Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖМ қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Алтынбекова Гүлзада Комаровна

Тақырыбы:  Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз

 

Ұлы академик  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев   ( шын есімі – Ғабдулғани ) 1899  доңыз  жылы 12 сәуірде  Баянауыл өңіріндегі Ақбеттау бауырында дүниеге келген. Анасы – Сәлимадан екі   жасында жетім қалған оны  әкесі қанша еркелетіп өсіргенімен ол өте салмақты еді …

Қаныш туған күн.

Бейбіт Құсанбек

Толғапты дала,

Толғатты ана,

Сол нақты ғана

Болмапты бала

Жатырда жатқан бір Ғасыр.

 

Жүз жылда бір рет

Өмірді түрлеп,

Жаратқан құдірет,

Шарананы үрлеп,

Дүниеге келген шын Асыл.

 

Желде жоқ тұрақ,

Тұрмады шыдап,

Сүйінші сұрап,

Қоярмыз бір ат –

Ағылды ел шілдеханаға .

 

Шалқыды ән – күй,

Қызық қой Фәни

Ол- Ғабдулғани,

Ат қойды қари,

Дәстүрлі түрде  балаға.

 

Басталды дастан,

Пәк нұрын шашқан,

Сөйледі аспан,

Бағы бар асқан,

Тас тілін  бұл ұл білед !

 

Баянның бауыры

Имантай ауылы

Дәуреннің  көп тәуірі.

Айдың сәуірі

Көктемнің бір күні еді !

12 сәуір – Қ.И.Сәтбаевтың туған күні

                    Сағынай   Нұрымбет

Сәуірдің  ақ таңына  қарай берем ,

Нұр тамған сәулесінен арай көрем.

Келгенде дүниеге Қаныш – перзент,

Шырқалды – ау,

Ақбеттауда талай өлең.

Келісті болды жастан келбеті де,

Жайылды даңқы жалпақ жер бетіне,

Сипаған сәуір желі айдарынан,

Айналды тұлғаға ірі ер жетті де.

Ақылы Аплотонға ұқсады да,

Бас иді біліміне дұшпаны да,

Толғанды елге бақыт іздеп,

Қапсырып, Қазақ жерін  құшағына.

Сәуірдің ақша таңы  арайлана,

Сен атсаң ажарланар бар айнала,

Сыйлаған дүниеге данышпанды

Сүймейін, сені сәуір  қалай ғана …

 

Біз оқыған Медеу Сәрсекенің кітабынан үзінді    «Қазына көтерген бала»  деп аталады. Бала кезінде  тас сырына үңілген Қаныштың ертеңгі  геолог екенін ұстаздары сол кезден – ақ болжаған. Сабаққа өте зерек болған. Суретті де жақсы салған  екен.

 

Ол жайлы ақын  Дәулетбек Сағатұлы «Бала Қаныш» атты өлеңінде былай деп толғайды:

Қарауытып қалды артта алыс қала

Көз алдында көлбеңдейді таныс дала,

Шүмек – шүмек тері тамшып келе жатты

Жол қапшығын  арқалап Қаныш бала.

Барар жері жақын ба, алыста ма,

Құр бекерге білекті түрмеп еді.

Ашылмаған ғажайып, жұмбағы мол

Алуан – алуан  тас сырын білмек еді …

Қанат бітіп, қатайып жас жырына

Айға атылған қарамай жастығына

Келе жатты қағылез қара бала

Он  үшінде  үңілген  тас сырына.

Студент Қаныш – болашақ геолог

Ол 1921 жылдан  бастап, Томск технология институтының палеонтология  және тарихи геология   бөлімінде оқып, қазақтан шыққан тұңғыш Академиктің жолы  да  осы кезден басталса  керек . Кейіннен ол кісінің 740 еңбегі бар екенін, мыңнан астам ғылыми жұмыстардың жетекшісі болғанын білдік. Бұл біз үшін үлкен – жаңалық.

Дала – Қаныш, ауылдар, қала –Қаныш,

Бала   Қаныш  көптігі  дара  жарыс

Бәріне де  солардың дем береді,

Күлім қағып, жол сілтеп, дана Қаныш.

Шығыс  жақтан қызыл мыс таң кіреді

Бірге келер Сарыарқа нәрлі лебі,

Кен иесі – Қанекем, жер иесі,

Жезқазғаным – Қаныштың жан жүрегі.

Қанышы бар қызық қой өмір деген,

Қанаттанып күш алып, көңілденем.

Атын айтсам алыстан бой тастайды,

Таңғажайып белестер, көрінбеген.

Ғибрат алдық заңғайыр данадан біз

Ұлытау, Баян – жалған деп санағанбыз.

Қаныш десең Жезқазған елестейді

Сол қаладан ер жетіп, тарағанбыз.

Жезкиіктей жанымның дәру әні

Ол – гүл, дала перзенті, ару әні

Мойыл қара көздері мөлтілдесе,

Жүрегіме отты ұшқын дарығаны.

Келші күнім, кең құлаш  отты күнім,

Қаныш – қала , ең ғажап,  тосты гүлін

Жезкиіктің жез қанат  желісіне

Қоскөл  жақта аққу, қаз қостым үнін.

Қаныш – дала, қасиетті Қаныш –қала,

Сені ойладым  жақында,  алыста  да

Жезқазғандық жігітпін деп қуанам

Қуат берген бойда ар, намысқа да.

Біліп жатыр молдылығын дала кеннің

Қуанышқа таусылмас ән әкелдім.

Ай әлемге аты әйгі Жезқазғаным

Ең сүйікті перзенті – Қанекемнің.

Қаныш ата ашқан кеніш ерлігі

Үлкен   Жезқазғанды ашқан, бүкіл жастық шағы мен өмірін осы өлкенің  сырын ұғуға жұмсаған  Қаныш атаны Жезқазғаннан бөліп қарау мүмкін емес, Қарсақпай кен орны мен Жезді марганец кен орнын ашқан  ол  бүгін де ұрпақтарының аузында . Осы жайлы  1941-1945 жылдардан қалған бір үзік сыр бар. Сол жайлы оқып білдік.

1942   жылы   неміс фашистері Никополь  және Чиатура   марганец   кен   орындарын   басып алып, КСРО танкер мен самолеттерге оқ өткізбейтін қалқан (броня)  шығаруға   қажет құнды металсыз қалды. Осындай қысылтаяң кезде К.И.Сәтбаев соғысқа   дейін-ақ ашқан Жезді кеніші жергілікті халықтың жанқиярлық еңбегінің нәтижесінде ірі   өндірістер тарихында бұрын–соңды  болмаған қысқа мерзімде, небары 38 күн ішінде  іске  қосылды.

Аты  шыққан  әлемге  құрыш  кенмен,

Сын сағатта көрінген ірі істермен.

Жездім осы, алғанда жау жағадан,

Сарбазының қолына қылыш берген.

 

Тарихымын жылдардың Қаныш жүрген,

Баласы да Жездінің таныс мүлдем.

Шежіресін сабақтап өлкесінің

Сыр шертеді қария алыс күннен.

 

Басында онда Қаныштың жастық заман,

Жаяу кезіп даладан тас жинаған,

Шаршағандай күй тартқан, қармақ салған,

Арнасында Жездінің тасқындаған.

Басында онда Қаныштың жастық заман.

 

Кезең еді жау басып кең көлемін

Ұрыс салған шын қатер төнген елім,

Сонда осында Қаныштың бір тас тауып,

Қуанғанын балаша көрген едім.

 

Құрыш екен ол тапқан көк тас анық ,

Тұрса, шіркін, жау оғын тоқтата алып,

Жас- кәріміз жұмылып, бас – аяғы,

Бес аптада кен бердік шахта салып.

 

Қаныш ата жайлы  тарихи  сыр

Қаныш ата көптеген  елдерді аралап, ел басшылары мен атақты адамдармен кездесіп отырған. Соның бір үлкен тарихи маңызы бар, ұлылығын білдіретін  маңыздысы Черчилмен кездесуі. Бұдан Қаныш атаның Черчилге берген ұтымды жауабы жайлы   оқып білдік.

       Қазақтың көрнекті ақыны   Тұманбай Молдағалиев былай өрнектейді :

Ойласаң, сол күндер де заулап өтті…

Бұрғандай Черчилл мырза тауға бетті.

Қазақтың перзентімін – дедіңіз ғой,

Қазақтың бәрі сіздей дәу ме ? — депті

Сол күнде – ақ  дүниеге беделің көп

Жан едің бағалаған ел ерім деп

Әзілге әзілменен тіл қатыпсыз

— Қазақтың кішілеуі мен едім – деп.

Ойың – нұр азамат ең жаның өршіл,

Көңілің көл екен бір және көпшіл.

Қазақтың кішілеуі сіз болғанда,

Үлкені қандай екен? – депті Черчилл.

Қанаға — қазағымның біртуары,

Ұлы ту сен көтерген құлпырады.

Көруге нұр бейнеңді қайта – қайта,

Бүгінгі балаларың ынтығады.

 

Дала мен дана

Дана атамыз әрбір азамат тәрізді өз туған жерін аңсап жүреді … Әр кез сағынып көріседі… Балалық шағын сағына еске алып жүреді екен. Ең соңғы сапары  жайлы оқып білдік.

1961 жылы Қазақ ССР  Ғылым Академиясының Президенті  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев  Баянауыл ауданында болды.

Ащысу   өзенінің   бойындағы  өзі туған  мекеніне, ата – анасының  зиратына барып, жерлестерімен кездесті.

Бұл – оның туған жерге соңғы сапары еді.

Жұмағали Қоғабайұлы атты ақын өз жырында былай толғайды:

Қанша  айлар, жылдар салып араға,

Келіп  жеттің  туып өскен далаңа,

Сансыз шоқы мойындарын созады,

Дегендей боп : — Амансыз ба, Қан  аға?

Еске түсті  ақын сөзі данаға:

Қаныш Сәтбаев: (күбірлеген  екен:   «Берем саған барымды»

Ақын болсам болар ма едім арынды,

Әнші болсам, болар ма едім  дарынды.

Бірақ, өзің жараттың ғой, басқа ғып,

Ақын да емес, әнші де емес, ғалымды.

Осы кезде баяулатып оңашада сүйіп орындайтын әні – сүйікті әні Қ.Аманжоловтың  «Туған жер»  әнін айтқан екен:

Шықшы тауға, қарашы кең далаға,

Мәз боласың ұқсайсың жас балаға,

О шетінен бұл шетіне   жүгірсең,

Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

Уа, дариға, алтын бесік, туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше гөр…

Автор –ақын: Мейірлене жылжып, жан – жағына

Көңілдене көз тастап аймағына,

Қаныш аға жөнелді көпті ертіп,

Жұрты жатқан ауылдың аймағына.

 

Жәдігер   тас

Ұлытау маңындағы «Алтын шоқы» шыңынан Ақсақ Темірдің 1391 жылы Дешті Қыпшақ жеріне жасаған жорығына арнап қойылған көне ескерткіш тасты тауып, тиісті орындарға алғаш хабарын берген Қаныш аға еді.

Қазір бұл жәдігер тас Санкт – Петербургтағы Эрмитажда тұр.

                   Ақын Өтепберген  Ақыпбекұлы  оны өлеңінде былай дәріптейді:

«Тас дейміз – тасты көбіміз тіпті,

Болмайды тассыз жеріміз құтты.

Тас – дәуір, кезең,

Тас — өмір, белең,

Тас деген біздің тегіміз түпкі.

Қағбаның тасы – Алланың нұры,

Нұрдың да батпан салмағы, жүгі

Хақ ием өзі, көрсін деп көзі

Құлына сүйген арнады мұны.

Сипалай берді тастарды Қаныш.

…Басталды бір жол – асқарлы алыс,

Қайламен жазам тарихын  елдің !»-

Іштегі сырын ақтарды Қаныш.

 

                                  Қаныш ата бойындағы  ерекше қасиеттер

Елге сыйлы Қаныш ата қарапайым, кішіпейіл, жанашыр, үлкендерге демалысында сәлем беріп тұратынын біз бұрыннан білетінбіз. Жаяу Мұса ақын – нағашысы болып келеді.

Сол кісі ауырып қалғанда көңілін сұрап барады. Сырқаттанып жатқан қарт ақын, оған   қыранды ал деп сыйға тартады, қанша қызығып тұрса да, бала Қаныш алмайды.

 

Көрген жоқ Қаныш өз басын ғана ойланып

Отырған емес жан күйттеп титтей жайланып,

Күн сайын тастар  шағылып, қанттай жататын

Күн ұзақ алмас қашаулар тынбай қайралып,

Далаға Қаныш , Қанышқа дала жарасқан

Қосылған талай, қоштасқан талай тарасқан,

Қондырамын деп, дәм беремін деп үйінен

Талайын көрдік қазақтың оған таласқан  – деген өлең  жолдары осы бір қасиеттерін ашып көрсеткендей.

Қаныш және Астана

Қаныш ата сол кездердің өзінде – ақ Астананы Ақмолаға ауыстыруды геологиялық және саяси  жағынан да  зерттеген екен. Асыл арманы  бүгін де орындалғанын   білдік…

Батық Мәжитұлы

Жаңа Астана, жаңа алаң, жаңа қала

Көзі жайнап шауып жүр жаңа бала

Сарыарқаға Ақорда көшіп еді

Әсер етті сезімге, санаға да.

 

Астанаға ұйғарсақ  Ақмоланы

Басымызға   тұрақты бақ қонады,

Депті Қаныш ағамыз көпке қарап,

Саралайтын әдетпен ақ – қараны

Жер иесі

Қанипа Бұғыбай

Орындалды  бүгін де ол- арманың

Көгінде тұр көк байрақ Ақ орданың,

Жерден тағы Күн көзін ашамын деп,

Жолға шығып кеткеннен оралмадың

 

Зерттегенге басқасың басқалардан,

Тойың Ата, басталған Астанамнан,

Ән салып тұр, дүние, жан салып бір

Тауға жүрек сыйлапсың тасқа да арман .

 

Қаныш – Жұлдыз

Тірісінде омырауына бір жұлдыз тағып бере алмасақ та, кейіннен аспан төрінен бір үлкен жұлдызға атын бергенін оқып білдік.

1979 жылы Марс пен Есекқырған ( Юпитер ) аралығындағы астероид белдеуінде Күнді айналып қозғалатын ғаламшарға  Академик Қаныш Сәтбаевтың  есімі берілді.

Қызыл Жұлдыз, Қызыл ту,

Он бес Одақ алыппыз.

Деп күпініп жүріп те,

Сыбағасыз қалыппыз.

 

Әлем танып табынған,

Ұлы Қаныш ағаның.
Омырауына бір жұлдыз,

Бере алмадық тағып біз.

 

Шамшырақтай  таратып,

Маңайына жарық нұр.

Көк жүзінен өз орнын,

Сайлап алды барып бұл.

 

Жұлдыз Қаныш бүгінде,

Нұрландырып әлемді.

Сәуле сеуіп санаға,

Тас төбеде жанып тұр – деп ақын Өтепберген Ақыпбек жырынан  оқыдық.

 

Алып  мыс адамы

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – қазақтың ғұлама данышпаны. Ол кісінің есімімен біздің қаламыздың  атануы да кездейсоқтық емес. Қала тұрғызуға  қолайсыз жер деп таныған археологтар  мен құрылысшылардың пікіріне қарсы тұрып, жеңіп шыққан, өз қиялынан тудырған қаламыздың тарихы және бір дастан. Сондықтан да, туған қаламыздың іргетасын қалаған  Қ.И.Сәтбаевтай атамыздың өмірі мен еңбегін оқып білу – бізге борыш.

Дәуітәлі Стамбекұлы

О, Даланың ғұлама данышпаны,

Жарқырайсың жұлдыздай алыстағы.

Енді міне Шығыстан шұғылаңды,

Шаштың нұр ғып, біздерге Қаныш таңы.

Көне дала. Көшпенді ел. Алып  аспан,

Қағазға емес тарихын тасқа басқан.

Бақыт үшін бармақтай жанталасып,

Азабы мен қайғысы бастан асқан.

Осы дала аялап бір ананы,

Тынып жатты тоғыз ай қыр алабы.

Оңай емес өмірге адам келу,

Тіпті қиын тудыру ғұламаны.

 

Баянауыл қан беріп тал бойына,

Дайын етіп тағдырдың қандайына.

Осындай бір ұл керек болғаннан соң,

Туды Қаныш қазақтың маңдайына.

Мынау тұрған алып тау – Қазақстан,

Сарыарқасын осынау – ғажапстан.

Ойып тұрған ортасын ғұламаға,

Құю керек ескерткіш таза мыстан! – деген   екен…

Мәңгі сөнбес    жарық   жұлдыз

Бойды кернеп нөпір – ой   жылғалары,

Тыныш өмір сүрмеген бір ғажабы.

Тауларына тартпаса биік болып,

Президент болар ма еді, қыр қазағы?

Озық ойдың желбіреп орамалы,

Озып шықты жобасы, жорамалы.

Жезқазған, Қазақстан елі десек,

Еріксіз Қаныш аты оралады.

Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз – Қаныш жұлдызы тек бізге төбеден жол сілтеп тұрса екен.

Қанеки, достар шырқайықшы бір отты әнді

Қояйық былай  ән менен сөзді жаттанды.

Жазайықшы бір көкпеңбек мөлдір аспанға

Алтын бояумен Сәтбаев деген аттарды !

 

… Қаныштың қиялындағы қала

Академик Қаныш Сәтбаев Жезқазған өңірінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқандығын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ол Үлкен Жезқазғанның іргетасы қаланғанға дейін – ақ геологиядан алшақ мәселелермен айналысып, қыруар еңбек сіңірді. Жазушы Медеу Сәрсеке Алматыдағы «Атамұра» баспасынан 1999 жылы жарық көрген «Қазақтың Қанышы» кітабында былай деп жазады:

«1936 жылдың шілде айы. Шаңқай түс. Кеңгірдің  Наушабай аталатын төменгі саласында жайлауда отырған Бекболат ауылының үлкен – кішісі үй сыртынан естілген автомобиль гүріліне елеңдеп есік алдына жүгіріп шыққан: кішкене фордигін зыр қақтырып тағы да келіп қалған Сәтбаев екен, жалғыз емес, қасында бір топ кісілері бар…

— Қаныш шырағым, сен өзі кейінгі кезде біздің Наушабайға келуді жиілетіп барасың. Күн құрғатпай десем өтірік болар, әйтеуір биыл сағындырмай соғып жүрсің. Немене, мұның да астынан бірдеңе таптың ба? – деп сұрады Әбдірахман қарт тегене толы қымызды алдына ала беріп.

— Мұның  кереметі  астында  емес, үстінде болайын деп тұр, Әбе. Шынымен білгіңіз келсе, ауыл адамдарын шақыртыңыз. Наушабайда енді бірер жылда қандай өзгеріс болатынын айтып берейін .Мына кісілер соның жобасын жасауға келген мамандар, москвалық жігіттер, — деп Қаныш Имантайұлы қасындағы серіктерін таныстырды.

Бәрі жиналған соң:

-Бұл жерге менің анық білетінім – нақ осы дөңеске, сіздің ауыл қонып отырған  биік жарқабақтың үстінен үлкен қала салынады …

… Бұл Қазақтың Қанышының қиялында туған қала 18 жылдан кейін  қала мәртебесін алған  бұрынғы Кеңгір поселкесі,   қазіргі  Жезқазған қаласы еді … »

        Күрт бетбұрыс кезеңі

       1936 жыл. Шілде. Ауылда отырып Қаныш қарапайым адамның қиялымен қиыспайтынды армандайды. Ол кезде әлі Кеңгір поселкесі де жоқ болатын. Әрине, кітаптың көркем шығарма екендігі түсінікті. Дегенмен, деректі көркем дүние. Тілге тиек еткелі отырған мәселені түсінуде бұл маңызды.

Жезқазған тарихында оның дамуына күрт бетбұрыс жасаған кезең бар. Ол – 1955 жыл. Қала мәртебесін алғанына жыл толмай жатып біреулер «Шахталарға жақын жерден кеншілерге арнап жаңа қалашық салу керек» деген мәселе көтерді. Қарсы болғандар да болды.

Сонымен жаңа қалашық салуды қолдағандар кеншілер, кеніштерге қатысты қызмет көрсететін және қалашықты салатынн құрылысшылар жұмыс орындарына жақын болуы керектігін алға тартты.

Оларға қарсылар жобалаушылар мен архитекторлар болды. Бұл жер климаты қолайсыз. Су мәселесі де шешілмеген.т.б. толып жатқан  пікірлер айтылды.

Қарап отырсақ, дауласуға дес бермейтіндей дәйекті дәлелдер …

Кеншілер қалашығы қалай пайда болды ?

   Алайда, тұрғын аймақтың алыстығын қаладан 25 шақырымдай шахталарға жетудің қиындығын алға тартқан  алғашқылар айтқандарынан танбай, табандап тұрып алады.

Жаңадан кеншілер қалашығын салуды қолдағандардың, жұмыс орнының қашықтығынан басқа, тағы бір ұтқан тұсы – сол кезде 30 мыңнан астам тұратын Рудниктің (Қазіргі Жезқазған қалашығы)  «жүгін жеңілдету» жөніндегі ұсынысы болды. Осылайша кен өндірілетін аймақта құрылыс салуды толық тоқтатуға болатындығын «көзір » қылды.

Ақыры алғашқылардың айтқаны болды. 1955 жылы Никольский қалашығының қадасы қағылды.

 

 

 

 

 Пайдаланылған әдебиеттер :

  1. М.Сәрсеке. Сәтбаев, Алматы «Жалын»1988 жыл

2.Ш.Қ.Сәтбаева , Ғ. Батырбеков, Ә.Жармағамбетов  «Қаныш аға»  естеліктер, «Жазушы баспасы», 1989 жыл

  1. К.Салықов «Қазақтың Қаныш аға – жер иесі», Алматы -1990жыл
  2. «Ұлытау» энциклопедиясы

 

 

«Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖМ

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Алтынбекова Гүлзада Комаровна