Әліппеге мың алғыс!

42

Әліппеге мың алғыс!

Мақсаты:  Оқушылардың сауат ашу барысында алған білімдерін тиянақтау әр оқушының іс-әрекеттері арқылы икемділігін, шығармашылық мүмкіндігін ашу.
Ата-аналарға баланың 4 айда қандай білім игергенін іс-жүзінде көрсету. Адамгершілікке, ұқыптылыққа, кеш барысында өзін-өзі дұрыс ұстауға, ана-тілін сүйіп қастерлеуге тәрбиелеу.
Барысы 

Мұғалім:
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгінгі қуанышты күн – «Әліппемен қоштасу» мерекесі құтты болсын. Балалардың алдағы шығатын биік белестерінің ең алғашқысы — «Әліппемен қоштасу» . Білім жолдағы белестерге қанаттары талмай көтеріле берсін деп тілек білдіргім келеді. Енді қазір осы жарты жыл ішінде оқып үйренген білімдерін тамашалаңыздар. Сонымен «Әліппеге мың алғыс!» ертеңгілігін бастауға рұхсат етіңіздер»
Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Бүлдіршіндерді шақырайық ортаға..
(оқушылар кіреді)

Мұғалім:
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не ?
Оқушылар:
Ол, сүйікті Әліппе !
Мұғалім  :
Олай болса, алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан ,бәрімізге ең қымбат

досымыз- «Әліппені» ортаға шақырайық !
Оқушылар: Әліппе ! Әліппе ! Әліппе !

Әліппе:
Армысыздар , жас достар!
Армысыздар, ата –ана !                                                                                  Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім-көрімдік
Болсын сізге халайық!
Не үйреніп, не білдік
Қане, ортаға салайық !

Томирис

Жиналыппыз сәтті күн  бәріміз де,

Үлкен, кіші, жасымыз, кәріміз де,

Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым,

Гүл-гүл жайнап біздің мына төрімізге.

Тимур

Еркесі едім атамның,

Еркесі едім апамның,

Толып биыл жетіге

Мен оқушы атандым.

Мұғалім:
— Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей , рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету-біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, ән-күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.
Әліппе, бүгінгі кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
-Балалар, білім алу үшін, ең алғаш қайда келеміз ?
Оқушылар:
Мектепке келеміз
Мұғалім:
-Біздің білім алатын ордамыз- мектеп.Мектеп –екінші үйіміз, себебі, біздің бір күніміздің жартысы мектепте өтеді, бір аптаның бес күні мектепте өтеді.
Оқумен қоса ән-би үйренеміз, ойын ойнаймыз.Ендеше, мектепке арналған тақпақтар тыңдайық
І слайд: «Білім ордасы — мектеп»

Меирлан

Бізді алдан тосады,

Арман биік ұшады.

Күндей ыстық қашанда

Мектеп-ана құшағы.

Сабина

Алғаш рет өзіңнен

Білім алды балалар.

Оқу сырын өзіңнен

Біліп алды балалар.

Ақерке

Мен оқушы боламын,

Оқып біліп аламын.

Мектеп-ұям өзіңе

Арналады бұл әнім

(ән « Бала тілегі»)

ІІ слайд «Алғашқы кітабым- Әліппе»

Мұғалім: Қане, балалар, Әліппеге арналған қандай өлеңдерің бар, айтып берейік.

Нұрсұлтан

Бар кітапқа бас болған

Әліппе – ғылым ағасы.

Әліппеден басталған

Даналықтың данасы.

Амир

Білуге әсте қымсынба,

Бекер қол қусырма.

Білім деген кәусәрдің

Бұлағынан сусында.

Ерназ

Әліпбидің «А» тұрады басында,

Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.

Байқадың ба «Б» тұрады үшінші,

Сыры неде осылардың, түсінші

Аружан

«А» деген ол аналар ғой ардақты,

«Ә» деген ол әкелер ғой салмақты.

« Б» деген ол балалар ғой әдемі,

Біздің елде үшеуі де кәделі

Аяулым

Көлге айналған бұлақтың

Қайнар көзін көріп пе ең.

Том-том қалың кітаптың

Басы болар әліппең.

Диас

Әліппем менің, Әліппем,

Сені қолға алып мен

Есігін аштым мектептің

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Гауһар

Ашыла берді алдымнан

Кең дүние есігі.

Соғылған сомдап алтыннан

Әліппе — білім есігі.

Әліқан

Әліппем,менің Әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

Алихан

Әліппе деген — алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес ауыр жол,

Тырысып бақ намысқа.

Мұғалім: Ал, кәнекей достарым,

Асқақ әнге салайық.

Думандатып мейрамды,

Шырқып-шырқап алайық !

(ән «Қош бол, құтты Әліппе!»)

ІІІ слайд «Ұстаздарым»

Мұғалім: Арналады ұстаздарға
Құрмет деген, төр деген.
Біздің елде адам бар ма
Ұстаз алдын көрмеген?

-Келесі өлең жолдары ұстаздарымызға арналады.

 

Мақсат

Алдыңа келіп, ұстазым,

Тұңғыш қалам ұстадым

Күлімдеген көзіңнен

Мейірімің сезілген.

Әмина

Жүзің жылы, құшағың кең,

Сенен түлеп ұшамын мен.

Өзің берген біліміңмен

Биіктерге ұшамын мен.

Ислам

Келгенімде алдыңа

Қызыл-жасыл гүл алып,

Жақын тарттың жаныңа

Шәкіртім деп қуанып.

(ән «Ұстазым» )

ІҮ слайд «Жаңа достарым»

Мұғалім: Келесі сөздер,балалар,өздеріңе арналады.

Найрима

Досың көп пе қасыңда,

Дәулеттісің онда сен,

Достық деген асылға

Дақ түсірер болма сен.

Райымбек

Таудай болса талабым,

Мен де өсіп толамын.

Жақсы оқып сабақты,

Оқуда озат боламын.

Жанель

Кітапты көп оқысаң,

Кем болмайсың қатардан.

Көңілге көп тоқысаң,

Күндей күліп өтер таң.

Дария

Тақпақты да жаттаймыз,

Әнге, биге бастаймыз,

Ата-ананың үмітін

Ақ сеніммен ақтаймыз.

Бек

Дайын дәптер, Әліппем,

Доспын барлық әріппен.

Қуантамын анамды,

Үздік баға алып мен.

Мадина

Ата-ана тілегі –

Адам болып өскенің.

Адамдықтың тірегі –

Адал болып өскенің

( К.Гауһар.Қытай халқының биі)

Әліппе: Ризамын балалар
Болмады еңбегім бекер.
Ана тілі атты әпкем бар
Сендерді жетелеп әкетер

Ана тілі: Сәлеметсіздер ме, балалар.
Туған елдің тілімін
Ақылымен танылам
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен, балам.
Ана тілің – арың бұл,
Ұяттың боп тұр бете.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Балалар, мен сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін.

(Қ.Найрима.Қазақ биі)

Әліппе:
— Ал енді мен сендермен қоштасамын. Қош болыңдар.
Хормен: «Қош бол, құтты Әліппем!»

Ерден

Әліппемен қош айтысып,

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Нұрғали

Ақыл-ойын даланың

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты

Ақ сүтіндей анамның.

Мұғалім:
-Рахмет,балаларым! Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,

Төгілген күн нұрының шапағаты.

Ата-аналар қаттырақ қол соғындар,

Бишілердің билері қандай жақсы.
( « Рок-н-рол » биі)

Мұғалім:Ажырамай мектептен бір елі Сіз,

Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.

Сөз береміз құрметпен өзіңізге,

Балаларға арналған тілегіңіз — дей келе Қожаберген жырау атындағы № 6 орта  мектеп директоры: Мустафина Сайран Бекенқызына сөз беріледі.

Мұғалім:Балалар, сендердің әліппені жақсы меңгеріп,сауатты оқуларыңа ата-аналарыңның да қосқан үлесі мол.

Ата-ананың тілегі,

Адам болып өскенің.

Адамдықтың тірегі,

Адал болып өскенің — деп келесі сөзді ата-аналарға береміз.

Мұғалім: Балалардың білімі құтты болсын,

Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын.

Білімдерін әрі қарай дамытатын,

Ерінбейтін енбекқор күшті болсын! Осымен «Әліппеге мың алғыс» ертеңгілігімізді аяқтаймыз!