“Желтоқсаннан ақ таңға” атты сыныптан тыс шара

109

 

Родниковка  орта  мектебінің   қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәндерінің   мұғалімі,   6-класс  жетекшісі

1-жүргізуші:  Құрметті ұстаздар,  оқушылар!  Бүгін  біз  дүниені  дүр  сілкіндірген ,  Тәуелсіздік  туын  ең  алғаш  көтерген  әйгілі  1986 жылдың  16  желтоқсанына  арналған

“Желтоқсаннан   ақ   таңға”  атты  сыныптан  тыс  шарамызды бастаймыз!

Желтоқсанның  ызғарындағы   боздақтардың  рухын  еске  алып,  бір  сәт  үнсіздік   жариялаймыз…

 2-жүргізуші:  Желтоқсан  бастауы-ғасырлар  қойнауынан  жалғасып  келе  жатқан  ұлы  тарихтың  белгісі.

1-жүргізуші:  1986  жылдың  желтоқсанындағы  оқиғаға  26 жыл  толыпты.  Ол ендігі  жерде  қазақ  халқының  қасіреті  де,  қасиеті  де жетерлік  тарихына  айналды.

2-жүргізуші:  Әлемді   дүр  сілкіндірген 1986  жылғы  Желтоқсан  оқиғасы қазақ  жерінде   ұлттық  сана-сезімін өз  халқының  намысы, ар-абыройымен  байланыстырған жаңа  буын  өсіп  шыққанын  көрсетті.

1-оқушы:  Әлі  есте борап, қақағаны.

Тағдырдың  қиындыққа  тақағаны.

Қазақтың  қайсарларын  жалмағасын,

“Қаралы  Желтоқсан” деп  аталады.

 

Қара  түнек  қаптағасын  бастарын,

Есіңде  ғой  қорыққаның,  сасқаның.

Еліміздің  тыныштығын  бұзғасын,

Ереуілге  шықты емес пе  жастарың?

2-оқушы:  Мың  тоғыз  жүз  сексен  алтыншы  жыл еді,

Күннің  өзі  күңіренген күні  еді.

Қапысызда  қыршынынан  қиылды

Қазағымның  ту   көтерген  түлегі.

Намысынан   өртке  оранды  өзегі,

Қазақ  қалай  басқындыққа  көнеді?

Ұрандатып  шықты  алаңға  тай   салмай,

Өкінішпен  өксігесін өз елі.

Хор: “Желтоқсан  желі”

1-жүргізуші:  1986  жылы   16  желтоқсан  күні  Қазақстан  Компартиясы Орталық   Комитетінің   5 пленумы   болды.  Пленум  бар  болғаны  18  минутқа  созылды. Республиканы  ширек  ғасырға  жуық  басқарған  саяси  қайраткер  Дінмұхамед  Қонаевтың  орнына  бұған  дейін  республикаға  мүлдем  бейтаныс  Г.В.Колбин  тағайындалды.

2-жүргізуші: 1986  жылы   Желтоқсан  оқиғасы-толғағы   жеткен  құбылыстардың  жиынтығы. Ұзақ жылдар  бойы күшпен,  қорқытумен,  үркітумен, алдаумен, арбаумен  бұғауда  ұстап  келген  халықтың  көзі  ашыла  бастады.

3-оқушы:  Желтоқсан  оқиғасы  жайлы  сөз  болса, Қайрат  аты  көп  аталады.  Бұл  орынды.Ұлт  намысы  кеудесіне  сыймаған  талай-талай  ұл-қыздардың   Желтоқсан  қозғалысын  тәуелсіздіктің  жолындағы күресі  емес  деп  кім  айта  алады?  Олардың  қай-қайсысы  да  қандай  да  бір марапатқа,  дастанға  лайық.

Құлдық   ұрып,  көне  берсек  ырыққа,

Жер  бетінен  кетер  едік  құрып  та.

Қазақпын  деп  ойлар  болсақ , ағайын,

Алматының   Желтоқсанын  ұмытпа!

4-оқушы:   Қайраттың  “Ақтық   сөзі”.

Күнәдан  таза  басым  бар,

Жиырма  бірде  жасым  бар,

Қасқалдақтай  қаным  бар,

Бозторғайдай  жаным  бар,

Алам  десең, алыңдар!

Қайрат  деген  атым  бар,

Қазақ  деген  затым  бар,

“Еркек   тоқты-құрбандық”,

Атам  десең,  атыңдар

Мен  не  етермін,  не  етермін,

Мен  келмеске  кетермін.

Көрмеген  қош  бол , таңдарым,

Көре  алмай   мен  өтермін.

Қош, аман  бол артымда,

Ағайын-туған, азамат!

Артымда  қалған  ата-анам,

Ел-жұртым  саған  аманат

Сабина:   М.Шаханов   “Оралу” .

Кенжетаева  А. “Желтоқсан  алаңы”

Гауһар:   Көкіректі   намыс  оты  кернеді,

Аз  ба  еді  бұған  дейін  көргені?

Қамын  жейтін  қайсарлары  Қазақтың

Басынуға  жанымызды  бермеді.

Міне  бүгін   айқара  ашып  есігін

Алды  болып  келе  жатыр  көшінің

Сол  жылдары  жанын  қиған  ерлердің

Ұран  етіп  айтып   жүрміз   есімін.

Енді   қайтіп  жанымызды  бермесін,

Шаттық  оты  елімізді  тербесін.

Ызғар  шашқан  сол    “Қаралы   Желтоқсан”

Қазақ   елін   енді  қайтіп  көрмесін!

Жауһар:

Нұрын  шашып, күліп   атып  таңдарым,

Көріп  тұрмын  бүршік   қайта  жарғанын,

Ту  көтеріп бір  шаңырақ  астында,

Біздер  көрдік  бабалардың   арманын.

Бұлт  торлаған  қазағымның   аспанын

Білерсің  бе,  қалай  өмір  бастадың

Көргің  келсе, ашып көргін  ақырын,

“Тарих”  атты  қарт  бабамның  аспанын.

 

Камила:

Таңғажайып  атың  да  дәл  табылды,

Табылды  да  талай   жұртқа  танылды.

Қазақ  елі  көкке  жетті  көк  туың,

Сен-Тәуелсіз   мемлекетсің   кәдімгі.

Ертеңіңе   буғанда өз  бетіңді,

Ұлы  ерлікке  буған  бетін  бекінді.

Тәуелсіздік  хабаршысы-Желтоқсан,

Тарихының   жаңа  беті  секілді.

Әмірқанова   Әсемгүлдің   орындауында   “ Қос  алқа”  күйі

Айзада  : “ Тәуелсіздік”

1-жүргізуші:

Тәуелсіздік  деген- әр  халықтың, әр  мемлекеттің  ең  зор  бақыты  мен  асыл  арманы.

2-жүргізуші:

Тәуелсіздік  деген-қазақтың  қолындағы   жолбастар,  жолын  ашар  шамшырағы. Қазақтың   болашағы  мен  қуанышы.

5-оқушы:  Жаның   қамауда  қалғанда, арың  талауға  түскенде  араша  болған  Тәуелсіздік!

6-оқушы:  Барың   тоналғанда, асылың  жоғалғанда  қайтарып  берген  Тәуелсіздік!

7-оқушы:  Ақиқатыңды   айтқызбай  тіліңді  тістеткенде, бойыңнан   рухани   күш  кеткенде,  есіңді  жиғызып,  еңсеңді   көтерткен  Тәуелсіздік!

8-оқушы:  Дінімізді  бұрмалап,  Құранымыздан  жаңылдырған,  Алламызды  ұмыттырып, адамға  табындырғанда иман  нұрымен  сәулесін  шашқан  Тәуелсіздік!

9-оқушы:   Өз  қолыңды  өз  аузыңа  жеткізбей, айтқанын  екі  еткізбей,  шырмауықтай  шырмап  алған  қоғамда,  ғазиз  басың  боданда  жүргенде  бостандыққа  жол  ашқан   Тәуелсіздік!

10-оқушы:  Елін  сүйреп  арайлы  атар  таңға , ортаңнан  орда бұзған  қаһарманға,  тізгініңді  бергізбей, соңынан  жұртты ергізбей, жазықсыз  “халық   жауы”  атанғанда,  қаралаған  ұлыңды  ақтап    алған   Тәуелсіздік!

2-жүргізуші:   Иә,  Тәуелсіздігіміздің  арқасында  туған  қаламыз-Ақтөбе  де  көркейіп,  өркендеп  келе  жатыр  емес  пе?  Олай  болса, Ідірісова  Сабинаның  орындауында

“Ақтөбем ” әнін  қабыл  алыңыздар!

1-жүргізуші:

   Ақтөбем-бағы  биік  асқарымсың

Ақтөбем- мәңгі   жарық   аспанымсың.

Ақтөбем-пейіш   қала,  ел  арманы,

Ақтөбем  қайда  жүрсем  мақтанышым.

Ақтөбем-шапағаттың  шуағындай,

Ақтөбем- махаббаттың   тұрағындай.

Ақтөбем- періштелер  мекенісің,

Ақтөбем- Қазақстан  тұмарындай.

                     Ата-бабаларымыз  аңсаған    тәуелсіздігімізді, ажырамас  бірлігімізді  сақтай  отырып, тыныш   заман  мен    молшылыққа  қол  жеткіздік.  Біздің  ауылымыз Родниковка   -елімізді  астықпен  қамтамасыз  етіп  отырған  алтын  дәнді  мекен.

      Кенжетаева  Арайлымның   “  Алтын  дән”  биі диқандарымыздың   еңбегін  әсерлі  суреттейді, бишімізді     ортаға  шақырамыз!

2-жүргізуші:

Сен   неткен,  Отан  Анам,  ғажап  едің,

Әспеттеп  көркем  тілмен  жазар  едім.

Болашақ  ұрпағының  бақыты  үшін

Жайнай   бер , ұлы   Отан,  қазақ  елім!

Хор :  Атамекен

  Қадірлі    көрермендер,  бүгінгі  сыныптан  тыс  шарамызды  тамашалағандарыңызға  рахмет,  сау  болыңыздар!