ӘЛІППЕГЕ МЫҢ АЛҒЫС !

39

ӘЛІППЕГЕ  МЫҢ  АЛҒЫС !

Мұғалім: Құрметті ата-аналар,ұстаздар,оқушылар,келген қонақтар! Бүгін сіздер         1-сынып  оқушыларының әліппемен коштасуға арналған ертеңгілігіне жиналып отырсыздар.Шәкірттердің тұңғыш рет қолдарына ұстап,бетін ашқан оқулығы- Әліппе.Бұл кітап ғылым дүниесінің алғашқы соқпағы, білімге бастайтын алғашқы жолы.Осы әліппе оқулығы арқылы біздер 42 әріпті меңгеріп,енді одан әрі үлкен-үлкен биік шыңға көтерілмекпіз.Олай болса,оқушылар сіздерге әліппені қалай оқып меңгергендерін,қалай есептеп,қалай жаза алатынын,жұмбақ,жаңылтпаштарды қалай шешіп,айта алатындарын көрсетпек.Ендеше,мерекемізді бастайық.

 

1«З» сынып  оқушылары (аттары аталады)

Күй ойналып тұрады.Оқушылар жұп-жұбымен сыныпқа кіреді.

 

1-оқушы: Өтті оқу сан сабақ,

Бүгін міне салтанат

Оқулықпен достаспақ,

Әліппемен қоштаспақ.

Ой білімі жаңғырмақ

Әліппеден мәңгілік

Әріптерді таныған

Өңкей білгіш балдырған.

Құтты болсын тойларың!

2-оқушы: Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар

Аналардан туған небір даналар.

Ана деген тіршіліктің тірегі

Армысыздар,қасиетті аналар!

3-оқушы: Мен бүгін бұрынғыдан саналымын

Қоңырау боп күмбірлейді жаңа күнім

Дәптердің жазылмаған ақ парағы

Ақ көйлектей жеті жасар балалығым!

4-оқушы: Мектеп-кеме,білім-теңіз,

Барар жерге тез жетеміз.

Адаспаймыз ұлы жолда

Ұстаз берген білім қолда.

5-оқушы: Қадірлі мектеп,бұл мектеп,

Оқыған ата-анамыз.

Атыңды сенің құрметтеп,

Әрқашан еске аламыз.

Хор: «Мектебім»

 

Мұғалім: Жеміске құты тола ма,

Бір-бірлеп теріп алмасаң?

Әп-сәтте шыға қоя ма,

Еккен дәнің ойласаң?

Білім де сондай, қарағым

Біртіндеп сіңер ойыңа,

Ұғып ал білім боларын

Шам-шырағың жолыңда…

— деп ақын М.Әлімбаев ағамыз жырлағандай,бұл білімнің,ғылымның алғашқы жолы ғана.

Оқушылар хормен: Біз «Әліппені» бітірдік.

Мұғалім: — Ия,бітірдіңдер,қазір біз Әліппені ортаға шақыртып,оған арналған өлеңдерімізді айтып шығарып салайық.

Әліппе: — Балалар, сендер мені оқып,бітірдіңдер, әріптерді жақсы меңгердіңдер. Енді сендер менімен қоштасасыңдар,әрі қарай білім беретін мына «Ана тілі» болады, оны да жақсы оқыңдар.

Ана тілі: — Сәлематсыңдар ма,балалар?!

Оқушылар: — Сәлематсыз ба, «Ана тілі»?!

Әліппе: — Міне, сендерді де таныстырдым, сендерге сәт сапар тілеймін! Сабақтарыңды жақсы оқып,мұғалімдеріңді, ата-аналарыңды қуанышқа бөлеп жүре беріңдер! (Әліппе кетуге ыңғайланады).

 

6-оқушы: Әліппем,менің әліппем,

Сені қолға алып мен,

Есігін аштым мектептің

Ертеңгі сәуле жарықпен.

7-оқушы: Қош бол,құтты әліппем,

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

8-оқушы: Ашыла берді алдымнан

Кең дүние есігі.

Соғылған сомдар алтыннан

Әліппе — білім бесігі!

9-оқушы: Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес,ауыр жол.

Тырмысып бақ намысқа.

Хор: «Әліппе»

10-оқушы: Барлық әріп бағалы

Айттық әділ бағаны.

Әріпсіз сөз болмайды,

Буын онсыз толмайды.

11-оқушы:Ең алғаш алғанымда әліппені

Қызығып қарай бердім әріптерді

Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?!

Ұстазым оның кілтін алып берді.

12-оқушы:Әліппемен қош айтысып қаламыз

Енді қолға басқа кітап аламыз

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Хор:  «Әліппемен қоштасу»

Балалар хормен: Әліппеге мың алғыс! Хош,сау болыңыз,Әліппе!

Әліппе: Рахмет,сау болыңдар!

13-оқушы: Оқуды көп ойладық

Қызығына тоймадық.

Әріптерді үйреніп,

Сауат аштық, тойладық.

Мұғалім: -Балалар,жаңа сендерге «Әліппе» оқулықтарың енді «Ана тілін» оқитындарыңды айтып,таныстырған болатын. «Ана тілімен» бірге «Математика» оқулығы да келіпті. Енді оқитын оқулықтарымыз не айтпақ екен,соларды тыңдайық.

Ана тілі: -Балалар,енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар.Мен сендерге көп қызықты ертегілер,әңгімелер арнаймын,тек сендер ынта қойып,мені ұқыпты оқысаңдар,көп нәрсе үйренесіңдер.

Туған елдің тілімін,

Ақылы мен танымын

Түсіндірер бәріне,

Ана тілі пәнімін.

14-оқушы: Ана тілім — болашақ келешегім,

Сен арқылы биікпен теңесемін.

Өлең жазып,ой толғап өз тілімде,

Шыңға қадам басамын мен өсемін.

15-оқушы: Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

 

Мұғалім: -Енді математика пәніміз бізге не айтпақ екен,соны тыңдайық.

Математика: Есептеуге жүйрік болғын жасыңнан,

Математикаға орын берсең басыңнан

Досың солар табылатын қасыңнан

-Балалар,мен сендерге санауды,есеп шығаруды,математикалық жұмбақ шешуді үйреттім.Мені қалай меңгергендіктеріңді сынап көрейін деп сендерге біраз математикалық жұмбақтар әкеп отырмын.Тыңдап,шешуін табыңдар.

Оқушылар жұмбақтардың шешуін табады.

Математика: Жарайсыңдар,сендерге рахмет.Сабақты жақсы оқитын оқушы болыңдар.

Мұғалім: Ия,сабақты жақсы оқумен қатар тәртіпті,әдепті болуымыз қажет.

Әдептілік жөнінде не білеміз?

-Мақсат құрмай алдыңа,қыдырып құр қаңғыма.

-Асықпай іш тамақты,жалама ыдыс,табақты.

-Қарсы ал ерте күн көзін,төсегіңді жина өзің.

-Құр бекерге қылтима,болмашыға бұртима.

-Салма аузыңа инені,үзбе жұлып түймені.

-Сыйлап үлкен кісіні,қамқорлыққа ал кішіні.

-Әдет қыл бұл ісіңді, тазалап жүр тісіңді.

-Сақта көше тәртібін,бағдаршамның ал тілін.

 

Би: Жалқаубек әніне билеу.

 

Мұғалім: -Әдепті бала қандай болу керек?

-Сыйлап үлкен ағаны,сәлем берген баланы кім дейміз?

Хормен:Әдепті екен бұл дейміз.

-Кітап,дәптер,қаламы

Кір шалмаған баланы кім дейміз?

Хормен:Ұқыпты екен бұл дейміз.

 

-Таудай биік талабы,жақсы оқитын баланы кім дейміз?

Хормен:Үлгілі екен бұл дейміз.

 

Мұғалім: -Біз әр сабақта жақсы сөздермен танысамыз.Әдептілікке үйренеміз.Егер сендер осы күннен әдепті болып өссеңдер,есейгенде ата-аналарыңның,өз Отаныңның мақтанышына айналасыңдар.

16-оқушы:Отан -менің ата-анам,

Отан-досым,бауырым,

Отан-өлкем,астанам,

Отан-туған ауылым.

17-оқушы:Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар,қалан.

18-оқушы:Шай ішетін қоюлап,жақсы көрем атамды,

Сырмақ сырған оюлап,жақсы көрем апамды.

 

Ойын: «Аққала» құрастыру. (Бөліктердің артында жазылған тапсырманы орындау, мақал-мәтел,жұмбақ,жаңылтпаш айту)

 

19-оқушы: Күндерге күн ұласты,

Жылжып-жылжып жыл асты.

Ойдағыдай оқимын

Мен бірінші класты.

20-оқушы: Айгөлек-ау,айгөлек,

Айдың жүзі дөңгелек.

Айдай толған кезімде

Би билеймін дөңгелеп.

Би: «Айгөлек»

 

Хор: «Мұғалім — ол біздің»

 

Мұғалім: -Балалар,сендердің әліппені жақсы меңгеріп,сауатты оқуларыңа ата-аналарыңның,әжелеріңнің қосқан үлесі мол.Кәне,бәріміз рахмет айтайық.

Оқушылар хормен: Бақытты балалық шағымыз үшін рахмет, сіздерге,ата-аналар!

 

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»

Ән: «Бала тілегі»

 

Мұғалім: -Қымбатты,балалар!Мектептегі алғашқы жеткен жемістеріңмен құттықтаймын! Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ,сендерді бір-біріңмен дос болуға,мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті.Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!