М.Әуезовтің өмірі мен өнер жолы.

Набиев Қанат Бөдейұлы,

Семей қаласындағы №33 жалпы орта білім беетін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

    Сабақтың тақырыбы: М.Әуезовтің өмірі мен өнер жолы.

   Сабақтың мақсаты:

Жазушының өмір жолын, шығармашылық жолын оқыту, таныстыру.

Өз көзқарастары мен пікірлерін ортаға салуға дағдыландыру.

Азаматтыққа, елін сүюге тәрбиелеу.

Әдісі: Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы

Көрнекілігі: Жазушы портреті, кітаптар көрмесі, интерактивті тақта, үнтаспа.

Барысы:

І. Қызығушылықты ояту

Мұғалім: Бүгінгі сабақта ХХ ғ. әдебиетінің заңғар биігі, шығармасы арқылы қазақ халқын дүние жүзіне танытқан, Николай Погодин айтқандай: «Қазақтар үшін екінші Абай болған»- М. О. Әуезовтің өмірі және өнер жолымен танысамыз.

 ІІ. Ой қозғау.

«Адамзаттың Айтматов» атанған Ш. Айтматов М. Әуезов туралы былай деген екен: (үнтаспадан)

«Бүкіл әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсіру үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек».

Осы асқар шыңға теңелген жазушы Мұхтар туралы не білеміз?

«Білемін. Білгім келеді. Білдім» стратегиясы бойынша бірінші, екінші бөлімін толтырады.

БілемінБілгім келедіБілдім

Слайд арқылы интерактивті тақтадан жазушының өскен ортасы, білім алған жері, іздену, өсу жолына шолу жасалады.

  1. Әкесі Омархан, атасы Әуез – бала тәрбиесіне салғырт қарамайтын, сауатты, сарабдал адамдар болған.

Абаймен көңілдес, ауылдары іргелес болған. Осының өзі Мұхтардың бүкіл өмірінде шешуші рөл атқарған. Бала Мұхтардың алғашқы сауаты Әуез атасы ұсынған Мүрсейіт қолжазбасындағы Абай өлендерімен ашылған екен.

  1. 11 жасында әкесі қайтыс болады да, Мұхтар Семейдегі немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. 5 жылдық орыс гимназиясына түседі.
  2. 1914 жылы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі. Орыс тілінен сабақ берген Василий Попов бұл туралы былай депті: «Алдынғы партада отыратын 18 жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі тап- таза, қою шашы қап-қара, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр. Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте – мөте жетік, ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз. »
  3. 1922 жылы Ташкент мемлекеттік университетіне түседі.
  4. Бір жылдан соң Ленинградқа ауысып, 1928 жылы сондағы университеттің филология факультетін бітіреді.
  5. 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасын бітіріп шығады.

Әуезовтің өте талантты болуы да осы мол білімінің нәтижесі екенінде сөз жоқ. Мұхтар Әуезов әдеби-шығармашылық еңбекпен ерте айналысқан. Оған әрине, тума қабілеті, өмірлік тәжірибесі, мол білімі әсер еткен.

М. Әуезовтің шығармалары: (интерактивті тақтадан слайд арқылы)

  1. «Абай жолы» роман-эпопеясы
  2. «Адамдық негізі — әйел» публицистикалық шығармасы
  3. «Көксерек» әңгімесі
  4. «Жетім» әңгімесі
  5. «Қыр суреттері» әңгімесі
  6. «Қараш-қараш оқиғасы» повесі
  7. «Қорғансыздың күні» әңгімесі

М. Әуезов өз сөзінде: «Абай – қазақ халқының көзі, көз қарашығы» , — деген.

Әр топқа тапсырма: осы сөздің астарында не жатыр деп ойлайсыңдар? (оқушылардың пікірлерін тыңдау)

М.Әуезов өз халқының жүрегіне үңіліп, ұлы Абай шеше алмаған түйіндерді шешуді мақсат еткен. Оның шығармаларының бір саласы – драматургия.

С. Мұқанов: «Драматургия – қазақ әдебиетіндегі негізінен Әуезов тудырған жанр», — деген екен.

1926 жылы қазақ театрының тұңғыш шымылдығы «Еңлік-Кебек» спектаклімен ашылды.

Пьесалары: (Слайд)

  1. «Еңлік – Кебек»
  2. «Айман-Шолпан»
  3. «Қарақыпшақ Қобыланды»
  4. «Қаракөз»
  5. «Түнгі сарын»

Ой қорыту: «Естеліктер сыр шертеді» айдарымен тапсырма беріледі. («Екі жақты күнделік» стратегиясы )

І топ

Қ. МұхамедқановБіздің пікіріміз
 «Мұқаң —  бүкіл қазақ елі үшін мәңгілік зор мақтаныш. Қазақ елі Абай мен Әуезов арқылы бүкіл адамзаттың парасат салтанатына өз үлесін қосты және соны мақтан тұтады»

 

ІІ топ

З. ҚабдоловБіздің пікіріміз
 «Мұқаң —  әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бір де бірінде осалдық көрсетпеген, бәрінде де орасан күшті, бәрінде қатар және тең ұстаған адам.» Абайша айтқанда, «Қас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің үлгісі болатын.»

Қорытынды: М. О. Әуезов жайлы бір сабақта оқу, білу – мүмкін емес. Оның әр дүниесі, әр сөзі құнды. Бізде Мұхтар есімді азаматтар, балалар өте көп. Солардың бірі – қазақ халқының атақты ақындарының, патриоттарының бірі – Мұхтар Шаханов. «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?» өлеңінен үзінді: (үнтаспадан)

Мықтылардың күйін шертіп өтер күн,

Заман – терек, адам оның бұтағы.

Мен туғанда, досым, сенің әкеңнің

Жазылыпты Абай жайлы кітабы.

Менің әкем соны оқып –

Ұзақ түндер отырыпты оңаша

Бір биікпен таныстым деп тамаша,

Шаттаныпты балаша.

Айқара ашып аспанын,

Жинап барлық достарын,

Бұл есімде ерекше бір құт бар деп,

Мына мендей перзентіне сол күні

Ат қойыпты Мұхтар деп…

 

          Үйге тапсырма: Білімімізді ары қарай толықтырамыз және «Білемін. Білгім келеді. Білдім» бөліміндегі ІІІ – ші бөлікті толтырамыз.