«АТА ЗАҢ» күні Қазақстан Республикасы Конституциясының күніне орай «АТА ЗАҢ –ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕСІ» атты дөңгелек үстелі

507

«АТА ЗАҢ» күні

Қазақстан Республикасы Конституциясының күніне орай 

«АТА ЗАҢ –ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕСІ»   

атты дөңгелек үстелі

 

Әбілқасымова Маржан

Мұстафаев Ербол

Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік лицей оқытушылары

 

Мақсаты: Ел тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай оқушыларға Конституцияның сипаты, маңызы туралы түсінік беру. Ата заңның қалыптасу тарихының кезеңдері және оның ерекшеліктері туралы білімдерін тереңдету. Ұлттық болмысымызды бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді бойларына сіңіру және Ата заңымызды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: «Ата заң – елдігімнің еңсесі» тақырыбы жазылған плакат, қанатты сөздер, гүлдер, шарлар, Қазақстан Республикасы Конституциясы кітабы, Мемлекеттік Ту, Елтаңба.

 

БАРЫСЫ:

 

1-жүргізуші: Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жетіп, Егемендігіміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында әлем халқын мойындатқан Егемендігі еңселі, Тәуелсіздігі тұғырлы, саяси тұрақтылығы орныққан көпұлтты мемлекетке айналдық. 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады.

ҚР Конституциясы – мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахынасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы  бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, ҚР Конституциясы — әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты.

2-жүргізуші:

Ата заңым – ар-намысым, айбарым,

Болашағым, тектілігім, қайнарым,

Ата заңның аясында көш бастап,

Ел көгінде желбірей бер, байрағым!

1-жүргізуші:

Қазақстан –егеменді байрақты ел,

Жердің жүзін мойындатқан қайратты ел.

Ата заңым – елдігімнің еңсесі,

Заңы барда қазақ елі айбатты ел.

Заңым барда зайырлы елмен теңестір,

Қай кезде де заңды біліп кеңес құр.

 — Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Қазақстан Республикасының жиырма жылдығына орай өткізіліп отырған  «Ата заң – елдігімнің еңсесі»  атты дөңгелек үстелімізге  қош келдіңіздер!

 

2-жүргізуші:

Ал,  ұстаздар, оқушылар ортаға назар салайық,

Сайыскерлер шықпақ сайысқа, қол соғып қарсы алайық.

Жеңімпаз болу шарты сол, сәт сапар тілеп бәріне,

Сайысты біздер бастайық, қалмаңыздар жасқанып

1-жүргізуші: Ортаға қатысушы топтарды шақырайық. Алдарыңызда «Өжет» тобы мен «Әділет» тобы, қарсы алыңыздар.

2-жүргізуші: Дөңгелек үстелдің әділ төрелігін беретін әділқазы алқасын сайлап алайық.

1-жүргізуші: Ал, оқушылар, енді сендерді бүгінгі ойынның негізгі бөлімдерімен  таныстырайық.

І бөлім – «Кім жылдам?»

ІІ бөлім – «Заңды білесің бе?»

ІІІ бөлім – «Жорға»

ІV бөлім – «Кездейсоқ оқиғалар»

V бөлім –  «Егер де мен…»

1-жүргізуші: Ал, жарысушы топтар, енді ойынның «Кім жылдам» атты алғашқы бөлімін бастаймыз. Бұл бөлімде жүргізуші тарапынан сұрақтар қойылады, уақыт беріледі. Кім бірінші болып электр шамын жақса, сол топтың жауабы қабылданады.

 

Екі топқа да қойылатын сұрақтар:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы Қай жылы және қалай қабылданды?

1995 ж. 30 тамыз, Бүкілхалықтық Референдум;

  1. Азаматтықты куәландыратын құжат? Куәлік, төлқұжат.
  2. Заң дегеніміз не? Ең жоғарғы құқықтық күші бар нормативтік құжат.
  3. ҚР-ның құқық қорғау органдарын ата?

 Прокуратура, ішкі істер органы, ұлттық қауіпсіздік органы,

  1. Құқық дегеніміз не? Белгілі бір мемлекетте қабылданған және қолданылып жүрген барлық құқықтық нормалардың жүйесі.
  2. Мемлекеттің негізгі нышандарын ата? Ту, Елтаңба, Әнұран.
  3. « Қылмыс» деген сөздің анықтамасын айтыңыз.

Заң жүзінде танылған, қоғамға қауіпті іс-әрекет.

  1. ҚР-ның Конституциясына анықтама бер. ҚР-ның Конституциясы Демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі нормативтік актісі.
  2. Жасөспірімдер қылмыстық жауапқа қанша жастан бастап тартылады?

16 жастан, өте ауыр қылмыс істеген  жағдайда 14 жастан;

  1. Әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы не?

Отан қорғау, әскери борышты өтеу.

  1. Егер адам 16 жасқа толмаса, оның азаматтығы немен расталады?

Туу туралы куәлік, ата-анасының төлқұжаты;

  1. Киднэпинг, бипатрид деген сөздерді естулерің бар ма? Естісеңдер мағынасын айтып беріңдер. Киднэпинг-кісі ұрлау, балаларды ұрлау қылмысы. Бипатрид –қос азаматтығы бар адам.

2-жүргізуші: «Заңды білесің бе?»  деп аталатын  келесі бөлімде әр топ қарсы топқа сұрақтар береді. Бұл сұраққа бірден жауап беруге болады немесе 30 секунд ойлануға мүмкіндік беріледі.  Жауапты электр шамын жағу арқылы бересіңдер.

Топтардың сұрақтары:

  1. Қылмыскердің кінәсін жеңілдететін жағдайлар және жауапкершілігін ауырлататын  жағдайларды  ажыратып бер.

— Қылмыс жас балаға, қарт адамға қарсы жасалса;

— Бір адам екінші адамды қарызымды бермедің деп ұрып, өлтіруі;

— Дүкеннің терезесін  байқаусызда сындырып қойып, бірақ  орнына әйнек салып береді;

— Жасаған қылмысы үшін қатты уайымдап, өзі полицияға барып айтты;

— Ұшақты басқа жаққа ұшуға қарудың күшімен мәжбүр етті.

  1. Жеке адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын атап бер.? (Өмір сүру, ождан мен қадір-қасиетті сақтау, ар-ұят бостандықтары, қажетті қорғаныс құқығы, және т.б.)

1-жүргізуші:

Ата заңым-Тәуелсіздік таңысың,

Арайланып атар ұрпақ  қамы үшін.

Әділеттің ақ жолына бастайтын,

Ата Заңым – туған елдің бағысың.

 

2-жүргізуші:

Ата заңым – ар намысым айбарым,

Сенің арқаң бұзылмаған қаймағым.

Ата Заңның аясында  көш бастап,

Тұғырлардан желбірей бер байрағым!

Тұғырың биіктей берсін, елім менің!

 

1-жүргізуші: Олай болса, боймызды сергіту үшін ұлттық биімізді тамашалайық.

2-жүргізуші:

Тілейміз елге қуатты құтты қадам,

Еңселі ел ертеңін ұлықтаған.

Тәуелсіз егеменді елдің ұландары,

Білімнің туын шыңға шарықтатқан.

1-жүргізуші: Ойынның «Жорға» жарысының кезегі де келді. . Бұл бөлімде топ басшылары жарысады. 11 сұрақ беріледі. Кім сұраққа көп жауап берсе, сол топ басшысы жеңеді. Ал іске сәт!

2-жүргізуші: «Өжет» тобының топ басшысына:

  1. «Жеті жарғы» атты заңдар жинағы қай ханның тұсында болды? Тәуке хан
  2. Республиканың ең жоғары өкілді органы? Парламент
  3. «Адвокат» сөзінің қазақшасы? Қорғаушы
  4. Мына мақалды аяқта «Ұрлық түбі…» Қорлық
  5. Қазақстан өз тәуелсіздігін қашан алды? 1991 ж. 16 желтоқсан
  6. Біреудің меншігіндегі затын жасырын жолмен алу не деп аталады? Ұрлық
  7. Ең жоғарғы құқықтық күші бар нормативтік құжат? Заң
  8. Әркімнің өмір сүруге құқы бар деген сөздер қай баптан алынған? 15 бап
  9. Парламент қанша және қандай палатадан тұрады? 2- сенат және мәжіліс
  10. Конституцияның қай бабында мемлекеттік рәміздерді қастерлеу керек екені айтылған? 34 бап
  11. Басқа бір адамның ожданы мен қадіріне тіл тигізу, масқаралау не деп аталады? Қорлау

1-жүргізуші: «Әділет»  тобының топ басшысының сұрақтары:

  1. Қазақ халқының сот жүйесін кімдер басқарған? Билер
  2. Әрбір адамның құқықтары мен бостандықтары қай орган арқылы қорғалады?  Сот
  3. «Указ» сөзінің қазақшасы? Жарлық
  4. Мына мақалды аяқта «Ұры байымайды…» Сұқ семірмейді
  5. «Қазақстан-2030» Жолдауы қай жылы шықты? 1998ж
  6. Біреудің меншігін ашықтан-ашық алып кету не деп аталады? Тонау
  7. Әркімнің ар ождан бостандығы құқы бар деген сөздер Конституцияның қай бабынан? 22-бап
  8. Конституция қанша бөлімнен тұрады? Тоғыз
  9. Конституцияның қай бабында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқы бар делінген? 13-бап
  10. Жасалған қылмысы үшін қылмыскердің жазаға тартылуы не деп аталады? Жазалау
  11. Заң жүзінде танылған, қоғамға қауіпті іс-әрекет не деп аталады? Қылмыс.

1-жүргізуші: «Егер де мен…» деп аталатын келесі бөлімде кезек берейік.

Дөңгелек үстелдің әділ төрелігін беру үшін әділқазы кеңесіне сөз береміз.

 

Бұзылмас мәңгі анық бал қаймағы,

Достығым бақыт, бірлік-мол қайнары.

Көркейсін Тәуелсіз ел Қазақстан,

Желбіреп аспанында көк байрағы.

 

2-жүргізуші:

Жаңғырып ғұрпымыз, салтымыз,

Бейбіт күн кешуде халқымыз.

Егемен ел болып еңселі,

Әлемге танылды даңқымыз

1-жүргізуші:

Өткізіп сан қырлы дүбірді,

Қоғамды орнаттық бүгінгі.

Елбасы жарқын жол ұсынып,

Тәуелсіз ел болдық тұғырлы.

2-жүргізуші:

Ата заңым-егемендік, теңдігім,

Қанат жайып көкке өрлеген кеңдігім.

Ата заңмен іргелімін мен бүгін,

Ата заңым еңселеген елдігім!

 

«Атамекен» әні

 Орындайтын Сейітқожа Наурызхан

 

1-жүргізуші:

Нық елімнің болашаққа сенімі,

Мерекеде шаттанады көңілі.

Ата заңның мәртебесі биіктеп.

Нұрлы болсын азат елдің өмірі,

Орнағанда әрбір елге заңдылық,

Ата берсін алдымызда таң күліп

Конституция елдігімнің еңсесі,

Асқақтасын абыройың мәңгілік.

2-жүргізуші: Қазақстан Респубикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құтты болсын! Көк байрағымыз желбіреп, Тәуелсіз мемлекетіміз тұғырларға төрлей берсін, ағайын!