Хайуанаттар бағына саяхат

326

Хайуанаттар бағына саяхат

Сабақтың мақсаты.

Білімділік мақсаты: оқушылардың жануарлар туралы алған білімдерін пысықтай отырып, тақырып мазмұнын меңгерту.

Дамытушылық мақсаты: тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға, тапқырлыққа, танымдық қабілетін арттыруға дағдыландыру.

Тәрбиелік мақсаты: жануарларды қорғауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: жануарлар бейнеленген суреттер, слайд, саяхат сызбасы.

Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу.

Жаңа технология: СТО стратегиялары «Топтастыру», «Венн диаграммасы», «Пирамида».

Сабақтың түрі: саяхат сабағы.

Пәнаралық байланыс: экология, әдебиеттік оқу.

Сабақтың барысы.

Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық тренинг.

-Балалар, мен бір хат алдым. Сол хатты сендерге оқып бергім келіп тұр.

Х А Т.

«Құрметті екінші сынып оқушылары! Біз сендерді жасыл үйге қонаққа шақырамыз. Мұнда көптеген қызықтар бар.»

-Қалай ойлайсыңдар? Хаттың иелерін біз білеміз бе?

Оқушылар жауабы тыңдалды (жәндіктер, жануарлар, құстар, аңдар).

Жаңа сабақ.

-Балалар, бүгінгі сабақ тақырыбы «Хайуанаттар бағына саяхат» деп аталады. Бұл хайуанаттар бағы Орал қаласында орналасқан. Оған жету үшін қандай көлікті таңдағанымыз дұрыс?

Автобус (тақтада автобус суреті шығарылады).

Неліктен?

Дұрыс. Жеңіл көлікке бәріміз сыймас едік. Автобуста бәрімізге орын жеткілікті.

Жүргізушінің тапсырмасы.

Автобусқа мініп жолға шығу үшін жүргізушінің мынадай тапсырмасын орындау керек. Мына суреттегі жануарларды топқа бөліп топтастырайық.

Топтастыру.

жорғалаушылар                                                            құстар

сүтқоректілер                       жануарлар                    жәндіктер

қосмекенділер                                                              балықтар

Қазақстанда сүтқоректілердің -155, құстардың – 480, бауырымен жорғалаушылардың -48, қосмекенділердің- 33, балықтардың -150 түрі бар.

Бұл топтардың айырмашылығы мен ұқсастығы қандай?

Айырмашылығы:

Құстар ұшады. Жорғалаушылар бауырымен жорғалайды. Сүтқоректілер балаларын сүтімен асырайды. Қосмекенділер құрлықта да, суда да тіршілік етеді.

Ұқсастығы:

Тіршілік ету үшін жануарларға су, ауа, жылу, жарық, қорек керек.

-Дельфин мен киттің қандай ерекшелігі бар?

— Үкі мен жапалақтың ерекшелігі неде?

-Түйе туралы не білесіңдер?

— Жыртқыш аңдар туралы не білдіңдер?

Билет сатушының тапсырмасы.

-Міне балалар хайуанаттар бағындағы билет сататын орынға да келдік.Билет алу үшін сатушының мынадай тапсырмасын тыңдаңдар.

  1. Суреттегі жануарларды атаңдар. Жолбарыс, арыстан, қасқыр, қой, жылқы, аю, кірпі.
  2. Осы жануарларды қоректену түріне байланысты топтарға ажыратыңдар.

Шөпқоректілер: қой мен жылқы.

Жыртқыштар: қасқыр, жолбарыс пен арыстан.

Талғаусыз қоректілер: аю мен кірпі.

  1. Оқушыларға барыс, қасқыр, аю т.б. жануарлар туралы әңгімелету.

                         Саяхатшының тапсырмасы.

Хайуанаттар бағына кірейік. Мұнда саяхатшы апай сендерді жануарлармен таныстырады. –Үйде бағылатын жануарлардан түйе мен есек бар екен. Түйе қандай жануар? Өздерің білетін үй жануарларын атаңдаршы. Түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі. Неліктен оларды үй жануарлары деп атайды? Адамдар қолда ұстап, күтіп бағады. Төлдерін өсіреді.

Жұмбақтар шешу.

  1. Жапырақ жоқ бұтасында, қос емен өсіп тұр бір басында. Ол не? (Бұғы)
  2. Жаз бойы орман кезеді,жеміс-жидек қорегі. Апан-оның іні, қысқы ұйқы-ермегі. Ол не? (Аю)
  3. Төрт аяқты, бір басты, жорғалайды жап-жақсы. Арқасында күймесі, күйме толы инесі. Ол не? (Кірпі)
  4. Алқызыл жоны түрленген, құйрығы шар үрленген. Далада жортып, жалтақтап, қулықпенен күн көрген. (Түлкі)
  5. Ирең-ирең еткен, судан да, жолдан да өткен. Оны көрген жерден барлық адам безген. (Жылан)
  6. Бауырын жазып шаба алмас,озып бәйге ала алмас. Үстіне киген киімі жыртылмас та жамалмас. (Тасбақа)

Бұлар қандай жануарлар? Неліктен жабайы жануарлар деп аталады? Азығын өздері тауып далада өз бетімен тіршілік етеді. Жабайы жануарларды қорғау үшін қорықтар құрылады.

Венн диаграммасы

Үй жануарлары                        ортақ                              Жабайы жануарлар

 

 

Жануарларға адам қамқорлығы қажет.
Адамдар қолда ұстап күтіп бағады. Төлдерін өсіреді. Жылы аулада ұстайды.
Азығын өздері тауып өз бетімен далада тіршілік етеді. Оларды қорғау мақсатымен хайуанаттар бағы, қорықтар құрылады.

А

 

 

 

 

 

 

Сергіту сәті. Музыка ырғағымен балалар қимылдар жасап, сергіп алады.

      Мұғалімнің тапсырмасы.

Бақта жабайы жануарлардан қабылан, қасқыр, қоңыр аю, пони, қоян бар. Құстардан бүркіт, үкі, жорғалаушылардан жыландар бар екен. Енді мұғалімнің тапсырмасын орындаңдар. Дәптерді ашып хайуанаттар бағындағы жануарлардың аттарын жазып алыңдар.

-Неліктен бұл жануарлар тауда, суда, орманда тіршілік етпей, хайуанаттар бағында өсіріледі?

-Бұл жануарлар қорғауға алынған. Мысалы, үкілерді қала тұрғындары көшеден тауып осы орталыққа әкеліп тапсырған екен.

Бұл «Қызыл кітап» деп аталады.Оған Қазақстандағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер жазылып, қорғауға алынады. Мұнда сүтқоректілердің 31, құстың 43,балықтың 4 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі енгізілген. Өйткені қарақұйрық, орман сусары, құндыз, дуадақ, тырна сияқты аңдар мен құстар жылдан-жылға азайып барады. Жабайы түйе, жолбарыс, бұлан, құлан сияқты жануарлар күрт азайып, сирек кездесетін болды. Оларды қорықтардан көруге болады.

Сабақты қорытындылау.

-Балалар, бүгін қай жерге саяхат жасадыңдар?

-Қандай жануарлар бар екен?

«Пирамида» әдісін қолданып барысқа, тасбақаға сипаттама берілді.

1 сөз. Барыс.

2 сөз. Сымбатты, мықты.

3 сөз. Биік тауда мекендейді.

4 сөз. Арқар, тауешкі аулап жейді.

5 сөз. Барыс-мысық тұқымдас жыртқыш аң.

Үйге тапсырма: жануарлар тіршілігі туралы қызықты мәліметтер жинап келу.

Бағалау.

 

Даулетбаева Жанаргүл Қабылқызы

Бітік орта жалпы білім беретін мектеп- балабақшасының

бастауыш сынып мұғалімі

Первомай ауылы

Ақжайық ауданы

Батыс Қазақстан облысы.