«Жырлайды жүрек»

42

 «Жырлайды жүрек»

(«Арыз жазып кетейін» әні 5 мин)

 

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам соған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мұқатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім,

Жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық — шынымен бақытты халық.               (Фан-фар)

«Мен, сірә өлмейтін  шығармын,

Сәл ғана мызғап ап қайтадан тұрармын » деп жырлап кеткен ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың  өзі айтқандай аз ғана ғұмыр кешіп артына өшпес із қалдырып, поэзияның шырқай биігінде сара жолымен ерекшеленді.Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан, асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген ерекше ақынымыз. Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кешімізді ашық деп жариямаймын!  (Фан-фар)

Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талатты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан дерек тыңдап көрейік.

          ( Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы баяндалады. слайд — 1).

     Осы орайда ақынның «Менің анкетам» атты өлеңіне арналған көрініс айтылғандарды нақтылай түседі деп ойлаймыз.

 ( «Менің анкетам» өлеңі бойынша шағын көрініс көрсетіледі. Дәрігер және Мұқағали )

Ақ ұлпа жерді жапқанда,

Ағаштар сырға таққанда.

Бозарып атқан ақ таңда,

Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғасың,- деп ендігі кезекті ақиық ақынымыз туралы естеліктерге берсек..

                 (Интерактивті тақтадан естелік көрсетіледі 2 – слайд ).

Өлең барда шырқатып мен жазамын,

Мен қызымын мына кең бай даламның

Мұқағали секілді бәйтеректі

Алып кеткен ажалға таң қаламын,-

деп жырлайтын ардагер ұстазымыз, поэзияның тұнығынан су ішкен Нұрсұлу апайға сөз кезегін береміз.

Сағыныштың сағымын жамылғанда,

Қарамай қара нөсер қағынғанға,

Саған ұшам,

Қалмайды сабыр жанда,

Мен сені сағынғанда, сағынғанда…

Жастық шақтарын зор сағынышпен еске алдыратын, еске алғанда көңілге қуаныш ұялататын Мұқағали ағамыздың қандай әнін білеміз? Дұрыс айтасыздар «Есіңе мені алғайсың» әні. Ортамызда осы әнді нақышына келтіріп орындайтын, жүрегін салып жеткізуге тырысатын Күзембаева Марина апайымызды қошеметтеп қарсы алыңыздар!

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттардан іздедім, сағаттан да,

Сені іздедім.

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

Дара туған, дана туған Мұқағали ағамызға арналған бүгінгі поэзия кешіміз 4 бөлімнен тұрады.1- ші бөлімі: «Құмартып қайран сәттерге» 3 – 6 сынып оқушылары өлең оқудан өзара сайысқа түседі. 2 – ші бөлімі: «Ауады да тұрады, аңсарым – ай!» 7 -8 сынып оқушыларының арасында өлең оқудан жарыс. 3 – ші бөлімі: «Дариға жүрек шөлдеді» 9 – 11 сынып оқушыларының махаббат тақырыбындағы өлеңдер оқудан бақтарын сынаса,  4 – ші бөлімі: «Өлең менің өмірім» мұғалімдер ақын өлеңдерін оқып өзара сайысқа түседі. Осы сайыста әділ бағасын беріп шынайы жеңімпаздарды марапаттайтын әділ қазы алқасымен таныс болайық: Қанашева Нұрсұлу апай, Сүгірова Алтынгүл апай, Бакиев Жоламан ағай, Барсаева Ғайни.Әр бөлімнен жеңімпаздар анықталады.

Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай,  «Құмартып қайран сәттерге» атты бөлімінде кезек берейік.

Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?

Жансыз өлең жанымды алды кілең.

Бір ойым жүрегімде қаза болып,

Бір ойым көмейімді қалды тіреп,

Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?

Өлеңге жан бітіріп, әнге айналдырып тамаша етіп жырлайтын жас топтың тұсауы кесілгелі тұр. Қошеметтеріңізбен Шапағат тобын «Бақыт » әнімен қарсы алыңыздар!

О, шіркін!

Қайран күндер!

Сайран күндер!

Қанатын бақыт құсы жайған күндер! – деп өткен күндерге сағыныш туғызатын «Ауады да тұрады, аңсарым – ай » бөліміне кезек берейік.

Не де болса, тәуекел – тең көрейік,

Әкел бері қайғыңды – тең бөлейік!

Жан дүниеніңді сергітетін, жүрегіңді тербететін ән тыңдайық, ағайын. «Алаш» тобының орындауында «Көнеміз де» әні.

Мен – түн болсам, сен – таң болдың жаңа атқан,

Мені – қола, сені – шойын жаратқан.

Мен – ашу да, сен – ақылсың нәрі аққан.

Сен – Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.

О, махаббат жүректерді ән салғызған, талайларды ғашық етіп зарықтырған, адам жанын қоярға жан таппаған. Өздеріңіз біліп отырған келесі кезектегі бөліміміз «Дариға – жүрек шөлдеді». Оқушылардың махаббат тақырыбындағы оқитын өлеңдерін назар сала, жүректерімізбен тыңдасақ.

     «Сен көріктісің» деп жырлайтын бұлбұл әншілеріңіз Шүкіров Нұржанды ду қол шапалақтарыңызбен қарсы алыңыздар!

Дәптер жатыр парағы аударылмай,

Аударылмай шынымен қалғаны ма – ай!

Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,

Тонна – тонна қорғасын салмағындай.

О,Муза,

Әуреге салғаның – ай! – деп келесі кезекті сайысымыздың «Өлең менің өмірім» атты ерекше бөлімге береміз.

Әділ қазы алқаларынан бүгінгі сайысымыздың әділ бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтауын сұраймыз. Жеңімпаздар анықталғанша әдемілікті суреттейтін әнді әсем етіп жеткізетін Сәрсенбаев Нұрпейісті қарсы алыңыздар!

Ақиық ақынымыздың өз дауысымен оқыған өлеңдерін құлақ сала тыңдауға шақырамын. (Интерактивтен көрсетіледі)

     Әділ қазы алқасын жеңімпаздарды жариялауға шақырамын. (марапаттау)

Бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар ма? Бүгін кеш туралы ой бөлісу үшін ортаға мектеп директоры Бакиев Жоламан Қайыржанұлын шақырамыз!

«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс…» деген ақынымыздың бүгінгі кеші өз мәресіне жетті.«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып қайтарған» ақынымызға арналған кешіміз жоғары дәрежеде өтті деген ойдамын. Тамашалағандарыңызға мың алғыс!