Ашық тәрбие сағатының тақырыбы: Ел боламын десең, бесігіңді түзе

201

 

 Ашық тәрбие сағатының тақырыбы:

 Ел боламын десең, бесігіңді түзе

Мақсаты: Оқушы бойына ізгілік ұялату, қамкөңіл жандарға қамқорлық жасау, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын оқушылардың бойына сіңдіру, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.

Бала бойына осы тәрбие сағаты арқылы сүйіспеншілікті, жылылықты ұялату. Ата — анасын құрмет тұтып, адал да парасатты ұл мен қызы болуға тәрбиелеу.

Ата — анасының берген жақсы тәрбиелерін нәтижелі етуге үйрету, қоғамға жат қылықтардан сақтандыру.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, суреттер, интерактивті тақта.

Жүру Барысы.

І Бөлім Түсін,түйсін, ой тарқат

Алдын ала дайындалған суретпен

1-сурет. Торғай ұя салуда, балапандарын  баптап күтуде. Торғай туралы өлең оқылады.

Шыр- шыр еткен торғайлар

Аспанға ұшып зырлайды

Айнала толған сұқ көзден

Балапанын қорғайды.

Мұғалім: Бұл көріністен біз ағаш басына ұя салып, ондағы өзінің туған балапандарына қамқорлық жасап жатқан торғайды көре аламыз.  Таусылғанда жемін таситын, шырылдап өзін іздегенде қасынан табыла біледі.

бұл жерде тағы нені байқауға болады?

Оқушы

  • Қамқор құс.
  • Балапанға деген жанашырлық
  • Аналық сезім
  • Өз ұрпағының болашағы үшін алаңдаушылық
  • Ана мен бала арасындағы махаббат.

2-сурет. Көкек деген құс торғайдың ұясына жұмыртқасын салып тастап ұшып кетті. (Көкек туралы шумақ)

1-оқушы

Көкек деген бір құс бар

Сайраңдап жай жүретін

Еш нәрсеге қиналмай

Жеңіл өмір сүретін.

Мұғалім: Бұл көріністе студеттер көкек деген құсты көріп отырмыз. Көкек- өзнің жұмыртқасын өзге құстардың ұясына салып кете беретін, болашақ балапандарының өміріне алаңдаушылық білдірмейтін құс. Өзге құстардың ұясындағы жұмыртқаларды жарып, жерге түсіріп, өзінікін салады, оны аңғармаған басқа құстар көкек балапандарын баптап күтеді.Бұл көріністен қандай ой түйіндедіңдер?

  • Балапандарына деген безбүйректігі.
  • Біреудің арқасында өмір сүрушілік
  • Арамдық
  • Үстемдік
  • Өз балапандарына деген қатыгездік Қаталдық

3- сурет. Ы. Алтынсариннің  «Қайырымды түлкі»  мысалын мәнерлеп оқу.

1-оқушы

Бір мерген бозша құсты атып алды

Қоймайды өлтіріп- ақ жалғыз жанды

Басында бір ағаштың үш баласы

Шырылдап ұясында жетім қалды.

Ана жоқ таситұғын тамақ, жемді

Күн көрер бейшаралар қайтіп енді

Шулаған балапанның даусын естіп

Сөз сөйлеп аянышты түлкі келді

2-оқушы  Алда сорлы, мүсәпір балалар-ай

Жасынан өлген екен аналары-ай

Көбелек, шыбын аулап күн көретін

Жоқ екен шамалары, бейшаралар-ай!

Ай, құстар, тыңдаңыздар құлақ салып,

Кезекпен жем тасыңдар ұшып барып

Асырау бұл үшеуін емес қиын,

Етіңдер аз күн қайыр бөліп жарып.

3-оқушы .  Көкек құс жүнің түгел жүр ғой бекер

Азырақ жетім үшін жұлсаң нетер

Қайырың бұл дүниеде жетімге екен

Басқа еш сауабыңа бар ма жетер.

Бозторғай қарап тұрма сен де текке

Жүрсің ғой бекер шарлап ұшып көкте

Далада, тоғайлардан тамақ ізде,

Бұлардың үшеуіне көп керек пе.

4-оқушы . Сар мойын ер жетті гой балаларың

Бәледен құдай сақтап бірер жарым

Бұлардың күндіз-түні жанында боп

Жоқтатпа пақырлардың аналарын.

Қарлығаш сен кетерсің маса, шыбын

Бұларға о да керек болар тығын

Осындай жұрт жабылған сауап іске

Ұят қой кіріспесе жарықтығым.

5-оқышы . Сандуғаш не қылайын сені қайрап

Қоярсың оқтын-оқтын өзің сайрап

Көңілін біразырақ көтермекке

Зарлының жетім қалған соры қайнап

Достарым, осындай бір іс істелік

Жастарды жетім қалған кісі істелік

Ізгілер орманда да бар екенін

Осындай сауап істеп көрсетелік.

Мұғалім: Бұл мысал өлең  (сурет) туралы қандай ой айтар едіңдер?

  • Аңыздарда, ертегілерде қу болып көрінетін түлкінің мейірімділігі.
  • Құсардың ауызбірлігі.
  • Адамның балапандарга жасаған қиянаты.
  • Балапандардың бұлыңғыр болашағы.
  • Адамның табиғатқа қылған зияны. (Жазықсыз құсты атуы)
  • Адамның көрсеқызығарлығы, ашкөздігі.

Мұғалім: Көрсетілген суреттерден, оқылған мысал, өлеңдерден, орындалған әннен байқағандарыңдай бүгінгі сіз бен біз болып талқылағалы отырған өнеге сағаты жетімдер жөнінде болмақ.

Жаңа өздерің сипаттама беріп өткен көріністер бойынша өз ойларыңның оң-терісін, ақ-қарасын ашып берулеріңіз сұралады. Нені ұқтың? Сол бойынша сөйлейтін боламыз.

ІІ бөлім Кең тынысты ой шертем

I  топ

1-оқушы . Кез- келген ата-ананың тіршілігіндегі көрген қызығы мен білген жақсылығының ең қымбаттысы біздің халықта перзент қой. Ата-ана бойындағы да барлық жақсылық атаулыны перзентіне арнайтыны белгілі. Ерте заманнан бастап-ақ халқымыз бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген. Қазақ халқы болашақ  ұрпақты ана құрсағында жатқанда-ақ тәрбиелей бастаған. Келешек ананы, сәбиді мәпелеп, ренжітпеген. «Биік тауға қарасаң, көңілің өседі, көңілің өссе, немерең кең пейілді болады. Жайқалған шөпке қара, жайнаған гүлге қара, сәбиің шырайлы болады»- деп баулыған, адам табиғатының бір бөлігі екенін дөп басқан.  Аналар бала тәрбиесіне ерекше ықыласпен қараған. Сәби дүниеге келгеннен бастап-ақ өзінің 62- тамырын идіріп шыққан сүтімен асыраған. Мұны болашақ ұрпақ ешқашан ұмытқан емес. Түн ұйқысын төрт бөліп сәбиін уатқан. Айта берсе, ананың бала үшін жасаған ерлігі шексіз. «Анаңды Меккеге жаяу үш рет арқалап барсаң да ана сүті ешқашан өтелмейді», «Ана мейірімен перзентін тербетеді, бала ананың бесік жырымен ер жетеді»- деген сөздер бекер айтылмаса керек.

2 оқушы

Әкем біреу,

Анам да біреу менің.

Мен жығылсам, сүйенер тіреулерім

Олар барда мереке,

Көрген емен қабақ шатқандарын, түнергенін.

Әке-білек, саусағы- балалары,

Қан тамырмен жалғасқан аралары.

Ана- тамыр, бойымен бәріне

Тіршіліктің жылуы таралады,- деп аяқтағымыз келеді.

II топ

Көкек деген құстың безбүйректігі мен қатыгездігі, санасыздығы жөнінде өз ойларын білдіруі тиіс.

1 оқушы . Бұл көріністен байқағанымыз- көкек те ана. Оны санасыз деп айта алмаймыз. Себебі ол өз балапандарын күтпесе де өз жұмыртқасын өзге ұяға апарып салып тұр. Бұл бір жағы ғана. Екінші жағдайда біз өз балаларын тағдыр тәлкегіне тастап, өз ұрпағына немқұрайлы қараған көкек – ананы көреміз. Осындай аналардың кесірінен елімізде жетімдер үйі көбеюде. Республика бойынша 29 балалар, 30 бөбектер, 17 мүгедек балалар үйінде мыңдаған тірі жетімдер мен тұлдыр жетімдер тәрбиеленуде, егер ертеде атам қазақ даласында жетім балалар үйі түгіл жетім бала ұғымы болмаса, бұл біздің ұрпаққа үлкен сын екенін байқатады.

Мұғалім: Ананың ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарауына қандай жағдайлар себепші болуы мүмкін?

1оқушы . Екінші себеп, материалдық жағдайдың төмендігі, яғни ауылдың қыздары қалаға оқу, жақсы жұмыс іздеп келгенімен оқу да жоқ, ақша да жоқ, күнін көре алмайды. Сол себепті жеңіл жүріске түсіп, оңай жолмен ақша табамын деп жүргенде  балалы болады да, оны асырап күтетін қаржы болмағандықтан ол сәбиді жетімдер үйіне өткізеді.  Ауылға баламен барса, тума- туысты тағы да жолатпайды.

III топ

Өзгелердің (аңшының) кесірінен, әсерінен зиян шеккен балапандар туралы айтады.

1-оқушы . Қазіргі жастар ішімдікке, нашаға, темекіге әуес.  Соның ішінде қазақ қыздары халқымызға жат  әдеттерге әуес.  Олардан соң сау ұрпақтың дүниеге келуі мүмкін бе, әрине жоқ. Ондай балаларды келеді де жетімдер үйіне өткізеді.

Бұл қоғамда «Тірі жетім» атанғандар, яғни әке-шешелері ата-аналық құқықтан айырылған балалар. Бұнда ішімдікке, нашақорлыққа, салынған ата-аналардың балаларын жетімдер үйіне өткізеді. Мұндай аналарды, балаларды қоғамнан бөліп, оқшаулауға болады.  « Дені сау анадан дені сау бала туады», ұрпақ алдындағы тарихи  борышымызды ұмытпай, ұрпаққа қамқор болайық, ағайын дер едім.  Ұрпақ қамын ойлаған халық екеніміз шын болсы, халық болып күресу керек.  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген М.Әуезов сөзі, «Жетім көрсең жебей жүр!» атты халық даналығы осы бағытқа орай айтылса керек.

ҚР жетімдерінің құқығы заң бойынша қорғалған ба?

2-оқушы

Соңғы жылдар ішінде талай бала шетел асты. Баспасөз беттеріндегі деректерге сүйенсек, сол балалардың копшілігінің дене мүшесін асырап алған шетелдік ата-аналары саудаға салып жібереді екен. Олар шетелге кеткен соң ешқандай арттарынан тексеру, жағдайларымен танысу жүргізілмейді екен.

ҚР Ата Заңының 11-бабында «Республиканың Халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, ҚР-ның азаматтарын шет мемлекетке беруге болмайды», «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқалай қатыгездік немесе адамдық қадір қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген.Бірде Ресей телеарнасында АҚШ-тың бір азаматшасының жетімдер үйінен орыстың ұл баласын асырап алып, ағылшынша тіл білмегені үшін соққыға жығып, сол соққының әсерінен баланың көз жұмғандығы жөнінде айтып жатқандығын естідім. Біздің шетелге асқан қаракөздеріміздің дәл осылай зәбір көріп жатпағандығына кім кепілдік бере алады? Баланы шетелге сату қашан тоқталады?

Қорғалуда. Себебі патронаттық жүйемен бір жанұяның балаларын асырап алуға мемлекет тұрапынан зор мүмкіндіктер жасалуда. Мұғалім: Бүгінгі «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» атты өнеге сағатында жетімдер туралы қозғалған өзекті мәселелерді өз хал- қадірлерің келгенше шешуге тырысыңдар.

ІІІ бөлім «Сөз асылы – мақал»   Асыл, ақыл сөздер

Расында да қазақта мынадай жақсы сөз бар: «Әке –асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген. Сәби үшін ең жақын, ең жылы ұя — ата-ананың алақаны, мейірімі, қайырымдылығы—- Адам баласының ажары да, бақыты да отбасыдан басталады. Ал отбасы бақыты деген не? Ол адам бойына сырттан келіп сіңетін немесе аспаннан құйылып денеңе жұғатын нәрсе емес қой. Оның да көктеп шығатын тұрағы бар. Адам баласының бақыты, оның тәлімі мен тәрбиесінен қалыптасатын жарқын да адал мінездеріне байланысты. Шындап келгенде, отбасы бақыты ата-аналардың өз қолында деуімізге болады.

Халқымызда балаға, бала тәрбиесіне арналған небір асыл сөздері бар.

  • Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар.
  • Бала – бақшадағы гүлің, оны тәрбиелеу үлкен ғылым.
  • Ер бала – ата-анаға таяу, қыз бала – үйге жаққан бояу.
  • Құс балапаны үшін тұзаққа түседі,
  • Адам баласы үшін отқа түседі.
  • Үйің үй-ақ екен, ішінде ойнайтын бала болса.
  • Жаман да болса ұрпақ қалсын.
  • Өз орныңда отың жансын.
  • Дүниеде бал тәтті,
  • Бала балдан да тәтті.
  • Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер.
  • Қарайғанға қарап тал өсер,
  • Ата-анаға қарап бала өсер.
  • Әке көрген оқ жонар,
  • Шеше көрген тон пішер.

Иә, «сөз асылы — мақал» деп атам қазақ текке айтпаған ғой. Өйткені бақыт та, нұр да, жыр да, тыныс та – бала. Ал, осы бала бағбаны кімдер? Әрине ата-ана. Жас жеткіншек қашан да ата-ананың ақылы, үлгі-өнегесі арқылы өсіп қалыптасады.

ІҮ бөлім «Ұлылардан қалған ұлы сөздер»

Ендеше «Ұлылардан қалған ұлы сөздерге» құлақ түрейік.

1 оқушы: Мұхаммед Пайғамбар: «Әуелі анаңды сыйла, сосын анаңды сыйла және тағы да анаңды сыйла!»

2 оқушы: Кeмал Кеніш: «Үйіміздің шуақты нұры аяулы ана болса, аскар тауы, ақылшы тірегі — әке өзіңсің».

3 оқушы: Дулат Бабатайұлы: «Ата — ана ақылы¬ қазылған қара кенмен тең».

4 оқушы: Махмұд Қашқари: «Атасынан ақыл алса — тентек ұл да жөнделер»

5 оқушы: Виктор Гюго: «Нәзіктік атаулының жиынтығы — ананың алақаны, сондықтан да ол сәби үшін жылы ұя».

6 оқушы: Қадыр Мырза әли: «Қазақ әйелі — бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең ізгі жан иесі».

7 оқушы: Ғабит Мусірепов: «Ана — бар тілегін перзентінің жолына, бақытына арнаған әлемдегі ең мейірбан жан».

8 оқушы: Ғабиден Мұстафин: «Балаға сіңірген ата — ананьщ еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды. Ол — өле — өлгенше суынбайтын, сарқылмайтын махаббат».

Хор « Ана туралы жыр»( сынып оқушылары)

9 оқушы: — Ұл — қыз ата — анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелем десе, алдымен әдепті болулары керек. Өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарса, ата — ананың ұл — қызы болып өседі.

10 оқушы: — Ата — ананы сыйлау — сәби шағында олар өзіңді қалай бағып — қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау керек.

11 оқушы: — Ата — ананың көңілін еш ренжітуші болма, олардың жүрегіне қайғы түсіруші болма.

12оқушы: — Ата — анасын ұмытқан бала — опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы.

13 оқушы: — Ата — ананың қадірін білмеген — халық қадірін білмейді.

14оқушы: — Түн ұйқысын төрт бөлген, түнде бесік таянып, шошып оянған ананың ақ мейірімін ерекше бағаламасаңыздар, ол — қорлық.

15 оқушы — Кейбір тәрбиесіз, арсыз балалар ата — анасына қарсы сөйлеп, тыңдамай жатады. Ондай қылықтардан аулақ болып, ана, әке, апа, қарындас — туыстарыңды сыйлап жүріңдер. Әке — тірегің, қамқоршың, асқар тауың. Ана — жарық дүниеге әкелушің.

Ү бөлім     Сергіту сәті Мақал мәтел

Әдепті бала ата — анасын мақтатар… (әдепсіз бала ата — анасын қақсатар).

Әкесі тұрып ұл сөйлегеннен без…(шешесі тұрып қыз сөйлегеннен без).

Қарағайға қарап тал өсер… (қатарына қарап бала өсер).

Үйінде ұлы — қызы бардың…(көгінде сөнбес жұлдызы бар).

Ана сүтін ақтамағанды …(ешкім жақтамайды).

«Бала тегіне тартады» дейді қазақ халқы. Сіз мұны қалай түсінесіз?

Жығылып жатып…(сүрінгенге күлме).

Күлме досыңа…(келер басыңа).

Әдепті бала арлы бала…(әдепсіз бала сорлы бала).

Ауру қалса да… (әдет қалмайды).

Ұяда нені көрсең … (ұшқанда соны ілесің).

ҮІ бөлім «Пікір айсам деп едім …» айдарына берейік.

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса назар аударғандығы белгілі. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылу баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс.

Халықтық педагогикадан нәр алаған баланы ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлты мен ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс. Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың бастау көзі тек халықтық тәрбие беру  тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан  мол мұраларымыздың құндылығына ешкім дау айта алмасы анық. Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен  бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді. Қазіргі заманы адамын өзгерткен мына қоғамда кешегі кемеңгерліктің куәсі болған ата-әже  тағалымын бойына сіңірген ұрпақ-ты қаншалықты дәрежеде көреміз? Ұлтымыздың туын желбіретер ұлағатты ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыз бар ма?! Міне, осы сұрақ маңызды! Көпке топырақ шашпағанымен, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні  де ақиқат емес пе?

Ата-анасынаң адал терімен тапқан-таянғанын  пайдасыз дүниеге шашып, зиянын тартатын ұл-қыздарға қарап қатты қынжыласың. Әсіресе, егемен елдің ер-теңін дүниге әкелетін нәзік жандыларға тіптен жарасымсыз! Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты  мәселе. Кешегі даналарымыз «қызды қырық үйден тый, қала берсе қара күңнен тый» деп бекер айтпаған. Батысқа еліктеп ашық-шашық киінуі, қақаған қыста жан емес сән қымбаттырақ болған аруларымыздың өз болашағына балта щабуының бастауы осыдан басталары сөзсіз. Ертеде жесір қалған әйел шашын жайса, қазіргі кезде қазақтың екі қызының бірі мұны қалыпты жағдайға айналдырған. Ал, кіндік ашу тіптен болмаған. Кіндігі тұрмақ, аяғы ашық қыздары иба мен инабатты киіммен бірге сіңірген. Өткенге үңілсек, қазақ жігіттері қолына найза алып, ұлтарақтай жер үшін жауға шапқан. Бүгінгілердің бәрі бірдей болмаса да, арасында батысқа еліктеп жүргендері аз емес. Бүгінгі таңда ер мен әйелді ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Құлақтарында сырға, қолдарында сақина. Қазақ тарихында болмаған бұл көрініске қарап ішің ашиды. Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», — деген екен. Шындығында, жастардың тағылым-тәрбиесіне әсер еткен не болды деген сұраққа Абай атамыздың асыл сөзінің аясында бірге жауап іздейікші.

 

Қорытынды:

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру.

Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта тәрбиесі түзу болып бой көтерсек, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ боларымыз анық!