Ұлы даланың батыр қыздары

175

Тақырыбы: Ұлы даланың батыр қыздары.

Мақсаты:Шүберекке түйіп от-жанымызды

Буыныда қатпаған тәнімізді

Ажалменен тайталасып,

Оққа балғын денені айқара ашып

Қара жердің құшағын аймаладық

Қалай бүгін жүрсіңдер пайдаланып

Қымбат түскен біз үшін бұл күндерді?-деген батыр қыздарымыздың сұрақтарына жауап іздейік.Біз шынымен қиындықпен келген бейбітшілікті,батыр қыздарымыздың ерен еңбектерін қалай бағалап жүрміз?.

Барысы:

1-жүргізуші:1941 жыл ақпандатқан

Сыртта аяз

Аулымызды ақ қар жапқан

Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін

Алапат аспан,жерді аттандатқан

«Аттан!»деді

Ол ертең аттанады

Аттанады еңбектің ақ табаны:

Күрегінің орнына қару алып

Жауынгердің ролін атқарады

Ол ертең  аттанады-деп барша қазақ баласы елі үшін, жері үшін қан майданға аттанды,солардың ішінде нәзік жанды аруларда бар еді.

2-жүргізуші:Қаракөз қазақ қызы-Мәншүк батыр,

Орнатқан дұшпанына заман ақыр.

Сұлатқан сан фашисті баудай турап,

Өнегең отаншылдық сайрап жаттыр!.

Көрініс:  «Мәншүк пен солдат»әңгімесі.

-Қызыл Алаңда болдың ба?Көгершіндердің қолдан жем жейтіні рас па?

-Алаңда адам болмайтын кез жоқ.Әсіресе,мавзолейдің маңында үнемі кезекте тұрады.

-Соғыс алдында ғана Алматыдан бармақшы болып едік,сәті түспеді.

-Енді,міне,өзің қорғайтын болдың.Әрине,Мәскеудің бұрынғы көркі жоқ.

-Әрине,сол кезде жөні бөлек еді ғой.Бүкілодақтық фестивальге қатысу үшін,спортпен мықтап шұғылдануға тура келіп еді.

-Мәншүк,сен ату білесің бе?

-Білмегенде ше, «Ворошилов атқыштары»атағын алып,ондыққа дөп тигізгенде қайда жүрсің?

-Атқа да шабатын шыарсың?

-Шаппағанда ше!Бала кезімде  Нарынға барғанда,ат жарысында озып келгенім үшін аталар қамшы сыйлаған.

-Соғысқа әбден дайындалған сияқтысың ғой.Дәрігерсің,атқышсың,шабандозсың,спортшысың.

-Сен мені көп мақтама.Бірақ соғысқа бару үшін Орталық Комитетке дейін арыздануға тура келді.Бес рет арыз жазып,рұқсат алдым емес пе?

-Соғысқа неге асықтың?Әйелдің ісі емес қой!

-Менің фашистермен өз есебім бар.Майданда жүргендерден неміз артық?Елде жүріп қиналғанша,жаумен жағаласып өткен артық.

-Айтпақшы,Нарын дедің-ау.Еділ мен Жайықтың арасындағы құмды айтасың ба?

-Иә,кәдімгі Исатай мен Махамбеттің Нарыны.Біздің ел Жәңгір ханның ордасы атанған жер.

-Жерлес болдық,ендеше.Қарындасым екенсің ғой.

Біздің ел де Еділ бойынан.

1-жүргізуші:Әлия өмірі ерліктерден құралған,

Тарих үшін қас-қағым сәт мұң алған.

Сан ұрпақтар үлгі етеді әлі оны,

Ерлігімен елдің атын шығарған.

Көрініс:  «Әлия-дастан».

Әлияның жетістіктерін бағалап:

-Жарайсың,Молдағұлова.Сен енді майданға дайынсың.Барлық жаттығудан бес!

Әлия:-Совет Одағына қызмет етемін.

Содан соң жаттығудан шығып келе жатқан Әлияның алдынан Екатерина Никифорова шыға келді.

Әлия:-Жолдас,майор,Молдағұлова жаттығудан шығып келеді.

Е.Н.:-Қатардағы жауынгер неге сылтып келесіз?

Әлия:-Әншейін,жолдас майор,сәл қажап қалғаны.

Е.Н.:-Кәне,көрсетіңіз…Құдайым-ау аяғыңыз қызыл қан қой.Қалай жүрсіз.Тез аяғыңызды шешіңіз.Санбатқа барыңыз.Мына түріңізбен қалай жаттығып  жүрсіз.

Әлия:-Құп  болады жолдас майор.Қазір барам.Барлық жаттығу тапсырмаларын «беске» тапсырдым.

Е.Н.:-Жарайды жақсы болған.Бізге алдымен адам қымбат.Жеңіс тірі адамға,сау адамға керек.Бүгін дем алыңыз.

Мергендер мектебінің әскери комиссиясының отырысы.

Үшеу:Полковник,майор Екатерина Никифоровна және жас лейтенант.Комиссияның алдында сымдай тартылып Әлия тұр.

Полковник:Жауынгер Молдағұлова барлық сабақтарды «өте жақсы»деген бағамен тапсырған.Оқу курсын толық аяқтады.Кімде қандай ұсыныс бар.

Е.Н.:-Молдағұлованы мергендер мектебіне нұсқаушы етіп қалдыру сұралады.Оның үстіне денсаулығы туралы дәрігер анықтамасы осыны талап етеді.

Молдағұлова:-Жолдас полковник.Мен үйретуге келгенім жоқ.ВЛКСМ Орталық комитетінің жолдамасымен жаудан кек алуға,үйренуге келдім.Менің уақытым болды.Кек алуға кедергі жасамауыңызды өтінемін.Мұнда менен де жақсы үйрететіндер бар.Менің орным алғы шеп.Сіздердің Орталық Комитеттің қаулысын бұрмалауға қақыңыз жоқ.Егер жібермесеңіздер,жоғарыға барамын.Басты мақсат жауды жеңу емес пе?

Е.Н.:-Лия біз сізді түпкілікті ұстамаймыз.Екі-үш ай тынықсын деп едік.

Әлия:-Менің жаным өзгеден ардақты емес.Мен осы күнге шаққа жеттім.Сенімдеріңізге рахмет!Майданға жіберуіңізді Отан атынан,өз атымнан,бүкіл соғыс жалмаған боздақтар атынан өтінемін.Сенімдеріңізді ақтауға сөз беремін.

Комиссия мүшелері ақылдаса келе полковник Әлияға снайпер  винтовкасын тапсырды.

Полковник:-Жауынгер Молдағұлова сізге ВЛКСМ Орталық Комитетінің арнаулы 956-шы винтовкасын тапсырамыз.Сіз Солтүстік Батыс майданға барасыз.Басқыншыларды жаусатып ел аманатын орындауыңызға сенім білдіреміз.

Әлия:-Совет Одағына қызмет етемін.Винтовканы сүйіп қабылдайды.

 

2-жүргізуші:Әлия-Мәншүк ер қыздар елімнің

Әлия-Мәншүк гүл қыздары жерімнің

Әлия-Мәншүк аттары әнге айналған

Әлия-Мәншүк қос жұлдызы көкте жайнаған.

Тұмананбай Молдағалиевтың  «Әлия мен Мәншүк»өлеңі оқитындар:Әбдуәли Айзат,Қазбай Әсем,Құдайберген Әйгерім.

 

Әбдуәли Айзат:

-Біз сендердей жаңа ашылған гүл едік,

Жерге бақыт,елге бақыт тіледік.

Отан-ана отқа күйеп жатқанда,

Біздер ме едік үй бағатын тірі өлік?

Отан-ана жылағанда шерленіп,

Тапжылмастан төнеді екен жерге бұлт.

Қара бұлтты қақ жарамыз дедік те,

Қолымызға қару алдық кезеніп.

Отан-ана жылағанда шерленіп,

Қолымызға қару алдық ерленіп.

Біз сендерден порфессор алдынан,

Әттең, әттең,сабақ алып көрмедік.

Отан деген сөз көкейде жатталып,

Зор айқасқа кеттік біздер аттанып.

Біз сендердей қыдырмадық кешқұрым,

Біз сендердей арман гүлін тақпадық.

Қыздың жанын біз білмесек,кім білер,

Көктем келсе,құлпырмай ма мұңлы жер?!

Үстімізге біз кимедік ақ көйлек,

«Жар-жар»жырын естімедік,сіңлілер.

Күліп қарсы ап бал бақыттың ақ таңын,

Айтпадық біз махаббаттың тәтті әнін.

Бізге жылы хат жазатын жігіттер

Қаныменен қарға жазды хаттарын.

Қазбай Әсем:

Қан майданға кіріп кеттік бел түріп,

Өлдік біздер,жауымызды өлтіріп.

Өмір күлді,гүлдер өсті қайтадан,

Біраз гүлді кетсе де үзіп жел тұрып.

Бақыт деген адалдықта,бірлікте,

Айқасқа кір,бақытыңды құр күтпе.

Біз,мінеки,бірге туған бөбекпіз,

Ұшырасып көрмесек те тірлікте.

Көзімізде-өміріміздің бар шыны,

Көзімізде-жүрек жыры,жан сыры.

Мәншүк барын білген емес Әлия,

Әлиясын көрген емес Мәншүгі.

Қатар тұрмыз,қатар жүріп келеміз,

Қатар жүріп қырдан гүлдер тереміз.

Біздер өлдік,өлмесін деп басқалар,

Бізді қайта туды Отан,ел егіз.

Шыдау керек бақыт қанша тостырсын,

Үйлерінде күлер болса,дос күлсін.

Ақ тілеулі өтіп жатса тойларың,

Біз отырар екі орындық бос тұрсын.

Мейлі шарап бокалдарға құйылсын,

Бізді еске алып екі жүрек жиі ұрсын.

Біз ішетін күн сәулелі шараптар,

Жүрек қосқан екі жасқа бұйырсын.

Құдайберген Әйгерім:

Жетсек деген арманымыз көп еді,

Айтылған жоқ,махаббаттың өлеңі.

Біздің туған күнімізді құттықтап,

Ешкім бізге гүл ұсынған жоқ еді.

Ешбір ақын жыр ұсынған жоқ еді.

Жан толқыса,есігін тарс жаппаңдар,

Бірақ оны тым арзанға сатпаңдар.

Біз қуанып құшақтайын гүлдерді,

Солдырмаңдар,сіңлілерім,сақтаңдар.

Қыздың жанын біз білмесек,кім білер,

Көктем келсе,құлпырмай ма мұңлы жер?!

Қинай қалса өмір кейде кездейсоқ,

Естеріңе бізді алыңдар,сіңлілер.

Сонда бәрі жеңілденер әудемде.

Жансыз үміт,жана берсін кеудеңде.

Тауымыздай биік болу-мұрат қой,

Даламыздай кең болыңдар,кей жерде.

Қорғайтыны-абыройың,намысың,

Қызды күткен бір бақыттың бары шын.

Біздер ерте көз жұмдық деп айтпайық,

Бүкіл қазақ қыздарының бағы үшін.

Бірақ ерте,тым ертерек жандық біз,

Жанарлардан мөлдір жас боп тамдық біз.

Қолымыздан осы болды келгені,

Біздей ерте солмау үшін барлық қыз.

1-жүргізуші:Бұл ауылдың қыздары көп

Әлия боп аталған

Жігіттердің шыдамы жоқ

Батырлардан бата алған

Мақтан етіп мәңгілікке

Ән мен жырға қосамыз

Әлияның әні көкке

Тарап жатқан құс-аңыз.Ән:  «Әлия» орындайтын Қайратбекұлы Дәурен.

2-жүргізуші:Бүгінгі кеш ерекше.Ерекшелігі сол елеулі есімге қаһарман Хиуаз есімі қосылуында.Батыс өңірден шыққан қазақтың батыр қызы екеу еді.Ақтөбеден-Әлия,Оралдан-Мәншүк.Енді осыған Атыраудан Хиуаз есімі қосылды.

Қазақты бір күн санға кірген көрсем

Қатарлас халықтармен жүрген көрсем

Шетінен өнер-ғылым білген көрсем

Жас бала-жаңа өспірім,қатар-қатар,

Арқаға кітап қабын ілген көрсем

Азамат  алашұлы атағымен

Ғылымның тұлпарына мінген көрсем

Үйренген өнер-білім арнасында

Рахат-тыныш өмір сүрген көрсем

Айтылған осылардың бәрін көріп

Құдайға арманым жоқ сол күні өлсем,- деп Мәметов Ахмет ағамыз жырлағандай Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Елбасымыздың жарлығымен батырлығы кезінде еленбей қалған Хиуаз Доспановаға 2004 жылы халық қаһарманы атағы берілді.Бір қуантарлығы Хиуаз Доспановаға марапатының оралғанын көзі тірісінде көріп кетті,омырауына тақты.2008 жылы 86 жасында өмірден өтті.

Ән:  «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» орындайтын Тынышбай Дамир.

 

1-жүргізуші:Сүйінші халқым,сүйінші!

Беліңді бекем буыншы

Айырылсын мейлі аяқтан

Ұрпақтың жүгін ол артқан

Топарға да шүкір ет

Отауларда сөнбесін от

Жеңдік біз жауды күйрете

Жасасын той-мереке.

Ән: «День победы»орындайтын Тынышбай Дамир.

 

2-жүргізуші:Елімді сүйем,ертеңі оның намысым,

Биігі оның-менің де  тапқан табысым.

Қанымды берем,жанымды берем,барымды,

Туған халқымның бақыты үшін,бағы үшін.

Хор: «Атамекен».

 

1-жүргізуші:Құрметті қонақтар мен оқушылар ,осымен  «Ұлы даланың батыр қыздары»атты тәрбие сағатын жабық деп жариялаймыз.  «Ерім деген елі барда»батырлар есімі ұмытылмақ емес,ұмытылмайды да.