«Жылу» атты интеллектуалдық сайыс жоспары.

57

 

«Жылу» атты интеллектуалдық

сайыс жоспары.

 

 

Тақырыбы:        Жылу

Мақсаты:     Жылу құбылыстары, термодинамика заңдары бойынша сайыс

өткізу оқушылардың ынтасы мен пәнге деген қызығушылығын

арттыру,  оқушылардың  ойлау қабілеттерін дамыту, оқушылардың

шығармашылықтарын күшейтіп, ой-өрісін кеңейту, адамгершілікке, бір-

бірін сыйлауға тәрбиелеу.

Қолданылатын көрнекілігі:   компьтер, слайдтар, экран.

 

Кештің жоспары

 

  1. Ашылуы.
  2. Қатысатын оқушыларды екі топқа бөлу. Әділ қазыларды сайлау.
  3. Топтардың бірін-бірі құттықтауы.
  4. Топтар жарысы.
  5. Жарыс шарттарымен таныстыру.
  6. Қазылар алқасының қорытындысы.

 

І. Ашылуы.

Мұғалім: Қайырлы кеш қадірменді оқушылар, ұстаздар! Баршаңыз да «Жылу» кешіне қош келдіңіздер! Халқымызда жақсы бастама жалғасын тапса, сәтті болғаны деп жатады ғой. Ендеше, бүгінгі күн көпшілік қатысып отырған көңілді топтар сайысы сіздердің көңілдеріңізден шығып, қуанышқа бөлесе, жарқын бастамаға ұйытқы болған біздер де қуанарымыз әбден анық.

 

ІІ. Топқа бөлу. Әділ қазыларды сайлау.

Балалар, біз бүгін сіздермен «Жылу» атты ойын-сайысын екі топқа бөлініп өткіземіз. Алдымен топқа бөлеміз. Одан кейін мен сіздерге жұмбақ жасырамын, соның шешімін тапқан топ сол атқа ие болады.

 

  1. 1. Құрметтейік ғалымды,

Ғылымды алға жылжытқан.

Инерция құбылысын

Айтшы, достар, кім ашқан?

(Галилео Галилей)

 

  1. Алма түсіп қасына,

Қасына емес басына.

Тартылыс заңын таптым деп,

Кетті ғалым асыға.

(Исаак Ньютон)

 

Әділ қазы мүшелері 9Б сынып оқушылары.

ІІІ. Топтар бірін-бірі құттықтайды (сөз әр топқа беріледі).

ІV. Топтар жарысы.

 

Мен бүгінгі кештің көңілді өтіп, қатысушыларымыздың көңіл-күйінің көтеріңкі болғанын қалаймын. Сол себепті, аты әлемге әйгілі ұлы физик ғалымдардың әзілдерімен бастағалы отырмын.

«Сен өте шаршағансың, түріңнен түр қалмапты, үйден бір күнге кетіп, дем алсаңшы» депті белгілі американ өнертапқышы Эдисонға әйелі. Эдисон әйелінің айтқанын мақұл көріп, үйінен кетіп қалады. Бір күннен кейін әйелі оның тәжірибе жасап жатқан жерінен кездестіреді. Әйелін көрген Эдисон: «Мен өте керемет дем алдым» деп мақтанышпен жауап берген екен.

 

  1. Жарыс шарттарымен таныстыру.

Екі топқа он сұрақтан қойылады (Иә, Жоқ). Әр дұрыс жауап 10 ұпай.

                   

                                                      1-тур «Бой сергіту»

І топ сұрақтары.

  1. Атомдар мен молекулалар үздіксіз бейберекет қозғалыста болады—Иә.
  2. p, V, T микроскопиялық шамалар—Жоқ (макроскопиялық шамалар).
  3. Молекулалардың ретсіз қозғалысы броундық қозғалыс деп аталады—Жоқ (жылулық қозғалыс).
  4. Термометр температураны өлшейтін прибор—Иә.
  5. Ішкі энергияны өзгертудің 5 түрі бар—Жоқ (2 түрі бар, А және Q).
  6. Металдардың қаттырақ қыздырылған бөлігінен суық бөлігіне энергияның берілу құбылысы жылу өткізгіштік деп аталады—Иә
  7. Сұйықтың барлық бөлігінде бу түзілу құбылысы булану деп аталады—Жоқ (қайнау).
  8. Конвекция сұйықтардағы жылу берілу түрі—Иә.
  9. Балқу заттың қатты күйден сұйық күйге өту құбылысы—Иә.
  10. Жылу алмасу кезінде берілген жылу мөлшері алынған жылу мөлшерінен үлкен болады—Жоқ (жылу балансы Qберг=Qалған).

 

ІІ топ сұрақтары.

  1. Заттар молекулалардан тұрады—Иә.
  2. Диффузия тек қана газдарда болатын құбылыс—Жоқ
  3. p, V, T векторлық шамаларға жатпайды—Иә.
  4. Зат температурасының өзгеруіне байланысты туындайтын құбылыстар жылулық құбылыстар деп аталады—Иә.
  5. Цельсий шкаласы бойынша 00С Кельвин шкаласында 373К тең—Жоқ (273К)
  6. Дененің жылулық күйін сипаттайтын физикалық шама тығыздық деп аталады—Жоқ (температура)
  7. Ортаны қажет етпейтін жылу берілу түрі конвекция—Жоқ (сәулелену)
  8. Атомдар мен молекулалар микробөлшектерге жатады –Иә.
  9. Газдың сұйыққа айналу құбылысы конденсация деп аталады—Иә.
  10. Дененің жылу берілісі кезіндегі алған не жоғалтқан энергиясы меншікті жану жылуы деп аталады—Жоқ (жылу мөлшері).

 

2-тур «Шерлок Холмс»

     

      Бір күні ұлы физик Резерфорд кешкісін лабораториядан өзінің бір шәкіртін кездестіреді. Ол тәкәппарланып:

-Мен жұмыс жасап жүрмін!—депті.

-Сіз күндіз не істедеңіз?-деп сұрайды физик.

-Жұмыс жасадым.-дейді шәкірт.

-Таңертеңгілік немен айналыстың?-деген оқымыстыға.

-Жұмыс жасадым.-дейді шәкірт.

Шыдамы жетпеген Резерфорд «Сонда сіз қашан ойланасыз?» деген екен.

 

       2-тур «Шерлок Холмс» деп аталады. Шерлок Холмс өте білімді, байқағыш және ойшыл адам болған. Сонымен бірге, 2-тур кезінде ол кісінің «физик» болғанына көздеріңіз жетеді.

 

Жарыс шарты:

       Әрбір сұраққа жауап беру алдында ұпайды таңдап алады (100-500 ұпай қағазға жазып көрсетеді). Дұрыс жауап бергенде таңдап алынған ұпай жалпы ұпайға қосылады, егер жауап дұрыс болмаған жағдайда таңдап алынған ұпай жалпы ұпайдан шегеріледі.

 

1-сұрақ:

Қыс мезгілі болатын. Шерлок Холмс даладан бір үйге кіреді. Қырау басқан терезенің саңылауынан жолдың бір шет ғана көрінеді. «Мына үйдің қызы жалқау екен»-деп ойлапты. Неліктен ол мұндай ойға келді?

Жауап. Ол үйдің терезесін қырау басып тұр. Онда, терезе жақтауларының аралығына тесіктер арқылы бөлмеден жылы дымқыл ауа кіріп, суық ауамен жанасқанда терезеге қатып қалады. Бұдан шығатын қорытынды, ерезе дұрыстап жылыланбаған.

 

2-сұрақ:

Бір үйге келген Шерлок Холмс, үй иелерімен әңгімелесіп отырып, бірер минуттан кейін ол: «Сіздің ас үйіңізде шәйнек қайнап жатыр»-деген екен. Оның отырған бөлмесінен ас үй көрінбеген, онда ол мұны қайдан білді?

Жауап.  Әдетте шәйнек қайнағанда қақпағы бүлкілдеп тұрады, оның қозғалуы ішіндегі су қайнап бу түзілген кезде қысымы артады да, ол қақпақты көтеріп жібереді, қақпақ ашылғанда бу сыртқа шығып, іштегі қысым азаяды, қақпақ орнына түседі, сол кезде дыбыс шығарады. Процесс осылау жалғаса береді.

 

3-сұрақ:

«Құймақ ыстық кезінде ғана тәтті»-дейді Шерлок Холмсты ас ішуге шақырған аспазшы,- «Олар көпке дейін ыстық болып тұруы үшін, мен құймақ салынған табақты металл подносқа  салып қоямын»-депті сөзін жалғастырған аспазшы. «Одан да құймақты ағаш подносқа салған дұрыс болар»,-деп Шерлак Холмс кеңес беріпті. Бұл кеңесінің астарында не жатыр?

Жауап. Ағаштың жылуөткізгіштігі металға қарағанда аз болады. Сондықтан ағаш подноста табақ баяу суйды.

4-сұрақ:

Шерлок Холмс түскен үйдің иесі, есікке барып, ішке мысықты кіргізеді. Мысықты көрген, Шерлок Холмс «Сыртта ауа-райы суық екен»,-дейді. Ол мұны үйде отырып қалай білді?

Жауап. Мысықтың жүніне қарап анықтаған. Суық күнде мысықтың жүні әдеттегіден де қобырайып үлпілдеп тұрады, оның әр талының аралығында көбірек ауа болады, ол жылуды нашар өткізеді.

 

3-тур. «Ауа-райы»

 

Альберт Эйнштейннен «Өз ойларыңызды жазып отырасыз ба, егер жазсаңыз қайда жазасыз, блакнотқа ма, кітапшаға ма немесе арнайы картатекаға ма?»- деп сұраған тілшіге ғалым былай жауап беріпті: «Қымбаттым менің! Нағыз ойлар басқа сақтауға болатындай өте сирек келеді»,-деген екен.

 

Жарыс шарты:

Әр сұраққа 500 ұпай беріледі. Бір көмек берілген жағдайда 100 ұпай шегеріледі, т.с.с. Екі топқа да ортақ. Жауап бере алмаған жағдайда келесі топ жауап беруге болады.

 

  1. Дымқыл ауаның құрамында құрғақ ауаға қарағанда көбірек су болады. Сондықтан, ол құрғаққа қарағанда үлкен тығыздыққа ие болуы керек. Солай ма?
  • Бірлік көлемдегі газдың молекулалар саны тек қана температураға және оның қысымына тәуелді болады, оның түріне тәуелді емес. Сондықтан, берілген температура мен қысымда, 1 литр дымқыл ауада қанша молекула болса, құрғақ ауаның осынша көлемінде сонша молекула болады. Басқаша айтқанда, дымқыл ауадағы оттегінің және азоттың кейбір молекулалары су молекуласымен алмасады, бірақ соңғысы біріншісінен жеңіл (судың малярлық массасы 18, ал ауанікі 29 тең); сондықтан дымқыл ауа құрғақ ауадан жеңіл болады.

 

  1. Неліктен адам өте ыстық күні дымқыл, батпақты жерлерге қарағанда құрғақ жерде ыстыққа көбірек шыдай алады?
  • Бірдей температура кезінде құрғақ жердің салыстырмалы ылғалдылығы, ылғалды жерге қарағанда аз болады. Сондықтан ол жерде адамның тері қабатының булануы тезірек жүреді, яғни температураны қалыпты жағдайдан асырмайды.

 

  1. Егер қыстың аязды күндері металлға саусағыңды тигізсең, оған жабысып қалады, ал ағашқа тигізсең жабыспайды. Неліктен?
  • Өйткені металдың жылуөткізгіштігі жоғары болады, сондықтан жылы саусақты металға тигізген кезде жылу тезірек жүріп, саусақтың температурасы тез төмендейді. Тері қабаты дымқыл болғандықтан, саусақ металға қатып қалады. Ағаштың жылуөткізгіштігі төмен болғандықтан, саусақ температурасы баяу төмендейді, сондықтан саусақтың ағашқа жабысу құбылысы болмайды.

 

  1. Температураны өлшейтін прибор термометр деп аталады. Сыртта тұрған термометрдің көрсетуіне жел әсер ете ме?
  • Жел-Жер бетіндегі ауаның орын ауыстыруы. Қозғалыстағы ауа температурасы қоршаған орта температурасындай және термометр құрғақ болса, онда жел термометрдің көрсетуіне әсер етпейді. Басқа жағдайларда ықпал етеді.

 

 

4-тур «Күн шуағы»

 

Физик Кирхгоф өзінің ойлап тапқан спектрлік анализі жайында сөз болғанда, Күннің спектрінде алтын бар екенін айтады. Сонда әріптестерінің бірі: «Одан қандай пайда бар, бірібір алтынды Күннен ала алмайсың ғой?!»,-депті. Кейін осы жаңалығы үшін Кирхгофқа алтын медаль беріледі. Сонда ғалым: «Мен Күндегі алтынды алдым»,-деген екен.

 

4-турда слайдпен жұмыс, тапсырмасы бұлт басқан күн берілген, Жер бетіне күннің шуағы керек, ол үшін формулаларды дұрыс табу арқылы бұлтты сейілтеміз. Әр дұрыс формулаға 100 ұпайдан беріледі.

 

 

 

 

  1. Қазылар алқасының қорытындысымен танысу (сөз қазылар алқасына беріледі)

 

Қорытындылау.