Экономика және экология

 

Сабақтың тақырыбы: Экономика және экология
Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушылардың биология пәнінен және экономика пәнінен алған білімдерін одан ары шыңдау
.
Дамытушылық: Қазақстан экономикасының дамуы туралы, өзара пікір алмасу.

Тәрбиелілігі: Өз жеке пікірі бар ашық ойлы азамат етіп тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Сыныптан тыс сабақ Сабақ өткізу әдісі: пікір сайыс
Сабақтың барысы: 5 кезеңнен тұрады.

І. Таныстыру

Жүргізуші өзін таныстырады. (Жүргізуді мұғалім өзі атқарады.)
Оқушылар 2 сынып бойынша топқа бөлінеді. Топтың жетекшілері, әділқазылар алқасы және бас сарапшы таныстырылады.

Әділқазылар:___________________________________________________________

Бас сарапшы:_____________________________

ІІ. Қан ойнату

Жүргізуші: Экономикалық тұрғыдан өсу, дамыған елдердің қатарына қосылу қазіргі заманда әрбір мемлекеттің негізгі мақсатының бірі. Өз экономикасын дамыта білген елдің ғана, дүниежүзінде беделі жоғарылап, халықаралық деңгейдегі ролі арта түспек. Халықтың әл ауқатының артуы да, экономиканың өсуіне тікелей байланысты, ал экономиканы дамыту дегеніміз ол, өндірісті өнеркәсіпті өркендету, отандық өнім өндіру, жаңадан завод фабрикалар ашу. Шетелден инвстиция тарту арқылы, еліміздің жер асты және жер үсті байлығын халықтың игілігіне жұмсау.
Осы барыста туындайтын келелі мәселелердің бірі ол қоршаған ортаның ластануы, табиғат анамыздың аяусыз бүлдірілуі, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы болып отыр. Әрбір адам экономикасы дамыған әрі экологиясы ластанбаған таза мемлекетте өмір сүруді армандайды. Осы кезекте енді ғана өз тәуелсіздігін алған отандық өндіріс әлі дами қоймаған жас мемлекет үшін, экономиканы жедел түрде дамыту керек пе, әлде экологияны қорғау одан да маңыздырақ па? Мемлекетіміз үшін бірінші кезекте экономиканы дамыту маңызды деп қарайтын, 9-сынып оқушысы Рахманбекова Мәдинаға сөз кезегін береміз.
Мадина: Армысыздар бүгінгі пікірсайыстың көрермендері және әділқазылар алқасы, бүгінгі таңда жаңадан тәуелсіздігін алған, отандық өнім өндіру деңгейі төмен, экономикасы толық кемелденбеген, жас мемлекет Қазақстан үшін эконмиканы дамыту бірінші кезекте болу керек. Әлемдік саясат кеңістігіне қарап отырсақ, көшбасшы болып отырған АҚШ, Қытай және басқада Европа елдерінің экономикасы жоғары дәрежеде дамыған. Көрші Қытай елін алып қарасақ ол қазіргі таңда бүкіл орта азия мемлекеттерін, оның ішінде Қазақстанды да экономикалық тұрғыдан өзіне тәуелді етіп алған, шынымен де біз экономикалық жақтан басқа елдерге тәуелдіміз. Оған дәлел біздің базарларымыздағы товарлардың 80-90% ның Қытайдан әкелінетіндігі. Жалпы саясаттану ғылымында мынадай заңдылық бар, егер бір елге товардың 50% ы сырттан кіретін болса, ол елдің тәуелсіздігіне қауып төнеді екен. Сондықтан да біз үшін ата бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктен артық ештеңеде жоқ, тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін, біз ең алдымен отандық өнім өндіруді қолға алуымыз керек, халық көп тұтынатын товарлардың барлығы өзімізден шығу керек, ал экологияны қорғау мәселесіне келетін болсақ, қоршаған ортамызды қорғау үшін бізге не қажет болады? әрине қаржы қаражат керек, сол қаржыны табу үшін, еліміздің экономикасы дамыған өндірісі өркендеген болуы керек. Сондықтан да құрметті қауым, алдымен экономикамызды дамытуымыз керек содан кейін барып экологияны қорғауды қолға аламыз. Тыңдағандарыңызға рахмет!

Жүргізуші: Келесі сөз кезегі экологияны қорғау бәрінен де маңызды деп қарайтын, 8-сынып оқушысы Ерқалым Баянға беріледі.

Баян: Армысыздар, бүгінгі пікірсайысымыздың құрметті қонақтары және әділқазылар алқасы. Әрине бүгінгі таңда еліміз үшін экономикамызды дамыту, өндірісті өркендету өте өзекті мәселелердің бірі бірақ одан да маңызды бірінші кезекте тұратын мәселе ол адам денсаулығы. Денсаулығымыз мықты болу үшін, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақ физикалық жағынан сапалы болу үшін, біздің қоршаған ортамыз таза әрі, экологиялық тұрғыдан қорғалған болу керек. Қазіргі кезде біз экономикамызды өркендету үшін, шетелдік компанияларды жер асты байлығымызды бірлесіп игеруге шақырып отырмыз. Бұл жерде шетелдік компаниялардың көздейтін мақсаты біреу ақ, ол – біздің байлығымыз арқылы өздері үшін көптеп ақша табу, ал біздің экологиямыздың ластануы, табиғат анамыздың аяусыз бүлдірілуі, оларды еш ойландырмайды. Ал адамның бүлдіруге бағытталған осы іс-әрекетіне, табиғат ана жауап ретінде экологиялық апаттарды «сыйға» тартады. Мысалы, атмосфераның ластануына байланымты, ғаламдық жылу эффектісі, қышқыл жаңбырлар, озон қабатының бұзылуы сияқты дүние жүзілік экологиялық мәселелер жиі байқалуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда адамдардың шаруашылық, өндірістік іс-әрекеттерінің нәтижесінде, Арал және Балқаш көлдері суының тартылу байқалуда, соның салдарынан, климат өзгерді, қуаңшылық пайда болып, мыңдаған гектар, орман-тоғай шалғынды жерлердің орнына, тіршілігі бұзылған құмдар мен шөлейтті жерлер, сортаң тақырлар пайда болды, құрғап қалған көл жағалауынан, жыл сайын атмосфераға 120 – 140 милион тонна натрий сульфатының тозаңы көтеріліп, адам денсаулығына орасан зор зиян келтірілуде. Экономиканы дамытып өркендететін адам, ал адамда денсаулық болмаса ештеңе де болмайды. Сондықтан да құрметті қауым, бізге ең алдымен қоршаған ортамызды қорғап денсаулығымызды сақтау ең маңызды орында деп қараймын. Тыңдағандарыңызға рахмет!

ІІІ. Қамшы басу

(бұл кезеңде қарсыластар бір-біріне, өздерінің дайындап келген сұрақтарын қояды)

Жүргізуші: Енді бір-бірлеріңізге өздеріңіздің үйден дайындап келген сұрақтарыңызды қоясыздар, жаңа Мәдина бастады енді Баян сіз бастаңыз.

Баян: (сұрақ) Мадина ханым, біз экономикамызды дамыту үшін көбінесе, шетелдік компанияларды жұмысқа тартамыз. Қазір біздің елімізде мұнай өндіру саласында көптеген шетелдік компаниялар жұмыс істеп жатыр, ал олар болса жер анамызды бүлдіріп, атмосфераны аяусыз ластап жатыр, осы мәселені қалай шешуге болады?

Мадина: (жауап)Әрине бүгінгі таңда біз мұнай өндіру саласында шетелдіктермен бірлесе жұмыс істеуге мәжбүрміз, себебі бізде оны өндіретін технология жоқ, ал бар байлығымызды игермей отыра берсек халықты қалай асыраймыз, Қазақстан қазір осы мұнай өндірудің арқасында ТМД және дүние жүзінде үлкен беделге ие болып отыр. Ал экологиялық мәселелерге келетін болсақ, шетелдік компаниялар арнайы қоршаған ортаны ластағаны үшін бізге ақша төлеп отыруға міндеттелген. біз осы түскен қаржыны, қоршаған ортамызды қалпына келтіруге жұмсаймыз.

Мадина: (сұрақ) Баян ханым, іле өзенінің орта және төменгі ағысының тұсында, іле өзенінің суын халқымыз егін шаруашылығына пайдаланылуда, сол өзен арқылы жасалған қапшағай су қоймасы, біріншіден халықтың жазғы демалыс аймағына айналса, екіншіден бізге электр энергиясын өндіруде, ал сіз өз сөзіңізде осының салдарынан балқаш көлі тартылып бара жатыр деп айттыңыз, сонда сіздіңше электр энергиясын өндіріп отырған қапшағай су қоймасы өз жұмысын тоқтату керек пе, немесе қарапайым халық күнін көріп отырған шаруашылық іс-әрекеттерін тоқтату керек пе? Қалай ойлайсыз?

Баян: (жауап) Мен өз сөзімді тағы да қайталап өтейін, балқаш көлінің тартылуы салдарынан құрғап қалған, көл жағалауынан, жыл сайын атмосфераға 120 – 140 милион тонна натрий сульфатының тозаңы көтеріледі, ол тек адам денсаулығына зиянын тигізіп қана қоймай, топырақ түзілуіне кері әсерін тигізіп егіннің түсімділігі мен малшаруашылығының өнімділігі төмендеп, халық арасында түрлі аурулар пайда болды. Егер осылай жалғаса беретін болса балқаш пен аралдың маңында не егін өспейді, не малшаруашылығымен айналысу мүмкін болмайды, сондықтан да бұл мәселені тездетіп шешу керек.

Баян: (сұрақ) Бізді еліміздің ең ірі қаржы орталығы әрі экономикалық әлеуеті біршама жақсы дамыған қала алматы қаласы, біз осы қаламызбен мақтанамыз, ал соңғы жиырма жылдағы көрсеткіштерге қарасақ осы қалада туылған балалардың денсаулығы жылдан жылға төмендеп әртүрлі бұрын болмаған аурулар кездесуде, мұның барлығы өндіріс қалдықтарының көбеюіне, атмосфераның ластануына байланысты туындап отыр, осы мәселеге байланысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

Мадина: (жауап) әрине экономикалық әлеуеті жоғары, өнеркәсібі дамыған қалаларда қоршаған ортаның салыстырмалы түрде, ластанатындығы белгілі, ол бізде ғана емес дүние жүзіндегі барлық мемлекетте сақталып отырған жағдай. Алматы қаласындағы балалардың денсаулық көрсеткіші төмен болғанымен, сәйкесінше медициналық қызметте жоғары деңгейде, сондықтан алматыда балалардың денсаулығына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп отыр.

Мадина: (сұрақ) Елімізде түрлі табиғи апаттар болып тұрады, мысалы су тасқынын алып айтсақ, осындай бір табиғи апат болып өткеннен кейін, келтірілген шығынды қалпына келтіру үшін, өте көп мөлшерде қаражат керек, егерде біздің экономикамыз дамымаған болса осы қаржыны қайдан алар едік? Қалай ойлайсыз?

Баян: (жауап) Егерде біз жер ананы аялаған болсақ, табиғаттың даму заңдылығына қайшы келмеген болсақ, табиғатта бізге осындай апаттарын сыйға тартпаған болар еді, сондықтан да құрметті қауым біз сол апаттарды болдырмаудың жолын қарастыруымыз керек. Яғыни апаттың алдын алуымыз керек.

ІV. Ортаға тастау

Жүргізуші: Сонымен қамшы басу кезеңін аяқтаймыз, енді топ мүшелерінен пікір білдіремін деушілер болса, пікір білдіруге болады.

Топ мүшелерінің пікірі: (экология тобынан)
1. Қоршаған ортаның ластануы біздің денсаулығымызға әсер етіп қана қоймай, көптеген өсімдіктердің өсуіне зиянын тигізуде, мысалы кезінде бүкіл кеңес одағына әйгілі болған алматының апорт алмасы қазірде өспейді, қазір оны қанша өсіруге тырысқанмен оның дәмі де, иісі де, бұрынғы апорт сортының дәміне жетпейді. Мұның себебі жоғары сапалы өнім беретін осындай өсімдіктердің қоршаған ортаның ластануына төзбейтіндігінен болып отыр. Сондықтан да қоршаған ортаны қорғау бәріміз үшін өте маңызды деп ойлаймын.

2. Қазіргі кезде елімізде адам іс-әрекетінің салдарыныан түрлі экологиялық апаттар орын алуда, соның бір көрінісі осы жақында Қызылағаш ауылында болған су тасқыны. Егерде сол ауылдың дәл жанынан су қоймасы салынбаған болса, немесе су қоймасының сапасы жоғары болғанда мұндай қайғылы жағдай орын алмаған болар еді, сондықтан адамның шаруашылық жұмыстарға бағытталған іс әрекеті дұрыс жүзеге асырылуы керек.

Топ мүшелерінің пікірі: (экономика тобынан)
1. Экономикамыз әлі де дамымағандықтан біз өткен екі жылдың ішінде қаржы дағдарысының қыспағында қалдық. Мұның себебі біздің отандық товар өндірісінің жоқтығынан, біздің елімізде халық күнделікті тұтынатын товардың көпшілігі шетелден кіргізіледі, ал осы товардың бағасының Қымбат немесе арзан болуы әрине шет мемлекеттерге байланысты. Сондықтан да біз бірінші кезекте отандық товар өндірісімізді дамытуды жолға қоюымыз керек.

2. Қоршаған ортаның ластануын болдырмау үшін, біздің экономикамыз жоғары деңгейде дамыған болу керек. Экономикамыздың қарқындап дамуының арқасында, елімізде үлкен жобалар іске асырылуда. Соның бірі елбасымыздың «жүз мектеп жүз аурухана бағдарламасы» бойынша салынған мектептер. Егер біздің экономикамыз дамымаған болса, осындай игілікті істерде болмаған болар еді.
( бұл жерде басқада пікір білдірем деушіледің пікірі сұралады және пікір сайыстың бас сарапшысына сөз беріледі)

V. Қорытынды

Жүргізуші: Енді пікірсайысымыздың қорытынды кезеңіне өтеміз, сөз кезегі баянға беріледі.

Баян: Табиғат анамыз сыйға тартқан осынау орасан зор байлығымызды қорғап, үнемдеп пайдалану біздің қасиетті борышымыз. Қазақ халқы ежелден табиғатты қорғауға ерекше назар аударып келген, үйткені табиғат анамыздың қойнауында көшіп қонып, малшаруашылығымен шұғылданып табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрген. Сондықтан да бізде қоршаған ортаны қорғау әр қашан бірінші орында бола бермек. Сөзімнің қорытындысын мына бір өлең шумағымен аяқтағым келеді:
Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Табиғаттың оны айтуға тілі жоқ.

Жүргізуші: Келесі сөз мадинаға беріледі.

Мадина: Экономикасы дамыған ел ғана дүние жүзінде көшбасшы бола алады. Біз өз экономикамызды дамыту арқылы ғана басқа елдерге тәуелділіктен арыламыз және тәуелсіздігімізге кепілдік бере аламыз. Халқымыздың тұрмыс жағдайы барлық жағынан қамтамасыз етілгенде ғана, қоршаған ортаны қорғауға дайын боламыз. Халқымыздың « ораза намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта.» деген мақалы тегін айтылмаса керек. Сондықтан да құрметті қауым, алдымен экономикмызды дамытып, халықтың әл-ауқатын көтермесек экологияны қорғау жүзеге аспайды деп ойлаймын.

Жүргізуші: Сонымен бүгінгі пікірсайысымыз өз мәресіне жетті, әділқазылар алқасының өз бағасын беруін сұраймыз.

(әділ қазылар алқасы бағасын беріп, жеңімпазды анықтайды)