«Мамандықтың бәрі жақсы»

166

Тақырыбы: «Мамандықтың  бәрі  жақсы»

Мақсаты: оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыта отырып, болашақ                                                                      мамандыққа байланысты ұғымдарын тереңдетіп, қызығушылықтарын арттыру. Жұмыстың мазмұнымен, мағынасымен айрықшаланатын мамандық әлемінің түрлілігі туралы түсінік қалыптастыру.

Оқушылардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру, мамандық таңдау білуге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекілік: мамандық туралы суреттер, мамандық аттары жазылған карточка, интерактивті тақта, қанатты сөздер жазылған плакаттар.

Жоспары:

I.Кіріспе.  (Амандасу, топтармен таныстыру, сұрақ – жауап.)

II.Негізгі бөлім.

  1. «Миға шабуыл»-Ой-қозғау.

2.Презентация «Менің сүйікті мамандығым»(Үй тапсырмасы)

3.Ойын:  «Мамандықтың бәрі жақсы»(Интеллектуалдық ойын)

4.Көрініс (Мамандықтар туралы күлкілі жағдаяттар)

5.Капитандар сайысы «Қай мамандық?» (пантомима)

III.Қорытынды.

1.Бағалау.

2.Рефлексия.

Барысы: I.Кіріспе.

Құрметті қонақтар, оқушылар, әріптестер! Бүгінгі біздің  «Мамандықтың бәрі жақсы» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Сабағымызды бастамас бұрын топтармен танысайық. Сөз бірінші топқа беріледі.(Әр топ өзімен таныстырып өтеді.)

-Балалар, бүгін біз мамандық туралы әңгімелесеміз. Айтыңдаршы, мамандық  дегеніміз не? Белгілі бір мамандық иесі болу үшін не істеу керек?

1 – оқушы: Мамандық дегеніміз – адамның еңбек қызметінің түрі.

-Ал енді еңбек пен мамандықтың айырмашылығы неде деп ойлайсыңдар?

2 – оқушы: Еңбек – адамның қызметі материалдық және рухани жағдайын құруға бағытталған. Еңбек әрқашан мақсатты, яғни әрдайым нәтижелі болу керек.

3 – оқушы: Ал мамандық – еңбек қызметінің түрі, ол арнайы біліктілік пен білімділкті талап етеді.

4 – оқушы: Мамандық латын тілінен аударғанда ресми көрсетілген іс. Мамандық иесі болу үшін әдейі оқу керек.

Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, балалар.

-Әсемпаз болма әрнеге

Өнерпаз болсаң арқалан

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тапта бар қалан, — деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнын тауып, елімізге қажетті кәсіп иесі болу әрқайсыңның  арманың.

Сендердің таңдауларың да әртүрлі. Біреуің ертең ақын, екіншің инженер, үшіншің құрылысшы боласың. Жаман мамандық жоқ. Мамандықтың бәрі жақсы.

II.Негізгі бөлім.-Ендеше, балалар, сынып сағатының негізгі бөліміне көшеміз.

1-кезең-«Миға шабуыл».-Ой-қозғау.Әр топқа конверт беріледі. Тапсырма: мамандықтарды  классификациялау (топтау) . Уақыт- 3 минут.

 

Карточка №1, (әр топқа беріледі):

«Адам-табиғат»

Қандай объектілермен жұмыс істейді: өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер.

 
«Адам – техника»

Қандай объектілермен жұмыс істейді: техникалықобъектілер (машиналар, механизмдер), материалдар, энергия түрлерімен.

 
«Адам-адам»

Қандай объектілермен жұмыс істейді:  адамдар.

 

 
«Адам-компьютер»

Қандай объектілермен жұмыс істейді:  шартты белгілер, цифрлар, кодтар, нағыз немесе жасанды тілдер.

 
«Адам-көркем образ»

Қандай объектілермен жұмыс істейді: көркем образ, образды жасау тәсілдері.

 

 


 (Мамандықтар атаулары , №1тапсырмаға )

кинолог, ветеринар,зоотехник, агроном, гүл өсіруші,химия-бактериологиялық сараптаманың лаборанты,инженер-механик,сәулетші,электромонтажшы,радиомеханик,құрылысшы,компьютер жинақтаушы, телекоммуникация маманыдәрігер,мұғалім, психолог,шаштараз,экскурсия ұйымдастырушы, менеджер, көркем жетекші,аударушы, экономист, инженер,топограф, хатшы, программист, артист, актёр,суретші, музыкант,дизайнер, мүсінші, журналист.

 

2-кезең. Біздің  сайыскерлерге үй тапсырмасы берілген. «Менің сүйікті мамандығым» презентациясын дайындау. Балалар, сендерге сөз береміз. 1-2 минут уақыттарың бар.

3-кезең.«Мамандықтың бәрі жақсы» — интеллектуалдық ойыны.(Презентация арқылы )

 

-Тақтаға назар аударыңдар. Ойын бірнеше бөлімнен тұрады. Әр топ ұяшықтарда жасырылған сұрақты таңдап алып кезекпен оларға жауап береді. Дұрыс жауап үшін тиісті ұпай алады. Егер жауап бере алмаса қарсылас топқа кезек беріледі.

-Іске сәт тілейміз!

4-кезең.  «Күні бойы бір күле алмасаң, онда оны зая кеткен күнім деп есепте» —   деген екен  Виктор Мари Гюго. Сондықтан , күлуге де кезек келді. Ендеше, балалар көріністерді тамашалап, бір сергіп қалайық ! (Көріністер)

5-кезең. Сөз кезегі топбасшыларға келді . Капитандар сайысы.(пантомима).Әр топтың басшысы қимылмен  бір мамандықты көрсетеді. Қарсылас топ мамандықтың атын атау керек.

III. Қорытынды.

  1. Бағалау.
  2. Рефлексия.

-Балалар бүгінгі сабақтан сендер қандай әсер алдыңдар? Сабақ сендерге  ұнады ма?

-Бүгін біз қандай мамандықтармен таныстық?

-Ендеше әрқайсымыз өз қалаған мамандығымызды атап, алдарыңдағы жапырақтарға жазып, « Мамандықтар ағашын» гүлдендірейік! (Оқушылар мамандықтарды атайды.)

Белгілі бір мамандықтың иесі болу үшін не істеуіміз керек?

(Оқушылар өз ойларын айтып, пікір алмасады.)

1-оқушы:-Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып,  жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта өмірге бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

Болған соң елдің сәні біз

Үміт боп қалай жанайық

Қосылып қане бәріміз

Ұстазға , мектепке бір ән арнайық .(« Мектебім» әні орындалады ).