Абай әлемі – терең, аспалы биік

51

Абай әлемі – терең, аспалы биік

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе,
Адалдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге.
С. Торайғыров

Ұлы ақын Абай – қазақ халқының данышпаны, өлең атты сөз патшасын өріп, сөздерін айшықтата өрнектеген ғұлама.

Абай әлемі – терең, аспалы биік. Оның сыр тұнған таңғажайып әлеміне кірсең, шықпағың қиын-ау, сірә! Небір құпияларға толы әлеміне енсең, өрнектеле өрілген өлеңдері мен өмір атты теңізді толқындата айшықтаған қара сөздері өне бойыңды баурап алардай құдырет секілді жаныңды билейді.

Ұлы Абайдан алатын басты өнеге – оның данышпан тұлғасы мен сөзі, алтын бесік туған еліне деген сүйіспеншілігі.

Абай атамыздың жаны ақ ниеттен жаралған, ол өмірде халықпен бітедей қайнап бірге болып, өмірден даналықты үйреніп, даралықты сүймей өткен. Абай атамыздан асқан данышпан жоқ. Өйткені оның басында мың данышпанның миы бар. Оның жүрегі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп соққан.

Оқығанда санаңа білім нұрын себелер өлеңдері қандай?! Сазды сұлулығымен, асқан әуезділігімен жаныңды тербетер әндері қандай?! Көзіңмен оқып, көңіліңе тоқығанда өмірдің сан түрлі соқпақтарын, адам бойындағы қасиеттердің әр қилы тарауларын үйретер қара сөздері қандай?! Бәрі-бәрі оқыған жанды биікке жеткізер, асқар таудың шыңына жетелер ұлылар.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы — халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.

Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың нәрін сеуіп қызмет етеді.

Шапғат боп алтындай шұғылалы,
Махаббат боп мәңгілік тұнып арай.
Өлең-жырлар санаға құйылады,
Парасатты сыйлап тұр бүгін Абай.

Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Жалау Мыңбаев мектеп-
гимназиясының 10-сынып
оқушысы Ағатаева Балдырған