«Ою ойғанның ойы ұшқыр»

«Ою ойғанның ойы ұшқыр»

Амина Ашхатқызы Тажбаева

Шыңғырлау орта мектептің технология пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы

 

Сабақтың мақсаты:

Білімділігі: қазақ халқының ою-өрнек түрлеріне сипаттама беріп, шаршы оюын қиюға, суретке қарап өрнек шығаруға үйрету.

Дамытушылық: ою өрнектің шығу тарихын, қолданылуын, айнала ортамен, табиғатпен байланысын түсіндіру арқылы дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейту. Қиялдарына қанат бітіріп, әсемдікті өзінше танып, өз беттерінше ою-өрнек түрлерін ойластыруына әсер ету.

Тәрбиелік: ою-өрнектердің мән-мағынасынан түсіндіре отырып,ұлттық өнерімізді терең ұғынуға, еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: интеграл сабақ.

Сабақтың әдісі: түсіндірмелі-көрнекілік, сұрақ-жауап.

Сабақтың көрнекілігі: «Ою ойғанның ойы ұшқыр», ою-өрнек түрлері,  «Ою-өрнек ой айтар», «Қарты бар үйдің – қазынасы бар». Оюлы ұлттық бұйымдар: ши, кілемше, киіз т.б.

Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, әдебиеті, математика, саз пәндерімен байланыс. Ата-аналармен байланыс.

Сабақтың өту барысы:

І. Ұйымдастыру бөлімі.

А) Оқушылармен амандасу

Б) Сабаққа даярлықтарын тексеру

В) Сынып тазалығын тексеру

Г) Сабаққа қатысын тексеру

ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.

А) Кіріспе әңгіме.

Ә) Көрнекілікпен жұмыс

Б) Шебер әжейге сөз беру

В) Әдебиет пәніне кезек беру.

Г) Шаршы оюының қию жолын түсіндіру.

Ою-өрнек ісі қазақ халқында ерте заманнан бастап-ақ қолөнердің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келеді.

Өткен ғасырдағы қазақ халқының өнерін зерттеуші ғалымдар «Қазақ өрнек әлемінде өмір сүретін тәрізді, оларда қоршаған орта ерекше әшекей ою-өрнек әлемімен жырланған. Үй-мүлкі, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, киім-кешек көпке сүйікті ою-өрнекпен көмкерілген» деп айрықша атап көрсеткен.

Халықтың қолөнері, соның ішінде ою-өрнек салу қазақ жерінде өмір сүрген, ертедегі мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі рулар: сақтар, үйсіндер, ғұндар өнерінің негізінде қалыптасты. Ою-өрнек халықтың көркемдік ойлауын, дүниетанымын паш етеді. Ғалымдар әзірше ою-өрнектің 200-дей түрін анықтап отыр.

Халқымыздың осы ою-өрнек атауларын не нәрсеге ұқсастығына, мән-мағынасына қарай мынадай топтарға жіктеген екен.

1.Жан-жануарларға байланысты;

  1. Құстарға байланысты;
  2. Өсімдіктерге, жер, суға байланысты;
  3. Геометриялық пішіндер тәріздес ою-өрнектер. /Көрнекілікпен жұмыс/.

Халқымыз жануарлар әлеміне ерекше көңіл бөлген, сондықтан да болар, әрбір жануардың дене бітіміне, жеке бөлшектеріне ұқсатып, асқан шеберлікпен ою-өрнек құрастырған.

Арқар мүйізСыңар мүйіз
Бұл ең көп қолданылатын қошқар мүйізге жақын бейнелес ою. Айырмашылығы шиыршықтанып келеді. Кейде тармағы көбейеді.Ешкінің, сиырдың мүйіздерінен бейнеленеді, кейде «ілмек» деп те аталатын ою.

Құстар тектес оюларда аққу оюы аққудың киелілігін, әдемілігін, нәзіктігін көрсетеді, халқымыз аққу өрнегін жұптастыра ойған. Құсқанаты бұл мүйіз оюымен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек.

Өсімдіктерге байланысты өрнектер: үшгүл, жауқазын, төрт гүл,  түйетабан. Түйетабан көгалды сазды жерге шығатын көп жапырақты, тікенекті, ортасында үлпілдеп мамығы бар өсімдік бейнесінде берілетін өрнек. Көбінесе заттардың шеттеріне салынады. Міне, біздің қазақ өрнектері малшылық, көші-қон, аңшылықты, айналасындағы табиғатты, геометриялық түсініктердің сырт тұрпатын байқаудан туған ұғым негізінде дамығанын көреміз.

Ауылымыздағы шебер әжейі өз қолынан жасаған оюлы бұйым туралы әңгімелейді.

Ал әдебиет пәнінің мұғалімі ою-өрнектің шығу тарихындағы халқымыздың теңеу шеберлігін, оюмен бейнелеуін көркем сөзбен түсіндіріп өтеді.

Әдебиет пәні мұғалімі:

Ою-өрнек өнері қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіресі. Ертеде жазу, сызу әлі қалыптаспаған заманда ата-бабаларымыз ою-өрнек арқылы өз өмірін бейнелеген, түсінік пайымын жеткізген. Символдық қызмет атқарған. Шеберлер ою-өрнекті дамытып, халқымыздың тұрмысына терең енгізген. Әр оюға мән беріп, өзіндік қасиетін, ерекшелігін ескеріп өз орнымен қолданған.

Мал жұтаса да, өнер жұтамас.

Өнер іздеген, өсер,

Өсек іздеген өшер.

Өнерді қызықпасаң көре алмайсың,

Таспаны үйренбесең өре алмайсың.

Шебердің қолы ортақ,

Шешеннің тілі ортақ.

Өнер мінсең ат, ұшсаң қанат,

Кисең жанат, ішсең тамақ.

Ата кәсібі бала нәсібі

Алтын балдақ қол сәні,

Әшекей, кесте тон сәні – деген мақал-мәтелдермен өнерді дәріптеп, ұл-қызын еңбекке тәрбиелеген. Әр мақалдың астарына үлкен философиялық ой жасырған, ой-санасы соған жетіп, соған ұмтылсын деген мақсат тұтқан.

ІІІ. Сарамандық жұмыс.

Шаршы оюын қию өнеріне тоқталамыз.

Қағазды тегістеп төртбұрыш, яғни шаршы дайындап аламыз. Ол үшін қағазды ортасынан тік және көлденең бүктейміз. Қағаз екі бүктелгенде төрт қабат болды. Төрт қабатталып шаршы формасындағы қағаздың екі қабатын тең бүйірлі үшбұрыш шығара бүктейміз.

Осы үшбұрыш бетіне ою-өрнегінің жарты көрінісін салу керек. Ою-өрнек элементтері жинақы әдемі көрінуі тиіс. Шаршы оюды қайшымен ұқыпты қиып ою-өрнекті бүгілген жерлерін жайып тегістейді.

/Шаршы оюын түсіндіру кезеңі бойынша оқушылар оюға кіріседі. Жаймен күн ойнап тұрады/.

ІV. Сабақты бекіту.

Сайыс түрінде өтеді. Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әділқазылар сайлап, сайыс шартын түсіндіремін.

1.Топ аттарын ашық түрде жариялай бір-біріне оюды көрсетіп, оюдың атын атау арқылы топ атын табады. Одан соң ол оюдың қай түріне жататындығын анықтайды.

  1. «Ойлана білмеген оя білмейді», екі топтың біріне қарлығаш, екіншісіне барыс суреті беріледі. Солардың сырт бейнесіне қарай ою ойлап шығаруы керек.
  2. «Тап шапшаң». Әр топқа оюлар қиықтарға бөлініп араластыра беріледі. Оюды құрастырып артындағы сұраққа жауап беру керек.
  3. «Ою-өрнек сәндігі

Көздің жауын алады

Болмаса зат өрнексіз

Онда мәнсіз қалады» — дегендей екі топ әшекейсіз кебеже мен сандықты өздері ойған оюмен үйлестіре әшекейлеу керек.

Әділқазыларға сөз беру.

  1. Оқушыларды бағалау.
  2. Үйге тапсырма.

Жастыққа арнап шаршы оюын ойып келу.