Көксерек-табиғаттың тағы перзенті

Көксерек-табиғаттың тағы перзенті

 

Сабақтың мақсаты:

а)   шығарманың мазмұнын талдай отырып, Көксеректің түз тағысы екенін мысалдар келтіру арқылы дәлелдету;

ә)  оқушыларды адалдыққа,табиғатқа қамқор болуға,әр қадамын ойланып істеуге тәрбиелеу;

б)   балаларды өз пікірін қорғай білуге үйрету,іздендіру арқылы ойлай білу дағдысын қалыптастыру;

Сабақтың түрі:сот сабақ

Сабақтың әдісі:  сұхбаттасу, айтыс,дәлелдеу  т.б

Сабақтың көрнекілігі:  сызбалар,  бүктеме,сот киімін,қасқыр «киімін» киген оқушылар

Пәнаралық байланыс:          тарих,жануартану

Сабақтың барысы:

                                          а) Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен амандасу,түгелдеу, оқу құралдарын тексеру, сыныптың тазалығына көңіл бөлу.  Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

ә) Үй тапсырмасын пысықтау:

Үйге берілген  тапсырманы   сұраймын.Оқушыларға бірнеше сұрақтар қоямын.

б) Жаңа сабақты түсіндіру:

  1. «Көксерек» сөзі сендерге қалай таныс?
  2. «Көксерек» кімнің шығармасы? Жазушы неліктен шығармасының тақырыбын «Көксерек» деп атады?
  3. «Көксерек» әңгімесінің шығу тарихына тоқталу.

«Көксерек» әңгімесінің тақырыбы мен идеясын оқушылардың көмегімен  анықтау.

Оқиғаның мазмұнына тоқталу.

1 Көксерек Қарадыр аулында.

2.Көксерек-түз тағысы

  1. Жекпе жек.

«Көксерек» оқиғасы неліктен бұлай өтті,осыған байланысты оқушылардың пікірін тыңдасақ. .

           Сот төрағасы сот үрдісін ашық деп жариялайды.

          Прокурор сөз алып, «қылмыстық оқиғаға» қысқаша шолу жасайды,осындағы бейкүнә Құрмаштың өліміне кінәлі Көксеректі жазаға тарту керек деген ұсыныс айтады.

           Ақтаушылар:   Көксеректің ауыл иттерінен, ауыл адамдарының көбісінен не үшін таяқ жегенін,олардан соққы жегенде қандай мінез көрсететінін,оның себебі неде екенін айта келіп, адамдар арасындағы өмірдің Көксерекке түсініксіздігін,яғни әрбір тіршілік иесінің өмір сүретін өз ортасы,өз қандастары бар екені туралы айтады. Қасқыр адамдар арасындағы өмірге көндікпейді,ол далада,тау-таста өмір сүру керек,бұл-табиғаттың заңы.  Айнала қоршаған табиғаттың өз заңы,өз ерекшелігі бар. Көзін әлі ашпаған Көксерек адамдар арасына келіп тәрбиеленсе де, бөрілік табиғатына тартып екі аяқты пендемен өштесіп өсті. Себебі ол-қасқырдың өзіне тән мінезі,табиғи қасиеті. Сондықтан Көксеректі жазалау орынсыз.

         Қаралаушы: өз сөзінде Құрмаштың Көксеректі қалай жақсы көргенін,қалай тамақтандырып,қалай күткенін,сол үшін тіпті әжесінің қасынан бөлініп,оны өзінің қасына алып жатқанын,ауыл иттерінен қорғағанын мәтіннен мысал келтіре отырып,Көксерек Құрмаштың жақсылықтарына зұлымдықпен жауап қайтарғанын дәлелдеп, оны жазалау керек деген райынан қайтпайды.

            Ақтаушылар: Көксерек жақсылыққа жақсылық қайтаруды білмейді. Себебі ол-тағы. Оны шығарма барысында жазушы да бірнеше рет еске алады. Мысалы,Көксеректің дене бітімін суреттегенде «зіңгіттей көкшолақ қасқыр болды», «орасан боп өсті», «жоталары дүңкиіп,жон жүндері үрпиіп алған»,  «зорайып қатты өсті», «аяқтары жуандап, жүндерінің бәрі ұзарып өсті» деп сипаттайды.

«Гүрр»  етіп ала төбетті алқымынан ала түсті», «гүрілдеңкіреп маңына дарытқысы келмейді», «қорқ-қорқ асайды», «қылқ-қылқ жұтады», «қабырғаларын кірт-кірт сындырады», «дүр-дүр еткізіп келеді» -бұл оның арланға тән қимылдары.

Көксеректің мінезін «қырыстанып жатып алады», «ызалы,долы,ашулы»,  «долылық,, жойқандық бар», «әлі күнге бір рет жадырап ойнап күлген емес», «татулық жоқ,суық», «Көксерек оңашада, елсізде қатты ойыншыл болатын», «ол түзде еркін ойнақы» деген тіркестермен суреттейді. Мұның бәрі Көксеректің тәрбиеге көнетін күшік емес, қанша асырасаң да орманға қарап ұлитын бөлтірік екенін дәлелдейді.Ол өзіне тән мінезіне тән әрекет жасады.

Айыпталушы Көксерек:Менің адамдарға деген өшпенділігімнің  арта түсуіне итермелеген  қосымша себептер:

1) адамдар менің ұяластарымды өлтірді;

2) ата-анама туған күн маған да туып,адамдар менің де күшіктерімді  өлтірді;

3) өзім адам оғына тап болдым,күшік кезімде де екі аяқтылардан түрлі соққы алдым

                 Екі куәгердің сөздері.

               Ақтаушылардың қорытынды сөздері:   Көксеректің өзі келтірген дәлелдерінен  басқа оның Құрмашты өлтіруіне себеп не?           Қасқырдың өзіне тән мінезі,табиғи қасиеті дедік. Сондықтан ол қанына тартып,иесі болса да Құрмашты өлтірді.

Адам,жануар –табиғат жаратылысы. Олар өмір сүру үшін,ұрпақ сақтап қалу үшін өмір сүреді. Қасқырлар жыртқыш да болса  тіршілік иесі. Адамдар осыны түсіну керек еді. Ал қасқыр апанын бұзу,бөлтіріктерін өлтіру-адамның табиғатқа жасаған қиянаты.

Әңгімеде адамдар әлемінің қатыгездігін көреміз, қиянатшы екенін байқаймыз. Ойланбай істеген істің опық жегізетінін көреміз. Құрмаш үлкендердің екі рет ескерткенін елемеді, қасқырды соймақшы болғанына көнбеді. Ал үлкендер ертеңді ойламай,арланның өсіп  жыртқыш болып шығуына бар жағдайды жасады.

Адвокаттар  кеңесінің тұжырымы:  Құрмаш өліміне басты кінәлі Көксерек емес.

Сот үкім шығарады: Құрмаш өліміне адамдардың өзі кінәлі. Көксерек, біріншіден, тегіне тартып өлтірсе,бір жағынан мұндай қылыққа итермелеген-адамдардан көрген  жәбір-жапасы. Адамдар «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деген сөзді ескермеген. Көксерек күшік емес, бөлтірік. «Бөрі бөрілігін істейді», «Қасқырдың баласын қанша асырасаң да орманға қарап ұлуын қоймайды»  деген ата-баба даналығына сүйеніп Көксеректің табиғат заңдылығына сәйкес әрекет еткенін ескере отырып оны жазадан босатамыз.

 

Мұғалімнің қорытынды сөзі: М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін аяқтадық.Жазушының «Көксерегі» -оның ең таңдаулы шығармаларының бірі.

Үйге тапсырма: «Адамның ең асыл қасиеті-жақсылық» тақырыбына эссе жазып келу.

Бағалау. Қорытынды.