Тәрбие сағатының тақырыбы Рәміздерім – мақтанышым

227

Тәрбие сағатының тақырыбы   Рәміздерім – мақтанышым

Сабақтың мақсаты: Отанымызды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге, туған елімізге адал қызмет етуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының Рәміздері атты плакаттар.

Жоспары

I . Ұйымдастыру бөлімі.

II.Негізгі бөлім. Қазақстан Республикасы рәміздері туралы шағын баяндама.

III.Әдеби монтаж.

  1. Қорытынды.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

« Әнұран» атты жыр.

Барша халық таныған,

Біздің үміт, тілекті.

Шырқалғанда Әнұран,

Шаттық кернер жүректі.

Жеңіс туын көтерген,

Жарыстарда сан қилы.

Жетіп бізге шет елден,

Көкке Әнұран шалқиды.

Шәмші атаның сазды үні,

Жігер беріп қайратты.

Бәрімізді мәз қылып.

Жаңғыртады аймақты.

Мұғалімнің кіріспе сөзі:Біздер тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландарымыз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелер мен аталарымыз сияқты қадірлеуге,сүюге қорғауға тиіс екенімізді естен шығармайық.Отан — жерім, Отан — суым,Отанқуат, нәр береді.Отан — ұран, Отан — туым,Отан мәңгі гүлденеді – демекші, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміздің символы –мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеу бәріміздің міндетті парызымыз болып саналады.2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында Президент Н.Ә.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер –еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.

Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман — тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтап тұр» деп атап көрсетті.

Ендеше, «Рәміздерім–мақтанышым» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.

I – жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар!

Бүгінгі «Рәміздерім мақтанышым» атты тәрбие сағатымыздың мақсаты – Отанымызды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған елімізге адал қызмет етуге тәрбиелеу. Әр адам өз елінің қасиетті белгілерін құрметтеуге, тарихын білуге тиіс.

 

II – жүргізуші: Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай — ақ,

Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, мемлекеттік Әнұранын қастерлеуге міндетті.

 

Қазақстан Республикасының рәміздері туралы шағын баяндама.

 

I – жүргізуші: «Тәуелсіздік» деген құрметті ұғым. Осы қасиетті ұғымды мемлекеттік рәміздер тілімен сөйлетер болсақ, ол сөз елдің өзіндік өмір салтын, арманын, ерекшелігін білдіреді. Қазақ халқы тәуелсіздікке оңай жеткен жоқ.

II – жүргізуші:  Он екіде бір гүлі ашылмай, қыршын кеткен Асанова Ләззаттың, Сыпатаев Ерболдың, Мұхаметжанова Сабираның, Ноғайбайұлы Қайраттың аңсаған армандары бұл күнде жүзеге асты. Қазақ өзінің тәуелсіздігін алды. Сол күні дүниені дүр сілкіндірген қазақ қыздары мен ұлдарының рухына, ерліктеріне тағзым етейік.

 

(1 минут тұрып үнсіздік жариялаймыз)

 

I – жүргізуші:           Тәуелсіздік – достығымыз,

Тәуелсіздік – ел бірлігіміз,

Тәуелсіздік – ертеңіміз,

Ұрпақтар жалғасатын,

Тәуелсіздік – ата жолы,

Болашаққа нық басқан.

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының жоғарғы кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады. Мемлекеттік рәмізіміз – Елтаңба, ту, Әнұран.

 

II – жүргізуші: Елтаңба.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уалиханов. Елтаңбаның негізгі ойын білдіретін орталық элементі – шаңырақ.

Шаңырақ – отбасы ынтымағы мен тыныштықтың нышаны. Түндік көк аспан аясындағы жарқын күнді білдіреді.Уықтар әлемдегі жылу мен тіршілік нышаны –күн сәулелерін еске салады.

 

I – жүргізуші: Пырақ – тұлпар биікке ұшуды, болашақты арман етуге бейнелейді. Пырақтың қанаттары шаңырақты – біздің ортақ үйімізді сақтайды. Алтын жұлдыз – ол биік ойлар белгісі.

 

Оқушы: «Елтаңба» жыры

Бейнелеп сан ғасырды,

Елтаңбасы елімнің.

Таратады жас үлгі,

Киесіндей жерімнің.

Бабам тұлпар жаратты,

Құлынында танып – ақ.

Тұлпар барда қанатты.

Шайқалмайды шаңырақ.

Тәуелсіздік көркі ол да,

Өркениет өрінде.

Нұр төгеді елтаңба,

Ақ орданың төрінде.

 

 

II – жүргізуші: Жалау –Ту

Тудың авторлары Шәкен Ниязбеков. Тудың көгілдір бір түстілігі бұлтсыз аспан күмбезін еске түсіреді және Қазақстан халқын бір жолда ұстауға, бірлестікке шақырады. Ашық көк аспан бейбітшіліктің, аманшылықтың, тыныштықтың белгісі.

I – жүргізуші: Күн байлық пен берекенің, тыныштықтың нышаны. Сары түс алтынның түсі, байлықты білдіреді. Өрнек – ол халықтың көркемдік талғамының көрсеткіші. Ал қыран қырағылықты, қайырымдылықты, ой биігін көрсетеді.

Оқушы: «Ту» атты әуенді жыр

 

Бәрі болған қазақ сынды көне елде,

Ел белгі де, ерлік өрлік, өнер де.

Жақындағы ел жауынгер халық та,

Кім сенеді,

Ту болмады дегенге?

Батырлыққа уызынан жарыған,

Ер түркіні байрағынан таныған,

Өзі ақын, өзі әнші халыққа,

Кім айта алар,

Болмаған деп, — Әнұран?!

Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,

Жасы тұрмақ, шығады екен қарты аңға.

Қалай оның елтаңбасы болмайды,

Түлігіне дейін салса ен – таңба?!

II – жүргізуші: Қазақстанда тұратын әр азмат Мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндетті. «Өзге тілдің бәрін біл – өз тіліңді құрметте» — деген нақыл сөздің мәнін түсінейік, ағайын!

Оқушы:   «Мемлекеттік тіл»  жыры

Әркім елін сүйеді.

Қадірлейміз мұны біз

Қазақ тілі киелі

Мемлекеттік тіліміз

Қазағына бар бұл тілде

Анам айтқан жыр әнін,

Жоғалуы мүмкін бе?

Өлмей тұғын мұраның?!

Өлмейді еш уақытта,

Ата —  баба аңсары.

Қазақ тілі бақытқа

Жеткізеді баршаны!

 

Қорытынды: Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады.