Еркіндігім – Елтаңбам

126

Тақырыбы:  Еркіндігім – Елтаңбам

Мақсаты: Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы түсініктерін бекіту.Мемлекеттік нышандар жайындағы оқушының  ой-өрісін кеңейту, шежірені, тарихи таңба белгілерді білу, оқу, есте сақтау арқылы танымдық қасиеттерін дамыту .

Әдісі:  әңгіме ,ойтолғау.

    Көрнекілігі:

  1. ҚР-ның мемлекеттік рәміздері
  2. Елтаңба авторы Ж.Мәлібековтің суреті
  3. «Қазақстан — Республикам менің» стендісі
  4. Кітаптар көрмесі

Барысы:

1.Кіріспе бөлім.

Мұғалім:1992 жылдың 4 маусымы- тарихи күн. Сол кездегі Республика жоғары Кеңесі тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен елтаңбасын бекітті. Елтаңбаның үздік жобасына 245 жұмыс, 67 хат ұсынылған еді. Халық қалаулылары мен Елбасы назары Ж.Мәлібекұлы мен Ш.Уәлиханов жасаған бүгінгі елтаңбамызға ауды. Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуіне дес бермей, етер қажыр-қайраты, қаһармандығы, бірлік- берекесі біте қайнасқан ұлы ұлағатын ұрпаққа ұластырушы, жаны таза, пиғылы пәк, жұлдызы жанған өршіл халықтың өзіне тән, басқаға ұқсамайтын дара болмысын бойына сіңірген бедер — қызған сайын болаты асылданып отыратын таймас тұяқ пырақтың; өркениетті болашаққа қарай өрлеген сайын, самғағанда шалғысы шыңдалған талмас қанаттың; алты алаштың бірлік –білігін біте қайнасқан күлдіреуішке түйіндеп, атадан балаға мұра құдіретті қара шаңырақты көгілдір аспан жүзіне жүздіріп, мәңгі сөнбес шырағын маңдайына жұлдызымен жарқыратып, сары алтынмен сомдап, нық тұғыр —  «Қазақстанға» қондырған, төбемізге көтеріп, төрімізге іліп, төсімізге қадап жүретін ұлттық нышанымыз.

Сұрақ: Егеменді еліміздің  рәміздеріне  не жатады?

Жауап :Елтаңба, әнұран, ту.

Мұғалім : Дұрыс, балалар енді мына төмендегі сауалнамаға жауап беріңдер.

  1. ҚР рәміздері қабылданған күн.
  2. Елтаңбаның авторы кім?
  3. Әнұранның авторларын ата.
  4. Елтаңбаның жүрегі не?
  5. Тудың түсі неге көк?

Негізгі бөлім.

Мұғалім: Енді елтаңба туралы сөзді  қонаққа келіп отырған тарихшы және суретші ағайларыңа береміз . (Елтаңбаның суретін көрсетеді)

Суретші: Тұнығындай көңілдің

Елтаңбасы елімнің.

Неткен ғажап әдемі,

Ортада аспан әлемі!

Тарихшы: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған арқау болып тұрған – шаңырақ. Ол —  Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын білдіреді . Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірінің нышаны.  Шаңырақ — шын мәнінде, күннің қозғалысын, жылдамдығын көрсететін дала сағаты. Шаңырақтағы белгілерге қарап, қазақтар күн мезгілін айқындаған. Шаңырақ-киіз үйдің күмбезі; ол күннің  бейнесін, ал уықтары одан тарап жатқан алтын сәулелерді елестетеді.

Суретші: Қазақта «Ат-адамның қанаты» деген мақал бар. Тұлпар –дала пырағы,  оның көзге ілеспес шапшаңдығы ер жігітті жеңіске, тәуелсіздікке, бостандыққа жетелейді. Тұлпар — Күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Айрықша күш-қуаттың, күн нұрынан дарыған ғажайып қасиеттің иесі. Қанатты тұлпар- қазақ поэзиясында кеңінен тараған образ. Ол — биік арманның, шығармашылық шабыттың, қажырлылық пен, қайраттылықтың нышаны. Желмаядай  жүйрік тұлпар уақыт пен кеңістікті жалғастырады. Діни түсінік бойынша, киелі пырақ адамды тәңірлер мекені — аспанмен байланыстырады. Ол-мәңгіліктің белгісі, ал Елтаңбадағы қыран қанатты, ай мүйізді пырақ бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін, рухани байлығын, өсіп-өркендеуінің өміршеңдігін көрсетеді.

Тарихшы: Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болуына, әрбір қазақстандық азамат сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз керек!

Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдыз Күн мен Айды, Жұлдызды кие тұтатын халқымыздың «Бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін!» деген асыл арманын арқалап тұрғандай.

Оқушы:Елұраның шаттық құйып көңілге,

               Жарқырайды Елтаңбаң да төріңде,

Ірге тасың жатыр берік қаланып,

Бетті бұрдық алға,жарқын өмірге.

Мұғалім:  Бәрекелді! 1992 жылы 4 маусымда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Елімнің Тәуелсіздігі құтты болсын ! Елтаңбасы еңселі болсын!» – дей келіп, мемлекетіміздің рәміздерін қастерлеу керектігін айтты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмізі туралы не білесіңдер? (оқушылар өлеңдерін оқиды)

Оқушы:  Құт-береке шаңырақ,

Орын алған ол төрден.

    Қанатты қос арғымақ

Екі жақтан көмкерген.

Оқушы: Тәуелсіздік жолында

Талай-талай тер тамған.

Билігім өз қолымда,

Еркіндігім Елтаңбам.

Оқушы:  Қатар шапқан қос тұлпар,

Ай астында қазақ үй.

Қалықтаған жас  сұңқар,

Шарықтаған таза күй.

Оқушы:   Бұл таңбасы елімнің-

Елдігімнің белгісі.

Мұнда да бар ерлігім,

Мұнда да бар жер күші..

              Оқушы: Қара шаңырақ –ел күні,

Асқақтатып тұр  мұны.

Елтаңбасы елдігімнің —

Елдің тыныш тірлігі.

Оқушы:   Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар. Қазақстан Республикасы Ата заңының 9-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын қастерлеуге  міндетті» делінген.

Оқушы: Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,

Жасы тұрмақ, шығады екен қарты аңға.

Қалай оның Елтаңбасы болмайды,

Түлігіне дейін салса ен-таңба?!

Мұғалім:Елтаңбаны еліне ұсынған , үздік жобаны жеңіп алған кім еді?

Оқушы: Жаңа елтаңба авторы Жандарбек Мәлікбекұлы, ол 1942 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Екпінді колхозында туылған. 1965 жылы Ташкен политехникалық институтының архитектура факультетін бітірген. Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген архитектор. Ташкент қаласында тұрады.

ІІІ. Қорытынды:

Мұғалім: Еліміздің бейнесі – ел рәміздері. Бұл — тәуелсіздіктің жеңісі. Осы тәрбие сағатында қаншама қүнды деректермен таныстық, енді ойымызды түйіндеу үшін, кім өзінің ойын айтады екен?

Оқушы:  Тәуелсіз еліміздің білімді ұрпақтары  біздерміз, сондықтан елімізге деген біздің де қосар үлесіміз зор болмақ. Ол біздің сапалы білім, саналы тәртібімізде. Еліміздің бойтұмардай нышандарын қастерлеуіміз — абыройлы борышымыз екенін ұғындық.