ИНФОРМАТИКА ПӘНІНДЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ

ИНФОРМАТИКА ПӘНІНДЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР ЭЛЕМЕНТТЕРІН  ҚОЛДАНУ

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының: Білім және кәсіби машық-заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары бөлімінде «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» екендігі  айтылды. Сауаттылығы жоғары елге айналуымыз үшін әрбір азамат бойына ең алдымен ұлттық патриотизмді  қалыптастыру керек.

Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда салт-дәстүрлердің атқаратын орны ерекше. Ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Ұлттық тіл, ұлттық-әдеп ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, ауызекі халық шығармашылығы, ұлттық тарих, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық ойындар, т.б. ұлттық патриотизмді қалыптастырудың құралдары болып саналады.

Қазақ халқының Ұлы педагогтарының бірі Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешегі, ел болуы да мектебінің қандай негізде болуына барып тіреледі», — деп айтқандай, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухани мұраны жас ұрпақтың бойына қалыптастырудағы мектептің ролі зор. Ұлы Мағжан бұл сөзін қазіргі қоғамды сезіп-білгендей, кемеңгерлікпен біліп айтқандай. Өйткені қазіргі қоғам – «ақпараттық қоғам» болып отыр. Дүние жүзіндегі ақпарат көлемі әр он жылда екі есе өсіп отырады екен. Міне, осындай батыстың және шығыстың әр түрлі  идеологиялары сапырылысқан, дінаралық келеңсіздіктер белең алған ақпараттық қоғамда келешек ұрпақтың ұлттық болмысын жоғалтып алмауы, ақпараттық қоғамда адасып қалмауы бүгінгі күні басты назар аударатын өзекті мәселе болып отыр. Осы мәселені шешуге игі әсерін тигізетін бірден –бір тұлға мектептегі информатика пәні мұғалімі деп білемін. Информатика – ақпараттық процестерді зерттейтін ғылым. Дегенмен, оқушыларға мектепте информатиканы оқытқанда тек ақпараттық процестерді оқытып қана қоймай, ақпараттық мәдениетті ұлттық негізде қалыптастыруға мән берген жөн.

Қазіргі таңда информатика сабағында компьютерлік технологияны кеңінен қолдану тиімділігі  оқушылардың бойына  ұлттық құндылықтырды қалыптастыруда кез-келген материалды қызықты, әрі ғылыми тұрғыдан мазмұнды етіуге игі әсерін тигізеді. Компьютерлік технологияны дұрыс, мәдениетті түрде пайдалана білсе, оның мүмкіншілігі көп.

Информатика пәнінде компьютерлік технологияны пайдалану  арқылы оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға арналған жаттығуларлар ретінде  «Ұлттық қолөнер», «Ұлттық салт-дәстүрлер», «Ұлттық тағамдар», «Ұлттық ойындар»,  «Ұлттық киімдер», «Ұлттық музыкалық аспаптар»   деген тақырыптарды қолдануға болады. Аталған тақырыптарға байланысты жаттығулар жасау негізінде, оқушыларға қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде тәрбие беру моделін іске асыруға болады.

Енді информатика курсының кейбір тарауларына тоқталып өтейік.

Paint графикалық редакторын өткен кезде қазақтың ұлттық ою-өрнектерін сызуды үйретуге болады. Сонымен қатар, компьютерде оқушылармен бірлесіп киіз үйді құрудың бірінші сатысы киіз үйдің қаңқасының суретін салдырып, енді оларға өз беттерінше шығармашылық – ізденіс тапсырмасы ретінде киіз үйді жабдықтау кезеңдерінің суретін бейнелеуді тапсыруға болады. Бұл кезеңдерде оқушылар іздену арқасында қазақтың ұлттық мұрасы – киіз үй туралы қосымша әдебиеттерден ақпарат жинайды. Осы сабақ барысында оқушылардың қазақтың киіз үйлерінің жабдық атаулары, киіз үйді қалай құру керек екендігі және киіз үйді жабдықтау кезеңдері туралы ұлттық–танымдық пікірлері қалыптасып, өз беттерінше компьютерде суреттерін кескіндеп шығады.

MS Word мәтіндік редакторында «Ұлттық киімдер» туралы мәтіндерді теруге, ерекшелеуге, өңдеуге, кесте түзіп оған мәтін енгізуге болады. Мұнда оқушылардың қазақтың ұлттық киімдері жайлы толыққанды мәлімет алуларына мүмкіншіліктері туады.

MS Power Point бағдарламасында қазақ халқының мәдениеті, ұлттық музыкалық аспаптары жөнінде мәтіндерді, суреттерді қолдана отырып слайдтар жасауға болады.

MS Excel электронды кестесін өткен кезде қазақ халқының ұлттық тағамдары мен олардың құрамы жайында тоқталуға болады.

Жалпы, ұлттық тағамдарды дайындау мен сату табысты бизнес түріне жатады. Осы ұлттық тағамдарды дайындау мен сату табысын кесте түрінде есептеп, табысының диаграммасын көрсетуге болады.

Мысалы, жент. Оны дайындау үшін 1 кг жентке  – 500 гр тары, 400 гр ірімшік, 200 гр қант, 50 гр ас қасық кептірілген жүзім, 200 гр сары май керек. Ірімшік пен тарыны келіде жаяды. Қоспаны қант пен кептірілген жүзіммен араластырады, сары май қосып, қатқанша суытады. Дайын жентті өткір пышақпен кеседі.

MS Access бағдарламасында Қазақ хандығында билік еткен қазақ хандары жайлы мәліметтер қорын құрып, яғни қазақ хандарының билеген жылдарын, саяси өмірін және де хандардың тұсындағы қазақ хандығының мәдениеті, шаруашылығы жөнінде мәлімет енгізіп, оны сұрыптауға, өңдеуге, баспаға шығаруға болады.

Сонымен қатар «Қазақ халқының ұлттық ойындары» тақырыбында мәліметтер қорын құрып, ұлттық ойындардың ойнау ережесін, ұлттық ойын түрлері туралы мәлімет енгізіп, форма, сұраныс құруға болады.

Pascal программалау тілінде халықтық есептерді шығару жолдарын үйретуге болады. Ол біріншіден халық мұрасымен оқушыларды таныстыру жолы болса, екіншіден есепті шешудің дұрыс алгоритмін тауып, оның программасын дұрыс құра білуге үйретеді.

Мысалы: Жылқыға жем беру. Біреу алты жылқысына күн сайын он қадақ сұлы беріп жүреді. Жем жылқының жасына қарай бөлінеді. Биеге үш қадақ, құнандарына екі қадақ, ал тай басына бір қадақ жем береді. Сонда бие нешеу, құнан нешеу, тай нешеу болғаны?

 

Қорыта келее, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қалың елім Қазағым» атты жинағында мемлекеттік идеология мәселесін ұдайы есте ұстауымызды ескерте келе былай деп жазады: “Бес арыстарымызға арналған тарихи зерде кешенінде мен қазақстандық отаншылыдық сезімін тәрбиелеуге көңіл бөлген едім. Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзентті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды”…

Олай болса, қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттарында және әрбір пәнде қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы оқушылардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздар, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып ұлттық қасиеттерге айналады.

Халқымыздың ертегілерінде, аңыз — әңгімелерінде, шешендік, тапқыр сөздерінде, салт – дәстүрлерінде белгілі бір пәнге байланысты тұстарын байқауға болады. Мұндай халқымыздың асыл қазынасын сабақтың кейбір тақырыптарымен байланыстыру, оның салт – дәстүр мен мәдениетіне құрметпен қарауға үйретері сөзсіз.

Информатика пәнін оқытуда халықтық педагогиканың мұрасын қолдану – мұғалімнен ізденушілікті, шығармашылықты талап етеді. Бұл халықтық педагогика: Оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелеу; қазақ халқының сана салттық байлығын қолдана отырып білім беруді қызықты және ұтымды қылып өткізу; әрбір ауыздан шыққан, соның ішінде халықтың ауызекі мұрасын жан – жақты түсіне білуге үйрету; оқушылардың ұлттық санасын қалыптастыру; өз ұлтының ерекшеліктерімен таныстыру; оқушылардың көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, халықтық педагогиканың бастау көзінің бірі – халқымыздың даналары. Осындай дана ғұламалардың ой – пікірлерін, қанатты сөздерін орнымен пайдалану сабақтың білімділік және тәрбиелік мәнін арттырады.

Сабақ барысында осындай ұлттық құндылықтардың мән мағынасын ұғындыру, оны баланың санасына, сезіміне, мінез – құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу мұғалімнен шеберлікті талап етеді. Сабақ барысында ұлттық құндылықтарды қажетті жерінде тиімді пайдаланса, сабақ мазмұны жағынан өте сапалы және жоғарғы деңгейдегі сабақ бола отырып, оқушылардың ұлттық – танымдық білімдерін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР

Жалғасбаева Р.Ж. «Жаратылыстану пәндерін оқытуда халықтық педагогика элементтерін қолдану» // V Халықаралық «Сейтен тағылымдары» ғылыми-практикалық конференциясының  материалдары бойынша ғылыми мақалалар жинағы. 2010 жыл.

  1. Әбдуахитов Ә. «Информатика пәнін оқытудағы ұлттық ерекшеліктер»//