«1001 мақал, 101 жұмбақ» жарысы

«1001 мақал, 101 жұмбақ» жарысы

 

 Мақсаты:

  1. Оқушылардың халық ауыз әдебиетіне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын, ойлау қабілетін дамыту;
  2. Халық ауыз әдебиетін орынды қолдана білуге, шаршы топ алдында сөз жүйесін таба білуге үйрету;
  3. Халық ауыз әдебиетін құрметтеп,оны дамытуға, тіл мәдениетіне, достық қарым-қатынасқа, ой ұшқырлығы мен тапқырлыққа, өз ұлтын сүюге, халық мәдениетін жалғастыруға тәрбиелеу.

Жарыс барысы.

Құрметті көпшілік қауым! Бүгін мектебіміздің 4-сынып оқушылары арасында «1001 мақал, 101 жұмбақ» жарысы өткелі отыр. Мұндағы мақсатымыз – халық ауыз әдебиетін дамыту, халық мұрасын сақтау және жалғастыру, тапқырлық пен ой ұшқырлығына тәрбиелеу.

Мақал-мәтелдер – ғасырлар шежіресі, онда халық тарихы, оның тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер  ой дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдығымен ерекшеленеді.

Жұмбақтар да – ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан түрі. Жалпы алғанда, жұмбақ  адамның дүниетану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді.

Ортамызда халық ауыз әдебиетінің ең жанашырларының бір тобы.Қарсы алыңыздар! Құрметті ойынға қатысушылар! «Қадамдарыңа нұр жаусын» дей келе, бүгінгі  «1001 мақал, 101 жұмбақ» жарысын бастаймыз.

 

Жүргізуші: Ойын тәртібі: 4-сыныптар арасынан үш баладан сайысқа қатысуы керек. Сайыс 6 бөлімнен тұрады.

  1. Кім жылдам?
  2. Мен ұнатқан үш пән.
  3. Ойна да, ойла.
  4. Әзіл аралас сұрақтар.
  5. Ойлап, тап!
  6. Көрермендер көрімдігі.

 

І. Әділ-қазылар алқасын сайлау

ІІ. Жарысқа қатысушы топтарды таныстыру

ІІІ.Ойын барысы.

 

1-сайыс: «Кім жылдам?» (Аталған сөзі бар мақал айту).

Мысалы:

Адам. Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында.

  1. КӨЗ 2. БАЛА 3. ТІЛ        4. ТУҒАН ЖЕР         5. ОТАН             6. ДОС

2-сайыс: «Мен ұнатқан үш пән».

  1. Бірлігі жарасқан … бұзылмас.
  2. Татулық — табылмас … .
  3. Адамды … үйретеді.
  4. … байқап сөйлер.

3 – сайыс: «Ойна да, ойла». ( Тоқтамай 9 мақал айту) .

 

4 – сайыс: «Әзіл аралас сұрақтар». (Сұрақтарға мақалмен жауап беру керек).

Мысалы:

  • Жылан інінен қалай шығады?
  • Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады.(Көмекке көрермендер де қатыса алады).
  1. Қар жана ма? (Қалауын тапса қар жанар).
  2. Инемен құдық қазуға бола ма? (Оқу инемен құдық қазғандай).
  3. Аппақ қарға бола ма? ( Қарға баласын «аппағым» дейді).
  4. Не қорқақ не батыр? ( Көз – қорқақ , қол – батыр).
  5. Ең тәтті не? (Ананың сүті тәтті, баланың тілі тәтті).
  6. Тауық түс көре ме? ( Тауықтың түсіне тары кіреді).
  7. Кімнен кім жаман? (Олақтан салақ жаман).

 

5 – сайыс: «Ойлап, тап!». ( Жарысқа қатысушылар екі жұмбақтан жасырады, жұмбақ екінші рет қайталабауы тиіс).

 

6 – сайыс: « Көрермендер көрімдігі».( Көрермендерге жұмбақ оқылады, жауабын дұрыс тапқан бала сол затқа ие болады).

  1. Адамды тартып алар көрсе өзі,

Мелшиіп қарап тұрар болмай сөзі.

Жанына барған кісі екеу болар,

Бетіне түртіп қалсаң шығар көзі.              (айна)

 

  1. Бір нәрсе екі түрлі заттан болған,

Адамзат шығарады істеп қолдан.

Жұмсаймыз уақытымен тазалыққа,

Өмірі ақырында бітер содан.                    (сабын)

 

  1. Қабат-қабат қаптама,

Ақылың болса аттама.                              (кітап)

 

  1. Ат міндім қарала аяқ қаздақтатып,

Жүргенде жол салады табандатып.         (қалам)

 

  1. Бір нәрсе ала шұбар, қара тұмсық,

Қарасаң басқан ізі қисық-қисық,

Өзі жансыз, жандының күшіменен

Борайды ат үстінде желдей есіп.              (қарындаш)

 

  1. Келеді сапар тартып алуан жолдан,

Тамаша қызығы көп түспес қолда,

Қызығын оқысаңыз тамашалап,

Қаласың хабарласып барлық жайдан.      (газет)

 

 

  1. Аяғы бар жүрмейді,

Аузы бар күлмейді.

Айнымайды бөпемнен,

Тек сөйлеуді білмейді.                              (қуыршақ)

 

ІY. Әділ-қазылар алқасының қорытынды сөзі.

Жүргізуші: Құрметті көрермендер! Осымен 4-сыныптар арасында өткен «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты жарысымыз аяқталды.

 

 

 

Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласы

Академик О.А.Жаутыков атындағы

№1 қазақ орта мектебінің

бастауыш сынып  мұғалімі

А.Б.Бақтиярова