Туған жердің тағдыры толғандырады /эссе/

778

Туған жердің тағдыры толғандырады

Пай, пай, пай!

Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп төккен тер,

Тұлпарлар дүбірлеп өткен жер.

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп,иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!

М. Мақатаев

Туған өлкем… Түп қазығым….туған өлкем… Неткен киелі жер едің?! Туған өлке тақырыбын арқау етіп, жан-дүниеңнен балқып шығар ыстық сөздермен ой шертіскенде қалай ғана толқымассың? Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Бұл жұдырықтай ғана кішкене жүрек елім, жерім деп соғады. Бұл жүрек қайғы мен қорқыныштан емес, шаттық пен қуаныштан соғады.  Ол қуаныш – туған өлкем – облысымыздың 40 жылдық тойы. Қандай бақыт десеңізші?! Алда тасырлаған ұлы той. Бұл тарсыл мылтық тарсылы емес, қуаныштан киелі жерге тарс-тұрс соққан аяқтар тарсылы. Туған өлкенің ұлы тойы алдындағы дайындықта толқығаннан асқан қандай толқу болсын?! Бұл жүрек соғысының толқындары. Осы тақырыпты қиялыма қанат етіп, қияға самғамақпын…

Қашан да қарыздармын, елім саған,

Анамсың алыс жүрсем көп аңсаған.

Жүректің арнап ыстық махаббатын,

Туған ел, берерім көп менің саған.

Киесі мен құты бойыма бірдей дарыған мекенім – киелі кетігім, дүние есігін ашып, мынау кең байтақ әлемге іңгәләп келгеннен шұғылаға толы шуағын, жарық күні мен жұлдызын, толықсыған айы мен нұрлы сәулесін сыйлаған құт мекенім – Форт-Шевченко. Алғаш басқан «тәй-тәйім», нұрлы күннен қуат алып, былдырлап шыққан бал тілім, алтын ұям – мектеп табалдырығынан аттаған қуанышты сәттерім, бәрі-бәрі осы өлкемнің киелі

топырағында өтті. Қарыздармын мен саған! Туған жерімді толқи сөз еткенде тарихын қалай қалдырамын? Тарих қойнауына көз жүгіртсек…

«Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстаудың қара шаңырағы – Форт-Шевченко қаласы. Кетік – ежелгі мекен. Бұл қалаға талай ғұламалар келіп кеткен, өмір сүрген, рухани асыл қазыналарын жазған, жырлаған, тасқа қашаған, темірге түйген. Бұл жердің әрбір сүйемі сыр шертеді.

Тарихтың терең қойнауынан үлкен орын алған аса ұлы оқиға – Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы көтерілісі. Туған елім деп, киелі жерім деп күрескен рухты бабаларымыздың ерлігі әрдайым ел есінде. «Елім дейтін ері болмаса, ерім дейтін елі қайда?» деп дана халқымыз айтқандай еліміз есіл еріміз деп Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлына арнап Форт-Шевченко қаласына қос батырдың есімін тасқа ойып жазып, көкке тірескен тау беткейінен ескерткіш орнатты. Ереуіл аттарына ерін салып, егеулі найзаларын қолға алып тұрған киелі бабаларымыздың ескерткіші көрген жанның жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік сыйлар, ердің даңқын көтерер қуат беріп, рухтандырады, айбынды да айбарлы көрінеді. Тарихи рухқа жан беріп, сөйлеп тұрғандай сезіледі. «Исаның қолында қылыш. Билер төрелік айтқанда қамшыны бүктеп ұстайды. Бұл жерде қылыш берген себебім: ол биліктен кетіп қалған. Патшалық Ресейдің тәртібіне қарсы шыққанын көрсетеді. Ал, Досанда — найза. Досан — біз үшін ерліктің көрінісі. Найзасын жоғары ұстауы қазақтың ерлігін жоғары көтеріп тұр. Иса мен Досан тұлғасы, олар бастаған көтерілістің қатпары көп. Түркімен жерінен тың деректер де шығып жатыр. Оны зерттеп, зерделеу ғалымдар алдында тұрған мәселе. Ал, халық асылдарын ұмытпақ емес»,- дейді Көшер Байғазиев ағамыз. Мінеки,  тарихтың тереңінен суырылып шыққан бұл оқиғаны, ерлеріміздің ерліктерін ел ешқашанда ұмытпақ емес.

Ал Маңғыстаудың, осы жердің киелі тұлғасы, менің жақсы көретін жазушым – Маңғыстаудың қасиетті топырағынан түлеп ұшқан әлемге де танымал, ғасыр жазушысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері – Әбіш аға Кекілбаев. Мен үлгі тұтатын Әбіш аға – бала кезінен-ақ соғыс ауыртпалығын көрген, балалық бақтың кермек дәмін татқан, өз дарынының арқасында сатылап жазушылық кемел шаққа жеткен жан. Оның қай шығармасын оқысаңыз да, мағыналы да мәнді, көркем де келісті шұрайлы тіл байлығы, таным-түсінігіңді байытар жан-жақты білімдарлық, өмірдің өзекті түйіндерін қозғаған терең ой, кейіпкер кескін-келбеті мен ішкі жан-дүние сұлулығы бар. Жазушының қоғам, өмір, мәдениет пен өнер, тарих, халық тағдыры туралы толғанған әдеби, публицистикалық мақалалары қаншама?! Ондай туындылары адамзат баласының рухани игілігіне айналып отыр.

Маңғыстау жерінде туып, Түпқарағанның тамыры — Таушықтың топырағын жалаңаяқ кешіп, шешендік өнерге жақын боп өскен тамаша таланттың бағы  Алматыда ашылды. Ең әуелі ақын ретінде өлең шығарумен әуестенген ол прозалық шығармаларды шынайы қалады.

Оның шығармашылығы әр дәуірде сұңқардай самғап, өмірмен біте қайнасып, тебірене толғандырды. Тарихтың парақтарын ақтарып, Абылай хан, Сүйінқараны әдебиетте сомдады. Иә, еңбек еш кетпеді. Халқы бағалады. Әбіш ағаның тауы — биік, шыңы — асқақ, жұлдызы — жоғары. Өйткені, ол – халық ұлы.

Қазір ол туралы жазып отырғанда, күйшідей шабыттанып, Абылайдай қаһарланып, Сүйінқарадай сұстанып, абзал ана мен арулардай елжіреп кеткім келеді. Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, «Әбіш аға – Маңғыстаудың 366-әулиесі» деуге болады.

О, Туған жер! Сұлу табиғатыңнан сенің! Табиғаттың өзі саған сый тартқан-ды. Топырағыңмен тамырласып жатқан Каспий теңізің, көгіңмен тіресіп жатқан асқар тауың, сыр тұнған тарихқа толы бау-бақшаң, тастарды тесіп өтіп тамшылаған суының даусы құлаққа кіріп, бойды алардай Тамшалың, талайдың таңдайын қақтырған Шүйлі мекенің, бәрі де Табиғат-Ананың саған сыйлаған байлықтары.

Каспийің қандай? Балықтары сенімен ойнағандай. Жағасындағы жұмсақ – сенің топырағың. Қазақстандағы ең үлкен көл де сенің қойнауыңда, туған өлкем! Ал тауың… Тауың көкпен таласқан. Тау басынан ұшқан қыран құстардың да даусы «Жерім!» деп естілетіндей сезіледі маған. Сыр сандығың – бау бақшаң. Захардың атымен аталған әсем бағың. Бұл бақтың да құрағы – теңіз,көгі – тау. Үстіңе аққан шипа суы жан-дүниеңді шарлап, қасиетімен жандандырып, дәруімен емдегендей. Қартына да, жасына да, бөбегіне де дәруін сыйлаған – Күкірт суы. Сенің ғажайыптарыңды айта берсем, таусылмастай көрінеді. Себебі, сенің әлемің – қиял әлеміндегідей, сенің табиғатың – ертегілер елі табиғатындай. Ал қиял әлемінде, ертегілер елінде  ғажайып таусылған ба? Әрине, жоқ. Сенің де әлемің шексіз, әрі сұлу.  Іші тұнған сырлы тарих мұражайларың қандай? Әлі де ашылмаған ғажабың қаншама…

Түпқараған ауданы шынында да ашық аспан астындағы мұражай іспетті мекен. Түпқарағаннан тараған тамырлар қаншама? Әр тамырыңда – ғажайып. Сол тамырларыңдағы сәулет өнерінің көркем туындыларын айтсаңызшы! Табиғаттың өзі жасаған «Молла тас» аталған және «арыстан», «аю» бейнелі тас мүсіндер де аз емес.

Туристік бағытты дамыту үшін сұранып тұрған дайын аймақ – Форт-Шевченко қаласы. 160 жылдан аса тарихы бар қала туристер көруге тұрарлық, тарих пен сырға, аңыз бен жырға толы. Тау-тасына тіл бітетін, абыз да аңыз Ақкетікті ел осылай бағалайды. Қалаға келген шетелдік қонақтар: «Сіздерде ақша аяқ астында жатыр ғой, туризм бизнесіне бейім жер екен»,- деп таңданады. Алдағы жылдары осы мәселе қолға алынса екен деген тілегім бар.

Осы тілегімді айтқанда өлке әкімі  қалай ғана ұмыт қалсын? Терең білімімен, өрен еңбегімен ел тағына отырған Темірбек Тыйылұлы Асауов ағамыз. Біліммен қаруланып, жемісін еңбекпен оратын әкім ағамыз, ел ағасы. Таққа жақында отырғанына қарамастан, бізді қуанышқа бөледі. Ол қуаныш – біздің мектептің мектеп-гимназия болып қайта құрылуы, арманымызға қанат, алдымызға мақсат сыйлағандай. Бұл жаңалықты аудан әкімінің өзі жариялады. Сол сәтте кеудені кернеген қуаныш… «Гимназия атағына ие болып, біз сол гимназияның бір мүшесі» деген көкейдегі толқулар сол сәттегі ағамыздың сөзімен ілескендей! Аудан әкіміне, ел ағалары мен әпкелеріне айтар алғысым шексіз! Жұлдызыңыз биіктен жарқырай бергей деп тілек айтқым келеді.

Мерей-тойың құтты болсын, Туған жер! Тағдырдың сан түрлі тарауынан өтіп, тарихтың сан қырлы бетінен орын алып, мінеки, ғаламат күнге де жеттің. Ғаламат күнің оңынан туды.  Қилы-қилы, тарау-тарау жол торабынан өтіп, қуаныштың әні мен күйі, шаттықтың биі мен сазы естілер, еркіндіктің самал желі есер күнге де жеттің. Сен – ғажапсың! Сен – ғаламатсың! Ұлы тойыңа ұлы сәттілік тілеймін.

Сан ғасырлар тарихынан кешегі,

Туған жердің шежіресі еседі.

Менің өлкем Ақкетігім – мекенім,

Болашағы бізбен бірге өседі.

Сенің әрбір тасың, әрбір гүлің, өзен-көлің, тауың мен үшін қымбат. Перзентіңнің саған деген махаббаты тіл жеткісіз!

Мен – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңімін. Сондықтан, жас тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаушы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан»,- деп Абай атамыз айтқандай, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып,

дәстүріне берік болып, елімнің, туған өлкемнің одан әрі өркендеп-өсуіне  бар күш-жігерімді аямаймын.

Ол үшін кемел біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Өйткені, болашақ – жастардікі. Елдің ертеңгі иесі – бүгінгі ұрпақ.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,

Алыс жүрсем, арманым – сен аңсаған.

Жақын жүрсем, мен – төрінде жаннаттың,

Алтын діңгек – өзім туған босағам!-

деп жырлаған Қасым Аманжолов ағамыздың өлеңімен бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлаған осынау бір ыстық сөзімді, ыстық көңіл лебізін шаттық көңілмен аяқтағым келеді.