«Физикалық құбылыстар және лирика» (Абай лирикасы)

70

 

Сабақтың тақырыбы: «Физикалық құбылыстар  және лирика»  (Абай лирикасы)

 

Сабақтың мақсаты:

  • білімділік:
  • Ұлы ақын Абайдың өлеңдеріндегі физикалық құбылыстарды сипаттау.
  • Әлем туралы деректерді танып білу және ақын Абаймен Әлемді   ұштастыра отырып нақты мәлімет беру.

 

  • дамытушылық:
  • Ой- өрісін, сөйлеу дағдысын, танымдылық белсенділігін арттыру.
  • тәрбиелік:
  • Табиғатты сүюге, оны қорғай білуге;
  • дүниетанымды қалыптастыру;
  • құштарлыққа тәрбиелеу;
  • адам баласының сезім мүшелері мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан әлемді тануға болатындығына көз жеткізу;

 

Сабақтың түрі:  Қорытындылау сабағы

Сабақтың көрнекіліктер: слайд, электрондық оқулық, компьютер, видеопроектор, экран, табиғат бейнеленген суреттер, әдеби кітаптар, интернет материалдары, энциклопедиялар, «Есептер жинағы» (гуманитарлық бағыт).

Пән аралық байланысы:  Қазақ тілі және әдебиет, дүниетану, жаратылыстану, информатика.

 

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі:
  2. Физикалық құбылыстар мен ақын еңбектерін қайталап, еске түсіру.
  3. Зерттеу бөлімі
  • Абайдың дүние құрылымы туралы моделі.
  • Табиғатты жырлаған Абай өлеңдері.
  • Дүние құрылымы туралы Абай моделі .
  • Дүние құрылымы туралы ғалымдардың пікірі.
  1. Қорытынды.
  2. Бағалау.
  3. Үйге тапсырма.

 

І. Ұйымдастыру кезеңі:

А) сәлемдесу.

Ә) оқушыларды түгелдеу.

Б) оқушыларды сабаққа дайындау

 

 

 

Қазіргі уақытта орта мектептер екі бағытта жұмыс істейді. Бірі жаратылыстану бағыты болса, екіншісі – гуманитарлық бағыт болып табылады. Шығыс Қазақстан облысындағы Егінсу орта мектебі гуманитарлық бағытта жұмыс істегендіктен, физика пәні мен гуманитарлық пәндер арасындағы байланыстарды қарастыруды жөн көрдік.

Физика табиғат жайындағы ғылым, ол табиғаттағы  құбылыстардың пайда болу себептерін  түсіндіреді, ал әдебиет сол пайда болған құбылыстарды әсерлеп, суреттеп жеткізеді. Осы сабақта қазақтың Ұлы ақыны Абай шығармашылығында кездесетін физикалық құбылыстарға тоқталып, оларды зерттеуді қарастырдық.

Сонымен қатар, табиғатты сүюге, қазіргі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауында көрсеткен “Жасыл ел” бағдарламасына өз үлестерін қосуға, табиғатты аялап,қорғай білуге шақыру.

 

  1. Физикалық құбылыстар мен ақын еңбектерін қайталап, еске түсіру.

 

І. Физикалық құбылыстардың  Абай өлеңінде қалай жырланатыны туралы таныстыру мақсатында оқушыларға өздері білетін Абай өлеңдері оқытылады.   Сонымен қатар, «Есептер жинағы» (гуманитарлық бағыт) оқулығындағы жаттығуларғы тоқталамыз.  Мысалы: Абайдың

“Біреудің кісісі өлсе қаралы –ол,

Қаза көрген жүрегі жаралы-ол.

Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,

Зарланып неге әнге салады-ол?

деген шумағын алайық.  Адамды физикада не деп  қабылдаймыз? Көзден аққан жас тамшысының формасы қандай,  қалай қозғалады деген сұрақты қоя отырып, жас тамшысының  салмағын және құрамындағы бөлшектер және Жердің тарту күші әсерінен домалай қозғалатынын  түсіндіруге болады. Ал дыбыстың  толқындарының  таралуы арқылы  “Зарланып  неге әнге салады –ол” дегенде адам үнін естиміз.

“Сылдырап өңкей келісім ,

Тас бұлақтың суындай ,

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай”

деген өлең шумағында «тасты» егжей-тегжейін талдауға болады. Тастың физикалық қасиеті қандай, күйі қандай, бөлшектері қалай орналасады? Бұлақ суындағы тамшысының формасы қандай, қозғалыс бағытының  жылдамдығын анықтайтын параметрлер қандай?  Бұл сұрақтарға молекулалық физика тұрғысынан  және Бернулли заңы  бойынша оңай жауап береді.

“Кірлеу” процесі қалай жүзеге асады? Бұны диффузия құбылысымен тығыз байланыстыра отырып жауап береді.

 

 

ІІ. Абайдың табиғат туралы өлеңдері. Енді Абайдың табиғаттың әртүрлі жыл мезгілдерін суреттейтін өлеңдеріне тоқталайық:

“Күркіреп, күңіреніп, ұласып аспан,

Сіркіреп, бұлт тамшылап, жаңбыр жауар”

деген өлең шумағындағы бірнеше сөздерді физикалық тұрғыдан түсіндіруге болады. Күркіреу, бұлттың пайда болуы, жаңбырдың жаууы, тамшы формасы, төмен құлауы. Физикада конденцация құбылысын түсіндіруде қолдануға болады.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,       

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басқан.

Жазғытұры (1890) өлеңінде Абай табиғат әлеміне кірген               жаңалықтың иесі — ата-анадай елжіреген  Күннің көзі көбірек            айтылады. Күн сәулесінің көктемде жер бетіне мол түсетіндігін, Самарқанның көк тасын да жібітетінді деген  аңызды мысалға келтіре отырып, қардың еріп, жердің бусанып жібитіндігі түсіндіріледі.

Ал, 1886  жылы жазылған  “Жаз” өлеңінде жазғы табиғаттың көркем көрінісін  мен сан алуан қызықты құбылысын асқан шеберлікпен суреттейтіндігін, ауылдың қарбалас тіршілігі, қимыл-қозғалысын тамаша өлеңге қосатындығын төменгі өлең жолдарынан кездестіруге болады. Бұл өлең жолдарында жыл мезгіліне байланысты  күннің ұзаруы айтылған. механика бөлімінің қозғалыс заңдары да сөз етілген.

Жаздыкүні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып, өсіп толғанда   

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда.

Енді келесі жыл мезгіліне көшелік, “Күз “(1889).

Жасыл шөп,бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай,

Қайыршы шал мен кемпір түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш-қурай.

      Бұл өлеңде өмір мен табиғат шындығы жаңаша идеялық–көркемдік тұрғыда берілген көшпенді елдің күзгі тіршілігі мен табиғаттың жүдеу көрінісін тамаша суреттей білген. Күзде күннің қысқарып, жылу берілулігі азаятындығы бейнеленеді.

Ақ киімді денелі,ақ сақалды,

Соқыр мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті басы ақ қырау түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Бұл өлең жолдарын кристалл заттар тақырыбын өткенде тамаша қолдануға болады. Қардың кристалл екендігін, күш әсерінен кристалдық тордың бұзылуынан, сықырлап дыбыс шығаратындығы айтылған.

 

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда

деген  өлең жолында  ауылдың бір орыннан екіншіші орынға көшкенде  механикалық қозғалыс болатындығын көреміз.

Желсіз түнде жарық ай

Сәулесі суда дірілдеп…

деген Абай өлеңінен  толқындық құбылыс түсндіріледі.

ІІІ. Дүние құрылымы туралы Абай моделі былай болған

Бас жоғары қараған

Мойын төмен,

Қарашы, дене біткен  ретімен

деп   Абай адам құрылысы мен   дүние құрылымын  байланыстыра білген. Біз аңыз ертегілерден 7 қат жер астына түссең де, 7 қат көкке ұшсаң да деген сөз тіркестерін кездестіреміз, тіпті мұсылман аңызында аспанның жеті қабаты бар деп түсіндіріледі. Қазіргі ғылыми тұрғыда дәлелденген ғарыш бөліктерімен сәйкес келеді.

 

 

Абай тек қана табиғатты суреттемеген, табиғаттағы дыбыстарды ести білген, оны әнге қосқан.

Абайдың “Құлақтан кіріп бойды алар”өлеңі бойынша мынадай сұрақтар қою арқылы өлеңнің физика тұрғысынан шешімін табуға болады. Ән-күй, яғни музыкалық дыбыстар қалай пайда болады, қалай таралады. Дыбысты адам құлағы қалай қабылдайды, құлақтың осы тұста атқаратын функциясы қандай? Бұл сұрақтарға толқындардың таралуы бойынша жауап береміз.

ІV. Дүние құрылымы туралы ғалымдардың пікірі.

«Әлем мені өзіне қалай елестететінін білмеймін, өзіме–өзім теңіз жағасында ойнап отырған және домалақ тас немесе аса әдемі ракушкалар іздеуді ермек қылатын бала болып көрінемін, ал сонда ақиқаттың ұлы мұқиты менің алдымда тіптен сыры ашылмастан жатыр».

Иссак Ньютон.

   «Әлемнің центрінде Жер орналасқан, ал оның айналасында өзімен бірге жеті планетаны ілестіретін жеті сфера айналады».

Птолемей

Әлем — шексіз мұхит.

Уақыт —  тынымсыз жел.

Алдынғы буын ағалар, артқы буын інілер,

Ұрпақтардың алмасуында өмірдің барлық жалғастығы бар.

 Абай.

Ғалым мен ойшыл- адамзат баласының мақтанышы.  Ақылы мен сезімі басым адам ғана ғалым бола алады.  Ғылымды біз ойдан шығармаймыз, ол бізді қоршаған әлем туралы түсінігімізді, бақылауымыздың және ойларымыздың нәтижесі ретінде көрініс табады.

                                               Абай.

Қорытынды.

Абайдың  кез-келген өлеңдер шумағын алып, оның әрбір сөйлемінің әр сөзін талдасақ, олардың сыры физикалық тұрғыдан ашылмақ. Әр сөзі өмірді танып білуге, адамның  дүние танымдық көзқарасын қалыптастыруға ықпалын тигізеді.Табиғатты сүюге, оны қорғауға шақырады.

Оқушылар сабақты қорытындылау мақсатында Венн диаграмасын пайдаланады.

 

Білімді бағалау.

Үй тапсырмасы:

  • Әр оқушы Абайдың бір өлеңін алып, физикалық көзқараспен талқылау,
  • Өзін-өзі тексеру сұрақтарына жауап беру.