін,

Бақша ішінде, көз алдымда бір ескерткіш көремін.

 

Мрамордан орнатылған ескерткішке келемін,

Иілемін тәжім етіп, жырмен сәлем беремін.

Жыр тәңірінің, ұлы ақынның ескерткіші еді бұл,

Дақ түспеген, өтсе-дағы талай жыл.

 

Бұйра шашы толқындаған, кең маңдайы керілген,

Тапжылмастан ұлы ақын тұр, терең ойға

                                                                    көмілген,

Ескерткішке кірпік қақпай қадаламын, қараймын

Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.

 

Қараймын да ескерткішке, терең ойға бата

Сырымды айтам, шынымды айтам, ақынға тіл

                          қатамын:

                                Шіркін, жалған, опасы жоқ, әттең сұмырай,

                                                        зар заман,

                                Не көрсетпеді, не қылмады, не қылмады ол саған!

 

Ақын едің, күн боп едің, мезгіл жетпей сөндің сен,

Сонда-дағы борышыңды адамзатқа бердің сен.

Ақын едің, жалын едің, желмен ойнап өрт 

                                                                        болдың,

Ақын едің, соққы жедің, сұм жалғаннан мерт

                                                               болдың.

Бірақ сені жоя алмады, құрта алмады сұм

                                                                        жалған,

Мәңгі сақтар, жүрек жаттар сенен асыл жыр

                                                                            қалған.

 

Сені қысқан сұм замана, болды міне күл-талқан,

Сен аңсаған, құмарланған атты міне, атар таң,

                                Жаңа заман сені бүгін жүрегіне бөледі,

                               Жаттап жырын, ақтап атын, сені тірі көреді…

 

Деймін-дағы, ескерткішке қайта-қайта

                                                                  қараймын,

Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.

Қарсы алдында ескерткіштің кетем жырлап

                                                                     тағы да,

Жырлаймын да, гүл орнатам ескерткіштің

 

                                                                        маңына.

 

Жүргізуші:  А.С.Пушкиннің екі томдық таңдамалы шығармаларының 1975 жылғы қазақша басылымының бірінші томы «Өлеңдер мен поэмалар» әйгілі «Ескерткіш орнаттым мен…» өлеңімен ашылады. «Ескерткішті» қазақ тіліне аударған Ғали Орманов оның желісімен өзінің «Ақын ескерткіші» атты лирикалық өлеңін жазды.

 

Оқысам  ұлы ақынның өлеңдерін

      Өмірі көз алдыма келер менің,

      Ол әлі отанымның өңірінде

      Оқытып келеді жас өрендерін, —

 

деп басталатын өлең жолдарында сендерді осынау бір ғажап туындыға терең бойлай түсуге шақырады.

 

1 оқушы ақын өлеңін мәнерлеп оқиды.

Оқысам  ұлы ақынның өлеңдерін

      Өмірі көз алдыма келер менің,

      Ол әлі отанымның өңірінде

      Оқытып келеді жас өрендерін, —

 

      Жылдардың жылжып ұзақ өтсе жүзі,

      Жоғалып не заманның кетсе де ізі;

      Дүниенің сірә сөнбес шырағындай,

      Жайнап тұр данышпанның сөздері ізгі.

 

      Депті ақын: «Жаным тірі өлеңімде», —

      Сезіммен сені қарап келер күнге.

      Күллі жұрт осы сөзді қасиеттеп,

      Құйыпты жүрегінің тереңіне.

 

Ұлы ақын өлеңінде қалды тірі,

      Өле ме елдің ондай мәңгі жыры!

      Аяулы сырларындай сақтады оны

      Орыстың ойлы орманы, қазақ қыры.

 

      Таныды түкпірдегі «тағы» тұңғыс;

      Таңдады қатпар таулы кәрі Шыңғыс;

      Абайдың ауылынан әнін естіп,

Сахара талай сергіп алды тыныс…

Орнатқан өз тұсында ұлы Пушкин,

Ойласақ «қолдан келмес ескерткішін»,

Ол оны жан күйімен өрген екен,

Сан буын келер ұрпақ, өрен үшін!…

 

Жүргізуші:   Кейінгі буын ақындар да Пушкинге арнап өлеңдер шығарды. Ақындар Төлеген Айбергеновтің, Шөмішбай Сариевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Мылтықбай Ерімбетовтің, Дихан Әбіловтің, Жанұзақ Қожабергеновтің, Қапан Сатыбалдиннің жырларында әдемі кестелер кездеседі.

 

 

 

 

 

 

 

(Оқушылар аталған және т.б. ақындардың жырларынан үзінділер оқиды.

Шараны Мұқағали Мақатаевтың «Пушкинмен қоштасу» өлеңімен аяқтауға болады)

 

Ал енді қоштасайық, сардар аға,

Мен ертең кетем ұшып сар далама,

Қыранның қырандығы-кең далада,

Қыранның қырандығы-тауда ғана.

Мен ертең кетем ұшып сар далама.

Қош боп тұр, қош –есен бол, сардар аға!

Сөкпей де өкпелемей қал балаңа.

…Ақынның ақындығы –атақта емес,

Ақынның ақындығы-арда ғана.

Айтатын арызым бар, аға, саған,

Көңіл-кермек, бой-күйез тамашадан.

Ақымақпын, кей-кейде арыма мен

Өз қолыммен күйені жаға салам.

Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған,

Әйтсе де аямапты құрғыр заман.

Болат Пушкин тіріліп кете ме деп,

Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.

Қарадым сенің қола мүсініңе,

Қоланы да болады түсінуге.

Мені тәңірім жаратқан табынуға,

Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге.

Ортасына сауықшыл түсіп көптің,

Мастандым да, масайрап ісіп кеттім.

Мұң шаға келіп едім-ұш!-дедің сен,

Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім.

Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан,

Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан.

Теңіз бенен аспанның тыныштығын,

Долы дауыл барады жұлып, қашқан.

Қош бол, аға, әлемді тамсандырған,

«Тас мейманға» табиғи жан салдырған.

…Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ

Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан…

*   *    *

Тұтас алғанда, қазақ ақындарының Пушкин туралы өлеңдері – поэзия әлемінің құнды да маңызды бір қыры, ұлы ақын мұрасын игеруге қосылған елеулі үлес, игі дәстүр. Осы дәстүрді жыр кешінде кітапхана оқырмандары жалғастырса құба-құп болар еді. Өз оқырмандарыңыздың алғашқы жыр шумақтары ұлы ақынға арналып төгілуі әбден мүмкін ғой. Сондықтан олардың жырларына да сөз кезегін ұсынған жөн.

 

Армысың, Пушкин!

Жедел сұрақ – жауап ойыны

 

  1. Орал өңіріне сапарында ақын қазақ эпосының інжу-маржаны қатарында саналатын қандай ғашықтық жырын жаздырып алған?

(«Қозы Көрпеш-Баян сұлу»)

  1. Оралда А.С.Пушкин қазақтың қандай ақынымен кездескен дейді?

(Махамбет Өтемісұлы)

  1. 1887 жыл неліктен Абай поэзиясындағы «Пушкин жылы» деп аталады?

(Бұл жылы Абай Пушкиннің 

поэзиясын алғаш рет қазақ

сахарасына таныстырды)

  1. Қазақтардың тұрмыс-салт, тарихымен А.С.Пушкин кімнің еңбегі арқылы алғаш танысты (Левшин А.И. «Қырғыз-қайсақ

немесе қырғыз-қазақ ордалары

мен далаларының сипаттамасы

1924ж.)

  1. А.С.Пушкиннің Орынбор сапарының мақсаты?

(Е.Пугачев көтерілісі өткен

жерлерге саяхат жасау, ол

жөнінде кітап жазу)

  1. Ақын шығармаларын қазақ тіліне аударған ақын-жазушыларды атаңдар? («Пушкин шығармаларын 

аударушылар» атты қосымша)

  1. Қазақстанда басылып шыққан Пушкин шығармаларының суреттерін кімдер салды?                                 (Гурьев, Тетенко, Сидоров)
  2. «Пушкин Орынбор даласында» атты суреттің авторы кім?

(Қ.Қожықов)

  1. «Пушкин ертегілері» бойынша салынған суреттердің  авторы ше?

(Б.Табылдиев)

  1. «Оны қазақтың Пушкині деп атаған, Байронмен және Шекспирмен салыстырған, бет-әлпеті Сергей Есенинге келеді дейтін…» қазақ ақыны?    (М.Жұмабаев)
  2. Жамбылдың Пушкинге арнаған «Асқан бұлбұл» өлеңіне ән шығарған қазақ композиторы?                (Р.Елебаев)
  3. Қазақстандағы қандай жоғарғы оқу орны А.С.Пушкин есімімен аталады? (Орал педагогикалық институты)
  4. Абай аударған орыс классиктері – Пушкин…Жалғастыр.

         (Лермонтов, Крылов)

  1. «Амал жоқ қайттім білдірмей…» Әннің аты, авторы және қазіргі орындаушылары.          («Татьянаның хаты». Абай Құнанбаев.

                                                              Хадиша Бөкеева, Әмина Нұғыманова)

  1. Ақынның «Евгений Онегин поэмасын» толығымен қазақшаға аударған ақын?                                 (Қ.Шаңғытбаев)

16.Абай Пушкиннен неше өлең аударған?   (50 шақты)

  1. Қазақ қызының Тәтіш аты ақынның қай кейіпкерінің құрметіне қойылған? (Татьяна Ларина,

                                                             «Евгений Онегин»)

  1. 18. Қазақ халқын атап өткен ақын (қолжазба нұсқасында) өлеңі?

(Ескерткіш орнаттым

                                                              мен қолдан келмес)

 

 

Сен Пушкинді білесің бе?

Жоғары сынып оқушыларына арналған бәйге сайысы

 

  1. А.С.Пушкиннің кейіпкерлеріне аты берілмеген шығармасын атаңыз? («Балықшы мен балық туралы ертегі» — (Шал мен кемпір)

 

  1. А.С.Пушкиннің және оның көптеген кейіпкерлерінің қаласы

(Петербург)

 

  1. Ақын «Бала жігіт» (Ересек бала) өлеңін арнаған орыс оқымыстысы?

(М.В.Ломоносов)

 

  1. «Өлі» ханшаның күйеу жігіті? (Ханзада Елисей)

 

  1. А.С.Пушкин жақсы көретін жыл мезгілі? (Күз)

 

 

  1. «Жеңімпаз-оқушыға жеңілген оқытушысынан» деген жазуы бар өзінің суретін сыйлаған ақын? (В.А.Жуковский)

 

  1. Ақынның айдауда болған жері? (Кавказ, Михайлавск селосы)

 

 

  1. Пушкиннің көптеген кейіпкерлеріне берілген есім? (Маша)

 

  1. Пушкиннің достарын атаңыздар? (Пущин, Дельвиг, Чаадаев, Рылеев, Нащокин, Жуковский, Раевский)

 

 

  1. «Өлген ханша мен жеті батыр» туралы ертегісінде қай жыл мезгілі туралы айтылады? (Қыс) 

 

 

 

 

 

Өлең жырдың өзегі Пушкин

Жоғары сынып оқушыларына арналған көкпар ойыны

 

Ойынның шарты:  Бір бөлігінде Пушкин өлең жолдары не ақын шығармасының аты жазылған карточкалар ойыншыларға таратылып беріледі. Қарсыластар жүргізуші сөзін шапшаңдықпен жалғастырып әкетулері керек. Ең көп «өлең жолын» немесе шығарма атын атаған  ойыншы  жеңіске жетеді. 

 

  1. Ғашықтың тілі-тілсіз тіл

    Көзбен көр де ішпен біл…

 

  1. Тіл біткен жүрер менің атымды атап…

 

  1. Сақта мені, бойтұмар,

    Сақта мені тар күннен…

 

  1. Достарым, ғажап сұлу біздің одақ!

 

5.Мұңлы зар ма махаббат жыршысының

Естіп пе едің орманнан түнгі үнін?

Қыр мүлгіп таң алдында демалғанда,

Зарлы үнін талмаураған сыбызғының,

Естіп пе едің?

 

  1. Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес.

 

  1. Шаруа қызы.

 

  1. Бахшасарай фонтаны.

 

  1. Теңіздің жағасында жасыл емен;

Тағулы сол еменге алтын шынжыр…

 

10.Тәңірі қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең;

Ол кезімде бала едім мен,

Аямасқа бекіп ең.

 

11.Әрі аяз, әрі шуақ күн тамаша!

 

12.Отырмын дымқыл, қараңғы үйде терезесі торлаулы…

  1. Мыс салт атты.

 

14.«Сәулем, айнам, жарқыным,

Айтшы, кәне, айт шынын-

    Мен бе сұлу әлемде,

   Бар ма сұлу менен де?»

 

  1. Деді Балда: «Қашанда әуес болма арзанға!».

 

16.Евгений Онегин.

 

17.Борис Годунов.

 

18.Руслан мен Людмила.

 

  1. Капитан қызы.

 

20.Моцарт және  Сальери.

    

Баспахана

Пушкин шығармашылығы бойынша іскерлік ойын

 

Дайындық кезеңі:  Шара өткізерден екі-үш ай бұрын оқырмандар үшін  хабарландыру ілінеді. Бұл шараның ерекшелігі сол, балалар ұлы  ақынның еңбектерімен терең танысып қана қоймай,   өзінің шығармашылық қабілетін, ой-қиялын, алғырлығын таныта алады.

Ойын шарты:

1.Шараға қатысатын әрбір оқырман ақынның өзіне ұнаған өлең, ертегі, поэма, повестерін оқып шығулары шарт.

  1. Оқырман ақын еңбектері бойынша шығарма, өлең жазып, ұнаған кейіпкерлерінің суреттерін және салулары керек. Бұл кезеңде оқырман өзінің шығармашылық қабілетін көрсетеді.
  2. Әрбір оқырман өзінің шығармашылық жұмыстарынан және ақын өлеңдерінен тұратын «кітап басып» шығарулары керек. Ол үшін бүгінгі  озық технологиялар көмегін (ксерокөшірме, компьютер, сканерлеу және т.б.) пайдалануға болады. Үшінші кезеңде ойыншы өзінің ұшқыр ойын, қиял жетістіктерін көрсете алады.
  3. Ойынның ең шешуші кезеңі: әрбір оқырман өзі «басып шығарған» кітабының тұсаукесерін өткізеді.

Өзінің қиял ұшқырлығымен, ерекше талантымен көзге түскен оқырман жеңімпаз атанып, арнайы мақтау қағазымен немесе дипломмен марапатталады.

Ескерту: Бұл шараны кітапхана қабырғасында, әдеби үйірмелік кештерде мектептерде өткізуге болады.

 

Қазақ зиялылары Пушкин туралы

 

А.С.Пушкин — әрқашан заманмен бірге, әлемнің мың сан халықтарымен күнбе-күн тілдесіп отырған, жүздесіп отыратын мәңгілік Суреткер.

М.Әуезов

*  *  *

Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ… оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес.

М.Әуезов

*  *  *

…қазақ әдебиетінің бүгінгі, ертеңгі, оның арғы жағындағы келешек ұрпақтардың бәрі өздерін Пушкин мектебінің шәкіртіміз дейтінінде ешқандай күмән жоқ.

М.Қаратаев

*  *  *

Оның дауысы дәл бүгінде адамдарды еркіндік пен арлылыққа халықтарды «дау-дамайды ұмытып, бір үйлі жандай» тату –тәтті бейбіт те әділ бақытты өмірге үндеп саңқылдап тұр.

                                                                                                 Ә.Кекілбаев

*  *  *

…Пушкин өлеңдері, Пушкин атағы бұқараның арасына халық ақындары арқылы да таралғандығын, қазақ халқы да Пушкинді өзінің тума ақынындай сүйіп жырлағандығын «Евгений Онегиннің» халықтық варианттары толық дәлелдейді», «халық ақындары жырлаған «Евгений Онегин» поэмасы қазақ поэзиясындағы лирикалы поэмалардың туып, дамуына зор үлгі болған жаңа әдебиеттік құбылыс», «орыстың үлгілі әдебиетінің қазақ әдебиетіне еткен өршіл, мәдениетті әсерінің айқын бір көрінісі»

Е.Ысмайылов

Пушкин өмірдің өзі тәрізді шексіз. Ол жер бетінде өмір, адам, поэзия тұрғанда жасай береді, ізгілік, адамдық, бақыт үшін күресе береді.

Ә.Дербісәлин.

*  *  *

Мұқағали бір өлеңінде: «Барлық ақын баласы бір ананың», -деген еді. Таланттың жөні осындай. Қай тілде жазғаны сөз емес, егер оның шығармасы нағыз суреткерлік дүние болса, адамзаттың ортақ рухани әлемін байыту үшін қызмет жасайды. Оның отына бәрі жылынады. Оның құдіретті сазын түсінеді. Пушкинді қазақ өз жыршысы ретінде қабылдап, жатсынбауында осындай бір сыр жатыр деп білеміз.

Б.Мәжитұлы

 

 

 

*  *  *

Орыс халқының өзінің тіліне өзінің сенімін оятқан да –Пушкин, орыс халқының өзінің еліне өзінің сенімін оятқан да –Пушкин…

Пушкин- ұлы ақын. Пушкиннің зергерлігі-адам ақылы жетпейтіндей зергерлік. Ақынның қайталанбас даралығы оның осы зергерлігінде…

С.Абдрахманов

 

«Пушкин біз үшін орыстан шыққан Абай!» деп кеткен екен. Он тоғызыншы ғасырда-ақ Пушкинді аударуға қалам тартқандардың тұңғышы – қазақ халқының ұлы Абайы.

                                                                     Т. Әлімқұлов

 

         …Шынайы талантқа тағзым еткен, нағыз өнерді қастерлеп, қадір тұтқан бұл мереке көңілге көп дүние ұялатты. Абай, Сәкен поэзиясының күндері осылай өисе деп армандаймыз. Нағыз өнер, шын талант, дара жүйрік қана ерекшеленсе, поэзия мерейі өсіп, сөз қадірі көтерілер еді…

Т.Әбдірахманқызы  

(Пушкин поэзиясының ХVI мерекесінен соң)

Орыс халқының ұлттық мәдениетінің мақтанышы, бүкіл адам баласы бас иген данышпандардың бірі, өз елінің болашағы үшін арпалысып өткен патриот Александр Сергеевич Пушкин қытымыр заманның көп құрбандарының бірі боп дүниеден өтті. Данышпан ақын мәңгілік өлмес асыл мұра қалдырды. Пушкин-бүкіл алдыңғы қатарлы адам баласының прогресшіл мәдениеті тарихындағы асқар бел.

Қ.Жармағамбетов

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пушкин өлеңдерінің аудармалары

 

Деревня

Өзіңде өткен көңілді, ғажап күндерім,

Өзіңде тапқан бақытқа шексіз алғысым:

Тыныштық, еңбек шабытқа мас боп жүргенім,

Жадымда мәңгі мекенім жырақ, армысың!

Сендікпін мәңгі, қызықпын сәнді сарайға,

Даңғаза шулар, ойындар, тойлар жерітті.

Ормандар қандай бөленген таңғы арайға,

Алқаптар қандай қыздардай науша көрікті!

Сендікпін мәңгі, сүйемін

Жайнаған сая бақтарды,

Сылдырап аққан бұлақты бойлап жүремін,

Ұнатам кеште маяға шығып жатқанды.

Қарасам болды қай жаққа, ғажап суреттер:

Алдымда жатыр айдыны шалқар нұр бет көл,

Балықшылардың желкенін көріп тұрмын мен,

Әр жағында оның-төбелер, жасыл шалғындар,

Ауылдар, ду-ду балғындар,

Сиырлар, әне, жайылып еркін жүр мүлдем,

Жел диірменнің алмайды бүгін жел есін,

Бәрінен рахат, еңбектің табын көресің.

Ғайбаттан қашып келген ем кеше осында,

Танығандаймын шынайы, нағыз өмірді.

Еркінмін мүлде, тәрізді тым көп досым да,

Сауатсыз сөздер етпейді алаң көңілді.

Сынақ жоқ тұрған алдымда,

Кінәм жоқ қояр тағдырға,

Ақымаққа шенді қызықпан.

Ғасырлар бойы қажымай жеткен даналар,

Үндерің нұрға барабар,

Сендерді жанмын жүз ұққан,

Ұйқыны қуып үндерің,

Жаңғыртты менің жанымды.

Өтті ғой талай түндерім,

Сұрақпен қинап арымды.

Айтыңдар маған, айтыңдар маған, даналар,

Емес бұл жәй бір әлдене,

Қайғылы неге бөленген баққа далалар,

Қудалау, қорлау, езілу әлі бар неге?

Сорлының көрмей көз жасын,

Құлдыққа салып тағдырын,

Қамытқа қатал кигізіп оның өз басын,

Тізеге салып, тартып ап жердің барлығын.

Қалдырып көнін, маңдайдан терін төктіріп,

Жыртқызып жерін күшпенен,

Қанаған байда байлық көп, әрі көп мүлік,

Кім бұлай алғаш істеген?

Әділдік жайлы бұл жақта ешкім білмейді,

Дұрыс па осы, шынында?

Бұл жақта қыздар гүлдейді

Жем болу үшін зұлымға.

Бұл жақта өшіп барады кәрі бабалар,

Бұл жақта өсіп келеді батыл балалар,

Өзара ұқсас тағдыры бірақ бәрінің,

Өшер ме олар, қалар ма тағы далалар

Көре алмай дүние жарығын?

Жаралы көңілім, көп ойлар маза бермейді,

Арнасын өмір өзгерту қолдан келмейді.

Достар-ай, ақыр босанып халық құлдықтан,

Жүрер ме еркін, қожа боп ғажап жаһанға.

Жүрер ме бар жұрт сүйеніш тауып

                                                     шындықтан,

Елімде менің еркіндік таңы атар ма?

Аударған Б. Алдамжаров

 

         Қысқы жол

Толқындаған тұманнан

Ай бұлқынып шығады,

Төңірекке мұңайған

Мұңды сәуле құяды.

Қысқы жолда жабырқау

Желеді үш ат зымырап,

Біркелкі үнмен қоңырау

Қажытады шылдырап.

Естисің бір жақын үн

Әндерінен жәмшіктің:

Кейде ескек шалқыған,

Кейде зары жүректің.

Көрінбейді от пен үй,

Қар, тым-тырыс айнала.

Ала діңгек жолда ылғи

Кездеседі бір ғана.

Жабырқадым, Нина, ертең,

Ертең үйге барармын.

От алдында сонда, еркем,

Көзім тоймай қарармын.

Сағат тілі шықылдап

Білдірер өз мезгілін,

Күтпесе де жұрт шыдап,

Айыра алмас бізді түн.

Жолым, Нина, жабырқау,

Жәмшігім де қалғыды.

Шылдыр-шылдыр қоңырау,

Күңгірт тартты ай нұры.

                                             Аударған Ғ. Орманов

 

                      Тұтқын

Отырмын дымқыл, қараңғы үйде терезесі торлаулы,

Қапастағы бір жас бүркіт қос қанаты қомдаулы,

Қайғыланған, қапаланған менің мұңды жолдасым

Қарсы алдында терезенің жейді шоқып қанды асын:

Шоқиды да, тастап жемін, терезеге қарайды,

Бейне менің ойыма ортақ, мені өзіне балайды.

Көз қырымен, дауысымен шақырады шаңқылдап,

Демек болад:

Кел, кетейік, кел ұшалық жарқылдап,

Жетті уақыт, туысқаным, біз ерікті құстармыз,

Бұлт бүркеген асқар тауға біз ұшуға құштармыз,

Көл боп жатқан көк теңізге қанат безеп кетейік,

Тек жел есер… тек мен жүрер еркін жерге жетейік!

Аударған Қ. Аманжолов

 

Қысқы таң

Әрі аяз, әрі шуақ күн тамаша!  

Маужырап жатпақшысың, досым , қанша.

Сұлуым, оянатын уақыт болды,

Ләзәтпен жұмған назды көзіңді аша,

Қарсы ала солтүстіктік Аврораны,

Жарқ етіп көрін Сібір жұлдызынша.

Кеше кеш, есіңде ме, боран ұлып,

Томсарған көкке ұласып қараңғылық,

Сарғайып қалың бұлттан әрең жылжып.

                                Жабырқау тартып жүзің отырып ең,

Қарашы, терезеден…енді тұрып.

Астында зеңгір аспан жайнап тұрған,

Ғажайып кілемдей боп мың құлпырған,

Ақша қар жатыр күнмен шағылысып,

Жалғыз-ақ қарауытад селдір орман,

Қыраулы кілең арша жасылданып,

Тек өзен мұз астында жалтыраған.

Үй-іші сәулелі бір нұрға еніп,

Жаққан пеш шырт-шырт жанып көңілденіп.

Шынтақтап жатып қана орыныңда,

Шомғаның қандай рахат ойға мүлгіп,

Немесе қайтер еді шанасына

Биені қара бурыл шықсақ жегіп?

Ақ қарда таңертеңгі зырғып, досым,

Алысқан ауыздықпен ат желісін,

Желпінген жанмен сүйіп, көңіл ашып,

Қайталық кең даланың кезіп төсін,

Мұнартқан қалың орман, өзен бойы,

Сүйкімді бір дүние менің үшін.

***

Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,

Ел ізі оған салған сүю білмес.

Асқақтап Александр мұнарасынан

Жоғары ескерткішім шықты дербес.

Жоқ өлмен-жаным тірі өлеңімде,

Жаңғырад, қурамайды денем мүлде.

Жалғанның жарығында мен ардақты,

Жасаса жалғыз ақын, керегі не!

Дыбысым Ресейге кетер жалпақ,

Тіл біткен жүрер менің атымды атап.

Славян, фин жұртының өр ұрпағы,

Қазіргі тағы тұнғыс, қырда қалмақ.

Халқыма қалаулы ұзақ болар жерім,

Қаулаттым өлеңіммен мейірімдерін.

Қытымыр заманымда еркіндік деп,

Шапағат пақырларға тілегенмін.

Уа, муза! Мойныңды қой, сөзіме бақ,

Жабықпа жәбірлеуден, тілеме тақ.

Мақтауды жаламенен тыңда салқын,

Тіреспе тіл үйіріп не десе ақымақ!

                                                                    Аударған Қ. Жармағамбетов

 

 

***

Сақта мені, бойтұмар,

Сақта мені тар күннен,

Сақта, жаным қайғырар

Ауыр кезде алдым мен.

Асау мұхит бұрқанса,

Ойнақтаса толқындар,

Нажағайын бұлт атса,

Сақта мені, бойтұмар.

Жүрсем жалғыз жат елде,

Жаным салқын, жоқ құмар,

Соғыс күні қатерде

Сақта мені, бойтұмар.

Қасиетті, тәтті алданыш

Жан сәулетті жарқырар,

Жоғалды енді ол да алыс,

Сақта мені, бойтұмар.

Жарасымен қалсын жан,

Соқпа өткенге, ой-қиял.

Қош бол, үміт, ұйықта, арман,

Сақта мені, бойтұмар.

Аударған С. Мәуленов

 

Сібірде

Сібірде, кенді зынданда,

Достарың болсын ер тағат,

Зая бір кетпес жалғанда

Қайғылы михнат, ер талап.

Іс түссе басқа, түнекте,

Серік боп үміт сергітер,

Қуаныш берер жүрекке,

Сарғая күткен күн жетер.

Жеткендей менің ұраным

Зынданнан өткен қат-қабат,

Қапастың бұзып бұғауын,

Жарқ етер достық, махаббат.

Талқан боп сонда тас қамал,

Дал-дал боп кісен бос жатар.

Азаттық аңсап қарсы алар,

Достарың семсер ұстатар.

Аударған Қ. Шаңғытбаев 

 

 

          Жыршы

 

Естіп пе едің түндегі сыршыл үнін

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Қыр мүлгіп, таң алдында дем алғанда

Шерлі үнін күңіренген сыбызғының.

Естіп бе едің?

Көріп пе едің қойнынан тылсым түннің

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Аңғардың ба көз жасын, жабырқаған

Көріп бе едің?

Тебіреніп пе ең есітіп нәзік үнін

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Көргенде ну орманда сенгендігін

Жалыны жанарымын, қыршын ұлдың

Тебіреніп пе едің?

Аударған  М. Әлімбаев

 

Татьянаның Онегинге жазған хаты

           (А.С.Пушкиннен)

Амал жоқ-қайттім білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Талапсыз, бақсыз, мен сорлы

Еріксіз аттап ұяттан,

Қорлыққа көндім бұл құрлы,

Байқалар халім бұл хаттан.

Әлімше мен де ұялып,

Білдірмен дедім өлсем де.

Шыдар ем күйіп, мен жанып,

Айында бірер көрсем де.

 

Болмады көріп сөзіңді.

Шыдар ем бір ай жатуға

Ұзақ түн жұмбай көзімді.

 

Қызықтан қашып бұл жерге 

Көңілсіз суып келіпсіз.

Мәнісін сұрап білуге

Тілдесе алмаймын еріксіз.

 

Келмесең егер сен бізге,

Сау болмас па ем, әлбетте?

Болмасам ашына мен сізге,

Түспес ем мұндай бейнетке.

 

Асау жүрек қайнамай,

Жуасыр ма еді кезінде?

Елден бір жақсы сайламай,

Бармас па ем ерге өзім де?

 

Өзгеге ешбір дүниеден

Еркімен тимес бұл жүрек.

Әзелде тағдыр иеден,

Қожам-сенсің, не керек.

 

Тіршілігім құрбандық,

Шыдамай сені көргенше,

Тәңірімнен келген бұл жарлық,

Ием-сенсің өлгенше.

Әуелде кірдің түсіме,

Ортақтасып өміріме.

Тоғау салып ішіме,

Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.

 

Құдайдан болғай деп емі,

Құдайыны мол бердім.

Көрген жерде-ақ мен сені,

«Осы екен ғой-сол» дедім.

Жатқан сайын ұйқыға,

Дұға оқушы ем, шошынып.

Ұнатып мені құлқыңа,

Жүруші едің қосылып.

 

Түсімде мені жұбантып,

Жылы сөзбен сөйлесіп,

Кетуші едің қуантып,

Қалушы еді көңіл өсіп.

Шыныңды айт, кімсің тербеткен,

Иембісің сақтаушы?

Әлде азғырып әуре еткен

Жаумысың теуіп таптаушы?

 

Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі-алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын

Талпынған шығар айға алыс.

 

Не болса да өзімді

Тапсырдым сізге налынып.

Толтырып жасқа көзімді

Есірке деймін жалынып.

 

Бұл жерде ешкім сырымды

Білмейді, айтып не етейін?

Жақтырмай бұзсаң нұрымды,

Білдірмей күйіп өтейін.

 

Күтемін сізден қайта хат,

Қуандырып дертім жаз.

Ол болмаса, шыныңды айт,

Кінә өзімде, өзіме аз.

 

Өз хатыма өз көзім

Ұялып, қорқып баға алмас.

Кепілім-сенің бір өзің,

Бөтен жан несіп таба алмас.

                 Аударған Абай Құнанбаев

 

 

А.С.Пушкин шығармаларын қазақ тіліне

 аударған авторлар тізімі

Абай Құнанбаев

Абдуллин Х.

Аймауытов Ж.

Алтынсарин Ы.

Алдамжаров Б.

Аманжолов Қ.

Аманшин Б.

Ахмедов Х.

Ахтанов Т.

Ахметов Ә.

Әлімбаев М.

Әлімқұлов Т.

Баймұхамедов Н.

Байтұрсынұлы А.

Бахниязов І.

Бахтия І.

Бегалин С.

Бегімов М.

Бекхожин Х.

Ғабдулов З.

Дәулетбаев М.

Дүйсенбиев Ә.

Дулатұлы М.

Ебикенов Е.

Ерғалиев Х.

Жамбыл Жабаев

Жансүгіров І.

Жароков Т.

Жармағамбетов Қ.

Жароков Т.

Жәмішев Ә.

Жәңгіров Ш.

Жиенбаев С.

 

Жұмағалиев Қ.

Ибраһим Е.

Исмаилов Т.

Көпішев К.

Қайырбеков Ғ.

Құдайбердіұлы Ш.

Мәмбетов І.

Мүсірепов Ғ.

Молдағалиев Ж.

Молдағалиев Т.

Машақов С.

Мырзалиев Қ.

Орманов Ғ.

Оспанов Ғ.

Оспанов О.

Өмірбеков Ж.

Өтетілеуов Б.

Рашев М.

Сәрсенбаев Ә.

Сағындықов Қ.

Талжанов С.

Тәжібаев Ә.

Тоғызақов К.

Тоқтаров Б.

Тұрманжанов Ө.

Ұябаев Қ.

Хайдаров Т.

Хасенов К.

Ысқақов Б.

Ыдырысов Қ.

Шамкенов А.

Шаңғытбаев Қ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пушкин аудармаларының әдебиеттер тізімі

 

Пушкин А.С. Алтын әтеш туралы ертегі /Ауд. С.Жиенбаев.- Алматы: Жазушы, 1975. – 14б.

Пушкин А.С. Алтын әтеш туралы ертегі /Ауд. Т.Ахтанов.- Алматы, 1949. – 16б.

Пушкин А.С. Әңгімелері /Ауд. О.Оспанов.- Алматы: ҚБМБ, 1947. –159б.

Пушкин А.С. Балықшы мен балық туралы ертегі /Ауд. Ә.Дүйсенбиев.Сур. Г.Сидоров.- Алматы: Жазушы, 1972. – 15б.

Пушкин А.С. Бекетші /Ауд. Қ.Сағындықов.- Алматы:Қазмемкөркемәдеббас, 1951. – 24б.

Пушкин А.С. Боран – Алматы, 1949. – 24б.

Пушкин А.С. Дубровский /Ауд. О.Оспанов.- Алматы, 1950. – 123б.

Пушкин А.С. Евгений Онегин: Өлең-роман/ Ауд. Қ. Шаңғытбаев.- Алматы:Жазушы, 1985.-208б.

Пушкин А.С. Евгений Онегин: Өлең — роман /Ауд. Қ.Шаңғытбаев.- Астана: Аударма, 2002. – 262б. сур.

Пушкин А.С. Евгений Онегин.- Алматы, 1953. – 270б.

Пушкин А.С. Ертегілер /Ауд. С.Жиенбаев.- Алматы: Рауан, 1990. – 78б.

Пушкин А.С. Ертегілер .- Алматы: Жалын, 1983. – 75б.

Пушкин А.С. Ертегілер .- Алматы: Жалын, 1977. – 80б.

Пушкин А.С. Капитан қызы /Ауд. Ә.Тәжібаев.-Дубровский /Ауд.Ғ.Оспанов.- Қарғаның мәткесі; Горюхино селосының тарихы/Ауд. Қ.Сағындықов/Құраст.А.Барлыбаев.- Алматы: Жалын, 1984. – 288б.

Пушкин А.С. Өлеңдер мен ертегілер .- Алматы: Жазушы, 1965. – 40б.

Пушкин А.С. Пугачевтің тарихы; Ұлы Петрдің арабы /Ауд. Ф.Дінисламов.- Алматы: ҚМКӘБ, 1956. – 131б.

Пушкин А.С. Таңдамалы шығармалары .- Алматы: ҚБМК, 1949. – 783б.

Пушкин А.С. Таңдамалы шығармалар. Екі томдық: Бірінші том: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1975. – 371б.

Пушкин А.С. Шығармалар. Бірінші том: Өлеңдер.- Алматы: ҚМӘКБ, 1953. – 362б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ әдебиеті Пушкин туралы

        Ахметов З. Пушкин // Абай: Энциклопедия /Бас ред. Р.Нұрғалиев.- Алматы: Қазақ энциклопедиясы, Атамұра, 1995.-Б. 489-491

        Әбдірахманқызы Т. Пушкин поэзиясының дәстүрлі мерекесі //Әбдірахманқызы Т. Замана сазы: Өлеңдер, әдебиет туралы мақалалар, өмірбаяндық толғам.- Алматы: Ана тілі, 2000.- 399 бет.: сур.

Бақбергенов С. А.С.Пушкин // Пушкин А.С. Өлеңдер мен ертегілер.- Алматы, 1965. – 5-6б.

Бұлқышев Б. Абай және Пушкин // Бұлқышев Б. Заман біздікі:Публицистика, хаттар, роман, өлең-поэмалар мен естеліктер.- Алматы, 1990. – 267-268б.

Бұлқышев Б. Пушкин қазақ әдебиетінде // Бұлқышев Б. Заман біздікі:Публицистика, хаттар, роман, өлең-поэмалар мен естеліктер.- Алматы, 1990. – Б.266-267

Дербісәлин Ә. Пушкин – мәңгі құбылыс // Дербісәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар: Ғылыми еңбектерінің жинағы. — Алматы, 1990. – Б.16-21

Жансүгіров І. Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?: Мақала //Жансүгіров І. Бес томдық шығармалар жинағы.- Алматы, 1988. – Бесінші том. Пьесалар, фельетондар, мақалалар.- 359-363б.

Жармағамбетов Қ.  А.С.Пушкин // Жармағамбетов Қ.  Азамат жолы: Прозалық шығармалары мен әдеби мақалалары/ Құраст.: Г. Қайырбеков т. б.- Алматы: Жазушы, 1983.- Б. 245-254

Кекілбаев Ә. Өлмес, өшпес, өжет жыр: А.С.Пушкин туралы // Кекілбаев Ә. Заманмен сұхбат ой-толғамдар.-Алматы, 1996.- Б.400-414

Қаратаев М.  Жүз жылдан кейінгі Пушкин // Қаратаев М. Туған әдебиет туралы ойлар: Мақалалар жинағы.- Алматы, 1958. – Б.95-111

Қаратаев М. Поэзияның сөнбес күні: А.С.Пушкин туралы мақала // Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. Екі томдық. Бірінші том.- Алматы, 1975. – Б.27

Қаратаев М. Туған әдебиет туралы ойлар: Мақалалар жинағы.- Алматы, 1958. – Б.112-121

Нуртазина Р.Б., Кошенова Р.Н. Армысың, Пушкин! — Здравствуй, Пушкин!: Учебно-методическое пособие.-Алматы:Жибек жолы, 1999.-240 с., 16 с.илл.

Сәтбаева Ш. Пушкин қазақ жерінде // Сәтбаева Ш. Достық дастандары: Зерттеулер, мақалалар.- Алматы, 1983. – Б.19-63

Сейітов С. Пушкинге таман талпыну:[Тайыр Жароков шығармашылығындағы Пушкиннің әсері] // Сейітов С. Тоғысқан толқындар: Зерттеулер. Мақалалар.- Алматы, 1975. – Б.156-163

***

 

 

Қажығалиқызы Г.         Біздің Пушкин : Жыр, сыр, нұр… тәржіме тағлымдары // Алматы ақшамы.- 2000.- 2 ақпан.-  Б. 3.

        Абдрахманов С. Біздің Пушкин // Егемен Қазақстан.-1999.-10 қырқ.-Б.1,3

        Абдрахманов С. Е, Тәтіш!: [А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының халықтық нұсқалары] // Қазақ әдебиеті.- 1999.- 12 қараша.- Б.6-7.

        Ахметов З. Ұлыны ұлы ұғынады: [Пушкин мен Абай үндестігі] // Абай.- 1999.- N3.- Б.18-21.

Балтоғаева Ж.      Ұлылар үндестігі: [Ұлы ақын А.С.Пушкиннің өлеңдері туралы] // Ұлт тағылымы.- 2001.- N3.- Б.69-72.

        Мәжитұлы Б. Пушкинтануға қосылған үлес: [С.Абдрахмановтың «Біздің Пушкин кітабына бірер сөз] // Ақиқат.-2000.-№ 4.- Б.63

Отарбаев Р. Пушкин мен Махамбет: Проза // Қазақ әдебиеті.-1988.-28 қазан.- Б.8-9

        Оразбекұлы К. Әлемге ортақ тұлға: [С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасында А.С.Пушкиннің туғанына 200 жыл толуына арналған кеш болып өтті] // Ұлан.- 1999.- 11 мамыр.-Б.2

        «Оралға келдім…»: А.С.Пушкиннің қазақ жеріне сапарының 170 жылдығына орай // Егемен Қазақстан.- 2003.- 24 қырк.- Б.5.

        Серғазы Г. Тәңір тектес сұлулықтың иесі мен киесі: [Алматыдағы А.С.Пушкин ескерткішінің ашылуы] // Алматы ақшамы.- 1999.- 1 қараша.-Б.3

Стамбекұлы Д. Пушкин әлемінің құпиялары // Қазақ әдебиеті.-1999.-28 мамыр.-Б.4

        Түменбай Қ. «Капитан қызы» қазақша сөйлегенде: [А.С.Пушкиннің шығармасын қазақшаға аударуда] // Ақиқат.- 2004.- N4.- Б.18-21.